Бейбітшілік пен қауіпсіздік
Оны сақтау жолында әлем елдері ортақ тоқтамға келуі тиіс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитке қатысып, «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесін жариялады. Бұл бастама адамзаттың бақытты болашағын ойлайтын қоғам қайраткерлері, ғалымдар, белгілі саясаткерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Мемлекет басшысы осы манифесте дүниежүзін толғандырып отырған жаһандық сұрақты алға тартты. Елбасы: «Әлемдегі жағдай қай бағытта дамитын болады? Жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылықтар олардың арасындағы жаңа ұзақ мерзімді қарсы тұрушылыққа ұласып кетпей ме? Қай елдер жаһандық және өңірлік державалар жүргізіп отырған «прокси-соғыстардың» келесі құрбандығына айналуы мүмкін? Әзірше гүлденіп тұрған кімнің жерін танктердің шынжыр табаны таптап, снарядтардың жарылысы боршалайды? Қай қалаларда балалар зымырандар отынан өлім құша бастайды? Жанжалдардан қашқан босқындардың жаңа ағыны қайдан және қайда лап қояды?» деген сұрақтар миллиондаған адамды барған сайын толғандыратынын айтып, осы мәселелерді жан-жақты саралап, өзінің көзқарасын айқын көрсетіп берді. Елбасы ядролық қаруды таратпау жөнінде және ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай шешімді қадам жасау қажеттілігін атап өтті. Егер мұндай ортақ шешімге келмейтін болса, Жер атты ғаламшарымыз өте зиянды радиоактивті материалдардың орасан зор үйіндісіне айналатыны және тіршіліксіз қалатыны сөзсіз. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет екенін нақты айтты. Елбасының осы ұсынысы бейбітшілікті жақтайтындар тарапынан қолдау табатынына сенімдімін. Мұндай бағдарлама жаңа ғасырда барша адам баласының бейбіт жерде қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етудің алғышарты болады деп ойлаймын. Оның ішінде атом қаруынан әлі де бас тартпаған алпауыт елдерді ядролық қарудан бас тартуға алып келетін нақты шарттар, соғыс және дау-жанжалдар шығып жатқан елдерде тыныштық орнатудың негізгі жолдары толық көзделуі тиіс. Кейбір мемлекеттердің қарулануға жұмсап жатқан қаражаттарын алдағы кезеңде соғыс зардабынан жапа шеккен елдерге, ашаршылықты бастан кешіп жатқандарға бағыттауға ықпал ету – жаңа ғасырдағы оң бастамалардың ең озығы. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кешенді бағдарлама соғысқа және соғысты аңсайтындарға қарсы күрестің стратегиялық жоспары болатыны сөзсіз. Елбасы қазір тосқауыл жасалмаса, болуы ықтимал жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар қолданылуы мүмкін екенін және ол соғыста ешкім де жеңіске жетпейтінін, тек адамзат баласы орны толмас қасіретке душар болатынын ашық айтып отыр. Сонымен қатар, алапат соғыс бола қалған жағдайда, «бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтау үшін де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды», деп Елбасы жаһандық мәселе көтерді. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың барлық келесі буындары түсінуі қажет екенін ескертіп отыр. Ол үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолында әлем елдері ортақ тоқтамға келіп, үлкен жауапкершілікті өздеріне алып, бейбіт үнқатысулар мен шешімді келіссөздер жасағаны абзал екендігін жеткізді. Елбасы әлемдік қоғамдастық іс-қимылының тұтастық алгоритмдерін бірнеше бағыт бойынша айқындап берді. Бұл міндет әлемдік көшбасшылар тарапынан, жаһандық күн тәртібіндегі өзге проблемалардың аясында, абсолютті басымдық ретінде қарастырылуы тиіс. Осыған байланысты Елбасының жариялаған манифесі бүгінгі күні екі негізгі дүниежүзілік ұйым – БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты деген жоғары мәртебеге ие болғаны біз үшін де, әлем үшін де маңызды деп есептеймін. Абзал ЕРАЛИЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі, Қазақстанның Еңбек Ері.Тыныштық – жүрекке тым ыстық
