жобасы 12 мың оқушыны қамтиды
2000 жылы «Мен – чемпион!» телевизиялық бағдарламасы пайда болып, оқушылар арасында спорттың кең құлаш жаюы арқылы саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен болатын. Жергілікті муниципалды телерадио арнасының директоры Евгений Сазановтың бастамасы мектептер тарапынан кең қолдау тауып, үлкен қызығушылық тудырған. Алайда, қаражат тапшылығынан жобаның аяқсыз қалуы талайларды өкіндірген.
Былтыр аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы СҚОФ-тың төрағасы Ерік Сұлтановтың бюджеттен қаржы бөлдіртуі, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің, «АКС» фирмасының демеушілігі арқасында жақсы жоба жанданып, қайтадан мәре алды. «Мен – чемпион!» балалар спорт ойынының мектепішілік бірінші кезеңіне 1025 командадан 10 мыңға тарта балғын белсене атсалысып, күштерін сынасты. Екінші кезеңге 13 аудан мен 3 қалалық команда өтіп, басты бәсеке 1500 оқушының арасында өтті.
Жуырда үш кезеңнен тұратын жарыстың қорытындысы бойынша Ақжар ауданы мен Петропавл қаласындағы № 7 мектептің командалары ақтық сайыста белдесіп, бас жүлдені сарапқа салды. Аса тартысты өткен додада петропавлдық өрендердің мерейі үстем болып, жарыстың жеңімпазы атанды.
Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов жеңімпаздардың тынығып қайтуы үшін «Балдәурен» сауықтыру лагеріне жолдамалар тапсырды. Мұндай құрметке 3-орынға көтерілген Есіл ауданының командасы да ие болды.
– Былтырға қарағанда қатысушылардың саны 1,5 есеге көбейіп, ойын ережесі мен тәртібіне өзгерістер енгізілді. Ең бастысы, қызықты өтуі үшін талап күшейтілді. Енді, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен республикалық мәртебе алып, өзге өңір оқушыларының қатысуымен биыл Қызылжар өңірінде ұйымдастыру ұйғарылып отыр, – дейді бағдарламаның авторы Е.Сазанов.
Оның алда жоспарлап отырғаны – жобаны ТМД деңгейіне дейін көтеру. Ульяновск қаласында өткен бүкілресейлік ассоциацияда бағдарлама таныстырылымының сәтті қабылдануына қарағанда, ойының жүзеге асатынына шек келтіруге болмас.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