30 Наурыз, 2016

Құрылыс жобасы өзімбілемдікті көтермейді

627 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ШымкентХалық арасында «алаған қолым береген» деген қанатты сөз бар. Осыны «береген қолым алаған» деп аударып алса да болады. Оның себебін тарқатпай тұрып, мына өзекті мәселеге көңіл аударайық. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысының бірінде өзін облыс, қаланың ханы сезі­нетін әкімдер барын да айтып қалды. Оған мысал көп. Мәселен, Шымкент шаһарын басқарған әкімдер кезінде қолда тұрған соң қонышынан басып ешкімге ақыл салмай 69 мың жер учаскесін құрылыс салуға пышақ үстінен бөліп берген. Осының 9 мыңы коммерциялық нысандар салуға бөлінген. Сорақылығы сол, ірі тас жолдардың жағасындағы желкілдеп өсіп тұрған дарақтар түбімен қопарылып алынып, орнына сауда орталықтары салынып кетті. Жол мен аяқжолдың ортасындағы алаңқай да пысықтардың қолында кетіп, зәулім ғимараттарға айналып шыға келді. Кезінде сәулет, қала құрылысы бөлімдерінен жең ұшты құжат алып, бас жоспарға қарамай салынып кеткен, қызыл сызықтың үстіне түсіп кеткен бұл ғимараттардың заңсыздығын дәлелдеу Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына оңай тиіп тұрмағаны анық. Ауылшаруашылық жерін ұзақ мерзімді пайдалануға алған азаматтар сол жерді ешкімнің рұқсатынсыз телімдерге бөліп, үй салуға сатып жібергені де жүздеген отбасының жүйкесіне салмақ түсіріп жүр. Өйткені, ақ тер, көк тері шығып салған үйін ресімдейін десе, тіркете алмайды. 2353_oko_1Жақында осы мекеменің басшысы Құттыбек ЖАМАШЕВҚА жолығып, біраз сауалымызға жауап алған едік. – Елбасы Н.Назарбаевтың бес институттық реформаны жү­зеге асыру бағытындығы «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 46, 47, 48, 49-қадамдары құрылыс заңдылықтарын жетілдіру арқылы заң бұзушылықтардың алдын алу, жоба құнын бүгінгі күнгі на­­рыққа сәйкестендіру, елімізде халықаралық стандарттарға сай компаниялар мен мамандардың өсуіне ықпал жасай отырып, құрылыс саласын дамыту және сапасын жақсарту болып табылады. Біздің басқарманың басты мін­деттерінің бірі – құрылыс ны­­­сандарының сапалы және қауіпсіз болуын бақылау. Негізі­нен құрылыстың сапалы, қауіпсіз болуы тапсырыс беруші аудан, қала әкімдіктерінің бөлімдері, салалық басқармалар, жобалау­шы, мердігер, техникалық қада­ғалау мекемелерінің құрылыс барысында күнделікті атқарған жұмыстарына біліктілікпен, жа­уап­кершілікпен қарауына байланысты. Біздің облыс негі­зінен сейсмикалық жағынан қа­уіпті аймаққа жататындықтан, ны­сан­­ның сенімділігі мен беріктігі адам өмірінің қауіпсіздігіне жауап беретіндігін барлығымыз әр­­да­йым жадымызда ұстауымыз керек. 2015 жылы басқарма тарапынан 1180 құрылыс нысанына қадағалау жұмыстары жүргізілді. Басқарманың құрылыс инспекторлары тарапынан об­лыстың аудан, қалаларында салынудағы құрылыс нысандарына 4436 рет тексерудің өзге де түріндегі бақылау және қа­­да­ғалау жұмыстары жүргізіліп, анықтамалар толтырылды. Бұл бақылаудың өзге түрінде басқарма инспекторлары түсіндірме, ұсы­ныстар, нұсқамалар береді. Нәти­жесінде 495 тексеру та­ғайын­­дау актілері ашылып, 353 іс бойынша әкімшілік құқық бұ­зушылық жөнінде хаттамалар толтырылды. Соттың қарауына 86 хаттама жолданды. Басқарма тарапынан 296 қаулы толтырылып, 71,06 млн. теңге айыппұл салынып, 75 пайызы өндірілді. Бюджет есебінен құрылысы жүр­гізілген 722 нысанның 216-сы бойынша құрылыс нормаларының сақталмауы анықталып, 18 тапсырыс берушіге, 34 жо­ба­лау­шы мекемеге, 23 тех­ни­калық қадағалаушы мен 141 мердігер мекемеге заң­да­рымызға сәйкес әкімшілік жа­уапкершілік жүктелді. – Әкімшілік шаралар қа­ралды деп жатырсыз. Мәсе­лен, қанша жобалаушы мекеме, қандай жұмыстарды аяғына жеткізбей сараптамадан өткізбегендеріне мысал кел­тіріңізші. – Былтыр құрылыс нысандарына 128 жобалаушы мекемеден астам авторлық қадағалау жұмыстарын жүргізіп, жобалау жұмыстарын сапасыз және мерзімінен кешіктірген 34 жобалаушы мекемеге айыппұл салынды. 