10 Наурыз, 2016

Кешеден келген бүгінге

816 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Нүкетай Мышбаева – актрисӘр адамның өзіндігін білдірер мінез ерекшелігі болатыны сияқты, тұтас бір халықтың, ұлттың даралығын айқындап, болмысын танытар қасиеттері болады.Өз топырағымызға қарата айтар болсақ, мұның бір қарапайым тұжырымдамасы – «әу демейтін қазақ жоқ». Әнге құштарлық – әсемдікке, сұлулыққа, ізгілікке, тазалыққа деген құштарлық биік өнердің де тұма бастауы. Ал, өнер жолын таңдаған жанға осы тұма бастау шалқар айдынға айналуы үшін таза жүрек, сергек сана және міндетті түрде ұлттық топырақтан құнар алатын үлкен өмірлік тәжірибе қажет. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған көрнекті актриса, Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаеваның шығармашылық жолы, өнер жолының берекелі бүгіні зерделеп байқағанды осындай ойға жетелейді. «Менің тегім – балалық» демекші, Нүкетай актрисаның бүгінгі биігі балалық шақтан бас­тау алды. Ол Хан Тәңірі етегінде, Алматы облысы, Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданында дүние келді. Әкесі Мышбай бір жасында қайтыс болған. Анасы мен көзкөргендердің айтуынша, сымбатты да қайратты ел ағасы, жігіттің сұлтаны екен. Ша­руаға ширақ азамат Қытайға барып, шай, жібек мата, тағы да басқа керекті заттар әкеліп, сауда жасапты, дүкен ұстапты. Анасы Шәлипа да ұсынықты, пысық, өзі өнерлі болып, бұл отбасы шаруаларын дөң­гелетіп, тату-тәтті өмір кешіпті. Анасы он үш құрсақ көтерген, содан аман қалғаны төрт ұл мен үш қыз ғана.Ұлы Отан соғысы басталғанда Нүкетайдың төрт ағасы бірдей майданға аттанып, үшеуі қаза тапты. Үйдің кенжесі Нүкетайдың ес білгелі сезінгені анасының махаббаты, көргені қамқорлығы, өзін өнерге, әншілікке баулығаны. Анасы Шәлипа өзі әнші, аймаққа белгілі айтыскер. Аяулы ана шын есімі Нұриша, бірақ, өзі еркелетіп Нүкетай деп ата­ған кенжесінің әнші болуын қалаған. 7-сыныпты бітіргенде анасы Нүкетайды Нұржамал есімді құдашасына ілестіріп Алматыдағы №12 мек­теп-интернатқа оқуға жібереді. Атақты ұстаз Рафиха Нұртазинаның тәрбиесін көрген қаршадай қыз қалада ысылады. Алматыдағы мектепаралық жарыстарға қатысып, құрбылары – Төрткен екеуі әннен, Шәрбану биден оза шығып жүреді. Қаладағы драма және опера театрларының қойылымдарын көреді. Бірақ, ауылы есінен шықпай қойған ол қайта оралады да, орта мектепті өз ауылында бітіреді. Әнші болу арманы әрі анасының ақылымен Ал­матыдағы Құрманғазы атын­дағы консерваторияға оқуға келген Нүкетай ойламаған жерден осы оқу орнының актерлік бөліміне түседі. Жас қызды бұл жолға бағыттаған ұлы ұстаз Асқар Тоқпанов еді. Консерватория қабыр­ғасындағы қызықты жылдар сахна өнерінің, әншілікпен егіз актерліктің қыр-сырына баулыды. Мұнда үлкен ұстаздар дәрісін тыңдады, жақсы дос-құрбылар тапты. Оқудың бір шарты – спектакль көру болатын. Жастар Қазақ Ұлттық театры аталатын қара шаңырақтың қойылымдарын қалдырмай тамашалап, өздерінше талқыға салады, тәлім алады. Бәрінің ойында бір арман. «Шіркін, осы сахнада өнер көрсетсем-ау!..». А.