04 Наурыз, 2016

Із

478 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақ мектебін бітірген балалардың жоғары оқу орнына түсерде орыс тілі мен әдебиетінен шығарма емес, диктант жазуына ықпал еткен аралдық мұғалім Бұлқайыр Айқынов туралы сыр. Арал ауданының тарихында қолға алынған іргелі істер қай кезде де танымал тұлғалардың тағдырымен сабақтасып жатады. Аралға жақын орналасқан Сек­сеуілде 1905 жылы Орынбор-Ташкент теміржол құрылысы салынды. Жергілікті қазақтармен бірге көптеген ұлт өкілдері шоғырланды. Олар тату-тәтті ғұ­мыр кешіп, жақсы істер жал­ғасын табуда. Иә, «жақсы адамдар өмірге та­бындыру үшін, өлген соң сағын­дыру үшін келеді» демекші, биік­терді бағындырған азамат Бұлқайыр Айқынов осыдан дәл бір ғасыр бұрын, яғни 1916 жылдың ақпан айында Арал атырабының Алтыншы ауылында дүниеге келген. 1928 жылы Сексеуіл стансасындағы бастауыш мектепке барады. Өте зерек, сауаттылығының арқасында ауыр кезең болса да, 1932 жылы ауылдың бастауыш мектептеріне мұғалімдер дайындайтын алты айлық курсын бітіреді. Әркімнің қолы жете бермейтін мұғалімдік дәреже алып, Арал қаласындағы сол кездегі Тұрар Рысқұлов (қа­зіргі Т. Шевченко атындағы) қазақ мектебінде үш жыл бала оқытады. Табиғатынан алғыр жас жаңа жұмысты меңгеріп кетеді. Ол шынымен де ішкі рухани дүниесі мығым адам еді. Сол кезден-ақ түрлі ұлттың балаларын бауырына басып, бір­лікте, жасампаздықпен еңбек ете білуге үйретті. Алғырлық дары­ны бағаланып, 1935 жылы Ал­ма­тыдағы Киров атындағы №12 алдыңғы қатарда ашылған бірінші қазақ орта мектебіне жіберіледі. Мектепке Қазақстанның түкпір-түкпірінен өте жақсы оқитын 11 бала қабылданады. Солардың бірі болған Б. Айқынов мектепті өте жақсы оқып бітіріп, №1 аттестатын алған. Бұл айрықша аттестат 1936 жылы 25 маусым­да берілген екен. Онда: «Айқынов Б. КСРО аумағында барлық жоғары оқу орнына емтихансыз қабылдансын», деп жазылған. Алматыдағы осы мектепте сол кезде Қазақстан бас­шылығы құрамындағы атақты адамдар дәріс оқыған. Осындай өр тұлғалы ел азаматтарымен мектеп бітіруші түлектердің түскен суретін қуғын-сүргін, яғни сталиндік репрессия басталып, небір атақты қоғам қайраткерлері айдалып жатқан соң, Бұлқайырдың жеңгесі қорқып, 1937 жылы өртеп жіберіпті. Б.Айқыновты 1936 жылы Арал қаласындағы №13 қазақ ор­та мектебіне қайтадан мұғалім етіп жібереді. Ал, келер жылы Ақтөбедегі мұғалімдер даярлайтын институттың математика факультетіне оқуға түсіп, 1939 жылы Сексеуіл орта мек­тебінде осы пәннен сабақ береді. 1940 жылы Сексеуіл стансасында ашылған №48 қазақ орта мектебінің бірінші директоры болып тағайындалады. Сол жерде 17 жыл директор міндетін абыройлы атқарады. Тарихи теміржол салынған соң тоғыз жолдың торабына баланған алақандай Сексеуіл тұрғындарының көпшілігі өзге ұлттың өкілдері болатын. Көзі қарақты, сауатты қазақ азаматы ізіне халықты ерте білді. Ұлтқа қарап алалауды білмейтін ақпейіл Бұлқайыр ағайдың жанында олар үйіріліп жүретін. Осындай тұлғалардың арқасында қазақ халқы көп нәрсеге қол жеткізді. Иә, ел ағасының ерен еңбегі бірлік пен ынтымаққа негізделді. Бұлқайыр Айқынов жұмыстан қол үзбей өзінің кәсіби деңгейін көтерді. 1950 жылы Орал мем­лекеттік педагогикалық инс­титутына, тағы да математика факультетіне оқуға түседі. Со­дан соң, 1989 жылға дейін Сексеуіл стансасындағы №423 (бұрынғы №48) мектебінде математика пәнінен ұстаздық ете­ді. Жас ұрпақтың үлгі тұтар ұла­­ғатты ағасы болды. Оның бойындағы мұндай ізгі қасиеттер мен батылдық, ең алдымен, туған елі мен халқын қапысыз сүйетін ұлтжандылықты танытар еді. «Елді алға бастыру үшін ең ауыр жұмысқа ең ақылды адамды жегу керек» деген ғұламалар сөзінің мағынасы тереңде жатқандай. Бұл Бұлқайырдай ағаға арналып айтылғандай. Ол кісі басқарған мектеп Орынбор теміржолына қарасты барлық мектептердің ішінде білім, оқу-тәрбие, тәртіп жағынан үнемі алдыңғы орында болды. Директор оқуды жақсы оқыған мектеп түлектерін жоғары оқу орнына өзі жетектеп апарып, түсуіне көмектескен. 