25 Наурыз, 2016

Нұрлан ОРАЗАЛИН: Менде бар жалғыз бір Отан!

1644 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

010_Orazalin«Атажұрттың түтіні де тәтті»

Гомер

Жалғыз

Ауылдан ұзап қыр асқан қара жол – менің мәңгі ізім; төбемде – жалғыз бір аспан, табанда – Жерім – жалғызым. Тілдесіп үнсіз көкпенен, жыр жазып, жанды тілімдеп; құшады жалын от денем: «Жалғызым – Ана тілім», деп. Дүние – жалғыз... Ай – жалғыз... Алатау – жалғыз ғаламда. Жабырқап қанат жайған күз. Не бермек? Сұрақ – адамға... Танысым сиреп көшеде, бұлғайды қолын тал маған. Жауабы жалғыз – пешене, келу мен кету – Алладан. Білмейді жүрек, ой тыным... Не бермек? Сұрақ – құла таң?! Қазақ Елі дейтұғын менде бар жалғыз бір Отан. Отанға сенем, жұртыма, қара жолдарға жалғасар; сенемін ұрпақ, ұлтыма, Уақытқа сенем алмасар. Ұлғайған пенде көнеді, олайға-дағы бұлайға... Аспанға, жерге сенеді, сенеді жалғыз Құдайға...  

Парыз

«Жақсы болудың Жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ».

Әбіш Кекілбаев.

Ей, жұмыр бас!

Заман қатал...

Бүгілме! Көр-жерді айтып үгілме! Сақтау үшін үйлесімін әлемнің, сақтау парыз – адам жанын бүгінде. Жұмыр жердің қайталанбас түр-өңін, қорғау үшін дүниенің реңін... Сақтау парыз – ойын, сөзін адамның, жанын және жүрегін. Ұран сөзі деп ұқпағын мұнымды, сақтау парыз – жүйке менен жұлынды. Жадыңда ұста! Жердің сұлу кескіні сақтамаудан бүлінді. Сақтамаудан әжім басып жүзіңді, таудың басы, жердің асты бұзылды... Сақтау парыз – сананы, Сақтау үшін жарың менен қызыңды. Сақтамаудан жер менен көк тілінді, ғалам талай жіп ұшына ілінді... Сақтау парыз – намысты, сақтау үшін ұлтың менен ұлыңды... Ей, жұмыр бас! Егіліп бос, өртенбе! Өз ойыңмен дәуіріңді көркемде. Сақтау үшін тартылысын әлемнің, сақтау парыз – адам жанын ертеңге!..

Шекара

Шекараның ар жағы да – біздің жер, шекараның бер жағы да – біздің жер. Алтай менен Тәңіртауды бойлатып, Батыс! Шығыс! Қалай қиып, үздіңдер?! Шекараның ар жағы да – елік-қыр, шекараның бер жағы да – елік-қыр. Ой жеткенмен, тіл жетпейді айтуға, бәрін, бәрін көз-көкірек көріп тұр. Шекараның ар жағы да сол бір ән, шекараның бер жағы да сол бір ән. Көдек пенен Таңжарықтың сол мұңы көкті кезіп, безілдейді домбырам... Мың-мың тұяқ солқылдатып шапқандай, қыран-сезім көкке қанат қаққандай; бабалардың ұлы көші бимәлім ғарыш жаққа ұзап бара жатқандай... Шекараның ар жағы да – шырғанақ, шекараның бер жағы да – шырғанақ. Екі белдің төбесінен екі қарт етектегі көк өзенге тұр қарап... Шекараның ар жағы да – қара орман, шекараның бер жағы да – қара орман. Үйсінтаудың қараяды шоқысы, кешкі ертегі – көшкен дәурен, бәрі арман. Шекараның ар жағы да – от, құрақ, шекараның бер жағы да – от, құрақ. Аспантаумен барады ұшып қаз, тырна... Ал, дүние-ай! Қу көңілде жоқ тұрақ... Шекараның ар жағы да – біздің ел, шекараның бер жағы да – біздің ел. Сайрам көл мен қайран белдің арасын аңыратып соғады бір күзгі жел... * * * Қуаныш, шаттық – серік... Тозбайды шын. Уақыт ұсынады өз қайғысын. Менің жаным – қонағы жер мен көктің, қанат қып ақиқатты боздайды ішім. Тұрғандай бұлаңытып жүзім неден?! Қозғайды көктемімді, күзімді өлең. Екі дәуір арбасып жатқан сынды, ішімде – бір сұрапыл үзілмеген.   Бірі – жас... Бірі – ұлғайған... Беріспейді... Екеуі келіспейді, керіспейді. Әр заман өз мінезін ұсынады, көріпкел болсаң егер, көр ішкі ойды. Қос ғасыр... Қос ақиқат... Қос өлеңім... Қос оймен теңселуде көшелерім. Тау жақтан тынып үнсіз көз тігердей кешегі әкелерім, шешелерім... Өзгерсін!.. Мейлі, қоғам өзгермесін, әр дәуір кереді алдан өз кермесін. Айту – міндет шындықты көз көргесін, Жырлау – парыз... Тәңірім Сөз бергесін. Қуаныш, күлкі – мәңгі... Тозбайды шын. Әр кезең ұсынады өз қайғысын. Қос дәуірді жалғаған көпірдеймін... Су тасыса көктемде... Боздайды ішім... Суық хабар Дауыстардан сескенем түнде жеткен, жүргіншіден шошимын түнделеткен... Суық хабар енердей есігімнен, қазасымен әкемнің бірге кеткен.

