12 Сәуір, 2016

Үш ғарышкер

84504 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
*Бүгін – Дүниежүзілік авиация және ғарыш күні fpro190714-900Қазақстан аумағында орналасқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы ғылымның ең озық саласы үшін 60 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келеді. Адамзат өкілі Юрий Га­гарин ең алғаш алыс сапар­ға аттанған уақыттан бері қарайғы жарты ғасыр­дың ішінде барлығы 38 елден 545 ғарышкер біздің Бай­қоңырдан аттанып, ғарыш кеңістігінде болып қайт­қан екен. Аттары аңызға ай­налған сол тұлпар топтың мүшелері – қазақ ғарыш­керлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айым­бетов туралы шертетін тол­ғамды сыр аз емес. Біздің  тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 24 жыл бұрынғы ғарышқа сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бас­тауы болды. Осы ұшуды жүзеге асыру үшін қаншама қиындықты еңсеруге тура келгені есімізде. Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев – жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспедициясына қатысты. Ол – ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шығып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Айдын Айымбетов  тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Мен халқымды еліміз бағындырған жаңа жетістікпен құттықтаймын.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

(Ақорда, 14 қазан, 2015 жыл) гарышкер1.Тоқтар Кәдімгі Тоқтар Әубәкіров десе – бәріміздің көз алдымызға жай­дары жүзді, құрыш денелі, сұң­ғақ бойлы қағілез-қайсар аза­маттың шуақ шашқан нұрлы бей­несі жылыұшырап келе қалады.Тоқтар Әубәкіров десе, бұдан ширек ғасыр бұрын бар қазақтың туын көтеріп, рухын асқақтатып оның ғарышқа аттанған ұмытылмас сәті еске түседі. Бүгінде жігіт ағасына айналған қалыбы қыран тектес қайсар жанға деген қазақтың ілтипаты әлі күнге дейін бір мысқал кеміген емес! Осының бәрін көзбен көріп, құлақпен есту неткен ғанибет! Халықтың сүйікті ұлына деген шынайы сүйіспеншілігі, дархан пейілі нақ осындай-ақ болар! Ол – дыбыстан да озған ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы-ұшқыш. Сол кеңес заманының өзінде әскери авиациядағы айрық­ша жетістігі үшін Гиннестің рекорд­тар кітабына кірген! Ол – Дүние­жүзілік авиация музейінде (АҚШ) есімдері мәңгілікке мәрмар тасқа қашалып жазылған ірікті он әскери ұшқыштың үшіншісі! Қазақ үшін мұның ешқайсысы ешқашан да көптік еткен емес, бірақ... осы жыл­дар ішінде менің айрықша аңғар­ғаным – Тоқтар Әубәкіровті жанындай жақсы көретін қазақ халқы үшін ол тек – тұңғыш ғарышкер! Ғарышкер болғанда, атақ-абыройы, салмақты түр-сипаты, жымиған жылы күлкісі бар сәнімен, әрімен үйлескен сүйікті ғарышкер! Ал енді мына қызыққа назар аударыңыз! Өте білімдар, біл­гір қытайлық профессор-дәрі­гер Тоқтар ағамыздың ғарышкер еке­ніне сенбей-ақ қояды!.. Неге? Адам­ның дене жаратылысының кәнігі кәсіби маманы – физиолог ғалым басын шайқай-шайқай таңданып, ақыр соңында мойынсұнғаны шығар, сүйсіне келіп Тоқтар ағама қолын ұсынады! Мұнда қандай жұм­бақ бар? Ендеше, көпшілікке бей­мәлім бұл жайттың шешуін шамамыз жеткенше тауып көрейік! ...1999 жылы желтоқсанда Ал­матыда ежелден орныққан әскери-дәрігерлік комиссияның ең соңғы сараптамасының қорытындысына сәйкес, гимнастикадан КСРО спорт шебері Ләйла Ергешқызы жаңадан жасақталып