11 Наурыз, 2016

Бауырмалдылыққа баулитын бастама

410 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
26-02-2016 Акция суретАстаналық Арман Шекімов көмекке асығады Пенделіктің пердесін түріп тастап, бір сәт адамгершіліктің тұсына аялдайықшы. Абайдың сұрағын өзіңізге қойып көріңізші? Осы жасқа дейінгі ғұмырыңызды қалай өткіздіңіз? Арнайы уақы­тыңызды бөліп мұқтаждың мұ­ңына, жарлының жағдайына үңіліп көрдіңіз бе? «Иә» десеңіз, нұр үс­тіне нұр, «жоқ» десеңіз, сіздің әлі де уақытыңыз бар. Се­бебі, қазір елімізде «Жақсылық жаса» атауы­мен ауқымды акция өтуде. Халықтың көбі қолдарынан келген көмектерін көрсетіп, ат­салысып жатқанын әлеуметтік же­лідегі жазбалардан байқауға болады. Жобаны ұйымдастырушы, блогер Мақсат Төлегенов екі ап­таның ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам жазба мен бейне роликтер келіп түскенін жеткізді. Сондай-ақ, «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Зарина Нұрланова, «Үй» қоғамдық қорының басшысы Ару­жан Сайын, «7-арнаның» атқарушы директоры Бақыт Әл­пейісов, «Тенгриньюс» сай­тының бас редакторы Айбек Ал­дабергенов, әншілер Димаш Құдайберген мен Мөлдір Әуел­бекова да бауырмалдыққа баулитын осынау ізгілікті бастаманы қолдайтындықтарын білдірді. Мысалы, солтүстік­қазақ­стан­дық полицейлердің баспанасыз жандарға жылы киім-кешектер таратқаны, Павлодар қаласының кәсіпкерлері тұрмысы төмен аза­маттарға азық-түлікті тегін ұсы­нып жатқаны, Павлодар ауданына қарасты Ефремовка ауылында мұқтаж жандар үшін тегін нан үлестірілгені, тал­ды­қорғандық кәсіпкердің жетім балаларға көңілді де көрікті демалыс сыйлағаны аталмыш акция аясында атқарылған істер екенін естеріңізге саламыз. Сон­дай игі іске бейжай қарамай, бел­се­не араласқан азаматтардың қатарында Астана қаласының тұрғыны Арман Шекімов те бар. Ол өзінің бос уақытында жеке көлігімен мұқтаж жандарды керек жеріне тегін жеткізіп салып, алып қайтып, әртүрлі қиындау мәселелерін қиналмай шешуге көмектесуде. – Мен сауда психологиясының тренинг-менеджерімін, жұмыс күнде бола бермейді. Диванда шалқадан түсіп жата бергенше, бос уақытымды осындай жұрт­қа пайда келтіретін жұмысқа жұм­сағаным дұрыс болар деп шештім. Бірде, бір танысыммен сөйлесіп отырғанымда, ол өзінің аяғынан жүре алмайтын құрбысы бар екенін, оған көмек керектігін айтты. Ол қыз жалдамалы есепші болып жұмыс істейді екен. Керек жеріне жеткізіп жүрдім. Алғашқы жұмысым осылай басталды. Кейін менің телефон нөмірім жан-жаққа таралып, көмекке мұқтаждар кө­бейді. Сосын басқалар да біл­сін деп, Фейсбук әлеуметтік желі­сіне жазып едім, көп пікірлер қал­дырып, көмек керек қаншама жандар хабарласты. Бүгінде олармен дос болып та кеттік, – дейді ол. Мүгедек жандарды керек же­ріне жеткізіп тастап, мүмкіндігі жететін шаруаларын шешіп беруден бөлек, Арманның жасап жүрген тағы бір жақсылығын жасырып қалғымыз келмеді. Ол кез келген дүкеннен бірнеше бөл­ке нан сатып алып, сол сатып алынған нандарды сатушыға табыстап, оны тұрмысы төмен жандарға тегін беруін тапсырады екен. Арманның атқарып жүрген осы ізгілікті ісіне студенттер мен мектеп жасындағы оқушылар да қызығушылық