09 Сәуір, 2016

Бейбітшілікке бастайтын бағдарлама

380 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ерлан БатырбековӘлем алмағайып заманға тап болған қазіргі таңда қауіп-қатердің күшейіп, қырқи-қабақ қатынастың белең алып тұрғаны ащы да болса шындық. АҚШ астанасы – Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте қатысушылар осы жағдайды одан әрі ушықтырмай, бар мәселені бейбіт жағдайда шешудің жолдарын қарастырды. Аталған жиын шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялап, қарусыздану мәселесін көтерді. Манифест әлемдік қоғамдастық тарапынан қызу қолдау тауып, бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар пікір мен үнқосулар жариялануда. Осы ретте, еліміздегі зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары да Елбасының бейбітшілікке үндеген бастамасы жайында өз көзқарастарын білдіруде. Біз «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының» бас директоры  Ерлан БАТЫРБЕКОВПЕН хабарласып, аталған тақырыпқа қатысты әңгімелескен едік. Ерлан Ғадлетұлы, Елбасының IV Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі туралы өз көз­қара­сыңызды білдірсеңіз. Бұл мани­фест әлемдегі қазіргі ахуалға қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз? – Қазақстан – жер бетінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтап қалуды қолдай­тын әлемнің озық елдерінің бірі. Сол себепті, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап біздің ел ядролық қаруды тарату мен қолданудың жаһандық алдын алуда нақты саясатты ұстанып келеді. Мұның барлығы Президентіміздің және Қазақстан халқының еңбегінің арқасы. Елбасы бұған дейінгі саммиттер мен басқа да халықаралық алаңдарда бірнеше рет сөз сөйлеп, әлемдік қоғам­дас­тықты бейбітшілік пен келісім сая­сатына көшуге, ядролық қарудан бас тартуға шақырудан танған жоқ. Бұл жалаң ұрандар емес, ядролық клуб ел­дерін біртіндеп қарусыздандыру жөніндегі жан-жақты ойластырылған нақты іс-қимыл жоспары болатын. Президентіміздің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі соңғы саммитте сөйлеген сөзі мен оның «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің әлемдік баспасөздерде жаппай жариялануы Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш саясатын кезекті рет растап отыр. Сондықтан Елбасының адамзатты бейбітшілікке бастайтын іс-қимылдың 5 бағыты нақты әрі айқын жазылған үндеуіне әлем көшбасшылары мен барша дүниежүзілік қоғамдастықтың құлақ асатынына сенімдімін. Сіздіңше, аталған саммит әлемдік қоғамдастық үшін қаншалықты тиімді болды? – Ұйымдастырушылардың алдары­на қойған барлық міндеттерінің орын­дал­ғанына сенімдімін. Әлемнің 50-ден астам елінен келген мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері ядролық қауіпсіздікті нығайту, радиоактивті материалдарды сақтау, оларды кәдеге жарату және басқа да мәселелерді талқылады. Саммит отырыс­тары барысында жаһандық ядро­лық қауіпсіздік мәселелері бойынша пленар­лық баяндамалар тыңдалды, панель­дік пікірталастар ұйымдастырылды, сон­дай-ақ, жұмыс топтары да баяндама жасады. Ұлттық ядролық орталық қазақ­стан­­дық делегация құрамында саммит аясында ұйымдастырылған көрмеге қатысты. Қазақстандық стенд бұрын­ғы Семей сынақ полигонының проблема­ларын шешу үлгісінде әлемде ядролық қаруды таратпау режімін қолдау саясаты­на арналды. Біздің экспозициялар жиы­н­ға қатысушылардың назарын өзіне ерекше аударды десем, артық айт­қан­дық емес. Көрмеге келушілер Қазақ­стан­ның ядролық қаруды таратпау режі­мін қолдаудағы қомақты үлесін атап өтті. Бұл еліміздің полигонның ядро­лық инфрақұрылымын, ядролық сынақ­тардың салдарын жою, ядролық қызмет объектілеріне қатынауды болдырмау және ластанған аумақтарды