Тоқпановтың алғашқы курсының оқуын 1959 жылы аяқтаған тұста аспаннан тілегендері жерден табылып, сол кездегі директор, қазақ өнерінің үлкен тұлғасы Құрманбек Жандарбеков жеті-сегіз жасты театрға қызметке шақырды. Ол кезде кәсіби театрдың іргетасын қалау­шы «самородок сары алтындардың» Жұмат Шанин­нен өзгесінің төрт көзі түгел, С.Қожамқұлов, Қ.Қуаныш­баев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыровтың сахнада белсенді кезі. Кейінгі буын К.Кармысов, Ш.Айманов, Ә.Хасенов, С.Телғараев, С.Май­қанова, Х.Бөкеева, Б.Римова, Х.Елебекова, Р.Қой­шы­баева өнер ұстартқан; ал, Мәскеу мен Таш­кенттен кәсіби білім алып келген Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаевтардың қуатты буыны жарқырап, З.Шәріпова қатарлы жас буынның көзге түсе бастаған кезі. Солармен ілесе театрға келген мүлдем жас буын, Нүкетай қатарластар аға буынның өнер-өмірлік тәлім-тәрбиесін ала бастады, олардың жұлдыздары жарқырар сәті әлі алда, «Махаббат, қызық, мал мен бақ, Көрінуші еді досқа ортақ, Үміт жақын, көңіл ақ...» бір қызық та бақытты шақ болды. Нүкетай Мышбаева және оның қадірлі дос-құрбы, қатарластары Матан Мұратәлиев, Раушан Әуезбаева, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов өнерге келіп, алғашқы рөлдерімен танылған жылдары атақты «жылымық» кезеңіне сай келді. 1956 жылғы ХХ съезде жеке басқа табыну әшкереленіп, қоғам­ның жаңаша, еркін тыныстай бастауы әдебиет пен өнерде қатты сезілді. Жалпы алғанда театр – қоғамның жай-күйін, әлеуметтік-рухани ахуалын тануға мүмкіндік беретін институттардың бірі болғандықтан қазақ сахна өнері жаңа бір сапалық бе­леске көтерілу алдында тұрды. Атап айтарлығы – қазақ сахнасына кәсіби мықты білімі бар ұлттық режиссура да осы кезеңде шықты. Сол буынның көрнекті өкілі, Мәскеудегі Бүкілодақтық Театр өнері институтының түлегі, қара шаңырақ театрға Тоқпанов шәкірттерінен бірер жыл ғана бұрын келген Әзербайжан Мәмбетов болатын. Нүкетай Мышбаева – актриса-4Нүкетайдың алғашқы рөлі – жас режиссер Ә.Мәм­бе­товтің «Беу, қыздар-ай!» спектакліндегі Ай­сұлу. Қуандық Шаңғытбаев пен Құрманбек Жан­дарбековтің қазақ театрларында көп қойылған, әлеуметтік уыты өткір бұл комедиясындағы төрт бойжеткеннің бірі, ерке назды, іс-әрекеттері күлкі тудыратын сауыншы Айсұлуды актриса жастық жалынмен ойнады. Актрисаның сахналық рөлдерінің тізбегіне үңілсек, келесі рөлдері де комедиялық болыпты. Ә.Тәжібаевтың «Той болардасында» актриса болуды армандайтын, сұлулыққа ұмтылған кейіпкер Айбала Нүкетайдың өз табиғатымен үндестік тапты. Бұл тұста Нүкетайдың әншілік да­рыны бейнені жаңа бір қырынан аша түседі. Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» комедия­сында жас актриса оқуын бітіріп ауылға келген қалалық бойжеткен, ақкөңіл де адал Марфуға рөлінде сәтті көрінген. Күлкінің шебері атанған көрнекті актер Е.