04 Наурыз, 2016

Геоинформатика

7239 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Бек2Оның Ұлт Жоспарындағы орны қандай? Қазіргі дәуір таңындағы жаһандық жаң­ғыртуларда геоинформатика ілім-білімі мен іс-тәжірибесінің алар орны баға жеткісіз екенін байыптамайтын ойлы көкірек жоқ болар, сірә. Дүниедегі озық отыз елдің бел ортасы­нан ойып тұрып орын алу орайындағы Елбасы жария еткен қазақстандық арманды ақиқатқа айналдыру, Ұлт Жоспарын әрбір қадам-қада­мы­мен қалтқысыз орындау үшін де ел бо­йынша халықаралық стандарттарға сай кеңістік мәліметтердің ұлттық инфрақұрылымы (КМҰИ) жасалуы керек. Ал кеңістік мәліметтерінің инфра­құрылымы (КМИ) мен оның, геосервистерімен қоса, геопорталын әзірлеу аса күрделі ғылыми-инновациялық міндет, ел дамуының жоғары ақпараттық деңгейінің көрсеткіші екендігі айтпаса да түсінікті. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің картография және геоинформатика кафедрасында ұлттық һәм жергілікті КМИ әзірленіп, оның геопорталы жасалып жатқандығы құптарлық жайт. Әрине, әзірге факультеттік деңгейде болса да, уақыт өте келе ұлттық ауқымға көтерілетін мүмкіндігі бар. Бұл ара­да­ әзірленімнің құны мен мерзімін азайту мақсатында АҚШ, Гер­­мания, Испания, Ресей сияқты елдердің бай тәжірибесі мен стандарттары ескеріліп отырғандығын атап өтеміз. Осынау игі істің басы-қасында тұтқасын ұстап жүрген саусақпен санарлық білікті маманның бірі геоинформатика және тау-кен ісі мамандықтары бойынша техника ғылымдарының док­торы (яғни әрі ғалым, әрі технолог), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аталмыш кафе­драсының профессоры Батырхан Бекмұрзаев болып табылады. Ол тау-кен саласы үшін көптеген халықаралық талаптарға сай келетін геоақпараттық жүйе жасақтап берген жақсы тәжірибенің иесі. Сонымен бірге, «ҚазХром» трансұлттық корпорациясының тәуелсіз директоры ретінде осынау мекеменің сапа менеджментінің халықаралық сапасына көшуі жолында да көшелі еңбек сіңірген азамат. Біз де елімізді өркениетке сүйрейтін дерте есе­біндегі геоинформатиканың Ұлт Жоспарындағы орны, мән-маңызы орайын­дағы сұрақтарымызды білікті, инновацияшыл ғалымға көлденең тарттық. – Батырхан Жағыпарұлы, әуелі «Егеменнің» оқыр­ман­дарына геоинформатика ұғы­мын, оның бізге не үшін қа­жет­тігін таратыңқырай түсін­діріп алғанымыз дұрыс болар? – Осызамандық геоин­фор­матика үш тұғырдың, яғни ғы­лымның, технологияның және өндірістік қызметтің бірлігінен құрала отырып, теорияны зерт­тейді әрі ақпаратты пайдалану технологиясын жасайды. «Гео» деген түбірсөз тұрғысынан алған­да, оның қызметінің арқауы бү­тін Жер шарымен ауқымдас, күр­делі де көлемді жүйелер болып келеді. Геоинформатиканың мемлекеттегі рөлін Германия үкіметінде геоинформатика жө­нінде комиссия құрылуы ай­ғақтай түссе керек. Ал АҚШ пре­зиденті Б.Клинтонның 1994 жылғы 13 сәуірдегі жарлығында: «Геомәліметтердің жиналуын үйлестіру және оған кіруді қам­тамасыз ету: кеңістік мәлімет­терінің инфрақұрылымы» деп тайға таңба басқандай етіп көр­сетілген. Біздің елімізде информатиканы дамыту үшін не қажеттінің бәрі істелуде. «Геофизика жә­не картография туралы» ҚР Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 8 қаңтардағы №464 «Ақпараттық Қазақстан-2020» Мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы, 2013 жылғы 7 ақпандағы №101 «2013-2017 жылдарға арналған «Ақпараттық Қазақстан-2020» Мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жос­парын бекіту туралы» Үкімет қаулысы, т.