қалпына келтіру бойынша атқарған ауқымды жұмыстарынан байқалады. Еліміздің Ұлттық ядролық орталығы жүргізетін зерттеу реакторларын кон­вер­сиялау жұмыстары, сондай-ақ, атом энергетикасының қауіпсіздігін қол­дау­дағы эксперименттік зерттеулер де қызығушылық туғызды. Вашингтондағы саммит барысында мұндай шараның осы пішімде соңғы рет өткізіліп отырғандығы хабарланды. Алайда, қатысушы елдер іс-қимылдарын байланыс тобының пішімінде үйлестіруді жалғастыратын болады. – Жалпы, Жер бетіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықта Қазақстанның рөлі қандай? Ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан қандай түйткіл­дер­дің оң бағытта өрбуіне түрткі болды? – Біздің мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының негізгі басымдықтарының бірі әрқашан ядролық қарудан азат әлем құру болған және болып қала бермек. Сол себепті де Қазақстанды ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы көшбасшылардың бірі десек, оған ешкім күмән келтірмейді. Осы ретте, еліміздің аталған ба­ғыт­­тағы көптеген бастамаларының кей­біреуін ғана еске алып өтейін. Ең алдымен, 2006 жылы Семейде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттері арасында тиісті құжатқа қол қойылған кезде Қазақстанның Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға қомақты үлес қосқандығын атап өткен жөн. Сондай-ақ, Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мінбесінен 29 тамызды Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы­ның маңызды жаңа бастамасының бірі – жаһандық ядролық қарусыздандыруға қол жеткізу саясатын жалғастырған АТОМ жобасы. Жоба ядролық қаруды сынауға тыйым салуға және оны барлық әлемде жаппай жоюға жаһандық қолдау көрсетуге бағытталған. Соның аясында жер бетіндегі кез келген адам әлемдегі барша көшбасшылар мен үкіметтерге арналған ядролық сынақтардан біржола бас тарту туралы үндеу тасталған петицияға қол қоя алады. Дегенмен, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саясатының негізін қалаған алғашқы қадамы – әлемде қуаты бойынша төртінші орындағы ядролық қару-жарақтан бас тартып, бұрынғы КСРО аумағындағы ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабуы еді. Елбасының мұндай шешімінің Қазақстан үшін де, жалпы алғанда, барша әлем үшін де маңыздылығын бағаламау мүмкін емес. Сол кезде полигон ауданы 18 300 шаршы шақырымды құрады. Бұл Израиль және Словения сияқты мемлекеттердің аумақтарымен бірдей. Полигон тарихы 1949 жылғы 29 тамызда әлемдік ауқымды оқиға ретінде бағаланған алғашқы атом бомбасын сынаудан басталды. Содан бері ол жерде 456 ядролық сынақ жүргізілді. Оның ішінде жер үстінде – 30, атмосферада – 86 және жер астында 340 жарылыс жасалды. Міне, осындай аса қуатты ядролық сынақ полигонын жабумен қатар, біздің мемлекетіміз ол жерде шоғырланған барлық жойқын қарудан ерікті түрде бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл – әлем тарихындағы алғашқы және теңдессіз оқиға. Аталған полигон жабылған соң жас мемлекетіміз шешуі тиіс бірқатар мәселе туындады. Сондықтан бұрынғы сынақ алаңын қауіпсіз күйге келтіру бойынша ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүр­гізу үшін 1992 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық ядролық орта­лы­ғы құрылды. Бүгінде бұл орталық халықаралық ұйым­дармен бірлесіп, өзіне жүктелген міндетті – Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы саясатын іске асыруды ғылыми-техника­лық қамтамасыз етуді 24 жыл бойы ойдағыдай атқарып келе­ді. Бүгінгі таңдағы жетістіктеріміз ретін­де бейбітшілік ісіне үлес қосу, еліміз­дің әлемдік беделін арттыру екенін мақ­танышпен айтамыз. Әңгімелескен Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».