«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді».
Ілияс Жансүгіров.
«Шырағым Ахмет, шырағым Мир-Якуб!.. Ертең-ақ, Алла қаласа, күнді көре алатын ұрпақ келеді. Еңбектеріңді бағалап, кұрмет көрсетіп жатса, онда бейнеттеріңнің ақталғаны емес пе?!» – деген болатын Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан. Бұл әулиелік дегенді қой! Ел үшін тартқан азабы мен көрген бейнеті зор дара да дана қайраткердің 150 жылдық меретойы ЮНЕСКО шеңберінде тойланатыны туралы шешімді естігенде, исі қазақтың бөркін аспанға атпағаны кемде-кем. Бұл – қазақтың қуанышы! Бұл – Алашорда үкіметінің құрылғанына бір ғасыр толуы қарсаңындағы ұлы той! Бұл – Алла тағаланың қазаққа берген үлкен сыйы!
Ертеректе бір басылымнан «Алаштың аш қасқырлары» деген сөз тіркесін оқығанымды да ұмыта қойған жоқпын. Ал шын аш қасқырлар – қазақты қынадай қырған, қолдан жасаған ашаршылықты ұйымдастырушылар – большевиктер екен ғой. Алаш көсемдері қазақтың жаңа тұрпаттағы ұлттық мемлекетін құру үшін жанталасқа түсті. Өмірлерін құрбан етті. Сол абзал жандардың бел ортасында жүрген Алаш арыстарының бірі – Қорғалжын тумасы Хайретдин Болғанбай еді.
«Бортаң бала, бүгін қара – Кәрітай. Бір кемі жоқ, бір теңі жоқ – Болғанбай» деп тегін жырламаса керек сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев. «Бір теңі жоқ» деп бекер айтпаған болар? «Бір теңі жоқ» десе – дегендей.
1934 жылы Исмаил Гаспринский туралы мақаласы Ыстамбұлда жарық көрді. Ал ол – түркі әлемі рухани көсемдерінің бірі, әрі бірегейі еді.
Түркі халықтарының азаттығы жолындағы күрескер, ұлты башқұрт Зәки Уәлиди Тоған Хайретдин Болғанбай есімін ерекше ілтипатпен атайды. «Бүгінгі түрік елі Түркістанның жақын тарихы» атты Ыстамбұлда жарық көрген еңбегінде Хайретдин Болғанбайды екі жерде атап өткен», – деп жазады танымал алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы.
Қорғалжынан шыққан Алаш қайраткерінің ұлт алдындағы еңбегі ұлан-асыр. 1917-1918 жылдары Мұстафа Шоқаймен, Сұлтанбек Қожанұлымен бірлесіп Ташкентте «Бірлік туы» газетін шығарысқан. Осы басылымның біраз санына редактор да болған. 1920 жылы желтоқсан айында Ахмет, Әлихан, Смағұл, Жүсіпбектермен бірге «Қазақстан» мемлекеттік баспасының сарашылар алқасына енген.
Байқап қарасаңыз, Хайретдин аға Алаш серкелерінің қатарында жүр. Бұл – білім ауқымының кеңдігі мен тереңдігін көрсетіп тұрған жоқ па? Расында да, Мағжан ақынның «Бір кемі жоқ» деп жырлауы – көп нәрсені аңғартады.
«Әу баста, «Жаңадан ашылған Қорғалжын ауданы қай жерде орналасуы керек?» деген мәселе күн тәртібіне қойылған кезде, қасына астанадан келген өкілдерді ертіп жүріп, қазіргі аудан жерін белгілеген – біздің Хайретдин ағамыз еді», деп жазады Қабылтай Нұрмағамбетов ақсақал естелік мақаласында. Сонда ауыл ақсақалдары Нұрмағамбет пен Мырзабек тұрып: «Хайретдин қарағым-ау, бұл жерде аудан орналасса, малымыздың өрісі тарылады ғой, бұл не қылғаның?.. – деп оған өкпе айтқан екен. Жаны ашымайтынын да айтса керек. Ал Хайретдин ағамыз: «Әй, бауырларым-ай, сендерге неге жаным ашымасын, ашиды ғой. Мен жаңа ауданның орны үшін жүгіріп, шыр-пырым шыққанда, сендерді ойлап қам жеп жүрмін ғой. Мына заман құбылмалы болып тұр. Ертеңгі күн алда не тұр? Аштық, қиыншылық бола қалса, түгел қырылмайсыңдар ма? Ал егер аудан іргемізде болса, дүкен, кәперәтіп деген ұйымдастырылады. Алда-жалда соған қолыңдағы нәрселеріңді өткізесің де тамақ, киім-кешек аласыңдар ғой. Сөйтіп, күнелтпейсіңдер ме? Аудандық жерде мектеп ашылады, онда жас ұрпақ оқып хат таниды, білім алады, әрі қатынасқа жақсы...».