жатқан қазақстандық ғарышкер қыз-келіншектер тобына ілікпей қалды. Сондағы талдырмаш қыздың қарақаттай жанарынан тамшылаған моншақтарды көру қандай ауыр еді! О баста даңқ­ты спортшының бірінші қазақ қызы ретінде ғарышкерлер тобы­на ілінетініне көпшіліктің еш кү­мәні болмаған-ды. Бірақ, физиологиялық барлық мәліметтер талапқа сай келгенімен, Ләйланың жамбас сүйегі біткен ұршығында иненің жасуындай сызат-сынық бар болып шықты. Тынымсыз жаттығудың бірінде байқаусызда алған беймәлім дене жарақаты, сүйектегі сызат аяқ-қолы балғадай спортшы қыздың ғарышқа бет алған даңғыл жолын шорт кесті де тастады. Дәрігерлер бізге салмақсыздық жағдайында иненің жасуындай сол сызат көзге көрінбегенмен, ғарыш кеңістігінде оның өміріне үлкен қауіп төндіретіні туралы уәж айтты. Салмақсыздық жағдайында, яғни ғарышта адам ағзасының жасушалары еркінен тез айырылатыны туралы сонда білген едім. Кеңес Одағының ғарышкері, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Виталий Севастьяновтың ғарышқа шыққан екінші сапарынан келгенде бір сирағының екінші сирағынан ұза­рып оралғаны ғарыш зерттеуші дәрігерлерді ойлантып, жаңаша қам жасатқан дегеннен де хабардар болатынбыз. Ғарышта адам сүйе­гіндегі кальций элементі термен бірге суша ағып кетеді дегені және бар... Тоқтар ағамның ғарыштан орал­ғанда Жерге өте қиналып түс­кен жайын өз басым көпке дейін түсіне алмай жүрдім. Оның мән-жайын сұрағанымда: «Қай­туға бір тәулік қалғанда ұйқым келмеді. Содан соң сапарлас әріп­тес­тердің жұмысын жеңілдету үшін оларға жағдай жасадым, бар жұмысты мой­ныма алдым. Олар демалды. Оның үстіне, Жерге топ ете түскенде шар кабинадағы сапыры­лыса құлаған бірнеше контейнер мені басып қалды», деген. Ол рас. Борттық жазбаларда мұның бар­лығы тіркелген. Нақ­тырақ айтсам, «Ғарышкер Тоқ­тар­­­тану ілімінде» азды-көпті жур­налистік тәжірибе жинақтаған мені сан жылдар бойы мазалаған сауалдың болғанын да жасырмаймын. Өйткені дейікші, мәселен, жүйкесі темірдей әскери-сынақшы ұшқыштың ғарыштан Жерге ора­латын тәулікте ұйқысының «бұзы­луына» не себеп? Одан да зор он-сан салмақсыздық сынақтарын басы­нан өткерген, дыбыстан озған қыранның жүрегі қағып, көңі­лі толқып қобалжуы тіп­ті де мүм­кін емес, меніңше?! Ұш­қыш­тың қан қысымы еш уақытта 120/80 көрсеткішінен ауытқыған емес. Жиырма бес жыл бойы қалып­тасқан стандарттық өлшем солай. Ендеше, не себеп? Не себеп... Амал жоқ, қытай дәрігері Люнь мыр­заның айтқанына жүгінуге тура келеді. Тұңғыш ғарышкеріміздің күл­лі физиологиялық болмысынан бір мін таппаған қытай дәрігері оның мойын омыртқасындағы зақым­данданған сызатты көргенде, Тоқтар ағаның сынақшы-ұш­қыш әрі ғарышкер екенін біл­ген­де ғой, «Мүмкін емес, мүм­кін емес...» деп шалқасынан түс­­кені. «Ғарыш кеңістігінде салмақ­­сыздық жағдайында мынадай сызатпен жаныңыз ауырмай қа­лай шыдадыңыз?» дегені шығар, бәлкім! Мойын омыртқа жара­қатын еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш 1986 жылы «Тбилиси» авиа­тасығыш крейсеріне дыбыстан жылдам МиГ-29К әскери ұша­ғын қондырған кезде алған... Ең төменгі жылдамдық сағатына 250 кило­метр! Кемеге табан тіреген 25 тон­налық әскери ұшақты ілгек арқы­лы қас-қағым сәтте тоқтату! Осы­ның бәрін көз ал­дыңызға елес­тетіп көріңіз... Сынақшының дыбыстан озған зымыран тектес бейтаныс ұшақпен көкке әрбір көтерілуі өліммен бет­пе-бет келу екенін екінің бірі біле­міз бе?! Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың тұңғыш ғарышкерді ұшуға дайындау барысындағы кедер­гілі қиын кезеңдерде: «Тоқтар, бауы­рым, қазағың үшін жаныңды беру­ге дайынсың ба? Уақытты соз­байық...» дегенде: «Дайынмын!» де­ген өр тұлғалы азаматқа сенгені болар! Тоқтар аға ғарышқа ұшқанда 45 жаста еді! Биыл, Алла тағала қала­са 70-ке келеді. – Тоқтар аға, америкалық тұң­ғыш ғарышкер Джон Гленн 77 жасында екінші рет ғарышқа барып рекорд жасады! Ендеше, сізде де әлі бір тәуекел бар ғой... – деп әзіл­десем, ол әдеттегідей: – Енді не істеп жүрсіңдер, да­й­ын­далыңдар... қимылдаңдар, қа­ра­­жат жинаңдар... мен әрқашан да дайын­мын! – деп жарқылдай күледі. Өзіне ғана тән күлкі. Халыққа таныс сол шуақты да жайдары күлкі. «Голливуд жұлдыздарының» күлкісі Тоқтар ағамның жан жадыратар бір ғана жымиғанының жанында жіп есе алар ма екен?! Міне, нағыз батыр! Міне, нағыз қазағының қыраны! P.S. Мойын омыртқа сыза­ты­ның зар­дабы – жиналған мәлі­мет­­тер­ден кейінгі жасаған өз болжамым екенін ескерткенді жөн санадым. 2.Талғат Жұрт аяқ астынан дүрлікті. Тағы да сол атың өшкір «Про­­тон» зымыраны орбитаға шық­пай жатып, омыртқасы үзіліп, ома­қа­сып құлады. Жай құлаған жоқ, у мен заһарын айналасына шашып кетті. Жұрт дүрлігіп, Астана абыржып, БАҚ шулады. «Протон» гептил... Гептил «Протон»... Кешкілік еді. Алып ұш­қан сайттардың бірінде «Қаз­ғарыштың» жетекшісі Талғат Мұ­сабаев тілшіні балағаттады деген жаңалық желдей есті де кетті. Содан сол «аса маңызды жаңа­лық» үш күн қызуы басылмай «уілдеп» үдеді де тұрды. Көк зең­гірге шықпай жатып құлаған «Протон», оның гептилінің «уы» жайына қалды... Сайт форумы біздің Халық батырымызды, екінші ғарышкерімізді аяусыз мұқатып жатты...Тырнақтың астынан кір іздеп отырған ағайынның аузына өз әріптесіміз тәжірибесіздігінің арқасында сөз салды да берді. Ғарыш саласындағы су астының иірімдері болатынын көбіміз біле де бермейміз! Менің білетінім – осы «Протон» үшін, иә... сол бір жылдары Тоқтар Әубәкіров Мәскеуден келе жатқан ұшақ үс­тінде арыз жазып қызметтен кеткен! Менің білетінім – Талғат Мұса­баевтың «Роскосмостың» бас­шыларымен жаға жыртыспаса да талай рет сөзге келіп қалғаны... Ен­деше, екі азаматымыздың, екі қаһарманымыздың қара бас­тары­ның қамы үшін емес, жарылыстан көз ашпаған қазақтың даласы үшін, зардап шеккен баласы үшін жан аямай дауласқанына қалайша көз жұма қарауға тиістіміз?! Ғарышкер болу қашан жеңіл болып еді? Ғарыш мекемесін басқару одан да ауыр! Есіме 1994 жылдың тамызы түсті. Ғарыш көгінен оралған екін­ші қыранымызбен талай рет сұх­бат­тасуға тура келді. Әдетте, ғарыш­керлер кеңістіктегі орбиталық «Мир» стансасына жайғасқан соң, екінші тәуліктен соң олардың соңынан азық-түлік, ғылыми тәжірибеге қажетті басқа да құрал-жабдықтар тиелген жүк кемесі келіп жетеді. «Келіп жетеді» деген жай сөз, әйтпесе, Жерден жүк тиеп шыққан, ғарыш жылдамдығымен (!) ұшқан ғарыш кемесін «Мир» стансасына түйістіру экипаждағы борт инженердің – Талғат Мұсабаевтың міндеті. «Көз ұшында көрініп, көп кешікпей қуып жеткен кеме негізгі отсектен ауытқып мен отырған модульге соғылды. Соғылды да екі аунап түсіп, жайына кетті. Түйіс­педі. Қас пен көздің арасында болған оқиға. Құдай сақтады, мен отырған модуль ауыр соққыдан жұлынып кетсе, ғарыштың мәңгілік қоқым-тозаңына