Бір ел өзінің қылмыскерін соттамақ екен, онда тұрған не бар деуге болады. Бірақ «ЮКОС» компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский мен «МЕНАТЕП» компаниясының бұрынғы басшысы Платон Лебедевке сот – әлем назарында. Оны кейбір елдің басшылары да қадағалап отыр.
Осы жерде әңгімені АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның пікірінен бастаған жөн-ау. Клинтон ханым Михаил Ходорковский мен Платон Лебедевті айыптау үкімі адам құқын қамтамасыз ету мен инвестициялық ахуалды жақсартуға байланысты Ресейдің беделіне теріс ықпал жасайды деп мәлімдеді.
Бұған Ресей басшыларының да жауабы бар. Бір емес, талай рет жауап беруге тура келген. Журналист ағайындар сәті түскен кезде Ресей басшыларынан оны сөз етуді әсте де қапы жібермейді. Алдымен Владимир Путиннің жауабына келейікші. Премьер-министр ел халқымен бейнебайланыста болған кезде былай деді: «Бұған байланысты көп айттым. Тағы да қажет десеңдер, Высоцкийдің кейіпкерінің сөзімен жауап берейін: «Ұрының орны – түрме». Сот шешіміне сәйкес оған айтарлықтай қомақты ұрлығы жөнінде айып тағылып отыр. Әңгіме оның салық төлемегені, алаяқтығы жайында, есеп миллиардтаған рубльге кетеді. АҚШ-та осындай ұрлығы үшін Мэдофф мырза 150 жылға сотталған». Путин Ходорковскийдің тағы да біраз қылмысын тізбелей келіп, Ресей сотының тым жұмсақтығын айтады.
Президент Дмитрий Медведевтің пікірі өзгешелеу, жалпылама. Сөйтсе де оның мына бір пікіріне тоқтала кетейік: «...Президент те, мемлекеттік қызметтегі кез келген лауазымды тұлға да бұл іске немесе басқадай іске үкім шығарылғанға дейін, айыпталған немесе ақтағанға дейін өз позициясын білдіруге қақысы жоқ – бұл айдан анық»,– деді. Мұны бір жағынан тікелей жауаптан қашқалақтау деуге де болар. Ходорковский мәселесінің жыр болып келе жатқанына біраз уақыт. Билік айыптайды, оппозиция жақтайды, оларды сырттағы күштер қолдайды. Алғашында оны Лебедев екеуін 2003 жылы «Апатит» компаниясының акцияларын ұрлады деген айыппен ұстап, 2005 жылы соттап та жіберген. Биыл жазаларын өтеп, бостандыққа шығуға тиіс еді. Бірақ оларға жаңа айып тағылып, жаңа жылдың қарсаңында 13,5 жылдан арқалатты.
Жалпы, Ресей билігі оларды қалайда қамаудан шығарғысы жоқтығы аңғарылады. Оларға тағылған жаңа айып та тым ауыр – 218 миллион тонна мұнай ұрлаған көрінеді. Оны ақшаға шаққанда 7,5 миллиард доллар. Қазір бұл іске байланысты Ресей қауымы екіге жарылғандай. Біреулер даттайды, біреулер жақтайды. Ақпарат құралдары да өз пікірлерін ашық білдіре алмай отырған кейіпте. Ел басшысының бірі «Ходорковскийдің орны – түрме» деп отырғанда, оны ашық ақтауға бата алмайтындай.
Олигархтарға үкім шығарылды. Бірақ әңгіме мұнымен аяқталмайтын сияқты. Олардың жақтастары іште де, сыртта да бар.
Мамадияр ЖАҚЫП.