Жайсаңбаев кезінде Нүкетайдың кейіпкерінің әр қадамына, іс-әрекетіне сендіре жан эволюциясын ашатын комедиялық рөлдеріне өте жылы пікірлер білдіреді («Лениншіл жас», 19.10.1966). «Құдағи келіпті» комедиясында актриса – ал­ғашында эпизодтық рөл, жүргізуші қыз Жамал. Көрнекті театртанушы Қ.Қуандықов Нүкетайдың өткінші, титтей рөлді есте қаларлықтай етіп ой­нағанын және оның қойылым көркемдігіндегі маңызын «Тұңғыш ұлт театры» кітабында («Жазушы», 1969 ж.) әдемі талдайды. «Шымылдық ашылғанда машинамен зулатып келе жатқан Жамал – Нүкетай өзінің саңқылдата салған әні­мен спектакльге бірден көңілді жеңіл екпін беріп, көрермендерді де көңілді күйге бөлейді. Кең үнді, жарқын жүзді, өткір мінезді осы қыз сүйкімді-ақ. Егер, рөльдегі актриса ән сала алмайтын болса, комедиялық екпін бірден түсіп, ке­лер көріністердің бәрін солғындатып жіберер еді. Осы бір-екі минуттық көрініс режиссер үшін де қымбат», дейді театртанушы. Марфуғадан кейін Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестер» драмасында Роза бейнесін жасаған, жалпы алғанда, замандас жас­тардың бейнесін сахналау болмысынан жарқын жас актрисаға соншалықты қиынға соқпаған сы­ңайлы. Негізінен комедиялық рөлдер ойнаған актриса­ның алғашқы күрделі рөлі режиссер Ә.Мәмбетовтің «Ана-Жер-ана» (Ш.Айтматов. «Құс жолы», сахналық нұсқа Б.Львов-Анохин) спектакліндегі Әлиман. Жалпы, сахнаға шығу тарихының өзі қызық, бас-аяғы бір жарым айда қойып, содан кейін театрдан біржола кетпекке бел буған режиссер Мәмбетовтің спектаклі үлкен көркемдік құбылыс болады деп кезінде ешкімнің де ойына келмесе керек. Қоғамдық-әлеуметтік қуаты мықты спектакль көптің көкейінен әбден шықты. Ол театрдың 1964 жылы Мәскеуде өткен гастролінде өте жоғары баға алады. М.Әуезов театры сахнасында үзбей отыз жыл жүрген «Ана-Жер-ана» – Мәмбетовтің ғана емес, одақ режиссурасы шыңдарының бірі, ұлттық сахна өнерінің бір белесі болды. Қазақ сахнасындағы жаңаша бейнелеу, жаңа көркем тіл болған қойылымның өмірлік өзегі мықты еді. Соғыс өрті шалмаған шаңырақ жоқ. Айталық, режиссердің тоғыз жасында әкесі майданға кетіп, содан оралмады, анасы соғыстың қиын жылдарында дүние салды. Спектакль табысының бір кілті – Мәмбетовтің көркемдік-рухани және өмірлік тәжірибесімен актерлердің өмірлік тәжірибесінің астасуында еді. Мысалы, спектакльде Толғанайдан кейінгі күрделі рөл Әлиманды жастық жалынмен ғана алып шыға алмайсың. Оған сергек сана мен өмірлік тәжірибе қажет. Нүкетайдың да балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына келді. Жалпы, бұл ұрпақта балалық шақ болмады десе қисынсыз емес. Әлеуметтік қиындық пен психологиялық күйзелістерді олар үл­кендермен бірдей көрді. Әкелер мен ағалар соғысқа аттанғанда еңірегенде етегі толған аналар, «мені кімге қалдырдың...» деп азаматының шаужайына жабысып зар еңіреген жеңгелер... Қара қағаз алған отбасылардың қасіреті.... Осының бәрі әлі күнге дейін Нүкетайдың көз алдында. Әлиман бейнесін жасау