11 Наурыз, 2016

Қайран Нарын!

1436 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
фото Рафхата Халелова (141)Орданың тұрған жері – құм арасы, Ұштасқан құм мен қырдың құламасы. Сорайып тас үйлерден бөлек шығып, Көрінген Ахун мешіт мұнарасы. Нарында туып, оның қасиетті құмына табан қыздырып, жуасын теріп, желкегін қазып, құмаршы­ғын қағып, жидесін жинап, аптапты ауа­сын жұтып, зәулім қарағайы­ның көлеңкесінде ұшы-қиырсыз қиялға беріліп өскен ұрпақтың өкілі ретінде бойымызға ерте орныққан бір әдет бар: құм сапырған құйынды дауылы күй болып күңіреніп, тал-шілігі алыс қалған ата-баба сарынымен сыңситын осы бір киелі өлкенің қай жерінің болсын атын естігенде, еріксіз елеңдеп тұрамыз: Жасқұс, Тайсойған, Таубұйрат, Жетібай, Үштаған, Мешітқұм, Жиекқұм, Толыбай-Теректі... Осы күмбірлі жер-су атаула­рының қатарында Азғырдың атын да ерте естідік, естідік те жадымызда сақтап қалдық. Ол уақытта, М.Горькийдің есімімен аталатын Орданың орта мектебінде оқып жүрген кезде, интернаттың қара нанын бөлісіп жеген бала достардың арасында Азғыр ауылының «қара табандары» да аз болмайтын. Біріміз – саналы түрде, енді біріміз – туған ауыл болған соң, әйтеуір, Нарын атын айрықша қастерлеуші ек. Туған жерге деген перзенттік сүйіспендіктің алғашқы, көмескі көрінісі болар, шамасы. Бір ғана біз емес, сонау қилы да қияпат заманда күңіреніп өткен Махамбет бабамыздан бастап, бұл өлкенің талай-талай дарынды ұлдары Нарынға деген шынайы махаббат сезімін айрықша ардақтап өткен ғой. Қайран Нарын! Көрдің бе Орал қырларын Жері қандай жап-жазық. Бір жағында – құм Нарын, Бір жағында – Ақ Жайық. Немесе: Отырсам да, тұрсам да, Ойымдасың, Жасқұсым. Өзгеге жаман болсаң да, Өзіме тіпті жақсысың, – деп Тайыр ақын Жароков бекер жыр төкті деймісің. Нарынның күні кешегі дарынды перзенттері – Құрманғазы бабасының бебеулеген күйлерін жыр тілімен сөйлеткен марқұм Хамит Ерғалиевтен бастап, шыңыраудан су тартқандай жүрек тереңінен ой тартқан философ-ақын Жұмекен Нәжімеденовпен, бұдан әрі Жанғали Нәбиуллинге дейін жалғасып жатқан жыр-сүрлеуде Нарын жайында қаншама сөз маржандары шашылып жатыр! Хан Ордасынан қатпар-қатпар құм-шағылдар арқылы туралай тартқан жолаушыға Азғырға дейінгі аралық бас-аяғы алпыс-жетпіс шақырымның о жақ, бұ жағы болуы керек. Тап бір қашық та жер емес. Оның үстіне Азғыр өңірі, ондағы бір кездері шаруасы шалқыған «Балқұдық» және «Сүйіндік» деп аталатын екі бірдей кеңшар – елуінші жылдары Орда ауданы таратылып, елі басқа аймақтарға көшірілгенде сол кездегі Гурьев облысының әкімшілік қарамағына өткен ежелгі Орда жері. Түстігі – Каспийге құлайтын құмдасын сілем, батысы – Басқұншақ тұзды көлі, терістігі мен шығысы – тұтасып жатқан ұлан-ғайыр Нарын құмы. Былайша айтқанда, Азғыр Нарын сілемінің арғы бетінде де, Хан Ордасы – бергі бетінде. Тағы да сол Тайыр ақын жыр­лағандай: Орданың тұрған жері – құм арасы, Ұштасқан құм мен қырдың құламасы. Сорайып тас үйлерден бөлек шығып, Көрінген Ахун мешіт мұнарасы.   