29 Наурыз, 2016

Уақыт төріндегі толағай

1077 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
* М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына – 90 жыл ойласыу 003Жалпы, қазақ жерінде театр деген өнер­дің шымылдық ашқанына 100 жыл деп жүр зерттеушілер. Бұл бол­­жамның шындығы бар, 1915 жы­лы Жүсіпбек Аймауытовтың төңі­­регіне жиналған көзі ашық қазақ зия­лы­лары Семей қаласындағы әр ұлттың саудагер көпес-приказ­чик­терінің өнер клубында сахнаға шығып, «Біржан-Сара» айтысын инсценировка жасап, алғаш рет театр ойынын қойғандығын, Бір­жанды Аймауытовтың өзі ойна­ғанын айтып-жазған Бағыбек Құн­дақ­баевтың сөзін дәлелдейтін, ал Сараны ойнаған алғашқы қазақ актрисасы Тұрар Қозыбағарова, кешті ұйым­дастырушылар ерлі-зайыпты Нұр­ғали мен Нәзипа Құлжановтар деп тасқа басылған сарғайған құжат-афи­ша­ны Семей мұражайшылары біздерге арнайы әкеліп көрсеткен-ді. Солардың бел орталарында Мұх­тар Әуезовтің, Қаныш Сәт­баев­­­тың да жүргендігі туралы дәлел ал­дық. Осы уақиғаны ар­на­­­йы тілге тиек еткен әңгіме-дү­кен, ке­рек десе ғылыми конференция М.Әуезов­тің музей үйінде 2015 жы­лы, «Қазақ театр өнеріне 100 жыл» деген айдармен өткен. т.аль-таразиТұңғышбай әл-ТАРАЗИ, Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор. Ал Жи­де­байдағы Әйгерімнің отауын­да бол­ған Мұхаңның сандық ішінде жа­тып жасаған суфлерлігімен өткен «Еңлік-Кебектің» билер сахнасы қо­йы­лымы 1917 жылы болған екен деп дәлелдейді Рымғали Нұр­ғалиев деген білгір ағамыз. Осы уақиғадан сегіз жыл өткен соң, «Мұртты көсем­нің» нар­комы А.В.Лу­начар­ский деген кісі қазақ дала­сы­на жар салып, шаншардың қуы Қа­ли­­бек Қуанышбайұлын, Жан­гел­дин отрядының сарбазы Сералы Қожам­­құлұлын, қостанайлық қуақы Елу­бай Өмірзақұлы мен Қапан Бадыровты, ақтөбелік Абылқай Абдул­лаұлын, оңтүс­тіктің от-жалын­­ды өнерпазы Құр­манбек Жан­­­дар­­бекұлын, оларға қоса Иса Бай­­­зақов, Әміре Қашаубаев сынды «самородоктарды» жинап, сол кездегі астана Қызылордада 1926 жылдың 13 қаң­тарын­да деректір Дінше Әділовтің бас­шылығымен Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» қойылымымен ата театр­дың шымылдығы ашылғаны әмбеге мәлім. Мұхтар Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» комедиясы, әйгілі «Еңлік-Кебегінің» үшінші көрінісі ойналып, екінші бөлім ретінде актерлар ән салып, тақпақ оқып концерт қойған екен. Бұларға Серке Қожамқұлов режиссерлік етіпті. Бұл топқа атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов пен мұғалім Латиф Әшкеевтер де қосылған екен. Ке­йін­­дері, сол жылдың қазан айы­нан бастап, театрға бірегей бас­шы болып Жұмат Шанин келеді. Келе өзі жазған екі сериялы «Ар­қалық батыр» қойылымы көрер­мен­ге ұсынылады. Жалпы, алғаш­қы онжылдық Жұмат ағаның бас­­қаруы­мен ізденуге, шеберлік шың­дау­ға, тақырып таңдауға, ак­тер­лік труппаны күшейтуге, оларды оқытып, білімдерін арттыруға, ма­шық­тандыруға арналыпты. 1934 жылы Құрманбек Жандарбеков екеуі Қанабек, Күләш Бай­сейітов­тер­мен бірге Ұлттық опера теат­рын ұйымдастыруға кеткенше, ата театрдың «отымен кіріп, күлімен шыққан» деседі құжаттар. 