01 Наурыз, 2016

«Алғыспенен ел көгереді» деген осы!

337 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Толеугали БорибаевЕлімізде тағы бір айтулы күн, 1 наурыз – Алғыс айту күні жарияланды. Аты айтып тұрғандай, жанға жылылық, көңілге қуаныш сыйлайтын мереке. Осы мерекенің төңірегінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, философия ғылымдарының докторы Төлеуғали БӨРІБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Әуелі әңгімемізді атаулы күннің өмірге келуіне бастамашы болған Қа­зақстан халқы Ассамблеясы жөнін­дегі ойыңыздан бастасақ. Біздің қоғам­дағы Ассамблеяның рөлі қандай? – Ассамблея бүгінде заңды түрде бекітіліген мәртебесі бар іргелі ұйым­ға айналды. Осы тұрғыдан алған­да қазақ халқы мен басқа этнос өкіл­де­рі­нің ынтымақтастығын нығайту жа­уап­­кершілігі Ассамблеяға жүктелген. Ал­ғыс айту идеясының Ассамблеядан шығуының өзі де оның саяси деңгейінің жоғарылағандығының дәлелі. «Мәңгілік Ел» идеясының темірқазығы да Ассамблея қызметімен астасып жатыр. Өйткені, бірлік, тәуелсіздік, ұлттық құндылықтарды орнықтыру осындай іргелі ұйымнан бастау алуы тиіс. Ұлтаралық татулықтың негізі болатын ұлы құндылықтарды ұлықтауды Ассамблея тарапынан жасалған саяси қадам ретінде бағалауға болады. – Бірлік туралы айтып қалдыңыз, қа­зақ қоғамында жиі айты­латын осы сөз іс жү­зін­де қан­шалықты деңгейде жемісін бе­ріп отыр? – Рас, жиі айтылады. Елбасы ширек ғасыр бойы елдің ішкі бірлігі туралы әңгімені жиі қозғап келеді. Ұлтымыздың татулығы, ауызбірлігі, еліміздің тыныш­тығы, азаматтық келісім – бәрі-бәрі қоғамның баға жетпес байлығы. Асыра айтқандық емес, тәуелсіздіктің негізі де осылар. Қоғамдық дамудың іргетасы да мықты бірліктен құралады. Уақыт өткен сайын, жыл өткен сайын бірліктің ең маңызды құндылық екенін түсініп жатырмыз ғой. Төрткіл дүниедегі, берекесіздік жайлаған елдердегі оқиғалар осының дәлелі. Бірлігі болмаған елде береке де болмайды. Бірлігі жоқ елде даму да болмайды. Демек, ел­дің дамуының көзі, алға жылжуымыздың тетігі осы бір­лікке негізделген. Қа­зақ­стан әлемдегі озық отыз елдің қатарынан кө­рі­нуге алдына асқаралы мақ­сат қойып отырса, ол да іс жү­зіндегі бір­ліктің арқа­сында. – Әрине, ұлтаралық та­ту­лық пен елдің ішкі бір­лі­гінің сақталуында мемлекет құраушы ұлттың үлесі зор екені сөзсіз. Ұлтаралық қарым-қаты­нас­ты орнықтыру барысында қазақ хал­қы мейлінше толерантты болуы ке­рек де­генге қалай қарайсыз? – Толеранттылық дегеніміз біреуді сол қалпында қабылдаудан бастау алады. Яғни, басқа ұлттың өкілі ретінде оның құндылықтарын, дүниетанымын, тілін, мәдениетін сол қалпында қабылдау деген сөз. Толеранттылық – өзара сыйластықтың негізінде бірін бірі түсінуден, біріне бірі ілтипат білдіруден туындайтын ұғым. Кейбіреулер толеранттылықты төзім­ді­лікпен, шыдамдылықпен байланыстырып жатады. Басқалай айтқанда, біздің қоғамдық сананың деңгейінде айтатын болсақ, толеранттылықты тек қана қазақтарға тән қасиет деп есептейді. Яғни, қазақтар төзімді, сабырлы болуы керек дегендей. Задында, толеранттылық – қазақ ұлты мен басқа этнос өкілдерінің