Алаш арысының мазасын кетіріп отырғаны – ел қамы.
Түркі әлеміне белгілі қайраткерді, Қазақстанда оқу-ағарту істерін ұйымдастырудың бастауында болған, большевиктердің сұрқия саясатына ашық қарсы тұрған, қуғын-сүргіннің ауыр азабын көрген, отбасымен қиыр шиырлаған, осы жолда қыршынынан қиылған қайран азаматты қазір сол Қорғалжыны қадірлей алып отыр ма? «...Бір кемі жоқ, бір теңі жоқ». Өлең мен бағаның қадірі бар заманда айтылған бұл сөз бәрімізді ойландыруы керек.
Кәдімгі Шерағаң, Шерхан Мұртаза Парламенттегі айбынды күндерінде бір топ қоғам қайраткерлерімен Хайретдин Болғанбай есімін мәңгі есте қалдыру шараларының бірі ретінде Қорғалжын ауданының орталығындағы №1 орта мектепке осы кентке алғаш қазық қаққан қайраткер есімін беру туралы депутаттық сауал жолдапты. Дей тұрғанмен, қазір осыған қозғау салып жатқан жандар жоққа ұқсайды.
«Қазаққа Қошке қадірсіз, Омбыға Қошке қадірлі» деген мақаланы да оқығаным бар еді. Бұл енді кәдімгі Алаш арыстарының бірі – айтулы Қошке Кемеңгерұлы. Осындайда: «Қазаққа Хайретдин қадірлі, Қорғалжынға Хайретдин қадірсіз-ау», деген ойға еріксізден-еріксіз бой ұрасың.
Көзі қарақты оқырман Алаш қайраткерінің 1918 жылы жазылған «Тұла бойлары қан сасиды» деген мақаласын оқып көрсінші! Батырлықтың да, өрліктің де (қаһармандықтың да дер едім), ерліктің де, парасаттылықтың да үлгісі осында жатқанына еш шүбәсі қалмайды.
Енді мақалаға үңілейік.
«31 ғинуардан 10 феуралға шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндерде адам-хайуан өзінің бет аузын Түркістан халқына ашық көрсетті.
Ол күндер – Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер.
Адам пішінді жыртқыштардың ол күндерде Қоқан көшелерінде істеген сұмдықтарын естігенде денең түршігіп, қаның мұздайды. Жүгені сыпырылып, мейірімі кеткен, аузы көпіріп, көзі қызарған адам-хайуан қоқандық көшелерінде құтырған қасқырдай кәріні, жасты, еркекті, әйелді талғамай қырған күндер – ол күндер...
Тозаңдай күнәсі жоқ есепсіз мұсылман халқының қаны судай шашылып, жаңа ғана қайтып, өсіп келе жатқан бостандық гүлінің адам пішінді жыртқыштар табанында тапталған күндер – ол күндер.
Япырм-ай, осы сықылды үлкен масқара, зор сұмдық күндерін де Түркістан халқы бір ұмытар ма екен?!
– Жоқ! Мың қабат жоқ!
Неше бүгін сүйегіне құлдық сіңіп, тамырына ірің толса да бұл күндерді ұмыта қоймас!..
Тым болмаса, неше мыңдаған сәбилердің күнәсіз ыстық қандары мен кірсіз, таза аруақтары ұмыттырмас!
Тым болмаса өмірінде бет-ауыздарын күннен басқа жан көрмеген мұсылман әйелдерінің сүттен аппақ намыстары бұл күндерді ұмыттырмас!..
...Сорлы Түркістан! Сен кеше бостандық болды, теңдік күні туды деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Русияның үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды есіңе алдың ғой.
