Алты бірдей тілде шырқалған «Анашым» атты ғұмырлы ән қалай туып еді? Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Омаровтың өзі былай деп баяндайды.
– Анамыз 32 жасында жеті баламен бір өзі қалған адам. Ең кенжесі мен бір жасқа толғанда әкемізден айырылыппыз. Бәрімізді шешеміз жалғыз өзі жеткізді. Оқытты, тәрбиеледі. Кейін мен де ержеткен соң қалаға кеттім. Одан әрі Алматыға аттандым.
Мектепте оқитын кезімде Шәмші Қалдаяқовтың ана туралы әндерін орындайтын едім. Жаныма осы әндер жақын болды. Содан шешем менің өнерге әуестігімді көріп, баян сатып әпергені бар. 2-сыныпта оқып жүргенде Шәмші ағамыз Шымкентке келіп, ол кісінің алдында өз әндерін орындап бергенімде, ризашылықпен батасын беріп: «Шіркін-ай, ауылдың осындай қара домалақ балаларын өнерге баулитын жер-жерлерде музыка мектептері ашылса ғой», дегені есімде.
Өсе келе Алматыда «Сазген» фольклорлық ансамблінде жұмыс істеп жүрдім. 1988 жылы бір киноға түсуге кетіп, бірнеше жыл шешемді көрмей, қатты сағынып жүрген кезім болатын. Қапшағайда режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің «Жаушы» деген киносына түсіп жүрсек, анам Алматыға екі сөмке ауқат-сауқатын арқалап, іздеп келіпті. Жатақханада мен жоқпын, содан ол кісі 3-4 күн менің бөлмемде қонып, сол жердегі студенттерге дастарқан жайып, пісіріп әкелген бауырсақ, еттерін шығарып, бір тойдырып кетіпті.
Содан кештетіп жатақханаға келсем, бәрі «Сенің мамаң келіп кетті. Өз анамызды көргендей болдық. Тегін тамақ іштік», деп қуанып жатыр. Бөлменің бұрышында бір сөмке тұр екен, ішінде маған әкелген киімдері бар. Шешемді сол кезде қатты сағынғанымды білдім. Қабырғаға суретін ілмек болдым. Ұйықтайын десем, көзім ілінер емес. Бір кезде төсекте дөңбекшіп жатып, жастығымның астынан анамның маған жазып кеткен хатын тауып алдым.
«...Сенің маңдайыңнан әкең де сипай алмай кетіп еді. Іздеп келсем, жоқ екенсің, мен де сені сағындым. Хабарласып тұрсайшы», дегендей жолдары бар. Осыдан кейін көзімнен жас шығып кетті. Домбырамды қолыма алдым. Көкірегімде осы кезде мұңды бір мелодия ойнай бастады. Сол кезде санама осы кісінің жүрегіндей дархан қазақтың кең даласындай анамды жырлап өтейінші деген ой келді. Осы идея маған шабыт берді.
Содан осы әуеннің сөзін кімге жаздырарымды білмей телевизиядағы ақындарды жағалап жүргенмін, сол жерде Құсман Игісінов деген ағамыз: «Қайрат Жұмағалиев деген ақын бар. Қазір ол кісінің де анасы 94 жастан асып кетті. Ол да әкесінен ерте айырылып, жалғыз анасының қамқорлығында өскен. Саған өлеңін жазса сол жазып береді», деп кеңес берді. Сөйтсем, ақын ағамыз да теледидарға бір телеочерктің сценарийін жазып әкелген екен. Қысқасы, сол жерде танысып, Қайрат ағамызға колқа салып, сөзін жаздыртып алдым.
Ән үлкен сахнаға қалай жолдама алды десек, сол жылдары «Тамаша» ойын-сауық отауында Нұрлан Өнербаев өнер көрсетіп жүрген. Достар өзіміз отырғанда, ішінде Нұрлан да бар, осы әнді орындаған едім. Негізі, бұл әнді Мақпал Жүнісова шырқаса екен деп ойлайтынмын. Содан «Тамашаға» жаңа ән керек болып, «Анашым» әнін Нұрлан Өнербаевқа бердім. Одан кейін оған «Әке арманы» деген әнімді де бердім».
...Осылайша Марат Омаровтың жүрегінен шыққан ән халықтың да жүрегіне жеткеніне баршамыз куәміз. Бұл әнді Елбасымыз да тебірене орындайтынын композитор мақтан тұтады.
Айтқандай, жақында 8 наурызда «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Шын жүректен» деп аталатын концерттік жобасында Марат Омаровтың анасы Сұлухан Сұлтанқызы 90 жасында осы әннің екінші шумағын орындады.
«Шет жүрсем – сағынарым, жабықсам – шағынарым, Анашым – бір өзіңсіз табынарым» жолдарын әнші-композитордың өзі айтса, «Ұшырған сұңқарымсың, Қияға шырқарымсың! Бәйгеге өзім қосқан тұлпарымсың!» деген жолдарын Омаровтың анасы орындап, қалың тыңдарманның көзіне жас үйірді.
– Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды десе, мен де баласы жақсы адамдар ешқашан қартаймайды, – деп айтар едім деді Сұлухан анамыз. Айтқандай, Елбасы атынан «Ел анасы» атағын алған бұл кісі Ұлы Отан соғысы кезінде пошта тасыған екен.
Не десек те, Марат Омаровтың осы әні ғұмырлы болды. Қазақ, орыс, ағылшын, италиян, түрік, араб, өзбек тілдерінде айтылып жүр.
Амандық болса, әнші-композитор алдағы 21 наурызда АҚШ-тың Техас штатына 3,5 мыңға тарта қазағы бар «Шаңырақ» деген қоғамның шақыртуымен «Анашым» және Наурыз» әндерімен аттанғалы отыр.
Жәннаттың төрін анасының табанының астынан тапқан талантты композитор осы күнге дейін 200-ге тарта ән жазса, көбі – елге, жерге арналған патриоттық тақырыпқа жазылған.
«Жүрегім жыр толғайды,
Көңілім ортаймайды.
Анасы бар адамдар
Ешқашан қартаймайды», – деп толғаған ақын Қайрат Жұмағалиевтың 30-дан астам жыр жинағы, аударма кітаптары жарық көрген.
Өткен жылы Алматыда қазақтың аса көрнекті ақыны Қайрат Жұмағалиевты еске алуға арналған «Қазақ поэзиясының Қайраты» атты әдеби-сазды кеш өтіп, осы концертте ақынның кең тараған әндері шырқалды. Әрине, «Анашым» әні осында да орындалды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.