бәріне ортақ қасиет. – Толеранттылық демекші, басқа елдердегі оның көрінісі қандай? – Толеранттылық деген ұғымның өзі Еуропадан келген құндылық. Ал, бірақ, олардың таным-түсінігіндегі толе­рант­тылық мәселесінің қандай екендігіне бүгінде анық көз жеткіздік. Мысалы, кеше Сириядан, Ливиядан миллиондаған босқын қарт құрлыққа қарай жөңкілген кезде еуропалықтар шулап қоя берді емес пе? Елдік мүдде алдыңғы қатарға шыққанда, қандай төзімділік болуы мүмкін? Елдің мүддесін, ұлттың мүддесін қорғауға келгенде, сақтауға келгенде то­ле­ранттылық тезіне жүгінуге болмайды екен. Егер сен өзіңнің ұлттық мүд­дең­ді, ұлттық құндылықтарыңды сырт­қы ық­палдастықтан қорғай алмасаң, толе­рант­тылықтың қандай пайдасы бар? Жоға­ры­дағы толеранттылық дегеніміз екі жақты болуы керек деп отырғанымыз да сондықтан. – Ендеше, толеранттылық дегені­міздің баламасы төзімділік дегеннен гөрі өзара сыйластыққа көбірек келе­тіндей ме, қалай? – Дұрыс айтасың, сыйластыққа көбі­рек келеді. Қазақ та «сыйлағанның құлы­мыз» деп жиі айтады емес пе! Сені халық деп, ел деп қабылдап, мойындаса, сенің ұлттық құндылықтарыңды асқақтата білсе, сенде де оның құндылықтарына деген түзу көзқарас қалыптасады ғой. Оларға сый-құрметпен қарайтын боласың. Дінін, әдет-ғұрпын, дәстүрін сыйлауға мүдделілік танытасың. Яғни, заманауи толеранттылық дегеніміз – өмір сүрудің жаңа бір жағдайдағы үлкен бір формуласы. Сыйластыққа негізделген толеранттылық бүкіл демократияның негізі десе де бол­ғандай. – Енді бүгінгі әңгімеміздің басты темірқазығы болған Алғыс айту күніне тоқталсаңыз. – Алғыс айту күні Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан қабылданды ғой. Бұл – біздің қоғам үшін өте қажетті шара. Мысалы, біздің қай-қайсымыз да дүниеге келгеніміз үшін, тәрбиелегені, азамат қатарына қосқаны үшін ата-бабамызға, ата-анамызға алғыс айтамыз. Сондай-ақ, Қазақстан халқы бір-біріне деген ізгі сыйластықтың арқасында бейбіт, бақуатты өмір сүріп жатыр. Алғыс айтудың тарихи астарына үңілетін болсақ, кешегі Кеңес өкіметінің өктем саясатының негізінде қазақ даласына қуғын-сүргінге ұшыраған, зорлықпен көшірілген этнос өкілдері келді. Қазақ хал­қы хал-қадерінің келгенінше көмек­тесіп, үйіне паналатып, бір тілім нанды бөлісіп жеді. Талай адамды ажалдан ара­шалап қалды. Қуғын-сүргінге ұшы­рағандар түгілі, тұтқынға түскен жауы­на да мейіріммен қараған ел емеспіз бе. Жа­қында «Егемен Қазақстанның» 2 ақпан­дағы санында «Құрғақ қымыз» (Қ.Әбілдинов) ­атты мақала жарияланды. Сонда ай­да­ла­да өлімші халде жатқан неміс тұт­қыны Рудольф Штрохты қой бағып жүр­ген бір қазақ тауып алып, үйіне әке­ліп қымыз­бен емдеп, аман алып қал­ғ­ан. Рудольф Германияға аман-есен оралған соң қымыз өндірісін жолға қояды... Бұл – бір ғана мысал. Қазақтың қайы­рымдылығы арқасында өмірге қайта оралған Штрохтардың ұрпағы аға буынның атынан алғысын білдіріп жатса, мәртебе емес пе! Жақсылыққа жақсылық деген осы болар. Ендеше, қиын кезеңде қолұшын созған халыққа алғыс айту біздің қоғамның тарихи санасының жетілгендігін көрсетеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.