Кейде кескін-келбеті мен жүріс-тұрысы, мінезі мен адами қасиетінің жаныңа жақын болғаны сондай, өзіңе көптен етене таныстай көрініп жүретін адамдар болады. Әдетте, мұндай кісілер қаншалықты жоғары лауазымды қызмет атқарғанымен, қарапайым да жайдары жүзінен танбай, жан-жағына жылы шуағын шашып, төңірегін шапағатына көмілдіріп жүреді. Мен білетін сондай толымды тұлғаның бірі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Алдамбергенова.
Ол Сырдың бойындағы Жалағаш деген аудан орталығында бір қауым елге сыйлы болған Төремұрат деген қарияның отбасында бойжетіпті. Осы шаңырақта Ақбөпе атты аяулы анадан өмірлік өнеге алыпты. Ата мен ананың берген тәлімді тәрбиесінің арқасы шығар, бір үйдегі үйелменді-сүйелменді 4 ұл мен 4 қыздың бәрі жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауыпты. Және бір таңғаларлығы, ағайындылардың көпшілігі білім-ғылым саласына бет бұрып, салада айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр екен.
Менің бұлардың ең кенжесі – біздің кейіпкеріміз Гауһар Төремұратқызын жақыннан тани бастағаныма 5-6 жылдай уақыт болыпты. Рас, бір қарағанда, қаталдау болып көрінетіні де бар екен. Бірақ мұнысы өзіне қапысыз жарасатын. Себебі, білім-білігінің жоғарылығы көп ұзамай аңғарылып қалатын, парасат-пайымы биік екені де білініп тұратын. Осыған қарап-ақ біз сөз етіп отырған қайраткердің әділдіктің адамы екенін ұғынуға болар еді. Ал осы оқу орнына келіп, қызмет ете бастаған жылдарымнан бері оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректордың өзінің лайықты орнындағы тұлға, ұйымдастырушылық қабілетінің өте жоғары, ұжымның жанашыр басшыларының бірі екенін біле түстім.
– Мен Гауһарды адам ретінде де, ұстаз ретінде өте жоғары бағалаймын. Ол оқу орнындағы оқу үдерісін ұйымдастырып отыруда орасан зор жұмыстар атқарады. Кісімен тіл табыса алатын да қасиеті бар. Ол алдына келген барлық адамның мәселесін шешіп бере алмауы мүмкін, бірақ кімді де болса жылы сөзімен қарсы алып, шығарып салып тұратын қасиеті оны қашанда жақсы адам, жақсы басшылар қатарынан көрсетіп келеді, – дейді ол туралы академия профессоры, белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков.
– Гауһарды бұрыннан танимын. Сонда байқағаным, ол қашаннан студенттердің үлкен жетекшісі сияқты. Үнемі солардың жағдайын жасап жүреді. Өз айналасындағыларға ешқандай қысым жасамайды, бәрін ақыл-парасатпен шешеді. Ұйымдастырушылық қабілеті өте зор. Білімді. Ол сонымен бірге, барынша таза, адал адам болуымен де көптің құрметіне бөленіп жүр, – дейді академияның келесі бір профессоры, белгілі режиссер Есмұхан Обаев.
Еңбегін сәтті қорғағаннан кейін 2000 жылдың қарашасында оған педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. 2008 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-ға «Жалпы педагогика» мамандығы бойынша докторантураға түсті. 2010 жылы арнайы диссертациялық кеңесте «Қазақ халық педагогикасында қыздарға моральдық-этикалық тәрбие беру» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. 2011 жылдың желтоқсан айында ғалымға педагогика мамандығы бойынша профессор атағы берілді.
Гауһар Алдамбергенова бүгінде 80-нен астам ғылыми еңбектің авторы. Олардың арасында нөлдік емес импакт-факторы бар, шетелдік баспаларда жарық көрген жарияланымдар да жетерлік. Біз білетін Гауһар Алдамбергенова өзін алдына әрдайым биік мақсаттар қойып, соған жету жолында іздену мен еңбектенуден талмайтын биік мұраттардың адамы ретінде көрсетіп келеді. Оның мұндай өнеге тұтарлық қастерлі қасиеттерінен өзі қызмет етіп келе жатқан ұжым ұтпаса, әсте ұтылған емес.
Жаңагүл СҰЛТАНОВА.