Өткен жылдың жаз айында прокатқа шығып, Астанадағы кинотеатрлардың бірінде көрсетіліп жатқан «Рэкетир-2. Возмездие» (2015, реж. А.Сатаев) фильміне бардым. Залда шамамен 10-15-тей көрермен отырдық. Фильм аяқталып, соңымнан келе жатқан екі қыз баланың біреуінің: «Неге жалаңаш қыздарды қайта-қайта көрсете берген?» деген сөздерін құлағым шалып қалды. Бұрылып қарасам, екеуі де заманауи үлгіде киінген жап-жас қазақтың қыздары. Шынымды айтсам, мені олардың фильм туралы ойлары қызықтырды.
«Фильм ұнады ма?» деп сұрадым олардан. «Жаман емес сияқты. Бірақ, атыс-шабыс көп екен. Сонан соң, америкалық фильмдердегідей жалаңаш қыздарды неге көрсете береді?» деді тағы. Басқа-басқа, америкалық боевик, детектив, блокбастерлермен өскен ұрпақтың бұлай деуі әрі таңғалдырды, әрі қуантты. Қыздардың аса көңілі толмай тұрғанына қарағанда, жаңағы біз көріп шыққан фильмнің авторлары әлденеден қателескен болуы керек? Қай жерден мүлт кетті? Бір қарағанда, көрерменге арналған коммерциялық фильмге қажетті атыс-шабыс, махаббат желісі, әдемі кейіпкерлер, шиеленіскен оқиға, динамика, т.б. бәрі-бәрі бар. Бірақ...көрерменнің көңілі толмай қалды. Неге?
Бұл сұраққа жауап іздеудің алдында жалпы бүгінгі қазақ киносының көрерменге қандай фильмдер ұсынып жүргені, олардың бағыт-бағдары, тақырыбы, кейіпкерлері туралы мәселелерді қарастыру қажет. Бір-екі шығарма арқылы қазақ киносының қазіргі жағдайын толық көрсету мүмкін емес. Сондықтан, әңгімемізде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында соңғы бес-алты жылда түсірілген көркем фильмдерге назар аударуды жөн көрдік. Жоғарыдағы «Рэкетир-2» көркемсуретті фильмі жеке студиялардың бірінде түсірілді. Дегенмен, еліміздегі киноөндірістің дені «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі болып келеді.
Бұл ретте осы аралықта киностудияның қыруар жұмыс атқарғанын айтып өтуіміз керек. 2010 жылдан бермен қарай «Қазақфильм» киностудиясында 50-ге жуық көркемсуретті, 100-ден астам деректі, 30-дан астам анимациялық фильм, 4 телесериал түсірілді. Әрине, бұлардың әрқайсысы жеке-жеке талдауды қажет етеді және олардың бәрін бір ғана әңгімеде баяндап шығу тағы қисынсыз. Сондықтан, әуелі тек көркем фильмдерді алып отырмыз.
...Әрине, 50 – аз да, көп те емес. Ал кейбір жылдары түсірілген көркем фильмдердің саны оннан асып жығылса, кейде одан азырақ болған (2010 жылы – 7, 2011 жылы – 13, 2012 жылы – 7, 2013 жылы – 7, 2014 жылы – 11, 2015 жылы – 3). Жылына 800-1000-нан астам фильм түсіретін әлемнің кейбір елдерімен салыстырсақ, әрине мұныңыз өте мардымсыз. Бірақ, алыс-жақын кейбір елдермен салыстырғанда, көңілге едәуір жылу ұялатады. Яғни, біразына қарағанда, еліміздегі киноөндірісі саласының аяқ алысы жаман емес деуге болады (бұған жеке студиялардың фильмдерін қосыңыз).
