01 Сәуір, 2016

Түйінді түйткіл

396 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
КБұл күнде қазақ үшін көкөністің картоп деген түрі еттен кейінгі ең сүйік­ті тағамның біріне айналды. Қазір қазақ еттің өзін картопсыз жемейтін болған. Зады осы картопты өсіру бойынша Қарағанды облысы елімізде алдына қара салмаса да, жетекші орынның бірінде. Өңірде өндірілген картоп өзінен артылып, өзге облыстарға, тіпті Пәкістан, Израиль, Египет сияқты шетелдерге де сатылып келді. Биылға дейін, әрине... Негізі, біздің ел – картопқа жарыған ел. Мысалы, Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің мәліметі бойынша, 2014 жылы елімізде 3,4 млн. тонна картоп жиналса, 2015 жылы 3,5 млн. тонна өнім алынған екен. Ал өзіміздің ішкі сұранысымыз 1,8 млн. тонна картопты құрайды. Яғни, бүгінде біздегі қолда бар өнім бұл көрсеткіштен екі есе асып түсіп отыр. Дегенмен, өнімнің мұнша аста-төк болғанына шаруалар қауымы аса қуанып отырған жоқ. Маңдай термен тапқанын ойдағы бағасына өткізе алмаған соң ол шіркіндер қайдан қуана қойсын?! Мәселен, былтырғы жылдың қазан айының аяғында облыста картоптың бір килосы көтерме баға бойынша 55 теңгенің мұғдарында болды. Сол кезде сақтайтын жері жоқ фермерлер өнімін осы бағамен қотара сатып жіберген болатын. Ал қоймасы бар шаруа­лар әліптің артын бағып, яғни бағаның көтерілгенін күтіп, картопты осы көктемге дейін ұстап келді. Бірақ, қырсыққанда картоптың бағасы күрт төмендеп, фермерлер тақырға отырудың аз-ақ алдында тұр. Мәселен, былтырғы жылдың наурыз айында картоптың бір килосы шамамен алғанда 65 теңге тұрса, биылғы өнімнің бағасы құлдырап барып, 35 теңгеге түскен. Жағдайдың бұлайша сипат алуының бірнеше себебі бар. Оның ең бастысын фермерлер біздің нарыққа Ресей мен Қырғызстаннан бағасы арзан картоптың ағылып келуімен байланыстырады. Иә, былтыр Қазақстанда ғана емес, аталған екі мемлекетте де картоп мол шықты. Былайша айтқанда, фермерлер өнімнің астында қалды. Мысалы, Ресейіңіз соңғы бес жылда байқалмаған көрсеткішке қол жеткізіпті. 2015 жылы олар 33,6 млн. тонна картоп жинап, бес жылдағы орташа көрсеткіштен 15,9 пайызға артық өнім алған. Дегенмен, олар да мол өнімнің «зардабын» тартып отырғанға ұқсайды. Бүгінгі күнде Ресейде картоптың орташа бағасы 4 рубльге (20 теңге) дейін құлаған. Ал қырғыз картобының бағасы – 5 сом (25 теңге)... «Мұндай тығырықтан шығудың бірден-бір жолы, – дейді Қазақстан картоп шаруашылығы одағының Қарағанды облысы бойынша құрылтайшысы Павел Лущак, – облысқа келіп, өндірісті жолға қоятын ірі инвесторды табу. Ол, әлбетте өзінің тұтыну нарығы бар халықаралық ірі компания болуы тиіс. Яғни, кәсіпорын қуырылған картоп, картофель-фри, картоп ұны мен қауызын және басқа да өнімді өзінде өндіруі керек. Бізде картоп дегеніңіз жетіп-артылады және де оның сапасы да өте жоғары. Ал оны өңдеу өте кең ауқымда жүргізілуі керек. Менің есебімше, егер кәсіпорын жылына 500 мың тонна картопты өңдегенде ғана біз оның тиімділігін сезе бастайтын боламыз». Әлбетте, картоптың арзандағаны былайғы жұрттың жанына майдай жағып жатыр. Оның өзінде қазір жұрттың тұтыну мүмкіншілігі де мәз емес. Экономикалық қиындықтар қалтаны қағып жатқанға ұқсайды. Десе де, таяқтың екі ұшы бар. Арзандап кеткен баға жер емген шаруаның еңсесін түсіріп-ақ жібергенге ұқсайды. Енді амалдың жоқтығынан картоп өсіретін алқапты азайтпаса болмайды дейді олар. Иә, бұл күнде картоп өндірумен шұғыл­данатын шаруалардың уайымы ұлғайып-ақ тұр. Мемлекет егіс алқабының әр гектарына берілетін субсидияны алып тастаған. Банктер болса, ауыл шаруашылығын қаржыландыруға әлі күнге дейін үрке қарайды. Ол ол ма, елімізде өндірілетін тыңайтқыштың өзі 40-50%-ға қымбаттаған. Ал шетелдікі, тіпті, 100 пайызға шарықтап кеткен. Бұған тұқымды, техниканың қосалқы бөлшектерін қосыңыз... Міне, осы­лайша тізбелеп айта берсе картоп шаруашылығының шетін мәселесі шұбы­рып шыға береді. Ал енді картоп өндірушілер осылайша қара аспанды төндіре сөйлесе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары болашаққа сеніммен қарайды. Олардың пікірінше, бәсеке бар жерде баға саясатына да өзгеріс енуі заңдылық. Яғни, фермерлер уақыттың талабына бейім­деліп, жаңаша мазмұнда жұмыс істеуді үйренгендері жөн. Аталған басқар­маның мәліметі бойынша, биыл егіс алқаптары көбеймесе, азаймайтын көрінеді. Мысалы, былтыр облыста ауыл­шаруашылық құрылымдары 8,5 мың гектарға картоп ексе, биылғы меже – 9,3 мың гектар... Картоп өндірушілерге салсақ, «Қарсақ пенен түлкінің түгі жеткен түбіне» демекші, картоптың мол өнімі өзіне осылайша түйінді түйткіл болып отыр. Ал қарапайым тұтынушы болса, дастарқанның сәнін келтірген бұл көкөніс бағасының күннен-күнге арзандағанына ырза. Шынымен де, картоптың көп болғаны соншалықты жаман ба..? Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.