Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында өткен Астана Саммиті ғажайып оқиға болды. Жасыратыны жоқ, оны өткізу туралы шешім оңайлықпен қабылданбады. Таразы басы ең соңғы сәтке дейін түрлі аргументтердің салмағы салдарынан теңселіп тұрды. Аса салмақты «қарсы» деген уәждің айтпағы: іс жүзінде өзінің миссиясын орындап біткен Ұйымның Саммитін өткізудің қажеті не? ЕҚЫҰ «қырғи-қабақ соғыс» дәуірінен шығып, «темір шымылдықты» бұзуға және Шығыс Еуропа мен ТМД-ның посттоталитарлық елдерінде Хельсинки қағидаттарын орнықтыруға жәрдемдесті. Қазір Еуропа басқа болды, әлем өзгерді. Сондықтан осындай көзқарасты жақтаушылар жаңа жағдайларда ЕҚЫҰ тек тарихтың жаһандық мұражайынан құрметті орын ғана ала алады дегенді көлденең тартты. Сөз реті келгенде айта кетейік, осындай ұстаным Астана Саммитінің қорытындыларын бағалауда кей тұстарда әлі де көрініс беріп қалады. Мен мұндай пікірді ешқашан бөліскен емеспін. Керісінше, ЕҚЫҰ құндылығы Еуропа мен әлем үшін түрлі, үлкен өзгерісті жылдары оның мақсаттары мен қағидаттары Солтүстік жарты шарындағы ұлан-ғайыр кеңістікте – Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықта қауіпсіздікті ұстап тұрудың және нығайтудың әмбебап негізі болып қалуы деп есептедім. Осы себепті 1992 жылдың шілдесінде, ЕҚЫК-нің Хельсинкидегі үшінші саммитінде сөз сөйлеген кезімде, мен осындай үдерістерді Азия құрлығында бастауға шақырдым. Ал бірнеше ай өткеннен кейін, сол жылдың қазанында мен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының мінберінен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру идеясын ұсындым. Бүгінде АӨСШК – толық құқықты халықаралық ұйым мәртебесін иеленген қалыптасқан қауіпсіздік құрылым. Оның жұмысына Азияның 27 мемлекеті қатысады. Бұл – бүкіл планета тұрғындарының жартысы өмір сүріп жатқан барлық құрлық аумағының 90 пайызы деген сөз. «Хельсинки рухы» деп аталатын жаһандық фактор қуатының айғағы осы емес пе? Астана Саммиті: ХХІ ғасырға қадам Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы менің бастамамның негізінде бірқатар аспектілер болды. Біріншіден, ХХІ ғасырда Ұйым бүкіл Еуразияда, төрт мұхит жағасын шайып жатқан – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа, Солтүстік мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі кеңістікте жаңа ауқымды қауіпсіздік жүйесін құру үшін өзінің бұрынғы барлық тәжірибесін пайдалана алады әрі пайдалануы тиіс деген терең сенімділік. Екіншіден, ЕҚЫҰ-ны дағдарысты жағдайдан алып шығу маңызды болды. 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен соң Ұйым жедел жүрген жаһандық өзгерістердің тасасында қалды. Өзінің жауапкершілігі аумағындағы – Балқандағы, Днестр жағалауындағы, Таулы Қарабақтағы, Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы шет-шеңберлі жанжалдарды «қатырып қойғанымен», оларды әділетті реттеудің қандайда бір тәсілін таба алмады. Қауіпсіздіктің жаңа сынақтары мен қатерлерінің бастаулары – халықаралық терроризм, есірткі саудасы, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз миграция – Еуропа шекарасынан әлдеқайда алысқа кетті. ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер арасында қауіпсіздіктің әскери, гуманитарлық және экологиялық өлшемдері мәселелерін түпкілікті түсінуде түрлі көзқарастар көрініс берді. Үшіншіден, ЕҚЫҰ елдері көшбасшылары арасындағы тікелей үнқатысудың құндылығы мен ұтымдылығын қалпына келтіру қажет болды. Үнқатысусыз, жоғары деңгейдегі кездесулерсіз сенім де болуы мүмкін емес. Кейбір қатысушы елдерде Ұйым саммиті алаңдарында бір-бірімен еш жүздеспеген саяси көшбасшылардың тұтас бір буыны ауысып үлгерді. Осы дәлелдемелердің барлығын мен саммит шақырудың тиімділігі жөніндегі ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесіне бейнеүндеуімде, өзімнің әріптестеріммен – мемлекет басшыларымен екі жақты кездесулерім барысында және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде