Өткен 8 наурызда Нәзипа Оспанова әжей үшін қос қуаныш қатар келді. Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында туып, бүгінде Петропавл қаласында тұратын кейуана дәл осы күні жүз жасқа толды. Біз іздеп барғанда ғасыр жасаған тыл еңбеккері төрде үлкен ұлы Дәулетбаймен, немере-шөберелерімен жарасып отыр екен. Басында қызыл-жасыл гүлді ақ орамал, қолында тасбих. Кәріліктен шөгіңкіреп қалған демесеңіз, сөйлесе келе бойынан қазақ анасына тән қасиеттер жарқырап сала берді. Әдемі жүзінде әрлі-берлі тартылған қатпар-қатпар әжімдер өткен күндердің белгісіндей сақталып қалған.
Қолымды жібермей ұстап, бетіме үңіле қарады. «Көп немерелерінің бірі ме деп шырамыта алмай тұрған болар, шамасы», деді қызы Мәрзия. Жанында «әже-әжелеп» иығына асылып, қойнына тығылған көгенкөздерді шатастырып алса, айып тағудың өзі орынсыз. Жанары сәл сыр бергені болмаса, сөзі нық, ойы сергек. Ауылдағы таныстарының бірін айтып қалсақ, жеті атасына дейін таратып береді, деді әңгімеге араласқан ортаншы қызы Рәзия.
– Балалықтың не екенін білмей өстік. Ашаршылық нәубеті талай шаңырақты күйретіп салды, – деп бастады әңгімесін кейуана. – Әке-шешеміз бізді жетектеген күйі басы ауған жаққа көшті. Сөйтіп жүргенде анамыз, бауырларым опат болды. Әкем Хамза, мен және інім Қаратай үшеуіміз зар еңіреп қалдық. Одан герман соғыс ашып, інім майданға алынды. Ол сол кеткеннен оралмады.
Қарияның басынан өткерген ауыртпалығы мұнымен аяқталмайды екен. Құдай қосқан алғашқы қосағы да қолына қару алып, Отан қорғауға аттаныпты. Таң атқаннан қас қарайғанша тізе бүкпестен еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға тырбанып үлес қосқандардың бірі екенін жазбай аңғарасың. Үй егесі мен інісін зарыға, сағына күтіп, талай түнді ұйқысыз атырған. Оларға бір уыс топырақ жат жерден бұйырғанына көпке дейін сенбей жүрген. Келмесіне көзі анық жетіп, күдерін әбден үзгеннен кейін қазіргі ұл-қыздарының әкесі, өзінен 16 жас үлкендігі бар Құсайын деген азаматқа тұрмысқа шыққан.
– Оның алғашқы әйелінен үш баласы бар екен, оларды бөліп-жарған жоқпын. Бәрін туғанымдай көрдім. Өзім жеті құрсақ көтеріп, үшеуі жер басып жүр. Осы күнге жеткеніме шүкіршілік етемін, – деп әңгімені бір қайырған ана үйдің үлкені Дәулетбайдың бүгінде 73-ке келгенін, елуге жақындағанда көтерген көпейі Жұлдыздың 52-де екенін айтты.
Күн өткен сайын әл-дәрмені азайып, қуаты кеміп бара жатқан кейуананың бір арманы бар: ол– үшінші топтағы мүгедек қызы Мәрзия екеуінің жеке баспанадан жайлы пәтерге көшсек деген тілегі. Бүгінге дейін тыл еңбеккері ретінде үй кезегінде тұрмаған өтінішін қала басшылары ескерсе деген құлаққағысын айтуды ұмытпады.
Әлемдік қоғамдастықта өз орны бар тәуелсіз Қазақстанның амандығын тілеп, ғасырдан асқан мұндай аналарға қандай құрмет көрсетілсе де, еш артықтық етпейді ғой. Соны шенеуніктер ескерсе дейміз.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
журналист.
Петропавл.