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ мәде­ниеті мен әдебиетінің он­күн­­дігіне екі театр бірігіп «Қыз Жібек» операсын және «Жалбыр» музыкалық қойылымын апар­ған екен, онда Құрманбек Жан­дар­беков, Күләш, Қанабек Байсейітов­термен бірге Серағаң мен Елағаң, Қаллекилер де шағын-шағын рөл­дер ойнапты. Ұзын-ырғасы 360 адам болып барған қазақ өнер­паз­дары декаданың соңында Үлкен театр­да қорытынды концерт берген. Декада кезіндегі барлық шара­ларға Сталиннен бас­тап, Ворошилов, Молотов сынды бар­лық бюро мүшелері қатысып, тіпті, екі мәрте тамашалағандары да бар көрінеді. Қазақ өнерпаздары ор­та­лық бюро мүше­лері мен Мәс­кеу жұртшылығының ыстық ықы­ласына бөленіп, Сәкен Сейфул­лин, Жамбыл атамыздан бастап орден-медальдарға «қарық» болыпты. Мұ­ның алдында ғана, яғни 1928 жы­л­ы, театр Алматыға көшкен жа­ңа астанаға түбегейлі табан тіре­ген болатын. Бір қызығы, Серке Қожамқұловтың естеліктерінде 1925 жылы Мәскеуде болған кон­цертте Әміре Қашаубаевтың қара­байыр­лау домбырасына көңілі тол­ма­ған нарком А.Луначарскийдің өзі арнайы шебер шақыртып, сыр­тындағы қабымен қоса жаңадан домбыра жасатып беріпті, сол аспаппен Әміре Парижге, халықаралық көр­ме ЭКСПО-ға қатысып, қазақ елі­нің атынан оның ән өнерін паш етуге барған деген деректер бар. Келесі онжылдық 1936 жылғы Мәскеу эйфориясының дүмпуі­мен келген ерекше көңіл-күй, шы­ғар­машылық желпініс әкелгені бел­гі­лі. Газет-журналдарда нешеме ма­қа­­ла­лар жарияланып, үкіметтің ар­­найы шешімдерінде қазақ театры­ның толысып, нағыз кәсіби өнер ор­да­сына айналғаны жайында әңгі­ме бола бастаған. Ақыры, 1937 жы­лы кештеу тойланған театрдың он жылдық мерекесі Қазақ Үкі­меті­н­ің сол жылғы ақпан айын­дағы театрға «Академиялық» деген атақ беру қаулысынан бастау алып­ты. Бұл жылдары театр репертуары орыс және өзге елдердің шы­ғар­маларын сахналауға ден қойыл­­ған екен. Н.В.Гогольдің М.Әуезов­­тің аударымымен режиссер И.Г.Боров қойған «Үйленуі» мен «Реви­зорын­да» Қаллекидің Дуан­басы, Камал Қармысовтың Хлес­таковы, Елағаңның Осипі актерлік табыс деп аталып, ел ішінде едәуір уақи­ға болып саналған екен. Отан соғысының қара бұлтының ал­дын­да ғана театр сахнасына Мәскеу­ден арнайы режиссерлік курсты И.Сахновскийдің шеберханасында тәмамдаған Асқар Тоқпанов ұлы Мұхтардың Л.Соболевпен бірлесіп жазған атышулы «Абайын» қояды. Театрдың іргесі бекіп, шығар­ма­шылық қабырғасы қатайған тұста бейбіт өмір, жарқын көңілдер со­ғыс өртінің бұлтына ұласып, «бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» ұранымен жігерленген театр актерлерінің біразы әскерге шақырылып, қалғаны үгіт бригадаларымен оқ бораған жерлерге ат­таныпты. Сол соғыста шейіт бол­ған­дардың ішінде небір талантты жігіттер бар еді, Жұмағұл Са­дырбаев, Ғазиз Молдаханов, Бекен Әміров, Әпсемет Сыздықов қан­дай актерлер еді, деп мұңдана еске алады Серағаң естеліктерінде. Бұл уақытта театр труппасы Сә­бира Май­­қанова, Хадиша Бөкеева, Күлзипа Сыз­дықова, Зағи Құрман­баева, Камал Қар­мысов, Сейфолла Телғараев, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Рахия Қойшыбаева, Калкен Әділшінов, Әтейбек Жо­лым­­бетов, Жағда Өгізбаев, Ра­ма­­зан Елебаев, Әбікен Хасенов, Ғаббас Ғалиев, Хабиба Елебекова, Шәкен Аймановтармен толығады. Мәскеу қаласындағы театр институтын арнайы қазақ тобы болып бітіріп, Керей Жарқымбаев, Сақып Өгізбаева, Харрас Каримов, Мәнтай Сыздықов театрға қа­был­данады. Отан соғысы кезінде Ал­мат­ыға уақытша қоныс аударған «Моссовет» театры бір шаңырақта қызмет жасапты. Мәскеуліктер Ю.