Жоқ, босқа алданғансың! Шеттен келген буменен өлген теңдік тірілмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын! Енді мына көз алдында судай аққан кінәсіз қандар сенің бойыңа жылу жүгіртсе, сонда сен жылынасың. Сонда ғана сен Темірлерің мен Бабырларыңды көресің.
– Аһ! Айнала қан сасиды!
Енді мен бұл қанды көріп, бұрынғыдай тоң болып қала алмаймын. Бұл қан мені ұйықтатпайды. Бұл қан көз алдымда тұрғанда қалың мақталы дүрия көрпені жылы жамылып жата алмаймын. Тұншықтырады... түсіме енеді», – деп асыл аға қайғыра да, қамыға да, ашына да жазған! (менің қайран қалатыным, осы мақаласынан кейін ол қалай аман қалған?!).
Білімінің тереңдігі, парасат ауқымының кеңдігі осы бір мақалада шынайы көрініс тапқан.
В.Белинский кезінде: «Жалғыз желкен жалтылдап...» деген бір шумақ өлеңімен Лермонтов орыс әдебиеті тарихының төрінен орын алуға лайық», дегендей пікір білдірсе, Хайретдин Болғанбай осы шағын ғана мақаласымен қазақ тарихының төрінен орын алуға лайық деп айтар едім.
Қорғалжындық ақын Мұқан Сағымбекұлы: «Қырандай желге қарсы қаңтарда ұшқан. Жосалы туған жерін мақтан көрген, Жыр толғап жүрегінен тебіренген, Салғызған тұңғыш рет қызыл үйлер, Күлімдеп күн астынан көтерілген», – деп Хайретдин ағаны сағынышпен еске алады. «Қызыл үйлер» демекші, қорғалжындықтар «Қызыл академия» деп атап кеткен бұрынғы орта мектеп үйінің қазіргі жай-күйі туралы айтпай кетуге болмас.
1960 жылы туған ауылым Қара егіннің жетіжылдық мектебін бітіріп, атбасын Ақмолаға бұрдым. Алла тағала жар болып, сәтін салып педучилищеге түсіп кеттім. «Қызыл академияда» оқуға осылайша мүмкіндік болмай қалды. Неге екенін қайдам, сол «Қызыл академияда» Қорғалжынның қасиеті тұрғандай болып көрінеді маған. «Қызыл академия» тарихы – Қорғалжын тарихы!
Ағайын! Сол «Қызыл академия» аталған бұрынғы орта мектептің қазіргі жай-күйі адам төзгісіз жағдайда. Былтыр барып көрдім. Сұмдық! Қорғалжынның ортасындағы қоқыс қоймасы дерсің?! Бір кездері Хайретдин аталар армандаған мектеп еді ғой... Қорғалжындық қалталы азаматтар демеушілік жасап, аудан әкімдігі мұрындық болып, осы қасиетті орынды жаңғыртса, тарихы бай, қойнауы құтты, табиғаты сұлу да әсем Қорғалжынымның мұражайына айналып шыға келмей ме!
Оның қабырғасынан қаншама ұрпақ түлеп, үлкен өмірге қанат қақты. Жоғарғы Кеңеске екі мәрте депутат болған, осы мектепті бітірген, кезінде он бір жыл туған ауданын басқарған, өмірінің соңғы кезеңінде республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған ардақты Әділхан аға Шабатов есімін еске алсақ та жеткілікті.
Болашақта аудан орталығында Хайретдин Болғанбайдың еңселі ескерткіші бой көтереді деген сенімдемін. Осы ескерткіштен бастау алған қорғалжындық айтулы азаматтардың кескін-келбеттері бейнеленген тұғырлар аллеясы бой көрсетер.
Ал енді бір нәрсе ұлт зиялыларын толғандырады: «Алаш Орда үкіметінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында аудан орталығындағы орта мектепке Хайретдин Болғанбай есімі беріле ме, жоқ па?». Бұл мәселені елге белгілі азаматтардың көтергеніне де он жылдан асып барады.
Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз – Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге кұрмет көрсету. Ал құрметтің көкесі – Алаш идеясын ұрпақ бойына дарыту.
Ендеше, Хайретдиндей біртуар ағалар есімі ұмытылмақ емес!
Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
ардагер-ұстаз, Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің озық қызметкері.
Ақмола облысы.