Біз бала күнімізден бейбітшілік туралы ән айтып, өлең жаттап өстік. Ұлы Отан соғысы туралы кино да, кітап та жеткілікті болатын, оларды жібермей көріп, оқитын едік. Онда қан майданда жаумен алысқан, Отанды қорғаған батырларға кейінгі ұрпақ еліктеп өсті. Бала қиялымызда соғыс енді болмайтындай, ол тарихтың ғана еншісіндей көрінетін. Омырауы орден-медалға толы аталарымыз бен әжелерімізді ардақтап, мақтан тұттық. Олардың әңгімесі, көрген киномыз бен кітаптар патриоттыққа, елді, Отанды сүюге тәрбиеледі. «Енді оқ дауысы шықпасын», деп отырар еді соғыс жылдарының куәгерлері. Ал қазір дүние бүлініп бара жатқандай, қатерлі қарулармен немесе жарылыс жасап, бейбіт тұрғындарды жайпап салу ештеңе болмай қалды. Адам өмірінен артық не бар? Мен адам ретінде де, дәрігер ретінде де осыны айтар едім. Халықаралық жағдай көп жерде шиеленісіп, қатар жатқан халықтар, мемлекеттер өштесіп бара жатқандай көрінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммит аясында сөйлеген сөзінде ядролық соғыстың, терроризмнің болашаққа деген қатерін, зардабын ашына айтты. Ғылым дамыған сайын қарудың да түрі көбейген. Химиялық, биологиялық, ядролық қарудың қайсысы болса да адамды ғана емес, топырақты, қоршаған ортаны да жарақаттайды. Оған талай ядролық жарылыс жасалған Семей полигоны жеткілікті мысал болады. Әлемнің әр түкпірінен жиналған саяси қайраткерлер мен түрлі ұйымдар басшылары алдында Елбасымыздың ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды бастамалар мен ұсыныстар айтқанына көңіліміз масаттанып қалды. Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан әлемде алғашқы болып, ядролық сынақ полигонын жапқан болатын. Мемлекет басшысының бұл қадамы дүние жүзіндегі алпауыт державалардың ядролық сынаққа мораторий жариялауына қозғау салғаны белгілі. Содан сәл кейін БҰҰ аясында ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды, оған қол қою үшін ашық деп жарияланды. Елбасы оның әлі күнге дейін күшіне енбей келе жатқанын айтып өтті. Ядролық қаруды пайдаланбай-ақ оны сынақтан өткізудің өзі үлкен зардап әкелетініне көп елдер құлақ қойғысы келмейтін тәрізді. Бұрын Елбасымыз араағайындық жасаған, екі жақты текетіресті келіссөзбен келістірген елдер де қайтадан бір-біріне қару кезеніп жатыр. Бұл да ойланар қауіп. Біздің Елбасымыз ХХІ ғасырды соғыссыз, тыныш, бейбіт заман ету үшін әлемдік деңгейде қайраткерлік көрсетіп, бүкіл адамзат болашағы үшін белсенді жұмыс жүргізіп келеді. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде айтылған мәселенің барлығы да әлемдегі бейбітшілікті, өмірді сүйетін жандардың жүрегіне жетеді деп ойлаймын. Ядролық қаруды қолы қалтырамай кезенетіндерге ой салса екен деп тілеймін. Жақсы ой жақсы ниетке жетелейді. Олардың да болашақтан үміті бар шығар. Гүлнар ИБЕНТАЕВА, Қостанай теміржол ауруханасының дәрігері. ҚОСТАНАЙ.Күресті күшейтуіміз керек