Суық хабар...

Дауыстардан сескенем түнде жеткен, жүргіншіден шошимын түнделеткен... Суық хабар енердей есігімнен, қазасымен әкемнің бірге кеткен. Суық хабар... әнімді кеткен алып, досты әкеткен, күрсінгем көкке налып. Келмесін де... Келсе егер, шараң қайсы?! Ажал жетсе, бүгіліп, шөккен алып. Суық хабар – ібіліс бұраңдаған, кеудесінен әлсіздің сыр аңдаған. Артық айтсам... Құдірет! Кешіре көр, ажал жетсе қарсы ешкім тұра алмаған. Көзден бұлбұл ұшуда, ғасыр-қайғым, қысқаруда уақыт, жасырмаймын. Суық хабар жетердей аяқ асты, жүрегімнің төрінен тасырлайды үн. Дауыстардан сескенем түнде жеткен, жүргіншіден сақтанам түнделеткен. Құрық салып жүргенде ойларға асау, қалар ма деп үзіліп Жыр кенеттен... Ақ қағазға ұмтылып қаламұшым, ой отына өртеніп жанады ішім. Суық хабар жетердей ғарыш жақтан, Далам үшін... Сескенем ғалам үшін. Дүние кең: Бірде қыс, бірде көктем. Жер астынан тіл қатып, бірде көктен суық хабар жетердей шошынамын, жиырмасыншы ғасырмен бірге кеткен. * * * Кең дүние... Міне, осы! Құндақ алып... Сөйлер болсаң, сөйлегін тыңдап алып. Байқамасаң, өз тілің – өзіңе жау, жүрегіңді жүрерсің мұңға қарып. Өмір – сыншы... Білдірер білінбесін, Байқап, тосып сөйлесең, тілің – досың. Ой мен Сөздің одағы жеңер бәрін, қармағыңа ілінер ілінбесің. Жаңылдың ба сөзіңнен? Қайманасың... Қуанатын ортадан қайғы аласың. Өз басыңды қор етіп өз тіліңмен, қас-қағымда байқұсқа айналасың. Тағдыр – қатал... Ұсынбас ер іс кілең... Орын ылғи тимейді төр үстінен. Ұқсата алсаң, «қалауын – қар жанады», тауып айтқан әр сөзің – жеңіс білем. Сәл нәрседен кейде шын тасиды адам, сәл нәрседен кейде шын жасиды адам. Қызыл тілің – қаруың, кілтін тапсаң, Баба-Сөздің алдында... Бас и, балам!..

SOS!