өткізілген форумдардағы сөздерімде дәйектілікпен баяндадым. Және мен әріптестеріме, ЕҚЫҰ елдері мемлекет және үкімет басшыларына дәлелдемелерімнің қолдау тапқаны үшін ризамын. ЕҚЫҰ 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінде, іс жүзінде, есік ашқан ХХІ ғасыр табалдырығында тоқтап қалды. Бұл шептен ол тек Астана Саммитінен кейін ғана өте алды. Бұл қиын қадам болды, бірақ ол жасалды. Және бұл бүкіл Ұйымның біріктіруші табысы, оның қайта жандануының бастауы болды. Барлық қатысушы елдер мен әріптестерінің, сондай-ақ шешуші халықаралық ұйымдардың 73 ресми делегациясын жинаған Астана Саммиті олардың қауіпсіздіктің аталған аса ірі халықаралық құрылымы аясында одан әрі үнқатысуға дайын екендіктерін көрсетті. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізу уақыты Триполиде ЕО-Африка саммиті, Латын Америкасындағы Канкун қаласында өткен экологиялық конференция сияқты ірі халықаралық форумдар уақытымен тұспа-тұс келді. Бұған қарамастан, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті Ұйымның ең салмақты форумы болды. Мұнда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы айтарлықтай рөл атқарғанын мақтанышпен айта аламын. Қазақстандық төрағалықтың қуаты ЕҚЫҰ-ға басшылық жасай отырып біз іс жүзінде барлық әріптестеріміздің кең қолдауымен ЕҚЫҰ-ны реанимациялау жоспарын ілгері жылжытып жүзеге асыра алдық. Қазақстандық төрағалықтың шешуші міндеті қауіпсіздіктің іргелі мәселелері бойынша консенсус алаңын кеңейту және нығайту болды. Біз ЕҚЫҰ-ға барлық қатысушылардың қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сынақтарды түсінуінде ортақ көзқарас қалыптастыру үдерістерін жалғастырдық. Мұның қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді сезінуде үйлесімді іс-қимылдар іздестіру үшін және, тұтастай алғанда, Ұйым ішіндегі сенімді нығайту үшін маңызы ерекше зор болды. Қазақстан БҰҰ, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы, НАТО, Еуроодақ, Еуропа Кеңесі, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ИКҰ және басқа беделді жаһандық және өңірлік құрылымдар өкілдерінің консультацияларын өткізу арқылы елдер аралық үнқатысуларды кеңейтіп, бұл үдеріске инновация енгізді. Олардың делегациялары ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне қатысты. ЕҚЫҰ-ның саяси лексиконында ортақ және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік түсінігі берік орнықты. Біз Ұйымның барлық үш себеті бойынша дәйекті жұмыс жүргіздік. Қарулануға және сенім шараларына бақылау режімін жандандыру мен нығайту бойынша ұжымдық күш-жігер жаңа серпінге ие болды. Бұл 2011 жылы 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту үдерісін аяқтауға мүмкіндік береді. Және осымен бір мезгілде Еуропадағы Кәдімгі қарулы күштер туралы бейімделген шартты (ЕКҚКБШ) күшіне енгізу проблемалары бойынша тақырыптық келіссөздерді бастау жөнінде уағдаластыққа жету ерекше маңызды көрінеді. ЕҚЫҰ пішіні шеңберінде «сүрленіп тасталған» жанжалдарды реттеудің келіссөз үдерістері көкейкестілендірілді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде ЕҚЫҰ-ның жанжалдарды ескерту мен олардың алдын алу, дағдарысты жағдайларды басқару мен жанжалдардан соңғы оңалту салаларының әлеуетін нығайтты. Таулы Қарабақ жанжалын реттеу бойынша Минск тобының жұмысы белсенділендірілді. БҰҰ, Ресей, АҚШ және басқа да елдердің тығыз өзара іс-қимылы арқылы біз Қырғызстандағы саяси дағдарысты шешуге белсене қатыстық. Қазақстан осы елдегі жағдайды тұрақтандыруда, ішкі жанжалдар салдарынан болған экономикалық шығындарды қалпына келтіруде маңызды рөл атқаруын жалғастыруда. Біз ЕҚЫҰ-дағы әріптестерімізді Ауғанстандағы ахуалды бейбіт реттеу үдерісіне, оның экономикалық жағынан еңсе тіктеуіне қазіргіден де белсендірек қатысуға шақырдық. Қазақстан аталған елге кең көлемді көмегін ұсынды. Біздің елімізде шамамен бір мың жас ауғандықты