Бұрын сенбілік кездерінде макулатура жинап, тапсыратын едік. Жазылып біткен оқушы дәптерлері мен сурет дәптерлері, мұғалімдер бөлмесінен шыққан құшақ-құшақ қағаздарды абыр-сабыр көпшілік көлікке тиейтін, ал көлік оларды әлдеқайда алып кетуші еді. Беріліп, белсене жұмыс жасап жүрсек те, ол қағаздарды қайда апарады, не істейді – мәнісін түсіне бермейтінбіз. «Қағазды қайтадан өңдеп, әртүрлі нәрселер жасайды» деп түсіндіретін интернаттағы бізден жоғары сыныптарда оқитын оқушылар жасының үлкендігіне салып білгішсіне сөйлеп.
Кейін білдік, рас екен. Бірақ, макулатура жинау сап тыйылды – қопыраған қағаздар ауыл-үй арасына шашылып, желмен бірге жүйтки жүгіріп, шаңмен бірге көкке қалықтай көтеріліп барып, жерге құлдилай құлаған соң, әр шөптің басына ілінген қоқысқа айналды. «Қазір неге макулатура жинамайды екен? Сан-сапат қағазды қайта өңдеп, одан халықтың тұтынуына қажетті нәрсе жасайтын орындар неге жоқ?» деген ой келетін. Жуырда Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы аумағында ашылған жаңа «Ақтау қағаз зауыты» ЖШС осы ойдың жауабын ұсынды. Дәретхана қағазын дайындайтын цех сұранысқа ие өнімді өндіретін өңірдегі ғана емес, батыс аймақтағы бірден-бір жаңа кәсіпорынның бірі.
– 2007 жылдан бастап дәрігерлік қалдықтарды жоюмен айналыстық. Бізге өңірдегі кәсіпорын, мекемелер жиі хабарласып, макулатурасын тапсыруға ниет білдіретін. Осы кездерде маған пайдаланылған қағаздарды қайта өңдеу туралы ой келді. Кешікпей өз қаржыма жабдықтар сатып алып, орнаттым. Өңірдегі мемлекеттік органдар, ірі мұнай компаниялары мен ескірген мұрағат қағаздарын өңдеу арқылы дәретхана қағаздарын шығара бастадық, – дейді «Ақтау қағаз зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сұңғат Еділбаев.
Зауыт жұмысы бірте-бірте еңсесін тіктеп, жұмыс көлемі мен өнім көлемін ұлғайтып келеді. Басшылық енді техникалық қажеттіліктерге пайдаланылатын қағаз сүлгілер дайындауды жоспарлап отыр. Жаңа сүлгі мұнайшылар, жүргізушілер мен өндірісте жұмыс жасайтындар үшін қолайлы және ол қазіргі қолданыстағы жұққан майды, қолды сүртетін шүберекті алмастыратын болады. Сондай-ақ, қағаз салфеткалар мен үй тірлігіне арналған қолорамалдарды шығарып, әртүрлі көңіл көтеру орындарына ұсынбақ. Сапа жағынан жоғары, құны жағынан арзан болатын өнімді отандастарымыз тұтынады деген сенім бар. Қазіргі таңда тәулігіне 8 сағат жұмыс жасайтын цехта жақын күндері жұмыс орындарының санын көбейтіп, тәулік бойы жұмыс жасау жолдары жоспарланып отыр.
Қаржылық жағдайға байланысты салқын цех ішіне жылуды алмастыратын газ жүйесін орнатуға мүмкіндік туды. Жұмыс орнының салқын болуы жұмысшылардың толыққанды жұмыс жасауына мүмкіндік бермей, сол арқылы өнім өндіруге әсер ететіні белгілі. Осы келеңсіздікті ауыздықтау үшін Ақтау қағаз зауыты басшылығы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына хабарласып, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Нәтижесінде Қазақстанның халық банкі арқылы жеңіл пайызбен 40 млн. теңге көлемінде несие алуға қол жеткізсе, банк жалпы сомадан 17,5 млн. теңге алғашқы траншты бөлді. Оған арнайы жабдықтар алып, орналастырған кәсіпкер екінші траншпен бөлінетін қаржыға макулатура және дайын өнімдер үшін қойма салуды көздеп отыр.
Жоқтан бар жасап, кетікке кірпіш болу ел дамуына үлес қосам деген жанның мұраты. Макулатурадан өнім жасап отырған кәсіпкер азаматтың өнімі ел қажетіне жарайтыны анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.