(Сақтық жыры) Саналарды жатқан сынды тас іреп: Ғасыр – сойқан... Ғасыр – дүлей... Ғасыр – от... Тартысуда, шарпысуда адамдар, Заман – соқыр... күю, сүю – қасірет... Көңілдерді сыбызғы мен сырнайдан – ада-күде, тамтығы жоқ ырғайды ән. Айдың астын елес кезіп, сұрапыл жүріп жатыр жүректерде бір майдан. Майдан!.. Майдан! Себетіндей үрейді, суық көздер сұр кездігін тірейді. Суық қала... Суық сезім... Сұр үйлер... Суық жандар буатындай сұр ойлы. Салғыласып көк пен жердің өсегі, сұр аспанмен сұр бұлттар көшеді. Түсі суық сұр адамдар келеді қанқақсатып дала, қала, көшені... Ойды, бойды күндіз-түні кемірген, Суық түнде төнердейін жебір-дем... Ібілістің әрекетін сезінген Періштелер көшкендейін өмірден. Безіп сарын сыбызғы мен сырнайдан, домбырасыз, жан төрінде – бір майдан... Майдан! Майдан! Алысуда сұр заман, Адасқан ба?! Жетім өлең жүр қайдан?! Сөзден – шындық... «көзден – бұлбұл», ән ұшып, сұр алаңдар, сұр адамдар алысып. Қатыгездік қыл бұрауын салуда, көзі сұп-сұр, өзі сұп-сұр, қарысып. Көнер емес жамағанмен жыртығын – дүниенің іші – қайғы, сырты – мұң. Сұр адамдар көктің жұлқып сақалын, тырнайтындай жердің ескі тыртығын. Нәті неткен суық, сұрқай кез еді?! Өртенуде тіршіліктің өзегі... Ақыл қашқан алты құрлық аспанын Тәңір үні... Қабір үні кезеді... Ғалам – сұп-сұр... Заман – сұп-сұр... Қасірет! Саналарды жатқан сынды тас іреп. Алысуда... Қағысуда жер үсті Ғасыр – сойқан... Ғасыр – дүлей... Ғасыр – от...

Өткен дәуір адамы

«Біз – жоқшылықты көрген, қанды кешкен қатал дәуірдің ұлдарымыз.

Бізді түсінулерің керек, балам... Біз – өткен дәуір адамымыз...» деуші еді әкем марқұм.

Тарс айырылған таланы, бұлан-талан заманы; тұрады ылғи кеудемде өткен дәуір адамы. Қуансам да мақтансам, қайғырсам да шаттансам... Меніменен сол адам – оянып ел жатқанша. Қалмай бір сәт, бір елі, қасымда ылғи жүреді; өрісімді түгендеп, жүрегімді бүреді. Артық кетсем, қырағы, дайын әркез сұрағы; өткен дәуір адамы көк желкемде тұрады. Айтар болсам тап шынды: Мінезі оның – ақ сүңгі; оған мына кең жаһан – кейде тіпті жат сынды. Тірі жанға беріспей, көнер тұста келіспей, бәрін шенеп тұрады ол, (қиналамын мен іштей). Бір сұрапыл сезінем ойынан да сөзінен... Сәл жаңылсам шығады ол, оқтай атып көзімен. Көкірегі жез үндей, қас батырдың өзіндей. Тұрады ылғи бір сурет менің бала кезімдей. Жанарында – сәуірім, қабағында – дәуірім. үнсіз кетсе сол адам сыздайтындай бауырым... Кейде қоңыр түздеймін, жел суырған күздеймін; Үнсіз кетсе сол Адам, жанұшырып іздеймін...

Тәңір үнсіз

 «Жаратқанның әмірінсіз

Дүние өзгерер ме?

Тәңір үнсіз?!».

(Аяқталмаған өлеңнен)

Қара суық...

