Бұл жайды өткен барыс жылының мәдени саладағы бір табысы ретінде бағалауға болар. Жаңа жылдың қарсаңында еліміз бойынша Алаштың бір арысы Міржақып Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына орай арнайы марка пошта айналымына енгізілді. «Атаулы және мүшелтой күндері» сериясымен шығарылған жарқын бейнелі марканы пошта айналымына қосудың салтанатты рәсімі Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткізілді.
ХХ ғасырдың басында қазақ қауымында «Ахаң мен Жақаң» деп ардақталған, бір-бірінен бөлініп айтылмас қос алыптың бірі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов болса, екіншісі Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, атақты «Қазақ» газетін шығарушылардың бірі, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі, ақын, жазушы, публицист, ағартушы-педагог Міржақып Дулатов еді. Ол – Әлихан Бөкейхановпен және Ахмет Байтұрсыновпен қатар сол алмағайып заманда қазақтардың ұлттық санасын ояту ісіне өлшеусіз үлес қосқан алғашқы үштіктің ішінде аталатын жан. «Оян, қазақ!» деп дабыл қаққан оның шығармашылығы поляктың ұлт-азаттық қозғалысы идеясын жырлаған Адам Мицкевичпен, декабристердің ерлігіне тәнті болған Пушкинмен, қоғамның әлеуметтік кеселін ашып көрсеткен Лев Толстоймен, «ақсүйектердің» пікіріне ашық қарсы шыққан Михаил Лермонтовпен үндес делінеді. Ресейдің белгілі шығыстанушысы Гордлевскийдің М.Дулатовты заман шындығының әлеуметтік қыртыстарын ашып көрсету деңгейі жөнінен Абаймен салыстыруы да тегін емес.
Тәуелсіздіктің арқасында қазір мұрағаттармен еркін жұмыс істеледі. «Құпия» деген белгісі бар істерге жол ашылды. Міржақып Дулатов мүше болған Алашорданың қызметіне байланысты ақтаңдақтар қалпына келтірілуде. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жас ұрпағы Алаш арыстарымен, сол бір арыстан аталарымен қауышты. «Алаштың» тоқсан жылдығын ел жұртшылығы 2008 жылы кеңінен атап өтті.
Міржақып маркасы Алаш арыстарының ел-жұртымен мәңгілікке табысқандығының тағы бір айғағы болды. 300 мың дана таралыммен шығарылып, төрт түрлі бояумен басылған марканың суретшісі – Данияр Мұхамеджанов. Марканы таныстыру рәсіміне Міржақыптың немересі, «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев, М.Әуезов атындағы Әдебиет институты директорының орынбасары Серікқазы Қорабай, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұхтар Әбдірахманов қатысты.
Ардақты арыс Жақаңның маркасы бір заманда өзі азаттығын аңсаған, тәуелсіздігі үшін күрескен туған елінің ауыл-аймағын, кент-қалаларын армансыз аралайтын ақ жолды сапарын бастады.
«Егемен-ақпарат».