Бұрындары Хан Ордасымен арадағы қасқа жолдың шаңы басылмайтын қарым-қатынаста болған бұл аймақ, әкімшілік бағынысы өзгергеннен кейін, біраз алшақтап кеткен жайы бар-ды. Десе де, Ор­даның әр тумасы Азғыр атына барынша қанық. Бұл аймақ қазақтың соңғы ханы Жәңгірдің тұсында Бөкей Ордасының бір шалғайы болған, құмдарында Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Дина мен Сейтектің, Исатай мен Махамбеттің ізі қалған қасиетті де шежірелі жер. Атақты ас тұзымен де аты шыққан өлке. Бір кездері бүкіл одақтың қажетін өтеп тұрған Басқұншақ, Елтон өндірістерін былай қойғанда, Азғыр тұзы мен Батырбек тұзының сапасы мен тағамдық қасиеті жайлы аңыз ел ішінде ертеден айтылатын. – Шіркін, тұз деп Азғыр тұзын айтсайшы, мөлдірлігі сондай, бір кесегін көзіңе тосып қарасаң, арғы жағындағы дүние ап-анық көрініп тұратын мінсіз шыныдай ғой, жалт-жұлт еткен асыл тас секілді ғой, – деп отырар еді қариялар. Осы Азғыр мен Хан Ордасының ортасына елуінші жылдардың ба­сында Капустин Яр әскери полигоны сыналап кірді. Сыналап кірді де, елі ен жайлаған құйқалы шағылдарын қаңыратып бос қал­дырып, сүттей ұйып тыныш жатқан халықты үдере көшуге мәжбүр етті. Капустин Яр – Мәскеуден Астрахань асатын Еділдің сол жағалық теміржол табанының батысында, Ресейдің қазіргі Вол­гоград облысының аумағында орналасқан қала, әскери бөлімнің кіндік жұрты. Оған қоса, Кеңес Одағының тұңғыш ғарыш айлағы. Зымыран жасаушы атақты конс­труктор С.П.Королевтің тәжіри­белік полигоны. Ол, тіпті, атағы алысқа кеткен Байқоңырдан да, қала берді, Сібірдің нулы тай­гасындағы Плесецкіден де бұрын дүниеге келді. Ғарышқа адам ұшар­дың алдындағы барлық сынақ ұшырулары осында өтті. Алғашқы құрлықаралық зымырандар да осы өңірден старт алып отырды. Елуінші жылдардың басында осында отау тіккен Бүкілодақтық ұшу сынақтары ғылыми-зерттеу институтының бірден-бір поли­го­ны болған Нарынның ұлан-ғайыр құмды шағылдары осылайша әскери мақсаттағы сынақтарға қызмет ете бастады. Айтқандайын, еліміздің сол кездегі талай-талай «Алтын жұлдызды» сынақшы ұшқыштары әскери ұшақтардың әлденеше үлгісін Нарынның көк­сеңгір аспанына көтеріп, ең алғаш нақ осы полигонда сынақтан өт­кізгені, кеңестік алғашқы зымы­рандар да осы полигоннан ұшы­рылғаны қазір көпке белгілі. Тұң­ғыш қазақ ғарышкері, сол кездің өзінде аты аңызға айналған сынақшы-ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров те өзінің зеңгір көк аспандағы жеңісті жолын осы қасиетті Нарын аспанында бастап, шеберлігін осында шыңдаған деседі. Осындайда ойға қаласың. Қай­ран Нарын қазақ тарихының талай түйіндері тоқайласқан киелі өңір ғой. Кешегі Кеңес өкіметінің күркіреп тұрған шағында адамзат дамуының айрықша бір белесі болған атом және сутекті қару­лардың сынақ полигоны болу, бас­қаға емес, сол Нарынның қасиетті топырағына бұйыруын қарашы! Тұңғыш сутекті бомбаның «атасы» саналатын аты әлемге мә­шһұр ғалым, іргелі ядролық физиканың аса көрнекті өкілі, бірнеше дүркін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған академик Андрей Сахаровтың есімі бір кездері құпия болғанымен, қазір көпшіліктің аузында. Сол А.Сахаров бастаған «ядерщиктер» өздерінің ғылыми және тәжірибелік зерттеулерін сол кездегі Горький облысының аумағында (қазіргі Ресейдің Нижегород облысы), жұрт аяғы жете бермейтін елеусіз, орманды қолтықта орналасқан, тек әскерилер мен тәжірибе жүргізуші ғалымдар ғана білетін Арзамас-16 деген бүркеншек аты бар жабық әскери қалада жүргізген. Азғыр сол Арзамас-16-ның далалық сынақ полигоны болатын. Зертхана цехтарында жетістірілген «бұйымдарын» (бомба жасаушылар өз еңбектерінің жемісін орысша «изделие» деп атаған ғой) далалық полигон жағдайында сынақтан өткізу үшін жаңағы Арзамас-16-ның далалық сыңары болып есептелетін Азғырға әкеліп, жерастында жарғанын және де осындай қауіпті жарылыстар бір емес, екі емес, жиырмаға тарта рет өткізілгенін сексенінші жыл­дардың аяғына қарай өрістеген жариялылық кезеңінде, осы оқи­ға­лардың ізіне түсіп, індетіп жүрген азаматтар әлденеше дүркін жария етпей де