Дала сұлық... Жан мұңды... Қара жаңбыр төпеп жатыр шалғынды. Қарадала, қабаржып тұр қараша, Қара тұман... Не күтеді алдымды?! Жаңа ғасыр... Не береді? Білмеймін. Кімді мақтап, кімді даттап, тілдеймін? Кеше жаз ем жадыраған, шуақты, бүгін – күзбін, күркіреген күндеймін. Таулар үнсіз... Баулар үнсіз... Дала – сыз... Ой сүрінді пенделерден санасыз. Көктен түскен төрт кітаптың қонысы – қасиетті қара жерім мазасыз! Неге? Неден? Нілдің суы бүлінді?! Вавилонның кең жазығы тілінді?! Пайғамбарлар ту қадаған қара жұрт қалшылдатып, ұрады кеп жұлынды. Адамзатқа ұлы сөз бен ұлы әнді тарту еткен Батыс... Шығыс – тұманды. Құрлықтардың қабырғасы қайысып, қамығардай Қаратеңіз, Құланды... Қара суық... Ғалам сұлық... Жан мұңды... Қара жаңбыр сабап жатыр шалғынды. Ғарыш үнсіз естір емес, ызғарлы, Тәңір үнсіз... Не күтіп тұр алдымды?! Қара жаңбыр сабап жатыр шалғынды...

Түс. Торғай даласы.

1965-1970 жылдары КазГУ-де бірге оқыған курстастарыма

Автор. Жазармын деген жоспар көп, жазуға уақыт жетер ме?! Түсімде өткен достар кеп, бұлғап жүр қолын... (Бекер ме?!) Дүние жарып қауызын, шақырып жастық тасадан; Арқаның кешіп тамызын, келеді бір топ жас адам. Бозбала күннің дауысы, бірде жаз, бірде көктем боп, жаңғыратындай тау іші, құдырет-сезім көктен кеп. Сылыңғыр түнде ән ұшып, жалғасып дала шуына, барады ұл-қыз жарысып, Торғайдың Қарасуына. Желегі желмен алысып, сағымды биіктерімдей, барады түзбен жарысып, даланың киіктеріндей.   Шетінен ақын, батыр ұқ, кіндігін қырда жуғандар. Жеңістің дәмін татырып, «Соғыстан соңғы туғандар...». Жеткіншек ұрпақ жалғап күн, шақырған ой мен жыр отын. «соғыстан қайтқан солдаттың», арқалап арман, мұратын; Жаралған жігер, намыстан, тауымның сұңқарларындай, желменен жортып жарысқан, даламның тұлпарларындай... Барады зулап жеткізбей, бұрылмай ұзап барады; сағымды көктем, от-күздей толқынды дауыс тарады. Естілсе дүбір қан қызбақ, жарысу – мұрат желменен. киіктей заулап андыздап, құла қырлардан келді өлең. Даламен тымық ақты арман, ғасырдың асау арындай; қазақтың жанын ақтарған көнеден жеткен сарындай. Құла жыр... Құла белдерім... Ұзады лыпып сағымдай... Жеткізбей кетті жел керім, жалынды жастық шағымдай. Ұмтылдым. Жетер емеспін. Ұстатпай кетті жас шағым. ішінде қалдым елестің, көзімде – мұнар аспаным. Ояндым үнсіз күрсініп, жұлқыды жанды көктемгі ой. (Шіркіндер мені жыршы ғып, жазсын, деп тастап кеткендей...) Бұлқынды жүрек, «аһ» ұрды, көк аспан – сезім жыртылды, «Могикандай ақырғы» атылып өрттей жыр туды. Түсіме, сірә, достарым кірмеген шығар бекерге?! Жазамын деген жоспарым көп еді... Уақыт жетер ме?! Елестеп алыс тұма, қыр, оралып өткелдеріме, бағыштау керек дұға-жыр баз кешіп өткендеріме.

Әумин!