білдіруде. Тіпті, сізбен бірге жүріп мұқтаж жан­дарға көмектескім келеді дегендер де табылып жатқан көрінеді. Ал бұның өзі «бүгінгі бүлдіршіннің санасы интернетке байлаулы» деп байбалам салып жүргендердің аузына қақпақ болары даусыз. – Менің мақсатым мақтау сөз естіп, марапат алу емес, дей­ді біздің кейіпкер. – Жасаған кіш­кен­тай жақсылығымыз кейде қо­ғамға үлкен өзгеріс әкелуі әбден мүмкін. Көмекке мұқтаж жандарға қолымнан келгенше пайдамды тигізе алсам, мен үшін одан асқан жетістік жоқ, – деп ағынан жарылды Арман. Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жалған дүниеден өтер алдында жанындағыларға аманат айтыпты: – Мен өлген соң жылап-сық­тап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды айқай­лап, қорқытып қуа ма екен? Киім­деріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі, Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар. Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж. «Бір кем дүние», дейді Шерхан Мұртаза. Біздің қоғам кейде өлген адам түгілі, көз алдында жүрген көршісіне де мейірім сыйлай алмай жатады. Осындай тұста Арманның ісі көпке үлгі болып, жастарды жақсылық жасауға талпындырары сөзсіз. Оның әлеуметтік желідегі парақ­шасын парақтап отырып жүздеген адамдардың мыңдаған пікіріне көзіміз түсті. Біреулер «Жарайсың, жалғастыра бер, сендей адам­дардың барына шү­­кір» деп риясыз жүрегінен ризашылықтарын білдіріп жатса, енді біреулері «Бұл жәй ғана әурешілік, немесе өзіне жарнама жасаушылық» деп кертартпа пікірдің керуеніне ілесіңкіреп кетіпті. Бес саусақтың бірдей еместігі белгілі ғой. Сондықтан, ондай қыңыр тартқан адамдардың көз­қарасына бола мұратымызды мұқалтпау керек. Арман сияқты арманы бөлек азаматтардың көлігімен де, көңі­лімен де атқарып жатқан сауапты істерін көріп, көкірек қуанышқа кенеліп, жақсы жандардың барына жан жұбанады. «Садақаны сауыңда бер» дейтін қазақ мақалының мағынасы терең. Бірақ, бүгінгі адамдардың санасы садақаны тек саудыраған бақырмен шектеп қоятыны қынжылдырады-ақ. Олай емес, біреуге күліп қарағанның өзі садақаға жатпай ма? Ендеше біз әңгіме қылып отырған кейіпкердің әрекеті кейінгі ұрпаққа үлгі болып, сансыз сауап жазылады деп үміттенеміз. Бір қарағанда, бұндай ақпа­раттардың таралуы «оң қолың берген садақаны, сол қолың білмесін» деген қағидаға қарама-қарсы келуі мүмкін. Адам баласы әлсіз жаратылыс иесі болғандықтан әрдайым ескертуге мұқтаж. Сондықтан, осындай ғибратты дүниелерді көрген адамның көңіліне мейірім ұяласа, жүзі жылы, жүрегі жұм­сақ жандар көбеймей ме? Оның үстіне, күнделікті күйбең тіршілік қайырымдылық жасауға мойнымызды бұрғызбай тастағанын да мойындауымыз керек. Екі дүниенің мырзасы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадисінде хабарлап, «Жақсылық жасауда жа­рысыңдар» деп ескерткен. Сіз үшін түкке тұрғысыз нәрсе біреулерге бағалы байлық, қол жетпес арман болып көрінуі әбден мүмкін. Сондықтан да қолыңыздан келетін көмектің көлеміне қара­май, шын жүректен шығуына мән беріңіз. Мұқтаждарға көмек жасауға асығыңыз.Астаналық Арман Шекімовтің ізгілікті үлгісі осыған шақырады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.