барысында актриса жадынан өшпеген, көңіл түкпірінен әлі кетпеген сол көріністерді жаңғыртты. Толғанайдың өткен өмірін еске алуы формасында құрылған спектакльде әр ауыл-айылдың басынан өткен өмір жинақтала бейнеленеді. Соғысқа аттанған ер-азаматтардың орнын басып, майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін деп тыным таппай, бар ауыртпалықты көтерген әйелдер. Әлиман нәзіктіктің, сұлулықтың символы. «Актриса оның жарқын жанын, ойлылығын, адал, таза көңілін жақсы ашады. Жас келіншекке тән небір сұлу мінездері көңіл қытықтайды... Ол көрінген сайын сахнада жылы леп, қоңыр самал есіп өткендей болады. Жас келіншектің жан дүние­сіндегі көп қалтарыстарды көрсете алған актрисаға шын риза боласыз», деп пікір білдірген екен жазушы-драматург Бек Тоғысбаев «Бел-белестер» жинағында («Өнер», 1987 ж.). Спектакльдің жалпы ырғағына үйлесімдік танытып, сахна серіктестерін жақсы сезінетін актриса кейіпкерінінің психо-эмоционалдық ахуал, жағдайын жан-жақты береді. Қасыммен бас қосып, бақыт кешкен, ән салатын сәттерінде сахнада жеңіл қозғалып, құстай қалықтап жүрсе, қара қағаз келгенде шашы жайыла енесі Толғанаймен құшақтасып көрісіп, азалы, ащы зар айтқанда қасіретті дауысы адамның аза бойын қаза етеді. Арада уақыт өтіп, табиғатына қарсы келе алмай, қойшымен көңіл қосқан жас келіншектің жолда, арба үстінде толғақ қысып бір, ар алдында қарабет болып екі қиналған, өлім аузындағы сәттерін актриса барынша қуатты береді. Жаза басқан қадамы үшін аяулы жары Қасымның рухынан, енесінен кешірім сұрап жанталасқан келіншек. Өмір мен өлім арпалысы. Осы бір кульминациялық сәттерде актриса жалаң эмоцияға салмайды, өлшем-мөлшер әдемі сақталады. Өмір жасампаздығын паш етіп дүниеге нәресте келеді. Қандай алапат соғыс та өмірді тоқтата алмайды. Актриса Нүкетай Мыш­баева трагедиялық қуатты бейне сомдаған спектакль оптимистік рухпен аяқталады. Әлиман трагедиясы адамзаттық қасірет – соғыстың адамға қарсы философиясы, жеке адамның тағдыры, жан қасіреті призмасында бейнеленеді. «Ана-Жер-ана» халықтық қойылым болды. Халық ағылып келіп көрді. Актрисаның анасы Алматыға арнайы келіп, «Ана-Жер-ананы» көрген соң: «Нүкеш-ау, мынау менің өмірім ғой, Сен Шыңғыс Айтматовқа бәрін айтып беріпсің ғой», деп көзіне жас алыпты. Нүкетай актриса үшін анасының өте қымбат бұл пі­кірі халықтың қойылымға берген бағасы болса керек. Ал, алғашқы премьера күні Ш.Айтматов: «Н.Мыш­баева Әлиманды менің шығармамдағыдан да терең ойнады», деп жоғары баға берген бұл бейне ак­трисаның ғана емес, ұлттық сахнаның табысы болды. Жалпы, актриса шығармашылығының ерек­шелігі – халықтық сипатында екенін бөле-жара атауымыз орынды. Мұның тағы бір жарқын мысалы Әлиманнан кейінгі бір күрделі рөлі, шоқтықты бейнесі – әнші Майра. Ә.Тәжібаевтың есімі күллі қазаққа белгілі әнші, композитор Майра Уәлиқызы туралы «Майра» пьесасын ұлттық туындыларды сахналаудың шебері, режиссер Б.