аса қажетті бейбіт мамандықтарға оқыту үшін қаржы бөлінді. Азық-түлік беру жүзеге асырылып, Ауғанстанда бірқатар экономикалық нысандар салу туралы келісім жасалды. Біз Қазақстанның Ауғанстандағы проблемалар түйінін шешудегі үлесі ЕҚЫҰ-ның барлық елдері үшін үлгі болып табылатынына сенімдіміз. Қазақстандық төрағалық біздің әріптестеріміздің Орталық Азиядағы бірқатар қауіпсіздік мәселелеріне назарын аудартты. Атап айтқанда, біз Арал проблемасы бойынша донорлық конференция өткізіп, ЕҚЫҰ пішінінде су ресурстарынан тапшылық көріп отырған өңірдің су проблемаларын реттеудің құқықтық халықаралық негізі ретінде «Су және құқық» бағдарламаларын қабылдау идеясын ілгері жылжыттық. Бұл Қазақстанның жаһандық үрдістерді, ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық себеті мазмұнын есепке алғанда, жаңғыртуға қосқан үлесі болды. Біз сондай-ақ Ұйымдағы әріптестеріміздің назарын жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарын еңсеру жолдарын іздестіруде күш біріктіру қажеттігіне аудардық. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Маастрихт стратегиясын сапалық имплементациялау бойынша жұмыс жүргізуді және оны постдағдарысты шындыққа бейімдеуді ұсынды. Үшінші гуманитарлық себет шеңберінде Қазақстан көпұлтты және поликонфессиялы мемлекет ретінде мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу идеясын белсенді қозғады. 2010 жылдың маусымында Астанада қазақстандық төрағалық шақырған ЕҚЫҰ-ның толеранттылық және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейлі конференциясы ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы тәжірибелер алмасудың маңызын қуаттап берді. Оған қатысушылар Қазақстанда табысты жүзеге асырылып келе жатқан 140 этнос пен 46 конфессия арасындағы бейбітшілік пен келісім моделін жоғары бағалады. Олар ұлтшылдық, діни төзбеушілік, нәсілшілдік, ксенофобия және антисемитизмді еңсеру үшін ЕҚЫҰ әлеуетін белсенді пайдалануды қуаттады. Бүтіндей алғанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ЕҚЫҰ-ның бүкіл жұмысына ырғақтылық берді. Біз осынау жоғары миссияны атқаруға үлкен жауапкершілікпен келдік және өз алдымызға қойған мақсаттарды толық жүзеге асырдық. Астана Саммитінде сөйлеген сөздерінде мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, делегациялар жетекшілері біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі жігерлі іс-қимылдарына жоғары баға берді. Өз тәуелсіздігінің елең-алаңында Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан толықтай бас тартқан, АӨСШК-ні құру идеясын жүзеге асырған, Еуразиядағы интеграция идеясын белсенді алға апарушы Қазақстан өзін тағы да әлемдік қоғамдастықтың жауапты қатысушысы ретінде көрсетті. ЕҚЫҰ-ның жаһандық геометриясы Геосаясатта екі нүктенің ең жақын арақашықтығының өзі барлық уақытта бірдей түзу болып шыға бермейді. ЕҚЫҰ үшін Ыстамбұлдан Астанаға дейінгі жол бүтіндей 11 жылға созылды. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» атты Астана Декларациясының тарихи құндылығы талассыз. Біріншіден, онда Ұйымның негізіне алынған қағидаттардың көкейкестілігі және барлық 56 қатысушы мемлекеттің Хельсинки Қорытынды актісінен, Париж Хартиясынан, Еуропа Қауіпсіздігі хартиясынан бастап және оның шеңберінде қабылданған басқа құжаттарға деген бұлжымас ұстанымы расталды. Екіншіден, тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ның еуразиялық векторы бекітілді. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік көрші өңірлердегі, әсіресе, Жерорта теңізі мен Азиядағы қауіпсіздікпен тығыз байланысты екендігі Астана Декларациясында ерекше атап көрсетілген. Онда ЕҚЫҰ-ның жаңа жүзжылдықтағы басты бағдары ретінде Еуроатлантикалық және Еуразиялық қоғамдастықтағы ортақ және бөлінбейтін қауіпсіздікті құру мақсаты қойылған. Үшіншіден, құжатта ЕҚЫҰ-ны нығайтуға, оның ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлеріне тиісінше және ықпалды жауап беру қабілетін күшейтуге бағытталған барлық бастамалар бар. ЕҚЫҰ мінберінен Ұйымды жаңа сапалы деңгейге шығаруға деген барлық мүше елдердің ортақ мүдделілігін көрсеткен көптеген ұсыныстар естілгенін атап өткім келеді. Қиын да ашық пікірталастарда дүниеге келген «Астана рухы» квинтэссенциясы да осы. Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевтің еуропалық қауіпсіздік туралы заңдық тұрғыда міндеттейтін шарт қабылдау туралы бастамасы қауіпсіздіктің ортақ кеңістігінің бөлінбестігіне берік кепілдік жасауға бағытталды. Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони Саммит күндері Қазақстан мен Астана әлемге паш еткен толеранттылық пен өзара құрметтің үлгісін ЕҚЫҰ үшін пайдаланудың маңыздылығын айрықша атап өтті. ЕҚЫҰ тетіктерін нығайтудың барлық идеялары, сөз жоқ, Ұйымның жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлін ой елегінен өткізу үдерісіне қосылған ұжымдық үлес болып табылады. Мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Астана Саммитінде айтқан «ол үшін ЕҚЫҰ-дан өзге бірде-бір өңірлік ұйымда неғұрлым қолайлы мүмкіндіктер жоқ» деген ұстанымын толықтай қолдаймын. Әсіресе, ұйымның қауіп-қатерлердің жаңадан пайда болуына қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, өз жауапкершілігінің бүкіл аумағындағы өткір дау-жанжалдардың алдын алу мен шешу мүмкіндіктерін кеңейту туралы айтқан кезде оның маңызы зор. Өз кезегінде Қазақстан да ЕҚЫҰ-ны нығайту жөнінде ұсыныстар енгізіп, оның маңызы Астана Саммитіне қатысушылардың жоғары бағасына ие болды. Біздің ойымызша, ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы жаһандық геометриясы төмендегідей бағыттар бойынша мақсатты іс-қимылдардан құрылуға тиіс. Бірінші. Қазақстан Еуразия құрлығының интеграциялық құрылымдары арасындағы жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде өзара іс-қимылдар орнатуға шақырды. Шығыс-Батыс желісі бойынша – Еуропа Одағы мен НАТО арасында, бір жағынан, ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ арасында – екінші жағынан. Солтүстік-Оңтүстік желісі бойынша – ЕҚЫҰ, АӨСШК және 2011 жылы Қазақстан төрағалық ететін Ислам Конференциясы Ұйымы. Екінші. Біз қаржы-экономикалық қауіпсіздік мәселесін ЕҚЫҰ-ның жеке себеті ретінде бөліп шығаруды ұсындық. Бүгінде ЕҚЫҰ кеңістігінде және бүтіндей Еуразияда планетамыздың экономикалық өсуінің көптеген перспективалы ареалдары орналасқан, олар – Солтүстік Америка, Еуропа Одағы, Қытай, Ресей, Үндістан, Парсы шығанағы, Оңтүстік-Шығыс Азия. Сондықтан олардың арасында сенім мен тиімді қауіпсіздік жүйесі негізіндегі өзара байланыстарды іздеудің маңызы зор. Мен Ұйымның әлемдік резервтік валютасын жасау үдерісіне, келісілген қаржы-валюта саясаты қағидатын қалыптастыруға, Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастық пен интеграцияға атсалысуға әлеуеті бар деп ойлаймын. Біздің пайымдауымызша, осы мәселелерді көрсете отырып, жаңадан «Маастрихт плюс» құжатын қабылдайтын уақыт келді. Және бұл ұстаным бірқатар мемлекеттер басшыларының, мәселен, Грекия премьер-министрі Георгиос Папандреудің Астана Саммитінде сөйлеген сөзінде қолдау тапты. Сол сияқты ЕҚЫҰ құрылымын энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық қарым-қатынастар жөніндегі кеңестермен толықтырудың да маңызы зор. Үшінші. Әскери-саяси өлшемдерді нығайту үшін біз қарусыздану мен таратпау саласында жаңа келісім-шарттық нормаларды қалыптастыру мақсатында ЕҚЫҰ-ның арнайы форумын құруды ұсындық. Трансшекаралық қылмыстарға, есірткі трафигі мен заңсыз миграцияға қарсы күресті үйлестіру үшін ЕҚЫҰ елдері министрлері деңгейінде кеңес тағайындауға деген де қажеттілік бар. Төртінші. Біз әділ де ашық конфессияаралық үнқатысуға шақырдық. 