Бұдан негізгі екі бағытты көруге болады: авторлық және жанрлық кино. Авторлық кино бағытында түсірілген фильмдердің саны аса көп емес, бар-жоғы 7-8 фильм ғана. Басты назар аударғымыз келіп отырғаны – осы уақыт аралығында көрерменді қазақ фильмдеріне тарту барысында көптеген жұмыстар атқарылған. Сондықтан, жанрлық киноға, соның ішінде, әсіресе мелодрама, криминалдық драма, комедия, психологиялық драма, тарихи драма, лирикалық драма, детектив, фэнтези, кинокомикс жанрларына басымырақ орын берілген және оларды тақырыбы жағынан бірнеше топқа бөлуге болады. Жанрлық фильмдердің бір тобы балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған. Бұл топта «Супер Баха» (2011, «Қазақфильм», кинокомикс жанры, реж. Төлеген Байтүкенов, Тимур Қасымжанов, орыс тілінде), «Аңшы бала» (2011, «Қазақфильм», «Asau Art films» ЖШС, реж. Ерлан Нұрмұхамбетов, Бегарыс Смағұлов, қазақ тілінде), «Книга легенд: таинственный лес» (2011, «Қазақфильм», фэнтези жанры, реж. Ахат Ибраев, орыс тілінде), «Жеңіс семсері» (2012, «Қазақфильм», фэнтези жанры, реж. Әсия Сүлеева, Әнуар Райбаев, қазақ тілінде) атты төрт фильм бар.
2011 және 2012 жылдары қазақ киносында аса игеріле қоймаған фэнтези жанрындағы балаларға арналған «Книга легенд: таинственный лес» және «Жеңіс семсері» атты екі фильм дүниеге келді. Үштен екі бөлігі CG эффектілерінен (компьютерлік графика) тұратын оған әлемге әйгілі «Нарни хроникалары» және «Сақиналар әміршісі» фильмдерінің тигізген әсері аз болмаған сияқты. Фильм заманауи технологияның қолданылуы тұрғысынан қазақ киносына тың серпіліс әкелді. Алайда, кәсіби тұрғыдан сәтті шыққанмен, кейіпкерлері мен оқиғалар орны тек жергілікті ортаға сәйкес үйлестірілумен ғана шектелген бұл шығарманың өн бойынан ұлттық дүниетанымның белгісі көрінбейді.
Балалар тақырыбына түсірілген тағы бір «Жеңіс семсері» фильмі, керісінше, қазақы ортаға, қазақы дүниетанымға біршама жақын. Мұнда алдыңғы фильмге қарағанда, арнайы эффектілер аз қолданылады. Егер, «Книга легенд: таинственный лес» фильмінен фэнтези жанрындағы заманауи шетелдік фильмдердің дәстүрі айқын көрінсе, «Жеңіс семсері» фильмінде, керісінше, кеңестік киноның үздік дәстүрлері байқалады.
Қазақ ұлттық кино өнерінде Қожа мен Алпамыстай кесек кейіпкерлердің алатын орны бөлек. Оларды басқа елдердің фильмдеріндегі кейіпкерлермен шатастырып алмайсың. Қожа мен Алпамыстың өміршеңдігі осында. Соңғы жылдары балаларымыздың санасын улап жатқан шетелдік бейнелер аз емес. Соның бірі – Бэтмен. Еліміздегі кинокомикс жанрында түсірілген алғашқы «Супер Баха» фильмінің авторлары әлемге әйгілі сондай Бэтмен бейнесі арқылы көрермен аудиториясына түсінікті болғысы келеді. Алайда, қазақ балаларына жақындау үшін қолына домбыра ұстаған Бэтмен бәрібір жағдайды түзулей алмайды. Өйткені, кейіпкерлерінің дүниетанымы, іс-әрекеті ұлттық дүниетанымнан, болмыстан тым алыс жатыр. Тек, «Супер Баха» фильмінің ғана емес, көп режиссерлеріміз нақ осы тұста көп ұтылады. Олар барлығына түсінікті, барлығы қабылдай алатын фильм түсіреміз деп әлектенеді. Содан келіп, таныс кейіпкерлерді, сюжеттер мен тақырыптарды айна-қатесіз қазақ экранына көшіре салумен және көп жағдайда америкалық немесе еуропалық фильмдердің түсірілу жүйесін қайталаумен шектеледі. Тек, бір ғана айырмашылығы – кейіпкерлерінің аты-жөні мен жер атаулары өзгертіледі.