Завадский, Н.Мордвинов, В.Ма­рецкая, Н.Черкасов, А.Жаров, Л.Ор­ловалардың да қазақ әріптес­тері­нің суреткерлік өре-қарымына тигізген әсерлері болмай қойған жоқ сыңайлы. Ал сол жылдары М.Г.Насонов, Г.Товстоногов, М.И.Гольд­блат, И.Г.Боров театр­ға әр кездері режиссерлік жа­­сап, «Сын сағатта», «Любовь Яро­вая», «Намыс гвардиясы» «Же­ңім­паздар», «Отелло» сияқты қойы­лым­­дармен хал-қадерлерінше ел басына күн туған қиын кезеңнің кемеріне қызмет етті. Бұл жылда­ры театрдың әдебиет бөлімін М.Әуезов басқарып, өзі де өндір­тіп пьеса­лар жазып, аудармалар жасап, репертуар саясатына қисап­сыз еңбек сіңіргенін білеміз. Әсі­ресе, В.Шекспирдің Әуезов аудар­­масын­дағы «Асауға – тұсау» қо­йы­лымы Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева­ның қатысуымен, берісі ке­ңес еліне, әрісі шетелдерге әйгі­лі болды. Сарыла күткен Ұлы Жеңіс келіп, бей­біт өмірдің қадіріне жеткен сол сұра­пыл жыл­дардағы адам ба­ла­сының өмірге ғашық­тығын, балаша тазалығын, арман қуған адал­дықтарын сөзбен айтып жеткізу оңай бола қоймас. Алматыда жаңа­­дан ашылған театр мен кино учи­лищесі мен Тәшкеннің театр өнері институтын бітіріп Мұхат Жол­­таев, Исамет Арғынбаев, Зәмзә­гүл Шарипова, Күләш Сексенбаева, Нұрмұхан Жан­төрин, Ғаб­долла Сүлейменовтің тобы кел­ді. Театр­дың режиссурасына ас­қан мә­де­ниет пен біліктілік иесі, қазақ­тың ұлт­тық дәс­түрі­не аса сақ­тық­пен ден қойып, не­шеме жұл­дыз­ды қойылымдарды дүниеге әкел­­­­ген М.И.Гольдблат көркемдік же­тек­­­ші­­ік жасап, Ш.Айманов, А.Тоқ­панов, Г.Товс­­тоногов, Ю.Рут­ков­ский, Я.Штейн­­дер өн­діріп қойы­лымдар қойып, едәуір еңбек етті. Кейінгі онжылдық көлемінде театр­ға жаңа басшы болып А.Л.Ма­диевский келеді. Ол кі­сі қойған талай маусым көрер­меннің көзайымы болған атышулы «Қарагөз» 1963 жылы жарық көрді. Бұл пьесаны ұзақ жыл толғатып жазған ұлы Мұх­тар Әуезов ол толағай табыс­ты көре алмады. Қарагөз рөлінде Зәм­зәгүл Шәріпова, Сырым болып Н.Жантөрин мен Ш.Мусин көрер­мен залының үлкен құрметіне бөле­ніп, жұлдыздары жарқырады. Келер 1964 жыл бүкіл Одақты дүр сілкінткен «Ана-Жер Ана» қойы­лымы қазақ театрына ғаламат бет­бұрыс әкелді. Тарихта болмаған оқиға ұлттық театрлардың ішінен алғаш ең жоталы жүлде – Ленин­дік сыйлыққа ұсынылған бұл құ­бы­­лыстың авторы Мәскеуден режис­серлік курсты жаңа бітіріп келген Әзірбайжан Мәмбетов еді. Әзекеңнің өкшесін баса, қазақ театр өнері мектебінің негізін қалау­шы Асқар Тоқпановтың актер­лік шеберханасын бітірген Ра­йым­бек Сейтметов, Раушан Әуез­баева, Фарида Шәріпова, Нүке­тай Мышбаева, Торғын Тасы­бекова, Әнуар Молдабеков, Жұма­бай Медетбаев, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Матан Мұра­тәлиев, Есболған Жайсаңбаев сын­ды дүркіреген жұлдызды топ қо­сылып, жас режиссердің ны­са­налы әріптестеріне айналды да, ата театрдың сахнасын шы­ғар­машылықтың ұлы дүбіріне ұлас­тырды. Жеңістің 20 жылдығына орай адамзаттың Айтматовы жаз­­ған кішігірім повесть қазақ театры­ның трактовкасында теңдес­сіз шығармаға айналып, Сәбира Майқанова, Бикен Римова мен Фа­рида Шәріпова актер­лік шебер­ліктің құзар шыңына көтерілді, бұл кезде ұлы Мұхтардың атын алған ата театр әлемге әйгілі бол­ған еді. Алайда, орталықтың қи­тұр­қы саясатының арқасында ол бәй­генің жүлдесі басқаға бұйырып, тек өз елі­міздің ғана Мемлекеттік сый­­­­лығын Ә.