Омаров қойған. Майра рөлін, әрине, әнші актриса орындауы шарт еді. Атақты ақын Исаның қызы, актриса М. Бай­­зақованың айтуында, Нүкетай кең тыныс­ты, қоңырқай үнді жарқын дауысымен атақты Майра әнін шырқағанда олар көз алдарында тура әке-шешелерінің аузынан естіген керемет әнші Майра тұрғандай әсерленген. Ертіс төсінде жүзген кеме үстінде, достарының ортасында сән-салтанаты келіскен Майра «Туған ел» әнін шырқайды. Әннен жүрек сыздатар сағыныш еседі. Майра рөліндегі актриса Н.Мышбаева, көр­некті театртанушы Қ.Қуандықов «Тұңғыш ұлт театры» кітабында («Жазушы», 1969 ж.) атап көр­сеткендей, «...өзін сахнада еркін ұстайды. Майраға тән алғырлық, жарқын мінез бойынан жарасымды мөлшерде көрік тапқан актриса Майраның әндерін түсініп, драмалық ішкі күйін шеберлікпен ашады». Ал, актрисаның ойынын көріп, әншілік өнеріне риза болған пьеса авторы, көрнекті ақын-драматург Ә.Тәжібаевтың өзі: «Майраны басқа артистер де ойнаған. Бірақ олар әнді жеріне жеткізіп айта алмаушы еді. Нүкетай Майраның әндерін керемет айтады. Нағыз Майра енді туды», деп қуаныпты. Жалпы, ұлттық характерлерді жеріне жеткізе ашатын актриса табиғи талантымен күрделі әлеу­меттік драмаларда жарқырап көрінеді. Көп орайда ұлттық дүниетаным, қазақы пайым-парасат өзек болатын бейнелерде де ішкі драматизм мықты болып келеді. Мұндай еңбектерінің қатарында М.Әуезовтің «Абайында» Зейнеп, «Түнгі сарынында» Жүзтайлақ, «Қарагөзінде» Ақбала, Ш.Құсайыновтың «Сырымбет саласында» ауыр қайғы жұтқан әйел Айша, С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында» спектакль басында қорғансыз қыз, ал финалына қарай батыл да өзіне сенімді әйел Ажар, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Ақбала, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» Бекей, Д.Исабековтің «Кішкентай ауылында» ауылдық кеңес төрайымы, ер мінезді, рухы мықты Ардақ, А.Сү­лейменовтің «Төрт тақта – жайнамаз», «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогтарында хатшы әйел мен Ұрқия, Б.Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай...» драмасында күлегеш әйел, т.б. аталуы орынды. Бұлардың біреріне ғана тоқталар болсақ, мысалы, «Түнгі сарындағы» қысқа күнде қырық құбылатын Жүзтайлақ – Нүкетай өз әлеуметтік тобының мықты өкілі. Бұл рөлді актриса қадірлі апа әріптесі Ш.Жандарбекова екеуі орындады. Көрнекті театртанушы Б.Құндақбаев «Мұхтар Әуезов және театр» («Ғылым, 1997ж.) монографиясында «Ш.Жандарбекованың Жүзтай­лағы өз заманының саяси өміріне белсене аралас­қан... әлеуметтік тип деңгейіне көтерілген... Ал, Н.Мышбаева трактовкасында тұрмыстық шындық басым. Бұл Жүзтайлақтың әзілі, сөздері уытты, сахналық бояулары айқын, ашық, өзі айбарлы, өркөкірек, өжет мінез иесі», деп тұжырады. Аға буын әріптесінен басқаша ойнау жолында ізденген жас актрисаның өз сезінуі бойынша, ол өз кейіпкерін өзі әдемі, өткір, өзі шолжақай, сылқым әйел етіп кейіптеуге ұмтылған. Актрисаның рухани аясы шетел классикасы, алыс-жақын шетел драматургиясы қойылым­дарында да кеңейе түсті. М.