«Супер Бахада» балалар Бэтмендей күші тасыған батыр болғысы келсе, «Аңшы бала» фильмінің кейіпкерлері қасқырды атып алып, ересектерше өзінің азаматтық борышын өтеуге талпынады. Бірақ, алдыңғы фильмнен соңғысының өзгешелігі – қалада өскен бала рухани тамырын ауылдан іздейді. Соған қарамастан, фильмдегі кемшілік – кейіпкерлердің бейнесі мен оқиғалар қатары әдемі альбомдағы фотосуреттердің тізбегіндей әсер қалдырады. Бір қарағанда, фильмде тақырып та, кейіпкер де, идея да, ауыл да, оның тұрғындары да, бәрі-бәрі болғанмен, бірақ, әйтеуір бір тұздық жетпей тұрған сияқтанады... Мұның басты себебі, драматургиялық құрылымының солғындығы деп білемін.
Жанрлық фильмдердің тағы бір тобы Кеңес өкіметі жылдарындағы тарихи оқиғаларды қамтиды немесе оқиғалары сол кезеңде өрбиді. Бұл топқа «Жерұйық» (2010, «Қазақфильм», тарихи драма, реж. Сламбек Тәуекел, қазақ тілінде), «Возвращение в «А» (2010, «Қазақфильм», тарихи драма, реж. Егор Кончаловский, Қазақстан-Ресей, орыс тілінде), «Лотерея» (2012, «Қазақфильм», «Бәйтерек» продюсерлік орталығы, комедия, реж. Дәмір Манабай, қазақ тілінде), «Дәмелі» (2014, «Қазақфильм», драма, реж. Кенжебай Дүйсебаев, қазақ тілінде), «Испытание» (2014, «Қазақфильм», «Мосфильм», драма, реж. Александр Котт, орыс тілінде) фильмдері жатады.
Сондай-ақ, белгілі тұлғалардың өмірі туралы тарихи-биографиялық жанрда түсірілген «Балалық шағымның аспаны» (2011, «Қазақфильм», реж. Рүстем Әбдіраш, қазақ және орыс тілдерінде), «Елбасы жолы: Теміртау» (2013, «Қазақфильм», реж. Рүстем Әбдіраш, қазақ және орыс тілдерінде), «Елбасы жолы: От-өзен» (2013, «Қазақфильм», реж. Рүстем Әбдіраш, қазақ және орыс тілдерінде), «Елбасы жолы: Тығырықтан жол тапқан» (2014, «Қазақфильм», реж. Рүстем Әбдіраш, қазақ және орыс тілдерінде), «Аманат» (2014, «Қазақфильм», реж. Сатыбалды Нарымбетов, қазақ тілінде), «Құнанбай» (2015, «Қазақфильм», реж. Досқан Жолжақсынов, қазақ тілінде) фильмдері экранға шыққан болатын.
Отанға, туған жерге оралу, ұлттық тамырмен қайта қауышу тақырыбы «Армандастар» (2011, «Қазақфильм», драма, реж. Ерлан Сағынов, қазақ, орыс тілдерінде), «Қара шаңырақ» (2011, «Қазақфильм», драма, реж. Асқар-Мұхит Нарымбетов, қазақ және орыс тілдерінде), «Дорога домой» (2015, «Қазақфильм», «Көркемфильм» студиясының қатысуымен, драма, реж. Рашид Сүлейменов, орыс тілінде) фильмдерінде көрініс тапты. Сондай-ақ, халықтар достығы тақырыбы «Жиде. Кешіккен махаббат» (2010, «Қазақфильм», «Tanaris Produktion», мелодрама, реж. Сәбит Құрманбеков, қазақ және орыс тілдерінде), «Ирония любви» (2010, «Қазақфильм», мелодрама, реж. Александр Черняев, Ержан Рүстембеков, Қазақстан-Ресей, орыс тілінде), «Жерұйық», «Возвращение в «А», т.б. сияқты жанрлық фильмдерде көрініс тапты.