Мәмбетов, С.Май­қанова, Ф.Шәріпова, Б.Римова қан­­жығасына байлады. Алпысыншы жыл­­дардың ортасына қарай театр Одақ көлеміндегі МХАТ, Кіші Театр, Моссовет, Вахтангов театр­лары­­­ның қатарынан табылып, солармен иық тіресе алатын бірегей өнер ұжымдардың бірі ретінде танылды. Театрдың бас режиссері боп Ә.Мәм­бетов тағайындалды. Со­дан бастап, қазақ өнерінің қараша­ңырағы табаны күректей 30 жыл бойы Әзекеңнің адуын режис­сурасының арқасында нешебір шығармашылық жеңістерге ие болды. «Қарақыпшақ Қобыланды», «Дон Жуанның думаны», «Вьетнам жұлдызы», «Ленин 1918 жылы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қан мен тер», «Ваня ағай» сынды М.Әуезовтің, М.Фриштің, А.Куприя­новтің, А.Каплердің, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Нұрпейісовтің, А.Чеховтың сүйекті туындылары қазақ театры сахнасында шынайы көркем шығармаға айналып, жаңа, еркін тынысты, ерек режиссерлік қалыпқа түсті. 1970 жылы «Ленин 1918 жылы» спектаклі үшін Ә.Мәм­бетовке, Ленин рөліндегі Мүлік Сүртібаевқа Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы, 1974 жылы «Қан мен тер» қойылымы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына автор Ә.Нұрпейісовпен бірге Ә.Мәм­бетов, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, А.Әшімов және суретші А.Кри­во­шейн ие болды. Іле-шала осы топ КСРО халық артисі атағы­на ие болып, «әкемтеатрдың» даң­қына даңқ қосты. Замана көші тоқтаушы ма еді... СССР деген тегеурін атаумен дү­ниені тітір­кенді­ретін алып империя құлап, ұлттық рес­публикалар егемен болатын тоқсаныншы жыл­дар да төбе көрсетті. Есіміз­ді ала келген Еркіндік пен Тәуел­сіздік нешеме жылдардан бері қа­лыпқа түсіп қалған қатепті қоғам­ды есеңгіретпей қалған жоқ. Экономикасы бір орталықтан ғана ерекшеленген өндірістер мен өмір салты күйреп, әсіресе Қазақ елі «жарық астаудың» алдында қалғанда, ұлтымыздың бағына туған ұл – Нұрсұлтан Назарбаев жанкештілікпен мемлекетіміздің алып кемесін замана дауылдары мен қиыншылықтарынан аман өткізіп қана қоймай, тез арада ес жиып, ТМД елдерінің ең алдына шығарды. Көп ұзамай-ақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» еңселі елге айналдық. Алайда, ал­ға­шында айшықты өнердің өл­ше­мін, өресі мен талғамын Мәс­кеу арқылы таразылап үйренген театр оң мен солынан адасқандай күйге түскені жасырын емес. Қазақтың М.Әуезов атындағы Мем­лекет­тік академиялық драма театры ұжы­мының 1993 жылдың шілдесінен, 2001 жылдың қоңыр күзіне дейінгі, атап айтқанда, осы жазбалардың авторы театрға жаңа басшы болып келгенінен бергі шығармашылық һәм шаруашылық қызметінің шағын мағлұматын қыс­қаша тізбелеуден бастау – ал­дағы ауыз толтырып айтарымызға қа­жетті қисын. Егеменді ел болып еңсе жаңарғаннан кейін театрдың шымылдығы да жаңарса керек. Дәл сол тоқсаныншы жылдардың басында театр осы тұрғыда жаңа бет-бағытпен іске кірісіп кетті. Көрермен ең алдымен өзінің кім болғанын танымай, кім боламын деген сұрауды өзіне қоя алмайтыны белгілі. Театр алдымен осы тарихи тақырыпты бір жүйеге келтіріп, түбі осы сипатты өнер керуенінің басында болмаққа бел буғаны әмбеге аян және ол мақсатын екі мыңыншы жыл­дың бас кезеңінде абыроймен орындап та үлгерді. Басы отызыншы жылдары атылып кеткен Е.