б. осыған дәлел. Бірақ ақпараттық даму өте жедел жүруде. Өмірге геоинформатика келді. Оның негізгі жетістіктері әлем назарын аударуда. Нақ осынау ақпараттық дамудың жаңа кезеңінде ке­ңіс­тік мәліметтерінің ұлттық және халықаралық өңірлік ин­фрақұрылымын жасаудың жаңа, заманауи бағдарламалары мен жобалары әзірленуде. Ақпараттық жағынан дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, КМИ құру, басқару және саяси шешімдердің тиімді қолдау табуын, қоғамның тұрақты дамуын және қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз етеді. Барлық ғылымдарға, барлық ұйымдарға, геомәліметтер мен геосервистерді ұсынушылар мен тұтынушылардың барлығына бірдей кеңістік мәліметтерінің инфрақұрылымдары қазіргі кезде әлемнің 120-дан астам елінде құрылған. Олай болса, Қазақстанның дамыған мем­лекеттердің үздік отыздығына кіру жөніндегі жоспары – «100 нақты қадамның» 100-ші қадамында халықаралық стандарттарға сай кеңістік мәлі­меттерінің ұлттық инфрақұрылымын құру қажеттігі қадап айтылған. – Ал енді осы кеңістік мә­ліметтерінің ұлттық инфра­құрылымы дегеніміз не? Олар­ды құрудағы мақсат қандай? – АҚШ президенті Б.Клин­тонның жарлығында КМҰИ мағынасы кеңістік (3 өлшемді) мәліметтерін жинауға, өңдеуге, сақтауға, таратуға және пайдалануды жетілдіруге қажетті технология, саясат, стандарттар мен еңбек ресурстары деп пайымдалады. Оны құрудағы мақсат – әр алуан салалардағы және әртүрлі басқару деңгейлеріндегі әрқилы дереккөздерінен ке­ңіс­­тік мәліметтерін бір­лесіп пай­­даланудың жаңа мүм­кін­діктеріне жол ашу және оның қолжетімділігін арттыру. Ал бұл мақсатқа жету үшін ақпараттық әмбе коммуникативтік үдерістер мен операцияларды оңайлату қажет. Бір жағынан, басқару құрылымдарының өз ішінде, екінші жағынан, үкіметтік ұйым­дар мен азаматтар қоғам, экономика мен ғылым арасында. КМҰИ дегеніміз – сыйысымды кеңістік мәліметтерінің негізінде құрылған республиканың, облыстар мен аудандардың ашық инфрақұрылымы болмақ. Бұл, біріктіруші технология ретінде, қолданыстың бірқатар салаларында электронды үкіметтің аса маңызды құрамдастарының бірі болып табылады (32,35,38,49,50,­ 55,57,58,65,100-қадамдарды қа­ра­­ңыз). Тәптіштеп айтсақ, кез келген КМИ-ді құрайтын компоненттері болады. Соның біріншісі – базалық кеңістік мәліметтері мен метамәліметтерден тұратын ақпараттық ресурстар. Мұндағы базалық кеңістік мәліметтері базалық кеңістік нысандарын цифрлы түрде сипаттайды, ны­санның атауын, мекенжайын және басқа деректерді жайып салады. Ал метамәліметтер – кеңістік мәліметтері туралы мәліметтер. Олар кеңістік мәліметтерін іздеуге, оның сапасын, жарамдылығын бағалауға бағыт береді, өңдеу мүмкіндігін нұсқайды. Екіншіден, кеңістік мәліметтерін түзудің дербес стандарттары мен пішімдері болады. Үшіншіден, базалық мәліметтерді сақтау және КМИ геопорталын құру үшін арнайы технология мен техникалық құрал-жабдықтары болуы шарт. Төртінші, құрамдас мемлекеттік спутниктік