Жер жәннаты Жетісудың таңғажайып тамаша табиғатын аялап, ен байлығын қаз-қалпында сақтап, келер ұрпақ өкіліне өткізу – перзенттік парыз. Бұл парыз облыстық экология департаментінің төл міндеті болып саналады. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау жөніндегі біртұтас мемлекеттік экологиялық саясатты жүргізуде орталық, жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіріп, табиғатты пайдалануға рұқсат беру құзыретін атқарудамыз. Сонымен бірге, жерді, суды, ауаны, жер қабатын ластаудың алдын алып, заңнама шеңберінде әрекет етудеміз. Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекциялау комитетімен келісілген жоспарлы кестеге сәйкес жүргізген жұмысымыздан бір дерек келтірер болсақ, былтырғы жылы табиғат пайдаланушы нысандарға 244 тексеру жүргізіп, барлығы 71 миллион теңге өндіріп, республикалық бюджетке түсірдік.
Облысымыздағы экологиялық өзекті мәселе тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін бірде-бір нысанның жоқтығы болып отыр. Жыл сайын облыс аумағына Алматы қаласынан 450 мың тонна, ал облыстың елді мекендерінен 350 мың тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылып, бүгінгі күнгі статистикалық мәлімет бойынша 8,7 млн. тоннадан артық қалдықтар жинақталған. Қалдықтар көлемі жылдан-жылға өсуде. Өйткені, Алматы облысы аумағында бірде-бір тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін зауыт жоқ. Бұл үлкен мәселе. Бүгінгі күнге 8 полигонға ғана экологиялық құжаттар берілген. Маман ретінде сараптама жасасақ, жайшылықта білінбегенімен жылдар бойы қордаланған мәселелер тізіліп шыға береді. Әрине, ол түптің-түбінде кері әсерін тигізетіні анық. Оған күмән жоқ. Солай екен деп қол қусырып отыра беруге тағы болмайды. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салуды бүгінгі күннің басты талабы деп түсініп, әрекет ету керек. Егер мемлекет-жекеменшік әріптестігі бойынша бұл жұмысты жеке азаматтар қолдарына алып жатса полигон салуға жұмсаған қаражатын аз уақытта еселеп қайтарып алатыны анық. Оған қоса Табиғат-ана алдындағы парызын да өтеп, халықтың алғысын арқалайтыны тағы бар.
Республиканың экологиялық проблемалар тізіміне Алматы облысы бойынша «тарихи қалдықтарға» Текелі қорғасын-мырыш комбинатының қалдық сақтауыштары енгізілген. Осы техногенді құрылымдар құрамында ауыр металдар қалдықтары қоймаланған. Аталған қалдық сақтауыштардың біреуі Текелі қаласының орталығында, екіншісі Кербұлақ, Көксу аудандары мен Текелі қаласы шекараларының түйіскен жеріндегі Рудничный кентінде орналасқан. Негізгі проблема жел соққан кезде қалдықсақтауыштың ауыр металдар араласқан шаң-тозаңы Текелі қаласы мен оған жақын орналасқан барлық елді мекендерге дейін тарайды. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, топырақта ауыр металдар құрамы көбеюде. Әсіресе, қорғасын үгінділері мол. Қалдықсақтауыштың сыртқы қабаты жаңбыр-қар суларымен жуылып, Қаратал және Көксу өзендерін ластауда.
Тағы бір үлкен проблема Алматы қаласының сарқынды сулары құйылатын Сорбұлақ сужинағышының жағдайы болып саналады. Елбасының Сорбұлақ сужинағышына байланысты 2010 жылдың 9 ақпанында берген тапсырмасына сәйкес, министрлік тарапынан «Пайда болған қолайсыз экологиялық жағдайды азайту және сужинағыштың ернеуінің бұзылып кету қаупін болдырмау мақсатында «Сорбұлақ көліндегі сарқынды сулар сужинағышының қазіргі жағдайын кешенді зерттеу» атты ғылыми-зерттеу жұмысының жүргізілгені баршаға мәлім. Алайда, тиісті шаралар толыққанды шешілмегендіктен, аталған мәселе шешімін таппауда.
Панфилов уран кен орнының радиоактивті үйінділерінің кері әсерін жою да өзекті мәселеге айналған. Кеңес заманындағы «Волковгеология» барлау партиясына қарасты гамма-сәулеленуі жоғары деңгейдегі уран кен орнының үйінділері қалған. Кен орындарына геологиялық барлау жұмыстары 1962 жылы аяқталып, анықталған уран нысандарына консервация жасалған. Алайда, толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Сол себепті, Жетісу Алатауы бөктеріндегі қайта қалпына келтірілмей қалған штольнялардың немесе уран ұңғымаларының жоғары радиоактивтілігі қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Тастанды уран ұңғымаларының қоршаған ортаға әсерін қайта бағалау үшін арнайы радиологиялық зерттеулер жүргізу қажет.
Райымбек ауданындағы «Ойқарағай» көмір кен орнының қоршаған ортаға әсерін анықтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туып отыр. Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылындағы және Қапшағай қаласындағы кәріз суына қатысты экологиялық апатты жағдайға көңіл бөліп, ретке келтіру қажет. Соңғы бес жылда облыс аумағында мал өлекселерін тастайтын 351 қорым салынып, қолданысқа берілгенімен басым бөлігі санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Сондықтан бұл проблеманы шешу жолы – құжаттарын заңдастырып, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіріп, бір жүйеге келтіру, оларды басқаруды қолға алу мәселесі бойынша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмыс басталды.
Жердің тозуына табиғат пайдаланушылар және жер қойнауын, әсіресе, карьерлерді пайдаланушылардың экологиялық талаптарды сақтамауы себеп болуда. Сөйтіп, жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері артуы, егістіктердің сан-алуан химиялық препараттармен улануы, жердің құнарсыздануы, рұқсатсыз жабайы түрде тұрмыстық қатты қоқыс-қалдықтардың бей-берекет кез келген жерге төгілуі, ағаштардың шамадан тыс кесіліп, жойылуы, кіші өзендердегі сулардың тартылып, арнасының кебуі климаттың өзгеруіне қатты әсерін тигізуде. Соңғы кездері трансшекаралық Іле өзеніндегі су қорының азайып кетуі, су сапасының төмендеуі экологиялық сипаттағы табиғи тепе-теңдіктің және табиғи су теңгерілімінің бұзылуына әсерін тигізіп, Қапшағай және Балқаш көлдерінің экожүйесінде де өзгерістер байқалуда.
Негізі экологиялық проблемаларға өңір басшысы ерекше назар аударып отыр. Нақты дәлел ретінде «Алматы облысының экологиялық проблемаларын шешудің 2016-2020 жылдарға арналған іс-шара жоспарын» бекітіп бергенін айтуға болады. Іс-шараның орындалу нысаны, жауапты орындаушылары, орындалу мерзімі және қаржыландыру көздері жөнінде нақты тапсырмалар берілген.
Қорыта айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлығын сақтау – болашаққа деген қамқорлық, ұрпақ үшін жасалатын мұра. Сондықтан да Елбасы Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалануда ашық саясат қалыптастыру жөніндегі сындарлы ұсыныстары бізге жаңа міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Бұл, ең алдымен, қоршаған ортаны қорғаудың да бәсекеге барынша қабілетті болуына жағдай жасайды деген сөз.
Қонысбек БАЙЕДІЛОВ,
Алматы облыстық экология департаментінің басшысы.
ТАЛДЫҚОРҒАН.