Замятиннің «Еділ пат­ша – Аттиласынан» бастап, Иран-Ға­йып­тың «Шыңғысхан», Ә.Кекіл­баев­тың «Абылайхан» атты өткен күн­нен ­атой салған атпал қойылым­дар, Шот­­ландияның Эдинбург қаласында өте­тін, Еуропа елдерінің елеулі қойы­лым­­дар жарысына үш мәрте шақыру алып, қол қысқалығынан қатыса алмай, қағажу қалған К.Аширдің «Қабыл – Адам Ата перзенті», театр залын сан жыл­дар кемерінен асыра толтырған М.Бай­сер­ке­ұлының «Абылайдың ақырғы күндері» мен жиырма бес ғасыр арғыдағы жады­мызды жаңғыртқан Шахимарденнің «Томирисі», одан бергі тарихты қоз­ғайтын М.Әуезовтің «Қилы заман», Қ.Ысқақтың «Жан қимақ» (1916 жылғы ұлт-азаттық қоз­ға­­лысының 80 жылдығына), Р.Мұ­қанованың «Мәңгілік бала бейне», әлем­дік жауһарлардан Софокл­дың «Эдип патша», М.Ме­тер­линктің «Соқырлар», К.Гоцци­дің «Турандот ханшайым», М.Ға­паровтың «Тұзды шөл» сынды талай еларалық фестивальдарда жүлде мен бүлдеге бөленген тағы да көптеген тақырыптардың алды сахнаға шықты, енді бір дайымы әдебиет бөлімінің қолында жатты, жұмыс үстінде отырған авторлар да болды. Театр жанынан «драматургтер лабораториясы» ашылып, оның алғашқы еңбектері – А.Тасымбековтің идеясымен қаруланып, театрдың ұжымдық қойылымы болған «Кебенек киген арулар», Б.Римова, Б.Атабаев, Ә.Тарази мен Қ.Ысқақтың «Алатау сынды алыбым – Жамбыл» атты, әртүрлі жарыстарда әжептәуір бәйге қанжығалаған сүйекті шығармалар көрерменге жетті. Әрине, бұл сол жылдардағы басшылықтың алдына қойған жалпы бағдарламаның бір шеті ғана еді. Жазықсыз реп­рес­сияға ұшыраған, дүниеден ерте кеткен аға буын еңбектері де біздің мәдениетіміздің тарихы, олар да сахнадан дәмететіні белгілі. Аталмыш спектакльдердің қойы­лымына үкіметтен бір тиын қара­жат сұрамай, демеуші із­деу арқылы, бол­маса театрдың тиындап жиған өз күші­мен сахнаға шыққан туындылар-ды. 1995 жылы халықаралық театр күніне арнап, алғаш рет бүгіндері жақсы дәс­түрге айналған М.Әуезов театры­ның жеке өзінің «Наурыз-95» фестивалі өт­кі­­зіліп, осы жылы ғана қойылған 11 қо­­йылым жарысқа түсті, озықтарына ақшалай-заттай сыйлық жасалып, ел экономикасы еңсе көтере алмай, өзге театрлар кезекті мардымсыз жалақысын ала алмай жүрген алмағайып кезеңде кедей-жомарт әріптестерінің көңі­лі ауланды, театр әкімшілігі ешкімнен көмек сұраған жоқ, өнерге опасыздық жасап, театрын талақ етіп, ешкім тентіреп кеткен жоқ, шаңырағы шайқалған жоқ. Жаңа басшылықтың кезінде, қайта бұрындары ат ізін салмаған «орысы» көп деген облыстарға гастрольдік сапарлар жасалды. Бұрындары «із» салынған, қайта-қайта барып, қадірін кетірген оңтүстік өңірлерді былай қойғанда, Петро­павл, Қостанай, Өскемен, Көк­ше­тау, Ақмола, Ақтау, Жаңа­өзен сияқты елді мекендердің сахналарында арман болған Әуезов театрының аруақты қойылымдары мен атақты артистерінің жүрек қағысы мен қолтық сөгер шабысын көруге көзіқарақты көрермен қоғадай жапырылып жатты. Жоғарыда санамалап айтылған, тарихымызды түгендеген айшықты спектакльдерді көріп, көңілдері өскен халық өткенімізбен «көрісіп» көзайым болды. Кезінде репертуардан себепсіз түсіп қалған Б.