геодезиялық желі құру және кеңістік-уақыттық координаттар жүйесін белгілеу болып та­былады. Одан әрі, КМИ-дің жасақталуы мен дамуына жауап беретін үкімет органдарының, комиссия мен өкілетті ұйымдардың басын қосатын ұйымдық құрылым алға шығады. Осының бәрін КМИ-ді құруға, пайдалануға және дамытуға бағытталған заңдардан, нормативтік-актілерден және техникалық регламенттерден тұратын нормативтік-құқықтық база түйіндейді. – Кеңістік мәліметтерінің ұлттық инфрақұрылымын құ­ру­дың тағы қандай ерек­ше­лік­тері мен алғышарттары бар? – Ұлттық КМИ құрудың стратегиясы елдегі нақты жағдайға байланысты анықталады. Бұл ретте мемлекеттік және ком­мерциялық ұйымдардың, сон­дай-ақ, жеке азаматтардың –ықтимал пайдаланушылардың оған деген сұранысы ескерілмек. Екінші жағынан, «100 нақты қадам» ішіндегі 99, 35, 36 және 86-90-қадамдарда көр­се­тілгендей, мемлекеттік ор­ган­дар­дың, жер пайдалану мен туризм салаларының мәлі­мет­тері мен сервистері сияқ­ты ке­ңістік мәлі­меттерінің дайын жиын­тығының да көптен-көп көмегі тимек. Тәжірибеден белгілі бол­ғандай, КМИ құру кезіндегі бас­ты түйткілдер төмендегі үш мәселенің шешіміне тіреледі. Олар – мемлекеттік спутниктік геодезиялық желі құру және кеңістік-уақыттық координаттар жүйесін түзу, ұйымдық құрылым һәм нормативтік-құқықтық база. Мемлекеттік ресурстарды салалық бағдарламаларға ша­­шы­­ратып жібермей, осыларды оңтайына келтіру үшін (92, 100-қадамдар) ең жо­ғар­ғы дәрежедегі, мем­лекеттік тұр­ғыдағы (АҚШ-тағы, Герма­ния­дағы, т.б. сияқты) құ­зырлы да пәр­­­менді шешімдер қабылдануы тиіс. – Мемлекеттік спутниктік геодезиялық желінің осы орайдағы мән-маңызына тоқ­тала кетсеңіз? – Мемлекеттік геоде­зия­лық желі ел аумағына коор­динаттардың таралуын қам­тамасыз етеді әрі басқа гео­де­зиялық желілерді құруға тұғыр-тиянақ болады. Қа­зақ­­станның заңнамалық тұр­ғыдан бекітілген мемлекеттік геодезиялық желісі бізге КСРО кезінен қалған мұра. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 28 желтоқсандағы «Коор­динаттардың, биіктіктердің, гра­ви­метриялық және спутниктік өлшемдердің, сондай-ақ, мем­лекеттік топографиялық карталар мен жоспарлардың масштаб қатарының бірыңғай мемлекеттік жүйелерін белгілеу туралы» №1403 қаулысына сәйкес, бұл жағдайдың ережелері сонау 1946 жылы бекітілген СК-42 жүйесімен айқындалады. Бұл арада дәстүрлі әдістермен жасалған желілердің дәлдігі бір­неше метрге дейін қателікке жол беруші еді. Өйткені, желілер дәстүрлі әдіс­терді пайдаланып құрылған кезде сол жердің си­паты, ауа райы жағдайы, орын­даушылардың біліктілігі, т.с.с. жайлар бұған қатты әсер ететін. Қазіргі уақытта оларды коор­динаттарды анықтаудың спут­никтік әдістері алмастырды. Спутниктік технологияның дәл­дігіне келер болсақ, ол бір-бірінен қашықтығы 1-2 мың шақырым, тіпті, одан да алыстағы нысандардың тұрған жерін шамамен 1-2 см. дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Озық дамыған елдердің көп­шілігі бүгінгі таңда өздерінің ұлттық (мемлекеттік) спутниктік геодезиялық желілері мен коор­динаттар жүйелерін елеулі дә­режеде жасақтап алған. Олар сол елдердің геодезиялық әле­­­­­уе­тін барынша сақтауға және дамытуға бағытталып, коор­ди­наттардың жалпы