Жанрлық фильмдердің, әсіресе детектив, криминалдық драма, комедия, мелодрама, драма жанрларында түсірілген фильмдердің басым көпшілігінің кейіпкерлері америкалық фильмдер немесе корей, т.б. телесериалдарының кейіпкерлерін қайталайды. Мысалы, комедия жанрындағы «Препод» (2012, «Қазақфильм», реж. В.Вилкс, С.Леонтьев; орыс тілінде) фильміндегі кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөйлеу мәнері корей сериалдарының кейіпкерлерін еске түсіреді. Немесе, «Ликвидатор» (2011, «Қазақфильм», «Сатайфильмнің» қатысуымен, криминалдық драма, реж. Ақан Сатаев; орыс тілінде) фильмінің кейіпкері америкалық криминалдық драмаларды қайталап, жалғыз өзі қылмыс әлемімен күреседі, әрине соңында жеңімпаз болып шыға келеді. Әлбетте, әдемі, сұлу бойжеткен қандай жағдайда болмасын, басты кейіпкерге көмекке келеді. Немесе кейіпкерлері әлемді апаттан құтқарып қалғысы келіп, түрлі шытырман оқиғаларды басынан өткеріп, жеңімпаз болып шығып жататын америкалық фильмдердің схемасын қайталайтын «Охота за призраком» (2014, «Қазақфильм», детектив, реж. Марина Құнарова; орыс тілінде), ия болмаса кейіпкері басына түскен қиыншылықтарды жеңіп, спортта үлкен жетістіктерге жететін «Рывок» (2010, «Қазақфильм», «Kanaidar Produktion», драма, драма, реж. Қанағат Мустафин; орыс тілінде) фильмдерін айтуға болады. Детектив, криминалдық драма жанрларындағы «Кенже» (2014, «Қазақфильм», реж. Ермек Тұрсынов; орыс тілінде), «Заговор Оберона» (2014, «Қазақфильм», реж. Айдар Баталов; орыс тілінде), «Джокер» (2013, «Қазақфильм», реж. Талғат Жаныбеков; орыс тілінде) фильмдерінің кейіпкерлері де қылмыс әлеміне немесе әлдебір жағымсыз құбылыстарға қарсы шығып, соңында сөзсіз жеңіп шығатын америкалық фильмдерді амалсыз еске түсіреді.
Бұл фильмдерден көретініміз – әдеттегідей кейіпкерлердің бір-біріне деген сүйіспеншілігі, махаббат жолындағы күрес, ол күресте жеңіп шығуы немесе жеңіліске ұшырауы, сүйген адамына жету жолындағы неше түрлі шытырман оқиғалар. Мысалы, мелодрама жанрында түсірілген «Виртуальная любовь» (2012, «Қазақфильм», MCR Agency, реж. Әмір Қарақұлов, орыс тілінде) фильмінде басты кейіпкер өзімен бірге жұмыс істейтін сұлу қызға бір көргеннен ғашық болып қалады. Әрине, өзі сұлу, өзі тәкаппар бойжеткен ә дегеннен қарапайым, өзі алаңғасарлау әрі мейірімді жігітті байқай қоймайды, сезіміне назар аудармайды. Тіпті, оны қабылдамайды да. Сүйіктісінің назарын аударту үшін жігіт бойжеткенмен виртуалдық әлемде басқа есіммен «достасып», соңында бойжеткеннің жігітке деген сезімі ояна бастайды. Әрине, осы жерде жанрдың заңдылығына сәйкес, бұлардың сезіміне қарсы тұратын жағымсыз кейіпкер пайда болады. Сұлу бойжеткенге көңілі кетіп жүрген бөлім басшысы фильмдегі тартыстың екінші жағына шығады. Бойжеткенді қолына түсіріп, дегеніне жету мақсатында алдап-сулап, өзі тұратын үйге ертіп келеді. Осы жерде оның, тіпті, зұлым, айлакер ғана емес, қанды қол қылмыскер екені ашылады. Енді жаңағы «жағымды» бас кейіпкеріміз сүйгенін «жағымсыз» кейіпкердің тұзағынан құтқармақ болып, ашық күреске шығады. Әрине, соңында «зұлым кейіпкерді» жеңіп, сүйгенімен қосылады.