қалмады. Сол азаматтардың бірі – азғыр­лық жергілікті мұғалімнің Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген «Нарын» қоғамдық қозға­лысының жетекшісі Кәкен Көбей­сіновтің шақыруымен Оралға кел­гені бар. Үлкенді-кішілі кездесулер өткізді. Жергілікті бас­пасөзде мақалалар жариялап, облыстық теледидар мен радио арқылы сөз сөйлеп, Азғырдың ащы шындығын жұртшылыққа жеткізді. Нарын құмының жерін әскери мақсаттардағы сынақ алаңына беру жөніндегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1951 жылы атышулы қаулысының көшірмесінен бас­тап, Азғыр полигонында өткізілген жерасты жарылыстарының жай-жапсарын дәйектейтін толып жатқан нақты құжаттары, әртүрлі кестелері мен диаграммалары қоржынында қобырап жүретін жігіт халық депутаттарының Батыс Қазақстан облыстық кеңесіне келіп, депутаттардың алдында үш сағат орысша-қазақша салиқалы сөз сөйлегені есімде. Анығында, Азғырдың ащы зарына сол жылы анық көз жеткізе түскендей болғанбыз. Сол әсермен әскери сынақтардан зардап шеккен жергілікті тұрғындардың жа­найқайын Жоғарғы Кеңеске жеткізу үшін Оралдан – Нарын­ның қасіретін, Атыраудан – Азғырдың зарын айтып, әр жерден айқайламай, тізе қосып, күш біріктіріп қимылдамаққа сөз бай­ласқанымыз бар. Өйткені, Азғыр мәселесі – жалпы Нарын проблемасының ажырамас бір бөлігі еді. Ежелгі тұрғындары Қазақстанның әртүрлі аймақтарында тоз-тоз болып қоныс аударып кеткен, қасиетті топырағы мен құнарлы алқабы артық-кемі жоқ қырық жыл бойы әскери сынақтардың ала топалаңына аяу­сыз ұшыраған Нарын өңірінің өзекті әлеуметтік мәселелері қайта құру деп аталған кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында өткір қойыла бастаған-ды. Орда және Жаңақала аудандарының жергілікті халқы мен бүкіл облыстың зиялы қауым өкілдерінің бастама көтеруі нәтижесінде қоғамдық «Нарын» қозғалысы құрылып, бұрын құпия болып келген көп түйткілдерге ха­лықтың көзі ашыла бастады. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Капустин Ярға жаңа басшы келді. Елдегі саяси ахуалдың өзгере бастағанының әсері болу керек, Қиыр Шығыстан ауысып келген жас генерал-авиатор, өзінің алдындағы басшылардай емес, жергілікті елдің талап-тілектеріне жаңаша қарады. Қызметіне кіріскен бойда полигонға қарсылық қозғалысы өршіп тұрған Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарының басшыларымен кездесіп, қордаланып қалған мәселелер болса, қолынан келгенше оларды бірлесіп шешуге ниетті екенін білдірді. Сондай бір кездесу Нарынның Ұялы құмында өтті. Ұялы құмының шетінде Т.Масин атындағы кеңшардың орталығы орналасқан ауылға әскерилер екі тікұшақпен ұшып келді. Әрине, полигонды жауып, жер­гілікті тұрғындарға әлеу­мет­тік жеңілдіктер қарастыру жас генералдың пәрменіне бой бермейтін қиын мәселелер болатын. Дегенмен, ол кісінің Нарын өңірінің тұрғындарына қолынан келгенше көмектескенін көрдік. Мысалы, осы пәтуаласудың нәти­жесінде полигон басшылығы сол кездегі көрші екі облыстың басшылары- Нәжімиден Есқалиев пен Ғазиз Алдамжаровтың өтініші бо­йынша, жазғы жемшөп дайындау науқаны кезінде әскери сынақтар аумағындағы құмды шағылдардың құйқалы шабындықтарын жергі­лікті кеңшарлардың пішенші бригадаларына уақытша босатып беріп тұрды. Полигон төңірегіндегі ауылдарға осы заманғы байланыс құралдарын орнатуға жәрдемдесіп, теледидар хабарларынан қағажу қалып отырған елді мекендерге қуатты антеналар құрысты. Орта­лықтан шалғай ауылдарда оқыстан біреу-міреу ауыра қалса, дереу ті­кұшақпен алдырып, өздерінің әскери госпиталінде емдетіп жүрді. Жол талғамайтын қуатты әскери тягачтар қыстың көзі қырауда күртік қарды бұзып-жарып, жергілікті малшыларға жол аршыды. Әскери полигонның басшыларымен қоян-қолтық араласып, тіл табысып, олар­дан көмек алу орайында сол кездегі М.