4 жобалаушы мекеменің мем­лекеттік лицензиясы 6 айға тоқтатылды. Шымкент қаласы, Сәтбаев атын­дағы мектеп-гимназия ғи­маратында күрделі жөндеу жұ­мыстарының жобалау құжат­тамасын құрылыс нормаларына сәйкес жобаламай, қателіктерге жол бергені үшін жобалаушы мекеме – «Ернур-Сервис» компаниясына Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 312-бабының 1-тар­мағымен және біліктілік талаптары сәйкес болмауына бай­ланысты лицензиясы 6 айға тоқтатылды. Барлық аудан, қаладағы құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінде жобалау тапсырмаларын тапсырыс беруші емес, жобалаушылар өз­дері дайындайды. Олар өздері үшін қолайлы етіп, құрылыс ере­желері талаптарын толық қам­тымай дайындап, бекіттіріп алады. Жобада кемшіліктер анық­талғанда бұл жері жоба тапсырмасында қаралмаған деген уәж айтылады. Аудан, қалалардағы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық ша­­руашылық бөлімдерінде ма­мандардың жетіспеушілігінен және біліктілігі төмендігінен жобалау құжаттамасының жасалуына, қабылдануына дұ­рыс бақылау жасай алмау­да. Жо­­балаушы мекемелер­дің ма­териалдық-техникалық жаб­­дықталуы төмен, білікті қыз­мет­керлерінің тапшылығы және жобалау мекемелері бір мезгілде бірнеше нысандарды жобалау жұмыстарының сапасы мен мер­зіміне әсер етуде. – Құрылыс нысанда­­рын қа­дағалауда қателіктерге жол берген техникалық қа­дағалаушы мекемелер «іс бітті, қу кеттімен» құтылып кете бере ме, әлде жа­заға тартардай өкілеттіктер қа­растырылған ба? – Ол үшін 2015 жылы тех­никалық қадағалаушы тарапынан жіберілген кемшіліктерге тоқтала кеткен артық болмас. 2015 жылы құрылыс нысандарын 56 мекемеде 188 техникалық қадағалаушы мамандар қызмет көрсетіп, оның ішінде, құрылыс нысандарын өз деңгейінде қа­да­ғаламаған 23 техникалық қа­дағалаушылардың аттестаттары 6 айға тоқтатылып, әрбіріне 200 АЕК мөлшерінде айыппұлдар салынды. Сонымен қатар, бір техникалық қадағалаушының 3 аттестаты кері қайтарылды. Басқарманың техникалық қадағалаушы мамандардың жұ­мыстарына жүргізген талдауы нәтижесінде көп нысандарды қадағалауға бекітілген және бір мезетте бірнеше мекемеде жұмыс атқаратын техникалық қадағалаушылар белгілі болды. Басқарма тарапынан тапсырысшы мекемелерге қосымша инженер мамандар бөлу талап етіліп, қосымша техникалық қа­дағалаушы мамандар қосылды. Мысалы, бір мезетте тех­никалық қызмет көрсетуші «ТКиЗ» ЖШС 2015 жылы 2 тех­никалық қадағалаушы маманмен облыстың әр ауданында (Шымкент, Түлкібас, Түркістан, Сарыағаш, Созақ, Арыс, Қазығұрт, Кентау, Мақтаарал, Отырар аудандары) салынудағы 44 нысанның құрылысына инжинирингтік қызмет көрсеткен. Шын мәнінде, техникалық қадағалаушы күн­делікті нысан басында болып құрылыс барысын қадағалайтын болса, онда мұндай көлемдегі жұмысты бір мезетте атқару инженер мамандарға нормадан тыс деп санаймыз. Техникалық қадағалау қыз­метін жүзеге асыратын мекемелер қарамағында істемейтін техникалық қадағалаушы мамандарды сыртынан бекітіп жіберген жағдайлар болды. Со­нымен қатар, инженерлік қызметті жүзеге асыратын мекемелер төмен бағаға нысандардың құрылысына инжинирингтік қызмет көрсету жұмыстарын ұтып алған. Мемлекеттік сатып алу заңында осы қызмет түріне баға өтінім беруде төменгі шегі болмағандықтан, 1 теңге ұсыныс берген фактілер де кездеседі. – Бұрын Түркістан қа­ласына екі-үш сағатқа жуық жол жү­ретін едік. Әсіресе, түн­де қиын. Ойылып кеткен асфальт кетігіне төсін соғып, кар­тері жарылып, талай машина жолда қалатын. Қазір, құдайға шүкір, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің арқасында ұзақтық екі есеге жуық қыс­қар­ды. Бірақ көңіл құлазытатын бір жағдай, салынып бітті деген кейбір учаскелерде бетон жол қайта бұзылып жатыр. Бұған сіз­дердің мекемелеріңіздің ық­палы бар ма? – Әрине. Көзжұмбайлықпен қабылданып кетсе, оның зардабын кейін көбірек тартатын боламыз. Бүгін қалпына келтіріп алмасақ, кейінгісі кеш. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан құрылысы салы­нудағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының құрылысына 2015 жылы басқарма тарапынан жол құрылысында жобадан ауытқып және сапасыз жүргізілген құрылыс жұмыстары анықталып, бес бас мердігер мекемеге Әкім­шілік құқық бұзушылық кодексінің баптарына сәйкес шаралар көріліп, 3200 АЕК, яғни 5,6 млн. теңге айыппұл салынып, кемшіліктері түзетілуде. Сонымен қатар, бір мердігер – «Корпорация Синахайдро» компаниясы бір жыл ішінде 2 рет құрылыс нормаларын бұзғандықтан, лицензиясын жоюға сотқа беріліп, ісі сотта қыс­қартылды. Құрылыс нысандарының сапалы болуының негізгі бір факторы құрылыс материалдарына байланысты. Әдетте, мердігер мекемелер құрылыс материалдары неғұрлым арзан болғанын талап етуінің өзі өндірушілер өз өнімінің сапасына қарағанда, бағасының өтімді болуына көңіл бөлуін көрсетеді. Бүгінгі таңда облысымызда құрылыс материалдарын өндіретін 88 өндіріс орны бар. Шығарылған материалдардың бір партиясына сәйкестік сертификатын алып, одан сапасы төмен өнімдерін сол сертификатпен өткізу орын алуда. Құрылыс лабораторияларының жұмысына келетін болсақ, қоры­тынды ақылы түрде берілетін бола­тындықтан, олар тапсырыс беруші және қаржыландырушы мердігер мекемелерге тәуелді. Бүгінгі таңда облыстың құрылыс саласында жұмыс атқарып жүр­ген 13 лабораториялық мекеме бар. Тапсырыс беруші мекемелер мен лабораторияларды тікелей келісімшартқа немесе үш жақты келісімшартқа тұрғызып, тапсырыс беруші олардың атқарған жұмысын қабылдап, қаржыландырылуын ба­қылағаны дұрыс. – Былтыр қазан айында сәулет, қала құрылысы және құ­­ры­лыс қызметі туралы заң­намаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Со­­ның аса маңыздыларына тоқталсаңыз. – Иә, заңнамаға енгізілген өзгерістер өте ауқымды. Онымен құрылыс компанияларының жауапты өкілдері толық танысып шықты деп есептеймін. Оның үстіне, басқарма тарапынан тү­сіндіру жұмыстары да жүріп жатыр. Сондықтан мен тек кейбір тұстарын атап өтейін. Біріншіден, тапсырыс берушi салынған объектiнi пайдалануға қабылдау мен берудi, бекiтiлген жобаға сәйкес, ол толық әзiр болған және сәйкестiк туралы декларация, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың бе­кiтiлген жобаға сәйкестiгi туралы қорытындылар болған кезде жүргiзедi. Ал, техникалық жа­ғы­нан күрделi емес объектiлердi пайдалануға қабылдауды меншiк иесi (тапсырыс берушi) өз бетінше атқарады. Екіншіден, енді мер­дiгерден (бас мердiгерден) объек­тiнi қабылдауды техникалық және авторлық қадағалаулармен бiрлесiп, тапсырыс берушi жүзеге асырады. Үшіншіден, мердiгер (бас мердiгер) мен техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушiден сұратуды ал­ған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде сәйкестiк туралы декларацияны, құрылыс-мон­таж жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыс­тар­дың жобаға сәйкестiгi туралы қо­ры­­тын­дыларды (не терiс қорытындыларды) ұсынады. Төр­тіншіден, объект қандай да бір міні және шалағайлықтары бола тұра, пайдалануға қабылданған жағдайда, қабылдауға қатысу­шылар жауапқа тартылады. Бе­сін­шіден, жобалау қызметіне және құрылыс-монтаж жұмыс­тарына лицензия алу үшін өті­ніш берушінің және осы қыз­мет түрін жүзеге асыратын ли­­цензиаттардың құрамында аттестатталған инженер-техник болуы тиіс. Алайда, ол енді атал­ған қызмет түрлерін жүзеге асыратын басқа ұйымдарда жұ­мысты қоса атқара алмайды. Сонымен қатар, жаңа заң бойынша, жобалау және құрылыс салу процесіне қатысушы инженер-техник мамандар аттестатталады. Оларға аттестация беру үшін мемлекеттік емес ак­кредиттелген аттестаттау орта­лықтары мен объектілердің құ­рылысын салу үшін жобаны бас­қару жөніндегі инжинирингтік қыз­меттер көр­сететін ұйымдар құрылады. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.