Наурыздың мерекесінде тарих табалдырығынан бері аттаған мешін жылының келісін кеншілер астанасы кеңінен атап өтті. Бұл күні шаһардың басты көшесі – Бұқар жырау даңғылының бойында қырықтан астам киіз үй тігіліп, таңмен таласа тұрып тойға ағылған қала халқы мен қонақтардың қарасы мол болды. Бұрындары ұйымдастырушылар алаңға жиылған елдің бәрін киіз үйлерге кіргізе бермеуші еді. Бұл жолы олар жылы қабақ танытып, қонақты алаламауға тырысты. Ақшаңқан үйлердің кез келгенінің ішіне кіріп барсаңыз, дәмнен қайысқан дастарқан, құрақ ұшқан күтушілер этномәдениетті таңсық көрген елді қуана қарсы алып жатты. Мысалы биылғы Наурыз мейрамында Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының Жезқазғаннан арнайы әкелінген көшпелі көрмесіне деген қызығушылық зор болды. Көрме «Қазақмыс» корпорациясының киіз үйлер этноауылында орналастырылған еді. Көпшілік назарына көне қару-жарақ түрлері, ортағасырлық әшекейлер, тұрмыстық құрал-жабдықтар, ыдыстар ұсынылды. Тіпті, қала тұрғындары мұндағы басты экспонат – Шыңғыс ханның балауыздан жасалған мүсіні жанында бірге суретке түсу үшін кезекке тұрып жатты. Наурыз сынды көктемнің керім мерекесінің құйқылжыған саз, әуелеген ән, мың бұралған бисіз сәні кірген бе?! Облыстық әкімдік алдындағы Тәуелсіздік алаңында құрылған сахнада жергілікті өнерпаздар мен этно-мәдени орталықтардың өкілдері тамаша концерт қойып, жиылған қауымның жанын жадыратты. Жалпы, бұл жолғы Наурыз тойында ұйымдастырушылар тұрғындардың талап-тілегін барынша орындауға тырысты. Жұрт ішкен-жегенге мәз болмай, молынан болған түрлі мәдени және спорттық шараларға белсенді түрде қатысты. Ата-аналарымен бірге келген балалардың да іштері пыспай, қызыққа қарық болды. Олардың ат-түйеге мініп, арбамен қыдырыстап, мерекеден үлкен әсер алғаны анық еді. Қолөнершілер де мерекені пайдаланып, өз өнімдерін ортаға жайып салды. Ұлттық нақышта жасалған зергерлік бұйымдар, былғары әмияндар қыз-келіншектерді қызықтырмай қоймады. Бір сөзбен айтқанда, сөре маңында сауда-саттық қызу жүріп жатты. Биыл ұйымдастырушылар тазалық мәселесіне де қатты көңіл бөлді. Бұл іске экологтардың қосқан үлесінің сүбелі болғанын да айтқан жөн. Олар ұзыннан-ұзақ көше бойына жасыл түсті қоқыс жәшіктерін орнатып тастады. Жұрт пластикалық шөлмектер мен тостағандарды бей-берекет лақтыра бермей, әлгі контейнерлерге салып жатқанын көзіміз көрді. Мерекенің көрігі қызған мезгілде тойшыл қауымды облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков құттықтады. «Наурыз мейрамы – ата-бабамыздан қалған тамаша дәстүр. Бұл күні өкпе-ренішті қойып, бір-бірімізге кешіріммен қарауымыз керек. Көктем бізге өзімен бірге үміт пен жылылық ала келеді. Олай болса, армандарымыз іске ассын!», деді өңір басшысы. Қарағандыдағы Ұлыстың ұлы күніне арналған мереке түс ауғанда ғана сәл саябыр тапты. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.
Қоғам • Бүгін, 08:15
Орта білікті маманға сұраныс көп
Еңбек • Бүгін, 08:12
Экономика • Бүгін, 08:10
Өндіріс • Бүгін, 08:08
Бүгін бірқатар өңірде аптап ыстық болады
Қоғам • Бүгін, 08:06
Көмір өнеркәсібі және энергетикалық қауіпсіздік
Форум • Бүгін, 08:05
Шалғай ауылдарға шипа сыйлаған нысандар
Аймақтар • Бүгін, 08:02
Денсаулық • Бүгін, 08:00
Маман • Бүгін, 07:58
Өндіріс пен кәсіпкерлік– өңір дамуының өзегі
Саясат • Бүгін, 07:55
Жетісудағы медицинаның соны белесі
Медицина • Бүгін, 07:53
Қазақстан жаңа Конституцияда Ұлы дала тарихи сабақтастығын бекітті
Саясат • Бүгін, 07:50
Аймақтар • Бүгін, 07:48
Бюджетті сапалы жоспарлау маңызды
Саясат • Бүгін, 07:45
Шетелдік компанияның зауыты ашылады
Саясат • Бүгін, 07:40