Мәметова атындағы кеңшардың аты көпке танымал ди­ректоры Мұрат Нәсимуллин мен Орда кеңшарының сол кездегі директоры, кейін осы ауданды бас­қарған Тауасих Мырзағалиевтің ұйымдастырушылық қабілеті арқасында көп шаруа тындырылды. Мұның бәрі, әрине, жалпы сипат ала бастаған халық наразылығының бетін қайтару үшін жасалған болмашы әрі алдамшы әрекеттер болатын. Мұндай азын-аулақ көмекті Азғыр тұрғындарының көргеніне де күмәніміз жоқ. Бұл енді, керек десеңіз, әскери-өнеркәсіп ке­шенінің осы өлкені көп жылдар бойы аяусыз таптағанын, халқын қасіретке ұшыратқанын ақи-тақи мойындап, сол үшін өзінше бір кешірім сұрағаны іспетті-ді. Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланғаннан кейін Нарынды экологиялық апат аймағына теңес­тіру туралы мәселе қанша рет кө­те­рілді. Нарынға Алматыдан, Астанадан қанша комиссия барып қайтты. Қаншама қағаз жазылды. Қаншама аралық шешімдер қабылданды. Алайда, соның бәрі Нарынның экологиялық мәртебесін рәсімдеп, тұрғындарына әлеуметтік жеңілдіктер көздейтіндей үлкен бір үкіметтік шешімге айнала алмады. Өкінішті! Дегенмен, заман тү­зу. Ел орнында. Тарихтың ауыр жүгі тиелген арбасын бірде баяу, бірде тез алға сүйреп, қасиетті Хан Ордасы келе жатыр уақыттың керуенінде. Қарағайлары сыңсып Нарын жатыр көсіліп... Қайран Нарын! Атамекен! Нарында туған біз секілді өз төлдері үшін ғана емес, бұл атырап исі қазақ үшін, алаш ұрпағы үшін айрықша қастерлі, қасиетті өлке. Бағы замандағы Тұмар ханымнан бергі жауынгер қазақ қыздарының ержүрек дәстүрін жалғастырып, кешегі күркіреп өткен қан қасап соғыста өзінің есімін де, ұлтының атын да өшпейтін ерлікпен тарихқа жазып кеткен қаршадай қазақ қызы Мәметова Мәншүкті туған топырақ. Сол соғыста фашистердің бомбалауын көзбен көріп, бастан кешкен қазақ жерінің бірден-бір пұшпағы (Сайқын, Шоңай теміржол бекеттерінің бомба түсіп қираған су айдағыш мұна­раларының қаңқасын айтамыз). Нарын – ұлттық рух пен на­мыстың мұқалмайтын шар қай­рақтай, қайсар символы, әр сөзі елдік пен ерліктің ұранына айналған Махамбеттің арпалысты ғұмыры өткен жер (Қаракөл – Шоңай көлі­нің жағасында жергілікті халық Махамбет үйі деп атап кеткен көгіл­дір қиықты көне ағаш үйде елуінші жылдарға дейін сол кездегі «Еңбек» ұжымшарының дәрігер­лік қосынының орналасқанын қариялар айтып отырушы еді). Қазақтың қара шанақ домбырасы мен күмбір күй өнерін әлемдік деңгейге көтерген Құрманғазы ба­баның өлмес өнеріне өзек болған киелі топырақ. Қазақтың тұңғыш ұлттық әскери құрамы болып есептелетін Бірінші атты әскер полкінің туы көтерілген жер. Қазақтың тұңғыш мұражайы, тұңғыш баспаханасы, тұңғыш ұлттық үнқағазы... Ел ішінде көп болмасақ та, бір кездері полигон салған жара біртіндеп жазылып, анау бір өліара кезеңде қатты күйзеліп қалған ауыл тірлігі біртіндеп қалпына келіп, малына қоң бітіп, ел еңсесін көтере бастағаны да басы ашық ақиқат. Шалғайдағы Жанақала ау­даны­ның орталығында полигон зардабын шеккендерді сауықтырумен айналысатын облысаралық кешен­нің қызмет жасап жатқаны да көңілге әжептәуір медеу. Қасиетті Нарын қанатын қай­та қомдап, түлей түссе екен деген ті­лекпен ұйқыға жатып, осы тілекпен жаңа күнді қарсы алудамыз. Лайым солай болғай... Ғарифолла КӨШЕНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген: Рафхат Халелов.