айналып жүре беретін едім... Жүк кемесі сол кеткеннен Жер шарын өз орбитасында айналып, белгілі уақыттан соң қайта оралады. Жүрегім лүпілдеп соны күттім. Бағыма қарай, екінші талпыныста Жердегі Ұшуды басқару орталығының қосымша нұсқауларымен, қолдағы лазердің күшімен жүк кемесін аман-есен түйістірдім...» Мұны мен Талғат ағаның өз аузынан өз құлағыммен естігенмін. Сол жолы ол алғаш рет ашық ғарыш кеңістігіне шығып, бірінші соққыдан майысқан ұңғыға кіретін білік темірдің бұрандасын бұрап түзейді. Ғарыш сапары туристік сапар деп кім айтты? Онда қанша күн болсаң, сонша күн қауіп-қатермен біргесің. Айтпақшы, ғарыш тарихындағы ең алғашқы туристі – америкалық, тегі италиялық мульти-миллионер Деннис Энтони Титоны 20 миллион долларға саяхаттатып алып келген де осы Талғат Мұсабаев. Неге Мұсабаев?! Себебі, мұндай жауапты тапсырманы орындау ғарышкерлер арасында ең таңдаулылардың таңдаулысына ғана тапсырылатын іс. Ол үшін бірнеше сатылы емтихан­нан өтуге міндеттісің. Үздік маман ғана тапсырма алады... Тәртіп солай! Ұшардың алдында аздап жүрегі сыр берген Тито «тәрбиешісі» Талғат Мұсабаевтың жетегімен жүріп, жөнге келеді. Мұнымен іс бітпейді. Халықаралық ғарыш стансасында басын люкке ұрып оңдырмай жарақаттап алған Денниске тағы да тәлімгері Мұсабаев асқан біліктілікпен мінсіз медициналық көмек көрсетеді. Ғарыш кеңістігінде орын алған төтенше жағдайда көрсетілген дәрігерлік көмек, ол – фантастика! Жерге аман-есен оралған бетте АҚШ-тың Ұлттық батырына айналған Деннис Энтони Тито жаны қысылғанда екі мәрте дем берген ғарышкер-нұсқаушы Талғат Мұсабаев туралы жүрегі елжіреп: «Бәрі де менің №1-ші тәрбиешім, тәлімгерім Талғаттың арқасы!» деп жер-жаһанға жар салды. Міне, біле-білсеңіздер, Тоқ­тар­дың інісі біздің Талғат Мұсабаев осындай жігіт! Ал айтылмаған ғарыштық сырлар қаншама!.. 3. Айдын Тегінде, ғарышкерлерге күлкі жа­расқан. Әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің күлкісін еске алыңыздаршы! Жылы жүзді, күлімсіреген жігіттің бейнесі Жер шарын мекендеген барша халықтың есінде мәңгіге сақталып қалғанында еш күмән жоқ. Ол – Гагарин! Жер шарының тұңғыш ғарышкері! Өзіміздің Тоқтар мен Талғаттың күлкісі ше?! «Күлкі – көңілдің көркі», дейді қазақ. Үшінші ғарышкеріміз... күлкі жағына сараңдау секілді. –Алматыға келген сапарында Айдын Айымбетовті екі кездесу барысында да суретке тү­сірдім, – дейді ардагер фотожур­на­лист Нұрманбет Қизатов. – Өзің байқайсың ба, өте сабырлы, салмақты жігіт. Күлмейді. Жы­ми­ғанының өзі сирек. Тіпті, күлкісі жоқ. Мінезі солай ауыр болды, шамасы... Содан бірде суретке түсі­ріп жатып: «Айналайын Айдын! Тегі күлмесең де, ең болмаса, бір рет дұрыстап жымишы...» – деп едім, күліп-ақ жібергені. Сол сәтте фото­аппараттың «шүріппесін» басып үлгердім, әйтеуір... Қуанышын жасырмаған фо­тотілші суретті алдымызға тастады. Байқағанымыз – Айдын сол су­ре­тінде де сол баяғыдай, сәл ғана езу тартып, жымиып тұрды! Нағыз әскери ұшқыш, нағыз ғарышкер, нағыз полковник дерсің! Нұрманбет ағамыздың қазақ­тың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов дегенде сурет қор­жыны – бай! Өткен жылы Айдын ға­рыштан оралғанда бір кезде әскери ұшу алаңында, ұшақ үстін­дегі жап-жас капитанның, бола­шақ ғарышкердің өзі түсірген сирек суретін әкеліп газет оқыр­ман­дарынан «Сүйінші!» сұрағаны бар. Астаналық көзі қарақты