Қазір ғылым заманы. Күн сайын дамып барамыз. Әйтсе де әлемде бейбітшілікті сақтап қалу мәселесі, жаһандық соғыс қаупі ешқашан талқылаудан түскен емес. Адамзат өркениетке қол созып, санасы өскен сайын әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналып барады. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам бірлік атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады екен. Ядролық сынақтарға әлемде іс жүзінде тыйым салынды. Сәйкес құжаттар да қабылданды. Әрине, ол құжаттарға қол қоймай отырған ірі әлемдік ядролық державалар бар. Біз солармен күресте бірігуіміз керек. Олардың артынан ядролық қаруға қол жеткізгісі келетін тағы 20 мемлекет тізімде тұр. Ядролық қаруды пайдалану әлемде үлкен жанжалдарға әкеліп соғады. Менің ойымша, ядролық соғыс басталса, адамзаттың көрер күні аз қалады деген сөз. Сондықтан, осы бағытта күресті күшейтуіміз керек. Міне, Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде осы мәселе өте батыл да ашық айтылады. Адамзаттың өзін өзі өлтіру құралын дамытуға бірінші болып тосқауыл қойған Қазақстан халқына адамзат бір кездері өз алғысын айтар. Жер бетінде полигондар тұрған кезде «Невада-Семей» қозғалысы да өзінің ядролық қаруға қарсы күресін тоқтатпақ емес. Себебі, ядролық қару бар болса, ел тыныш ұйықтай алмайды. Семей ядролық полигоны жабылғаннан бері 25 жыл өткеніне қарамастан, жарылыстардың жаңғырығындай улы радиация, жүздеген мың адамның әртүрлі сырқаттарға шалдығуының себепкері болды. Полигонда жүргізілген сынақтар өте ауыр зардабын тигізді. Еліміздің тарихындағы ең соңғы ядролық жарылыс 1989 жылдың қазан айының 19-ы күні болды. 1991 жылы тамыздың 29-ы күні Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлығына қол қойды. Сондықтан қазір «Невада-Семей» қозғалысы үлкен табыстарға қол жеткізді, сол арқылы ел тарихында өзінің ізін қалдырды. Бұл біздің бейбіт өмірді қалайтынымызды білдіреді. Сембек СЕЙДӘЗІМОВ, Жамбыл облысының құрметті азаматы. Жамбыл облысы.Сарапшылардың ой азығы
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға барған сапары ел аузынан әлі де түсер емес. Өздеріңіз білесіздер, Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды саммитке әлемнің 51 мемлекетінің басшылары қатысты. Аузын айға білеген небір саясаткерлер үлкен жиында әлемдік жаңа сын-қатерлерді ой елегінен өткізді. Саммит шеңберінде Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жария етілді. Ол құжаттың мазмұнына ден қойған америкалық қуатты басылымдардың бірі The HiLL манифесті жариялай отырып, жан-жақты талқылады. Президенттің бағдарламалық мақаласына беделі зор басылымның осылайша ден қоюының өзі неге тұрады? Бір сөзбен айтқанда, менің өз басым кейде әлем саясаткерлері бұрын-соңды дәл бүгінгідей ой үстінде жүрмеген шығар-ау деп қалатыным бар. Осынау саяси маңызы зор басқосу аясында Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отырған Қазақстанның аты сан рет аталды. Жұрттың назары елімізге, оның Елбасына ауды. Назар аударатын тағы бір жайт бар: күллі әлемдегі соншама мемлекеттер басшыларының қатарында дүниежүзіне аты айрықша танымал халықаралық ұйымдар – МАГАТЭ мен Интерпол жүрді. Бұл саммит біріншісінің өз тақырыбы десек, екіншісі қай кезде де қоғамның, ортаның тыныштығын күзетуші болып саналады. Дейтұрғанмен де, біз жиын барысында Халықаралық Интерпол ұйымына құлаққағыс жасалғаны туралы да ұмытпайық. Саммитте сөйлеген сөзінде Елбасы ХХІ ғасырдың үлкен проблемаларының бірі ядролық терроризм қатері екенін атап айтты. Демек, бұл ядролық немесе радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы қаупі де жоқ емес деген сөз. Мені ерекше толғандырғаны – Елбасымыздың осының бәрін де ой тезінен өткізіп, әлемдік қоғамдастықтың назарына ұсына білген көрегендігі еді. Президент идеясының күні бүгінге дейін қызу талқыға салынып, сарапшылардың ой азығына айналуы да сондықтан деп білемін. Сатымбек РЫСПАЕВ, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері, полковник. АЛМАТЫ.Бейбітшілік тұғырын бекітетін құжат