Жалпы, «Виртуальная любовь» – белгілі режиссер, «жаңа толқын» киносы өкілдерінің бірі Әмір Қарақұловтың коммерциялық бағытта түсірген алғашқы туындысы. Бұған дейін «Разлучница», «Голубиный звонарь», «Последние каникулы», «Жылама» атты авторлық кино бағытындағы шығармаларымен етене таныс режиссердің коммерциялық киноға назар аударғаны шын мәнінде таңғалдырды. Бір жағынан, мұндай құбылыс әлем киносында өте жиі кездесетін құбылыс. Мысал үшін айтатын болсақ, Францияның «жаңа толқынына» жататын режиссерлердің дені кейін коммерциялық киноға бет бұрғаны тарихтан мәлім.
Авторлық кинода өзіндік қолтаңбасы бар Әмір Қарақұлов баспасөз беттеріне берген сұхбаттарында авторлық бағыттан гөрі, көрерменге арналған фильмді түсіру әлдеқайда күрделі екенін сөзге тиек етеді. Фильм туралы не деуге болады? Әрине, кәсіби тұрғыдан келгенде, өз саласының маманы қолынан шыққан дүние екені даусыз. Алайда, тағы да сол баяғы кемшілік: ұлттық дүниетанымның бірде-бір белгісін таба алмайсыз. Бұл фильмді мұнда ғана емес, Америка немесе Ресейге, неміс, яки француздарға, яғни әлемнің кез-келген түкпіріне апарсаңыз да жатырқамай қабылдайды. Бірақ, ол шығармадан белгілі бір ұлтқа тән болмыстық ерекшелікті, дүниетанымды таппайтыны анық.
Драма жанрында түсірілген «Качели любви» (2012, «Қазақфильм», реж. Тоқтар Қарсақбаев, орыс тілінде) фильмі де жоғарыда айтылып өткен жанрлық шығармалардан алшақ кетпейді. Бұнда әскерден оралған жас жігіт кездейсоқ өзінің сүйіктісімен кездесіп қалады. Алайда, оның басқа біреумен шаңырақ құрғанына, жақында бөпелі болатынына қанық болады. Сөйтсек, қылмыс әлемімен байланысы бар «жағымсыз» кейіпкер жаңағы қызды өзіне күйеуге шығуға мәжбүрлеген. Әрине, алдындағы фильмдегідей бас кейіпкеріміз мұнда да өзінің сүйіктісі үшін кек алуға бекінеді. Кегін алып, сүйіктісімен енді табыса бергенде, жаңағы «жағымсыз» кейіпкердің бұларға бағыттап атқан оғынан қыз көз жұмады. Немесе, мелодрама жанрында түсірілген «Ирония любви» фильмін алайық. Ресей кинематографистерімен бірігіп түсірілген бұл фильмнің сюжеттік желісі алдыңғы фильмдерді қайталайды. Онда да сол махаббат хикаясы: қарапайым орыс жігіті қазақ қызына ғашық болып қалады. Бұл жерде де тартыстың екінші жағында – қазақтың бай жігіті тұрады. Соңында қыздың таңдауы орыс жігітіне түседі. Сөйтіп, екі халықтың достығын «жырлаған» бұл фильмде орыс жігіті мен қазақ қызының арасындағы өзара сүйіспеншілікке басымдық беріледі. Фильм төңірегінде көтерілген даулы пікірлер көп. Тіпті, мұны сынап, ел ағалары үлкен мәселе ретінде алға тартты. Ата-бабаларымыздың ежелгі салт-дәстүрін қадірлемеудің, табан асты етудің көрінісі деп баға берілді. Экрандық туындыларды тәрбиенің құралы, патриотизмді, Отанға, ұлтыңа қызмет ету мен сүюді дәріптеудің алаңы дейтін болсақ, Тәуелсіздік рухымен еңсеміз тіктеліп келе жатқан тұста мұндай әбес қадамдар халықтың сөзсіз ашу-ызасын туғызып, керісінше әрекеттердің бой көтеруіне әкеліп соқтырады. Қазақ қызының тағдыры ойыншық емес! Тағы бір фильмде қазақ қызы үйінен безіп, француздың, шетелдіктің етегінен ұстап кете барады. Режиссер бұл арқылы қазіргі қазақ қыздарының бойындағы кемшілікті, атамекенін қиғанмен, туған жерді ешбір жер алмастыра алмайтынын кейіпкердің көз жасы арқылы ашына көрсетпек болады. Ащы шындық десек те, бәрібір фильм өзге ұлтқа тиген жан туралы. Отанынан ажыраған пендені кейіпкер етіп алып отыр. Жас сана мұны түсіне ме? Фильм сонда қандай идеяны алға тартып отыр? «Абай болыңдар. Адасып қалмаңдар!» деп Отанға сүйіспеншілікті дәріптеу ме, жоқ әлде, «бәріміздің көзіміз үйреніп кеткен бүгінгі шындық осы» дегенді бетке басу ма, яки болмаса мойынсұну ма? Өзекті мәселе.