Фриштің «Дон Жуан­­ның думанындағы» Миранда, Г.Лорканың «Қасіретті қатындар – «Бернарда Альбаның үйіндегі», белгілі театртанушы А.Қадыровтың пікірінше, «тұйық, сөйте тұра әжептәуір қу мінезді Амелия», А.Вальехоның «Бүгін мерекесінде» Манола, Б.Томастың «Мен сіздің әпкеңізбін», «Түлкі бикеш» комедияларында Донна Люция, әнші Корина, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Күтуші сынды бейнелерінде жаңаша характерлер жасауға, адам жанының құпияларына үңіліп, жақсы қасиеттер іздеп табуға ұмтылды. Қырғыз драматургі Б.Жакиев пьесасы бойынша «қоғам тәнінен адамның жанын іздейтін» (А.Сүлейменов) қолтаңбасымен ерекшеленетін режиссер Е.Обаев сахналаған «Жүрейік жүрек ауырт­пай...» әлеуметтік драмасында актриса Н.Мыш­баева күлегеш әйел рөлін орындайды. Және ол сүйікті рөлдерінің бірі. Қартайған шағы қарттар үйінде өтіп жатқан бейбақтың жан қасіретін, оның түп негізін табу үшін көп ойланды, ақыры, образдың кілтін сәтті тапты. Әйел өз-өзінен аяқ астынан күледі, тіпті, тоқтай алмай қалатыны бар. Жан қайғысы оны осындай дертке душар еткен. Актриса кейіпкерінің өмір тарихын, жан қасіретін бірер минутқа сыйғызатын сахнаны бей-жай отырып көру мүмкін емес. Бұл хас шебердің ғана қолынан келеді. Актерлік жолын комедиядан бастаған Н.Мыш­­­­баева жанрдың үлкен шеберіне айналды. Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсесіндегі» байдың шолжаң қызы Меңсұлу, И.Саввин, Ж.Тәшеновтің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырдысында» Анжелика, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» жағымпаз, сөз аңдығыш келін Саттыхан, Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір тойдағы» Гүлбарам, Ф.Бөлековтің «Отыз ұлың болғанша...» мұңлы комедиясында Фатима... Күлдіргі оқиғалар мен сюжеттер, кейіпкерлер арасындағы күлкілі қарым-қатынастар астарында қоғам мен әлеуметке деген өткір сын. 1992 жылы режиссер Ә.Рахимов қойған «Бес бойдаққа бір той» комедиясы сахнада жиырма жылға жуық жүрді. Әзіл-сықағы, әні қатарласа жүретін қойылым. Қазақ қоғамындағы отбасы, әулет бола алу, ұрпақ жалғастығындағы өзекті мәселелерді көтеретін уытты комедияда актриса – жалғызбасты әйел Гүлбарам. Жалғыздықтан құтылу үшін бар өнерін салып Қырманбай шалға тұрмысқа шығып алады. Қырманбай рөліне ол кезде жас актер Б.Тұрыс бекітілген. Аралары отыз жас­тай. Алғашында бұл қалай болар екен, деп әлдебір жайсыздық сезінді, бірақ, ойлана келе келісті, кейіпкерінің өзіндік өрнегін тауып, Бекжанмен сахнада жарасты жұп болды – қазақы әзіл-қалжың, шымшымамен қазақ қоғамында орын ала бастаған өрескел келеңсіздіктердің бетін ашуға ұмтылды. Спекталь бойына қыран-топан күлкіге қарық болатын көрермен соншалықты неге күлгенін қойы­лым соңында саралай бастайды... Нүкетай шебер жас үлкендігіне салмайды, керісінше, сахнада жеңіл, сергек, қағылез. Нағыз шеберліктің, тіл ұстартудың сабақтарын көріп-тыңдағандайсыз. Сахнада шынайы