жер-жа­һандық геоцентристік жүйесін құру орайындағы халықаралық жобаларға белсенді қатысуда. Бір сүйініштісі, мемлекеттік спутниктік геодезиялық желі құру мен координаттардың мем­лекеттік жүйесін айқындау жобасы Қазақстан Республикасы Үкі­метінің отырысына ұсы­нылды. Әлбетте, нақ осы орайда Ре­сей Федерациясының, АҚШ-тың, Еуропаның мемлекеттік спутниктік геодезиялық желілерін, сондай-ақ, халықаралық JTRF геодезиялық желісін үлгі ретінде пайдалануға әбден болады. Ресейдің жаңа типті мемлекеттік геодезиялық желісінің арқау-өзегі іргелі астрономиялық-гео­­­дезиялық желінің (ФАГС), жоғары дәлдіктегі геодезиялық желінің (ВГС) пункттерінен және 1-ші дәрежелі спутниктік геодезиялық желінің (СГС-1) пункттерінен тұрады. Міне, осынау пункттерді тұрақты жұмыс істейтін базалық стансалар желілерінде біріктіру желінің әрекет ету аймағында жатқан аумақта RTK (RealTimeKinematic) режімін іске қосуға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде ны­сан­­дардың жоғары дәлдіктегі координат­тарын ақиқат уақыт режімінде сантиметрлік дәлдік­пен алуға жол ашады. Нақ қазіргі кезде геодезиялық желіні жаңғырту басым мін­деттердің бірі болып табылады. Жоғары дәлдіктегі геодезиялық желінің болуы Ұлт Жоспарының құрамдас бөлігі болып табылатын «100 нақты қадамның» бірталайын жүзеге асыру үшін қажет. Атап айтқанда, жер пайдалану (35, 36-қадамдар), рұқсат алуды оңтайландыру (46-қадам), жол-көлік инфрақұрылымы­ның ұсталуы (58-қадам), Қазақ­стан­­ның халықаралық жол-коммуникациялық тасқындарға интеграциялануы (65-қадам), «Ашық үкімет» құру (94-қадам) істерінің ілгері басуы осы жайға тікелей байланысты. Бүгінде Қазақстанның геодезия саласының әлемдік үде­рістерден кенжелеп қалуын толықтай түзетуге және оны дамытудың жаңа деңгейіне көтеруге мүмкіндік жеткілікті. Соңғы уақытта бұл мәселеге шұ­ғыл назар аударылып, «Қа­зақстан Республикасының мем­­­лекеттік спутниктік гео­дезия­лық желісін құру және мемлекеттік геодезиялық желіні жаңғырту» жобасы әзірленуде. Бұл геодезиялық желіні ғана емес, сонымен бірге, нивелирлік және гравиметрикалық желіні де қоса қамтитын үлкен жұмыс. Осы жоба шеңберінде осынау желілерді жаңғырту жөніндегі іс-шаралар ойластырылып, соның нәтижесінде, Қазақстан Республикасының геодезиялық тұрғыдан қамтамасыз етілуі әлемдік стандарттарға сай биік деңгейге жеткізілмек. – Ал енді Ұлт Жоспарында координаттардың мемлекеттік жүйесінің мән-маңызы қандай деп білесіз? – Қазірде Қазақстан Рес­публикасында координат­тар­­дың мем­лекеттік жүйесі ретінде ескірген СК-42 заң жү­­­­зінде белгіленген. Бірақ, жо­ғарыда айтқанымыздай, оның көптеген кемшіліктері бар. Ол кемшіліктерді дәлдіктің азды­ғы, мәліметтердің жабықтығы, коор­ди­наттар көздерінің біраз бөлігін (геодезиялық пункт­тер) жоғалту және басқалар деп тізбелеуге болады. Ең бас­ты ол­­­­қы­­лығы сол, ол өзінің конс­трук­­тивті ерекшеліктеріне орай позицияландырудың спут­никтік әдіс­терін пайдалану кезін­де жарамсыз. Олай болса, мемлекеттік спутниктік геодезиялық желіні құру кезінде координаттардың жаңа жүйесін заңнамалық тұрғыдан реттестіріп, бекіту қажет. Бұл жаңа жүйе жер бе­тіндегі бағдарлаудың дәлдігі жағынан жоғары талапқа сай, позицияландырудың