Комедия жанрында түсірілген «Препод» фильмінде де жас жігіттің сұлу бойжеткенге ғашық болып қалуы, аты-жөнін өзгертіп, қыз оқитын университетте оқытушы болып жұмысқа орналасуы, неше түрлі күлкілі оқиғаларды басынан кешіп барып, соңында сүйгенімен қосылуы сияқты үйреншікті схеманың куәсі боламыз. Кейіпкерлері – қазақ, бірақ олардың мінез-құлқы, іс-әрекеттері шетелдік фильмдердің «салқынымен» түсірілген «Жел қызы» (2011, «Қазақфильм», «Production House 567» ЖШС, реж. Жасұлан Пошанов, қазақ тілінде) Америка киносының жұлдызы К.Тарантиноның шығармашылығын еске түсіреді.
Заманауи әлеуметтік мәселелер мен тарихи оқиғаларды қозғағанмен, оларды көрсетуде шетелдік, әсіресе америкалық коммерциялық фильмдердің заңдылықтарына жүгінген жанрлық фильмдер жоқ емес. Соның бірі – жастарға арналған криминалдық драма жанрында түсірілген «Сказ о розовом зайце» (2010, «Қазақфильм», реж. Фархат Шарипов, орыс тілінде) фильмі. Мұнда сатқындық, азғындық, нашақорлық, қылмыс, оны жасаған адамның кінәсін әлсіз, қорғансыз басқа біреудің мойнына ілу, ізін жасыру, түнгі клубтар, ондағы ішімдік пен темекінің, нашаның буына еліткен жастар, қымбат көліктер, іші-сырты байлыққа тұнып тұрған зәулім үйлер, сондай үйлерден құралған кішігірім қалашықтар, кварталдар, көше бойы қара жұмысқа жалданып тұрғандар және олардың тұратын жертөлесі, т.б. бар.
Шынын айту керек, «Ликвидатор», «Препод», «Виртуальная любовь», «Охота за призраком», «Ирония любви», т.б. фильмдерінен ұлттық дүниетанымды, ұлттық ерекшелікті таба алмайсыз, сол сияқты «Сказ о розовом зайце» фильмі де солай. Өйткені, әлеуметтік мәселелер фильм оқиғасының «қозғаушы күші» ғана болып қалатынын және олардың голливудтық фильмдердің заңдылықтарына толық бағындырылғанын көреміз.
Дәп осы жағдайды тарихи драма жанрында түсірілген «Возвращение в «А» (2010, «Қазақфильм», реж. Егор Кончаловский, Қазақстан-Ресей, орыс тілінде) фильмінен тағы көреміз. Фильмде Ауған соғысында бір аяғынан айырылып, елге оралған Мараттың өткенін еске алуы мен ауған жеріне сапар шегіп бара жатқан телевизиялық түсірілім тобының (Марат бастаған) жол бойы басынан өткерген оқиғалары қатар өрбиді. Достық, махаббат, парыз, мейірімділік тақырыптарын арқау еткен туынды драматургиясы қазақстандық азаматтың шайқаста қаза тапқан досы Андрейдің бейітіне барып, досымен қоштасуы, ауған қариясымен кездесуі, Мараттың ішкі жан толғанысы, еске алу сәттері жайында.
...Кейіпкерлер бірін бірі қайталайды, болмысы, мінез-құлқы, дүниетанымы қазақылықтан ада, дүбәра жандар. Бұл шығармалардың барлығында үйреншікті жағдай, әділдік немесе махаббат жолында күрескен тұлға, міндетті түрде соңында жеңіске жететін кейіпкерлер, шым-шытырыққа толы оқиғалар...