серіктестік болса алынбайтын қамал жоқ. Актриса Нүкетай қашанда сахнада жақсы серіктес. Жалпы бұл – театрдағы аға буынның жақсы бір қасиеті. Ансамбльдік ойынның төресі, шеберлік лабораториясы деп «Отыз ұлың болғанша...» мұңлы комедиясын айту керек. Қара шаңырақта 2001 жылы аға буынға арнайы қойылған, жұртшылық сүйіп көретін спектакль. Көрермендер нағыз шеберлердің ойынын тамашалауға келетін қойылымда актриса Нүкетайдың өзі де үлкен шабытпен ойнайды. Өмірдің көбі кетіп, азы қалғанда жалғыздықтан құса болып, жатақханада тұрып жатқан кейуаналар. Олардың старостасы, бұрынғы қып-қызыл коммунист Фатима рөлінде Н.Мышбаева. Алғашқы жылдары сахнаға аяулы әріптестері Ш. Жандарбекова, Ф.Шәріпова, У.Сұлтанғазин, сондай-ақ, З. Шәріповамен бірге шығатын. Бүгінде сахна серіктестері – қадірлі құр­дасы С.Оразбаев, өнердегі әріптес сіңлі-інілері С.Қожақова, Ғ.Байқошқарова, Ш.Меңдиярова, С.Мерекеұлы, Р.Хаджиева, Г.Жақыпова, кейінгі буындардан А.Боранбай, Р.Сенкебаев. Нүкетай кейіпкері өмір бойы әлдебір идеалдарға қызмет еткен, бастық болып, бұйырып үйренген, жаны қасаң, бірақ, ниеті таза кейуана. Сөзінің бәрі – қысқа-қысқа бұйрық, өтінішінің өзі бұйрық болып шығады. Әу баста сүйкімсіз көрінетін бастық әйелге бірте-бірте көрерменнің іші жылиды, ақырында аяйды, Абдолла шалмен кетуіне тілектес болады. Актриса кейіпкерінің психологиялық құбылуларын – жан жылуына, мейірімге зәрулігін сараң ғана штрихтармен ашады. Мұндай шеберліктің астарында, әрине, сахнагердің үлкен жауапкершілігі мен еңбегі жатыр. Аға буын хас шеберлердің, оның ішінде актриса Нүкетай Мышбаеваның өнерін тамашалығысы келетін жас ұрпақ, әрине, осы спектакльді көруі шарт. Жалпы, актриса Н.Мышбаева қара шаңырақ сахнада қалыптаған рөлдердің бәріне тоқталмақ түгіл, санамалап шығудың өзі мүмкін емес. Үл­кенді-кішілі, басты-қосалқы сексенге жуық рөлі­нің барлығында да Нүкетай актрисаның жүрек лүпілі, өнер іздері, өмірлік тәжірибесі мен рухани ізденістері жатыр. * * * Н.Мышбаеваның негізгі шығармашы­лы­ғы сахна болғанымен, ол кино мен дубляждың да төл перзенті. Кинодағы алғашқы басты рөлі – «Қа­зақфильм» киностудиясының «Шығыс жолы» (1968 ж.) көркем фильміндегі жылқышы әйел. Сондай-ақ ол «Жазда жауған қар» (1965 ж.) фильмінде Хатша, «Ағам үшін қалыңдық» фильмінде Өзген, «Алпамыс мектепке барадыда» мейірбике, 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығына түсірілген осы аттас фильмде Жамбылдың анасы, «Тастандыларда» Сәбитхан апа рөлдерінде көрінді. Телеарна демекші, актриса Нүкетай сонау 80-жылдары көп бөлімді «Қымызхана» телетеатрында көрерменнің сүйікті кейіпкері Теңгетай рөлімен, сондай-ақ халық әндері мен осы заман композиторлары әндерінің орындаушысы ретінде танымал болды. Ал, соңғы кездегі елеулі еңбегі – «Қазақстан» ұлттық арнасынан кезең-кезеңмен көрсетілген «Болашақ» телесериалындағы Майра апа. «Сатайфильм» студиясының бұл түсірілімі туралы әлеуметтік желілердегі бір пікірді келтірер болсақ, сериалды тамашалаған бүгінгі жас ұрпақты актрисаның «...