2009 жылдың шілдесінде Каир университетінде сөйлеген сөзінде АҚШ Президенті Барак Обама «Алға қарай жылжу үшін біз тек жабық есік жағдайында ғана жиі айтылатындарды, яғни өзіміздің ойымыздағыларды бір-бірімізге ашық айтуымыз керек. Бір-бірімізді естуге, бір-бірімізден үйренуге, бір-бірімізді сыйлауға және ортақ позициялар іздеуге барынша ұмтылуымыз қажет», деп әділ сөздер айтты. ЕҚЫҰ шеңберіндегі мұндай үнқатысуды Астанада 2003 жылдан бастап тұрақты өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің дайын алаңында өткізуге мүмкіндік бар деп есептеймін. Біздің пікірімізше, «ЕҚЫҰ: Жаңа онжылдықтағы толеранттылыққа» атты құжат дайындап, қайырымдылық пен әділетті әлем құрылымын жаһандық тұрғыда бекіту үшін онда әлемнің жетекші діндері, әсіресе, ислам мен христиан діндері арасындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастықтың қағидаларын қызметтестіктің принциптерін бейнелеу қажет. Бесінші. ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік институтын тағайындай отырып, ЕҚЫҰ шеңберінде қауіпсіздіктің жекелеген өлшемдер дәрежесіндегі түрлі проблемаларын болжау жөніндегі жұмыстарды жолға қоюдың маңызы зор. ЕҚЫҰ құрылымдарының Ұйым жауапкершілігінің барлық аумағында, соның ішінде азиялық бөлігінде орналасуының да маңызы аз емес. Алғаш рет Еуропаның географиялық шекарасынан тысқары, Орталық Азияда өткізілген Астана Саммиті бұл үдерісті бастап берді. Ғасырдың басындағы «Сындарлы он жыл» атты кітабымда мен Орталық Азияны бізге жаһандық тұрақсыздық доғасының бір бөлігі ретінде ғана көрсетуге тырысқан тезисті тиянақты түрде теріске шығарған болатынмын. Өңірдің әлеуетін мен мүлде басқадан – оның Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын байланыстырушы буын болу мүмкіндігінен көремін. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінен кейін Орталық Азияның қауіпсіздіктің қысқартылған механизміндегі кеңістік болудан аман қалғандығы туралы айтуға болады. Бүгінде Қазақстан мен Орталық Азияның барлық елдері еуразиялық және жаһандық тұрақтылықты нығайтудың маңызды буыны ретінде әлемдік аренаға шықты. Оның 2011 жылы өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін біздің жас мемлекеттердің нығаюы үшін маңызы орасан зор. ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен Саммитінің Қазақстанға оң ықпалын тигізгенін де атап айтпасқа болмайды. Ол біздің халқымызды топтастырды, аса зор күрделі міндеттерді шешу және ең жоғары мақсаттарға жету қабілетіне деген сенімді нығайтты. Біз әлемдік қоғамдастық алдында жауапты, бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда тиянақты әрі белсенді екенімізді көрсеттік. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті ЕҚЫҰ тарихындағы күрделі кезеңге қорытынды жасады. Ол Ұйым үшін болашаққа есік ашып, оның жаңғыруына тамаша мүмкіндік берді. Бүгінде бірлескен жұмыстарды әлсіретпеудің маңызы зор. ЕҚЫҰ-ны реформалау жөніндегі Астанада айтылған барлық ұсыныстарға мұқият талдау жасалып, олар ЕҚЫҰ-ның алдағы жылдардағы іс-қимылдар жоспарын толықтыру барысында ескерілуі тиіс. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ны басқарған Қазақстан тәжірибесін одан кейінгі төрағалардың – 2011 жылы Литваның, 2012 жылы Ирландияның, 2013 жылы Украинаның және басқалардың органикалық түрде дамыта түсетініне менің сенімім мол. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ-дағы жоғары деңгейдегі үнқатысудың үзіліп қалмауының да маңызы зор. Ол Ұйымға қатысушы барлық елдердің және олардың көшбасшыларының ниеттері мен ерік-жігерлеріне байланысты болмақ. Бұл – Ұйымның ықпалдылығының, оған кіретін мемлекеттердегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың негізгі шарты. Жаһандану түрлі елдер мен халықтардың тағдырларын тығыз байланыстырды. Біздің мақсаттарымыз ортақ – Жер шарындағы бейбітшілік пен келісім, прогресс пен өркендеу. ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы жаһандық міндеті де дәл осы жоғары мақсаттарға қол жеткізу болып табылады. «Известия», 30 желтоқсан, 2010 ж., «New Europe», 9 қаңтар, 2011 ж.