Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен (ҚМДБ) ақпараттық-ағарту жұмыстарын жандандыруға арналған «Ислам және зайырлы қоғам» атты республикалық ақпараттық конференция болды.
Конференцияның ашылуында сөз алған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осы сындарлы басқосудың маңызды түйініне тоқталды. «Құдайға шүкір, еліміз егемендігін алып, еңсемізді тіктедік. Тәуелсіздік жылдарында дініміз бен тілімізді, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырттық. Қадірін білгенге осының бәрі үлкен ғанибет. Алланың берген нығметі дер едім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылдан бері дінімізге қызмет етіп, еліміздің бірлігі жолында жұмыс істеп келеді. Осы аралықта жоғары деңгейде 5 құрылтай өтті. Өткен жылы тұңғыш рет республикалық имамдар форумын өткізіп, ел мұсылмандары мен дін қызметкерлері үшін маңызды тарихи төрт құжатымызды қабылдадық. Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі жұмысын дамытуға арналған тұғырнамасын бекіттік. Діни білім жүйесін жетілдіруге арналған арнайы тұжырымдама қабылдадық. Бұл оқиғаларды еліміздің діни саласындағы тарихи шаралар деп есептеймін», – деген Бас мүфти алғашқы сөзді Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілхановқа ұсынды.
М.Әзілханов өзінің сөзінде бүгін Діни басқарманың өз тарихында алғаш бастама көтеріп, конференция ұйымдастырып отырғанын айтты. Зайырлылық тақырыбын талдап түсіндіруге Діни басқарма тарапынан назар аударылуы ел мұсылмандарын ұйыстыра білген осынау қарашаңырақтың діни қызмет аясымен шектелмей, өз Отанының ұжданды азаматтары ретінде қоғам өміріндегі мәні зор мәселеге үлес қосып отырғанының айғағы екенін атап көрсетті. «Зайырлы мемлекет үшін дінді ұстанатынына немесе ұстанбайтынына қарамастан, әрбір азаматтың орны ерекше. Өйткені, Ата Заңымызда айшықталғандай, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы –адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Діндар адамдар соның ішінде мұсылман адам да зайырлы мемлекеттің толыққанды белсенді, зиялы азаматы бола алады», – деді ол. Сонымен қатар, қоғам мүшелерінің рухани саулығының мемлекет тұрақтылығына игі әсер ететініне назар аударды.
Қоғам қайраткері, белгілі ғалым Әділ Ахметовтің ортаға салар ойы әдеттегідей мазмұнды да салмақты шықты. «Бүгінгі мешіттер де, бүгінгі еліміздегі мұсылман қауымы да осыдан 10-15 жылғыдан өзгеше. Мен философ та, дін маманы да емеспін, бірақ ЕҚЫҰ аясында, дипломатиялық жұмыста, Парламентте жүргенде жинақтаған тәжірибем бар. Мәселен, қазіргі күні 57 ел мүше болып отырған ЕҚЫҰ елдерінде мұсылмандардың жағдайы қалай, оларға деген көзқарас қандай, мультикултуризм деген не деген мәселелер тұрғысында көп елдерді аралауға тура келді, пікір қалыптасты. Ең алдымен, біздер мынадан бастауымыз керек сияқты. Неге мұсылман әлеміне, мұсылман дініне теріс көзқарас қалыптасып отыр? 2001 жылы қыркүйекте ДСО ғимаратын ислам лаңкестері жарды деген қауесет тарады. Ал оны мұсылмандар жарды деген дәлел жоқ. Бірақ мұсылман әлеміне шала байланды. Экстремизм, терроризм, радикализм, фундаментализм десе, тек ислам алдыңды орайды. Дәл сол кезде Самуил Хантингтон дейтін философтың «Өркениеттер қақтығысы» деген кітабы шықты. Ол қолмен қойғандай сәуегейлік жасап, өркениеттер қақтығысы болады, оның себебі идеология мен экономикалық айырмашылықтарға байланысты емес, діндердің арасындағы тайталастан, әсіресе, ислам дінінің өзегіне өрілген сын-қатерден басталады деді.
Ал біз жастарымызға ислам дінінің зайырлы да тартымды, ізгі дін екенін айтып, түсіндіре беруіміз керек, деп ойын қорытты Ә.Ахметов.
Конференцияда қоғамдық байланыстарда зайырлылық нормаларымен үйлесетін ислам құндылықтарының таралу мәселелері, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысты тәжірибе жүзінде жинақталған жаңа әдістемелер талқыланды. Сонымен қатар, діни экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалык іс-шаралардың ұйымдастырылу сапасы да қаралды.
Конференция жұмысына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, ғалым, профессор Әділ Ахметов, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, облыстардың Бас имамдары, ҚМДБ-ның республикалық және жергілікті ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, ҚМДБ Сарапшылар кеңесінің мүшелері, сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Конференцияға қатысушылар үндеу қабылдап, онда барша мұсылман үмметін, ислам ғалымдарын, қоғамдық сарапшыларды, жалпы халықты, ортақ мәзһабтың мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнатуға, террористік әрекеттерге тосқауыл болуға, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихатталуына, тарихи дінімізді келесі ұрпаққа дұрыс жеткізуге, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді үлес қосуға шақырды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».