оқыр­манымыз Тоқтар Әубәкіров пен Ай­дын Айымбетовке қатысты үйле­сімділік туралы қызықты деректер жариялағаны да көпшіліктің есінде қалуы тиіс. Десе де, Айдын Айымбетовтің ға­рыш көгіндегі сапары, ашығын айтайық, жерде жолы болмай жүрген қазақ аспаздық мәзірінің ғарыштағы жұлдызды сәттері ақпараттық «дүм­пуімен» есте қалды десек, еш қа­телеспейміз. Халықаралық ғарыш стансасында жайылған қазақ дас­тарқаны дүниежүзінің талай елінің аспаз шеберлерінің ұйқысын бұзғаны ақиқат. Айдынның ға­рыш­та дайындаған «Жігіт» аталатын сорпасы, тіл үйірген қазақы тәтті тағамдары мен құрт пен ірім­шік халықаралық экипаж мүше­леріне ерекше ұнағаны туралы күллі әлемнің бұқаралық ақпа­рат құралдары жарыса жазды. Немістердің гамбургердің ғарыш­тық түрін дайындап, Ғарыш зерт­теу орталығына ұсынуына түрткі болған да біздің Айдынның арқа­сы дер едім... Әрине, бұдан тыс Ай­дынның ғарыш сапары алғашқы екі ғарышкеріміздің ғылыми-ға­рыштық зерттеу жобасының жал­ғасы болғанында сөз жоқ. Оның сыртында бұл сапар алдында елі­міздің қанша ғалымдары бірік­кен жоба жасап ұсынды. Ғарыш­та оншақты бағыттағы қазақ­стандық ғылыми тәжірибе жасалын­ды. Айдын Халықаралық ғарыш­кер­лерден құралған тәжірибе тобы­ның да жұмысына атсалысты. Салмақсыздық жағдайындағы ға­рышкердің көз талшықтарындағы қан қысымын эндоскопиялық, то­мографиялық тексеру сол зерт­теу­лердің бір бөлшегі. Қазақ ғарыш­кері Айдын Айымбетов ол салада қолтаңбасын қалдырды. Үшінші ғарышкеріміз қазір «Қазғарыш» мекемесінде қыз­метте. Ғарыш кеңістігіндегі ойлы тәжірибе, мемлекеттік тапсырма ғылыми жалғасын тапқан секілді. Әдетте, Айдын Айымбетов дегенде оның ғарыш мектебінде бірге оқып, егіз қозыдай бірге жүріп «Ғарышкер-ұшқыш» атағын бірге алған әріптес-досы Мұхтар Аймаханов туралы айтпасқа, сірә, болмас. Қазақ қаражатына оқып, бесаспап маман болған ғарышкер «Қазғарыш» пен «Роскосмос» ара­сын­дағы келісім шарттарды қай­та қарау барысында өз шешімі­мен Ресей азаматтығын алып, Мәс­кеудегі «Жұлдызды қала­шыққа» аттанып кетті. Тиісті орындар арқылы бай­ланысқа қанша талпынғанымен қан­дасымыз – қазақтың төртінші ғарышкері Мұхтар Рабатұлы Ай­ма­­хановпен байланысудың осы күнге дейін еш орайы келер емес. Өйткені, ол шетел азаматы әрі ға­рышкері болып саналады. Бай­ланысу қиын. Өкінішті-ақ... Бірақ, алда үміт бар. * * * Ғарыш сапарынан міндеттелген тапсырмаларды ойдағыдай орындап Отанына аман-есен орал­ған Айдын Айымбетовке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Халық Қаһарманы» атағын әдетте­гідей өз қолымен тапсырды. Сал­танатқа ғарышкерлеріміз – Тоқ­тар Әубәкіров пен Талғат Мұса­баев қатысты. Ғарышкерлер Прези­дентпен қатар тұрып суретке түсті. Телеарнаның алғашқы жазба­сын­да Нұрсұлтан Әбішұлының: «Енді үшеуің бірге суретке түсіңдер!..» деген жайдары дауысын естідік. Алдында ғана Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның әлем бойынша ғарыш кеңістігін бағындырған азаматтарының саны үшеуден кем емес 9 елдің бірі болғанымызға назар аударған еді. Президенттің бейнекамера алдында ғарышкерлерге жасаған ұсыныс-ишарасын: «Сіздердің істеріңіз болашақта халықаралық ғарыштың ынтымақтастық аясында жалғасын табады. Сондықтан да алдағы қызметте ынтымақтаса жұмыс істеңіздер», деген астарлы ғибратқа саяды-ау деген терең ойда қалдық... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.