бейнетті көп көрсе де, жүзінен мейірімі төгіліп тұратын ауыл әйелінің рөлін шынайы, табиғи ойнағаны тәнті етеді.» Бұл – Нүкетай актрисаны ерекшелендіріп тұратын қасиетін тап басып таныған жас ұрпақтың кәнігі шебердің өнеріне берген бағасы. Кеңестік киноның 60-жылдардағы шоқтықты шығармаларының бірі «Қыздар» комедиясында танымал орыс актрисасы Н.Румянцева – Тосяны қазақша сыңғырлата сөйлеткен Н. Мышбаеваның дауысы сол кезең көрермендерінің әлі есінде. Ал, өнер саңлағының соңғы сәтті жұмысы 2D және 3D үлгідегі технологиялар қолданылып, режиссер Жәкен Дәненовтің жетекшілігіндегі аниматорлар тобы түсірген, қазақ анимация тарихындағы тұңғыш толықметражды фильм «Ер Төстік және айдаһар» фильміндегі Ертөстіктің анасы Ажар рөлін дыбыстағаны. Нүкетай актрисаның мейірімге толы үн-дауысы бүлдіршіндерді ертегі әлеміне тарта түсері анық. Халық сүйіп тыңдаған әнші Б.Шөкеновтің «Отан-ана» бейнебаяны Нүкетай ене-анасыз толыққанды болмас еді. Жинақтап айтқанда, мұндай қимыл-қарекеттердің барлығы – өнер адамы елге қызмет жасауы керек деп білетін актрисаның азаматтық ұстанымынан туындайды. Жалпы, Нүкетай актриса халықшылдығы, жанының нұрлылығы, жарқындығы, ерекше бір аурасы, тек өзіндік ұлттық шармы жағынан кей сәттерде Әмина апаны (Өмірзақова) еске түсіретіні бар. Нүкетай актрисаны өмірсүйгіштік, әңгімеміздің басында айтылғандай, таза жүрек, ұлттық топы­рақтан құнар алған үлкен өмірлік тәжірибе биікке көтерді. Ал, өмірлік тәжірибеде, сөз жоқ, отбасылық ғұмыр мен әлеуметтік ортаның рөлі аз емес. Бұл орайда көңіл қояр тағы бір жайт – ана үмітін ақтап, өнер жолын таңдаған Нүкетай өнерлі отбасына келін болып түсті. Енесі Әйнеш Ержанова Қазақ музыкалық, кейін опера-балет театрының іргетасын қалаушылардың бірі. Театрдың 1934 жылғы алғашқы қойылымы «Айман-Шолпанда» Шолпанды, ал, Кү­ләш Байсейітова Айманды ойнаған. 1957 жылға дейін өнер көрсеткен белгілі актриса. Нүкетай актрисаның жолдасы Мэлс Ержанов белгілі суретші еді. Оқуды Ташкенттен бітірген, қара шаңырақ театр­да Құлахмет Қожахметовтен кейін қызмет еткен екінші қазақ сценографы. Нүкетай актрисаның жас кезінде ширауына, тәжірибе жинақтауына жолдасы Мэлс, сондай-ақ, анасы, талантты кәсіби актриса Әйнеш Ержановтардың қолдауы, кеңестері игі әсерін тигізгені анық. Ал, бүгінде ақылдасы-пікірлесі – қызы, белгілі өнертанушы Земфира Ержан­нан алары аз болмаса керек. Қазақ руханиятында орны елеулі осы отбасында өсіп келе жатқан аяулы немере Шолпан да өнер бәйгелерінен озып келіп жүр. Халық сүйген Нүкетай, Нүкетай Мышбаеваның өнер – өмір-таным кредосы осылайша үйлесім тауып, өміршеңдігін көрсетіп отыр. Ал, аналық ақ ниеті мен шуақты мейірімі қарапайым ұлылығымен мағыналанатын актрисаның өнері қоғамы мен халқына қызмет ете береді. Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.  АЛМАТЫ. Суреттер Нүкетай Мышбаеваның альбомынан алынды.