Римованың «Абай-Әйгерім», Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма!», Ж-Б Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» спектакльдері жаңарып, көрермендермен қайта табыс­ты. Абайдың 150 жылдығына бір айдың ішінде театр бар күшін салып «Абай десем...» ат­ты сим­воликалық драманы Жез­қаз­ғанда өткен республикалық фес­тивальге бәйгеге қосты, еңбек зая кеткен жоқ, жүлделі бірінші орынды алды. Тоқсаныншы жыл­дар­дың алмағайып кезінде театрға ат ізін салмай кеткен халық­ты қай­тарудың тиімді жолы репертуар тақырыбының жоғарыда тізбе­легендей салмақтылығы екені бірін­ші себеп болса, екіншісі «Көрер­мен» деген арнайы агенттік құры­лып, 800 орындық дағарадай кең залды бос қалдырмаудың әдісі олар­ды «қуып» әкелмей-ақ табылды. Хо-ош деңіз, сонымен қазақтың тұлпар театры 90 жаста. Тоқсан жылдық толғауын тоқсан ауыз сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.  «Біздер мынандаймыз, мынандаймыз» деп кеуде кергеннен гөрі енді қай биіктен асамыз деген ұлы мақсатты ұмытпаған да жөн шы­ғар. Біз білгенде – театр, әрине, тәр­бие орны емес. Тәрбие жасайтындай театр балабақша емес, әрине мешіт те емес уағыз айтатын, кафедра да емес ұран тастап, жиналыс жасайтын. Театр – күйкі тірліктен тазаланатын қасиетті мекен, мұндай күй кешу­дің ғылым тіліндегі атауын катар­сис дейді. Байқасаңыздар, сахна неге көрерменнен сәл-пәл көтеріліп, жоға­рыда тұрады? Өйткені, сахнаға өнер көрсетуге келген әрбір өнерпаз, ре­жиссердің тұлғалыққа апарар қал­пымен сүйріктік-суреткерлік деген қатепті қадам жасамақшы ниетпен күйкіден биікке көтерілуге керек. Э.Филиппо деген менің италия­лық актер-әріптесімнің айтатыны бар, «Егер пьесада 8 кейіпкер болса, мен тағы да бір 9-шы кейіпкерді білемін. Ол кім дейсіздер ғой? Ол – залда отырған көрермен. Сегіз кейіпкердің айтылмаған ойларын, сол тоғызыншы кейіпкер жеткізеді, әрі қарай дамытады», дейді. Тоғызыншы кейіпкер – халық. Халық – мемлекеттің негізі. Халыққа қызмет – мемлекетке қызмет. Театр – бекзат өнер. Театр – мемлекет өмірінің өнер­­дегі айнасы. Өнер мен мемле­кет егіз ұғым, екеуі де елін ессіз сүю­ші. Театр – биіктіктің өлшемі. Театрда ойнамайды, өмір кешеді, сүреді, театрмен ойнауға да болмайды. Ол жеке бастың есепті желігінен, бір тұтамға тұрмастай талғам саяздығынан биікте. Актер өнері тек қана орындаушылық емес, еріккеннің ермегі де емес. Актер – алдымен тудырушы, өз кезеңінің, өз ұлтының көп ішінен сүзіліп алынған таңдаулы ұлы мен қызы, озық ойлы, ерек тұлғалы, терең ойлы, мұңшыл, сыршыл адамы. Ерте замандағы ерек ойшыл Томас Манн айтқан екен: «Ұлттың театры болуы – оның тобырдан мемлекетке айналуы», деп. М.Әуезов театры Қазақ елінің мем­­­лекет бол­ғаны­ның айғақты мақ­­­танышы. Елбасымыз ерекше ба­ғалап, өнерін жиі тамашалай­тын ең сүйікті орда­ның торқалы тойы – елдің тойы, қазақ өнерінің қарашаңырағының керегелері мен уықтарының мәңгіге бекігенінің, еліміздің мәңгілікке бет бұрғаны­ның берекетті тойы. Құтты болсын айтайық, ағайын! Құшақ жая қуа­найық, ағайын! АЛМАТЫ. Суретті түсірген Николай СУДАКОВ.