Тасқын

Қара дауыл... Қара дүлей тасқында Тайланд қалды топан судың астында. Кіші Азия түбегінде – зілзала... Астан-кестең... Тіл біткендей тас, құмға... Кім айтады? Кім береді жауабын? Кім көтермек Жердің ұлы сауабын? Естимісің, жұмыр жердің тұрғыны, Құдіреттің сауалын?! Мына жалған дүниеге көкпеңбек... Сауал! Зауал! Құйылардай көктен кеп... Адамзаттың кім көтермек ұятын? Кімдер тынып, кектенбек?! Естимісің? Тіл қатуда мұңды аспан? Үн қатуда планеталар күн қашқан?! Мысыр, Бағдад – түршігіп, қала, дала күрсінуде құм басқан?!   Бұлақтарда бұлаңытып сағым-мұң, құлақтарда сыңсиды үні шағылдың... Жетердейін қасіреті алыстан Отырар мен Бабылдың...   Пенделіктің шегі қане? Бітер ме ой? Бір құдірет Ай астында күтердей... Ақылға кеп, тоқтамаса адамдар, бір сұрапыл түтердей... Жер тағдыры... Ел тағдыры – сауға-сын, ұрпақ аман, ұлт аман ба? Сау басың. Көктің үні қаһарлы. Жүректерге оралтардай Тәубесін. Тіл біткендей тас, құмға... Қара дауыл жалғасуда тасқынға. Құрлықтарды сілкіп жатыр Ұлы Күш, Тайланд қалды топан судың астында...

Серт

Пенде емеспін кейпіне еніп кедейдің, өз жерінде сөзін айтар өгейдің. Мен ақынмын... Жұртымды ұлы үркітіп, қиыр шарлап, «көшіп кетем» демеймін. Шекарадан «асып кетем» демеймін, жиғанымды «басып кетем» демеймін. Бар қазынам – жүрекжарды жырларым, мұхит асып, «қашып кетем» демеймін... Алматыдан... Безе алмаймын қырдан да, тамыр соғып, тулап тұрса жыр – қанда. Баба-Сөзден қайда барам қашып мен, Баба-Жұртым... Дана-Жұртым тұрғанда. Қалай? Қайтіп? Жұмағымнан безбекпін? Жан сырымды жат өлкеде сезбек кім?! Тілі бөлек, діні бөлек өзге елде жалынымен жылынбақпын өзге оттың?! Кімге сеніп, кімнің бағам кірпігін?! (Қашқандардың сырты – бүтін, ұрты – мұң...) Алдауға да, арбауға да көне алман, кімнің барып «жамамақпын» жыртығын?! Кіммен болам? Қайда? Қалай тұрмақпын? Сыр бөлісіп, кіммен сайран құрмақпын? Тамырым да, тағдырым да – кең Дала, Көшкен елден қалып қойған жұрнақпын. Өмір өзі тағдырымды сүзуде, Хақ-Тәңірім! Баста жолға – түзуге. Аспантауда тудым, өстім... Өлу – хақ. Еш қақым жоқ тамырымды үзуге!

Таңғы дауыс

Шуаққа бөлеп өрімді, сәулесі таңның өрілді. оянып жаңа ұйқыдан, манаурап ғалам керілді. Сақтай көр бұлақ, көлімді, сақтай көр шағыл, шөлімді, көгінде тырна тізілген сақтай көр сары белімді. Аспанға үнсіз асылған, уайым-мұңын жасырған, сақтай көр Алатауымды көгінде жұлдыз шашылған. Сөзім көп жеткен асылдан, Ақиқат – арым бас ұрған. Сақтай көр Ұлы Даламды сақталған он сан ғасырдан.   Аңсаған елге шуақ бер! шаршаған ерге қуат бер! Сағымдай көшкен, дүние, Сағынышымды уат кел! Аламан-дәуір… Демей көр! Алысқа жетер көмей бер! Алты құрлыққа ақыл бер! Алты алашымды жебей көр! Жебей көр, Тәңір, демей көр!   * * * Іштегі дауыс – Жер менен Көктің бөлшегі, Ой менен Сана, Ми менен Жүрек өлшемі. Ғаламның мына тартылыс күшіндейсің Сен, Жұмбағым... Сырым... Құдірет тұтар еңселі! Өзіңе сеніп, жаңбырда қалып, от кешкем, қиындықтармен жүзбе-жүз талай беттескем. Сөзіңе сеніп, кешірген, кешкен кезім көп түңілгенді де, бүгілгенді де сөкпестен. Ести де бермес ел сені, Сен болғандықтан Арманым, Сөзім еңселі. Мен саған жаңылта көрме, өтінем, Іштегі дауыс! Ой менен Сана, Жүрек пен Мидың өлшемі!