1955 жылы Шыңғыс Айбосынов деген мектеп бітірушіні оқуға апарғанда, ол барлық пәнді «беске» тапсырып, орыс тілінен өте алмаған. Себебі, ауылдан шыққан қазақ баласына орыс тілінде шығарма жазу қиын болған. Сол жылы Б. Айқынов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысына кіріп, қазақ балаларына орыс тілінде шығарма жазудың қиын екенін айтып, мәселе көтерген. Үш күннен соң, сол 1955 жылы Қазақстан КП Орталық Комитетінің шешімі жарияланды. Қазақ мектебін бітірген шәкірттер жоғары оқу орнына түсерде орыс тілінен шығарма емес, диктант жазсын деген пәрмен түсірілді. Сол қаулы бүгін таңда да заңды күшінде. Бұлқайыр атаның қазақ жастарына жасаған ең үлкен қамқорлығы, ұмытылмас игі шарапаты осы болар, сірә. Ел жастарының болашағын айқын­дап, өткен ғасырдың ортасында еккен дәндерінің жемісін әлі де татып келеміз-ау. Бұлқайырдай ақылман ұстазының жалықпай үйреткенін өмірлік серік еткендер мыңдап саналады. Бүгінгі күні шәкірттерінің алды 75-85 жасты еңсеріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болуда. Шәкірттері бүгінгі жеңісті-жемісті күнінің кепілі. Ұлт жастарының ұстазы болған Б. Айқынов тұлғалы азаматтарды тәрбиеледі. Шыңғыс, Кішкене Айбосыновтар, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­ты Жақау Дәуренбеков, Қазақтың Абай атындағы университетінің аға оқытушысы Досаман Дәуітов, экономика ғылымдарының докторы Алданыш Нұрымов, радиожурналист Өмірзақ Жолымбетов, Омар Әбдуәлиев, Жеткерген Шампиков және де басқа көптеген ауылдан шыққан білімді жас­тарды қолдап, оларды өрге сүйрелеуінің өзі нет­кен парасаттылық еді! Ол Қазақстан Коммунистік пар­тиясының съездеріне бірнеше мәрте делегат болып қатысты. Аудан мек­тептеріне инспектор, үгітші етіп жіберілді. Облыстық және аудандық газеттерге қоғам­дық тілші де болды. Газет-жур­налдарға түрлі тақы­рыптарда мақалалар жазды. Қазақ елінің бірінші энциклопедиясына енді. 1939 жылы Арал қаласына қала мәртебесін алып беруге сүбелі үлесін қосып, атсалысқан жан. Білікті маман Б.Айқынов­тың кеудесінде «Бүкіл­одақтық білім беру ісінің үздігі» медалі жарқыраған, облыстық партия комитетінен, Теміржолдың салалық кәсіподақ комитетінен, облыстық теміржол бөлімшесінің, аудандық, тораптық партия ко­митеттерінен алған Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе және Бүкілодақтық Құрмет кітабына енгізілген қазақ. Ол көркем мінезді, бірақ өте талапшыл кісі болған. Темірдей тәртіп пен тазалықты қолдап, өтірік айтпаған, мақтануды білмеген. Бар саналы ғұмырын қазақ балаларының білімге ұмтылуына, зиялы азаматтарды көтеруге арнаған жан. Бұлқайыр аға Жарбол баба­дай текті адамның ұрпағы. Осы жол­дардың авторы – біз де бұл кісінің көзін көрдік, математика пәнінен дәріс алдық. Иә, Сексеуілдің киелі топырағынан шыққан бір­туар азаматымыз қарапайым мұ­ғалімдіктен 17 жыл бойы мектеп директоры, партком хатшысы болып білім саласына айрықша мән берген, соған елеулі еңбек сіңірген. Сол еңбекті бүгінгі ұрпақ бір сәт елеп, ескеріп, есте тұтып жүрсінші деген ізгі мақсатпен жаздық біз де, осы шағын мақаламызды. Құндыз ДӘУІТОВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қызылорда облысы, Арал ауданы.