Басты бейнелерді сомдау үшін алыс-жақын шетелден актерлер тартылған. Соңғы уақытта көрерменді фильмге тартудың бір амалы осы. Мысалы, «Ирония любви» фильмінде Алексей Чадов, Ирина Розанова, Гоша Куценко (Ресей), т.б., «Джокерде» Виталий Кищенко (Ресей), «Охота за призраком» фильмінде Америка киносының актерлері Арманд Ассанте мен Кристанна Локен, Никита Пресняков (Ресей), «Кенжеде» Эдуард Ондар (Ресей), «Препод» фильмінің бір-екі көрінісінде белгілі отандық әнші, марқұм Батырхан Шүкенов ойнайды. Бірақ, бұл фильмдер ұлттық киномыздың дамуына қаншалықты үлес қоса алды, міне, бұл – ең басты сұрақ. Бір де бір. Өйткені, шетелден қандай танымал актер шақырғаныңызбен, ол бәрібір қазақ өнеріне қазақтың өзінен артық олжа сала алмайды. Бұл ұлттық ерекшелігіңді жоғалтады. Себебі түсінікті: ұлттық дүниетанымды дәріптеу, көрсету таза коммерциялық киноның міндетіне жатпайды. Комерциялық киноның басты міндеті – қандай амал қолдансаң да, көрерменді қызықтыру, еліктіру, арбап, алдарқатып, әйтеуір, амалмен шығынды қайтарып алу, қаржы табу. Ал бұл бірінші мәселе болып тұрғанда, «ұлттық» деген сөзді қозғаудың өзі артық нәрсе.
2012 жылы көрерменнің көзайымына айналған тарихи драма жанрындағы «Жаужүрек мың бала» (2012, «Қазақфильм», реж. Ақан Сатаев, қазақ тілінде) және психологиялық драма жанрындағы «Шал» (2012, «Қазақфильм», реж. Ермек Тұрсынов, қазақ тілінде) фильмдерін «Қазақфильм» киностудиясының соңғы бес-алты жылда атқарған көптеген жұмыстарының нәтижесі деуге болады. Шын мәнінде, бұл шығармалар қазақ киносына деген жұрт қызығушылығын тудырды және Ақан Сатаевтың «Рэкетир» (2007) фильмінен кейінгі кинотеатрға көрерменін көп жинаған сәтті туындылар еді.
«Жаужүрек мың бала» фильмінің көрермен арасында танымалдыққа ие болуының басты себебі – ең алдымен, өрімдей өркендер жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқаста ерлігімен ерекшеленеді. Елін, жерін жаудан қорғайды. Рухты биіктетеді, намыс-жігерді қайрайды. Рас, жоңғар шапқыншылығы туралы фильмдер аз түсірілген жоқ. Бірақ, «Жаужүрек мың баланың» олардан жөн-жосығы бөлек. Басты кейіпкерлерді сомдайтын актерлердің сырт пішіні ғана көзге бір түрлі оғаш көрінеді. «Басты кейіпкерді сомдаған актердің батырлық тұлғасы көрінбейді, бет-жүзі, дене бітімі тым нәзік». Бұл – жұрттың пікірі. Біздіңше, бұл жерде фильм авторлары көрерменге арналған киноның заңдылықтарына жүгінгені байқалады. Негізі фильм авторлары Сартайдың бейнесіне санамызға сіңіп қалған жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай батырдан гөрі, күнделікті өмірде таныс, бүгінгі жастарға ұқсас тұлғаны таңдауы, сірә, бүгінгі күннен алшақ кетпеуді, көрерменге неғұрлым жақын болуды әрі оны бөтенсінбей қабылдауды ойлағандықтан болса керек. Әрине, фильмнің жақсы қабылдануының бірнеше себебі бар. Олар – идея, тақырып, динамика, ритм, музыка, сюжет, т.б. Бірақ, көзге көрініп тұрған, алайда аса елене қоймайтын себептерінің бірі – осы актерлердің сырт пішіні болатын. Сондықтан, бұл фильмді, әсіресе жастар аудиториясы өте жақсы қабылдады және соңғы жылдардағы қазақ киносының ең айтулы жетістігі ретінде бағалануда.
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті.
АСТАНА.