спутниктік әдістерін пайдалануға жарамды, сондай-ақ, әлемдік координаттық жүйелермен тығыз байланыс­ты болуы тиіс. Сонымен, Қа­зақ­стан Республикасы коорди­наттарының респуб­ликалық жүйесін жасау үшін осы күнгі қолданыстағы WGS-84, ITRS, ПЗ-90.11, ГСК-2011 сияқты әлемдік координаттар жүйелерінің бірін пайдалану көзделіп отыр. Бұл қадамның тиімділігі сонда, ол өзіміздің төл координаттар жүйе­мізді әзірлеуге уақыт пен ресурс­тар кетіріп машақаттанбауға мүмкіндік береді. Координаттардың мем­ле­кеттік жүйесін таңдаған кезде ITRS халықаралық жүйесін пайдалану ұсынылады. Өйткені, бүкіл Жер шары бойынша орналасқан із бағу стансаларынан жиналатын мәліметтер пайдаланылатын болғандықтан, аталмыш жү­йе дәлдік жағынан қалған жүйе­лерден анағұрлым артық. Оның үстіне, бұл жүйе толығынан ашық әрі оның пункттеріндегі өлшемдер мен координаттар мәлі­меттеріне еркін кіруге болады. Тағы да маңызды жайдың бірі сол, Қазақстанның спутниктік гео­дезиялық желісінің төл пункт­терін ITRS (ITRS-тің нақты іске асуы) құрамына енгізген кезде еліміздің мемлекеттік геодезиялық жүйесі артық әуре-сарсаңсыз бірден халықаралық ITRS жүйесіне интеграцияланып кірігеді. Осы ойымды түйіндей келе тағы бір айтарым, координаттардың бірыңғай біртұтас жүйесін жасамайын­ша және оған заңнамалық дең­гейде мемлекеттік мәртебе бер­мейінше елде спутниктік гео­де­зиялық желіні құру және Ұлт Жоспарының жоғарыда аталып өткен қадамдарын орындау еш мүмкін емес. – Батырхан Жағыпарұлы, ал енді кеңістік мәліметтері ұлттық инфрақұрылымының қызметтеріне кіру қалай іске асырылатын болады? – Әлбетте, ең алдымен, 87, 94, 96 және 100-ші қадамдарда атап көрсетілгендей, КМҰИ гео­порталы арқылы. Бұл орайда метамәліметтерді шолып қарау, географиялық ақпараттарды іздеу, оны визуалдау, жүктеу, тарату һәм геосервистерді іздеп табу құралдарына жүгіне отырып ғаламторға кіру нүктелері бізге көмекке келмек. КМИ геопорталы халыққа қызмет көрсету жөніндегі барлық орталық­тар­ды интеграция­лайды. Сөйтіп, Қазақстан азаматтары барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады. Геопортал КМИ-ге кірік­тірілген мәліметтер мен сер­вистердің қолжетімділігі мен пайдаланылу жиілігін арттырады. Өзекті ақпаратқа кірудің орталық пункті ретінде КМИ осы орайдағы барша жұмысты үйлестірудің маңызды құралы болып табылады. Мұндағы барлық қатысушылар (кеңістік мәліметтерінің сақтау­шылары, жеткізушілері һәм пайдаланушылары) одан КМИ бойынша көкейкесті әрі анық ақпарат таба алады. Мұның сыртында, заң­намалық қағидаттар, ұғымдар жүйелері, техникалық стандарттар, ақпараттық материалдар, форумдар, жаңалықтар баяндары, мониторинг нәтижелері, т.б. осыдан табылмақ. Тұжырымдай айтқанда, өзара сыйысымды ке­ңістік мәліметтерінің негізінде құрылған республиканың, облыстар мен аудандардың ашық инфрақұрылымы – ұлттық КМИ-дің біріктіруші технология ре­тіндегі мән-маңызына бүгінгі инновациялар өркениетінде ба­ға жетпейді. Ол қолданыстың бірқатар салаларында электрон­ды үкіметтің аса маңызды құрам­дас бөлігі бола отырып, Ұлт Жос­парын іске асырудың, сайып келгенде, қазақстандық арманның пәрменді қозғаушы тетіктерінің біріне айналары да сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».