* Лебіздер легі

есмұхан обаевЕсмұхан Обаев, режиссер, Қазақстанның халық артисі, профессор: – Театр – режис­сер­дің, ак­тер­­дің, дра­матургтің үшеуі­нің қа­быс­­қан жері. Біз­дің театрдың өсуі­не орыс режис­сер­лерінің де ық­палы тиді. Менің театрда, жал­пы өнерде жүргеніме 50 жыл, жар­ты ғасыр толыпты. Еңбек жо­лым­ды, режиссерлік жұмы­сым­­ды З.Ақышевтың «Жаяу Мұса» пьесасын, Т.Ах­тановтың «Боранын», Б.Май­линнің «Көзіл­­­дірігін» қою­дан осы театр­­да бастағанмын. Семейде 20 жыл, Әкемтеатрда отыз жылдан ас­там еңбек етіппін. М.Әуезов театрында бағым ашы­лған жанмын деп айта ала­мын. КСРО Ха­лық а­р­тисі, ре­жис­сер Ә.Мәм­бетовтің өзі бұл театр­да 35 жыл ең­бек етті. Сон­дық­тан қа­рашаңырақты Ә.Мәм­бетовтің театры деп атауға әбден болады. Ә.Мәмбетов Мәскеуде, Кремль сахнасында спек­такльдер қойды. Біз­ді қан­ша­ма биіктерге жете­ле­ді. Та­лант­тар шоғы­ры­на тап кел­се, режис­сер­дің бағының жан­­ғаны. Ә.Мәм­бетов театрды әлемге та­ныт­қан тұлға. Біздер Ә.Мәмбетов­тің жанында жүріп, тәрбиесін ал­дық, қажет кезінде сүйеніш те бол­дық. Өнер мен ел – егіз ұғым. Қа­зақ­­­тың кәсіби сахнасының көш­­­бас­шысы М.Әуезов театры ел­дің, халықтың игілігі үшін қызмет ете береді. төлен әбдікТөлен Әбдік, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – М.Әуезов атын­дағы театр – Қазақ­стан­ның, ұлты­мыз­дың ертеректен келе жат­қан үлкен өнер ордасы. Бұл театрдың қазақ руханиятына тигізген ең­бегі ұшан-теңіз. Оны бір сөзбен айтып жеткізу мүм­кін емес. Немістің ұлы жазушысы Томас Манның «Театр тобырды халыққа айналдырады» деген сөзі бар. Қазақ халқының рухани әлеуеті әлемге таныла бастаса, сол сіңірілген негізгі еңбектің бірі осы театрдікі деп есептеймін. Ұлы Мұхтар Әуезовтен бастап, еліміз­дегі драматургтердің ең таңдаулы шығармалары осы театрдың сахнасында қойылды. Менің де бір пьесам осы театр ар­қы­­лы өз көрер­менімен табысты. Қазақ драма­тур­гиясы мен режис­сурасын әлем­ге танытқан бұл театрдың 90 жыл­ды­ғына мә­дени өмі­­рі­міздегі үлкен тарихи меже деп қарауымыз керек. Елі­міздің ең ұлы ак­терлері осы театрда жұ­мыс істеді. Мен бұл театрды ерек­­ше жақ­сы көремін. Ұлттық өнері­міздегі ор­нын жоғары баға­лаймын. Сондықтан 90 жыл­дық тор­қалы тойына шын жүре­­гіммен құт­тық­тауымды жол­дай отырып, бұдан әрі қарай да театрдың өсіп-өркендей беруіне, халыққа қызмет ете беруіне тілектестігімді білдіремін.