Қандай дәуірде ғұмыр кешсе де адамның ой-аңсары, ғұмырлық мақсаты мәңгілік мұраттармен байланысты. Адам баласының өмір, қоғам алдындағы міндеті үнемі жадында жүреді. Жалпы, адамның айналысатын әрекеті, қызығушылығы оның дербес, табиғи қасиеттерімен үйлесіп жатады. Сондай болмысына дарыған дарын мен ой, таным тереңдігі Жанат Әскербекқызының табиғатында – ақындығы мен ғалымдығында жарасым тапқан. Жаратылыстың алуан түрлі көрінісін суретші бояумен бедерлеп, ақын сөзбен айшықтап көркем дүниелер жасайды. Осы өнер үлгілерінде нағыз өмірдің бейнесі алуан түрлі құбылыстар арқылы танылып жатады. «Поэзия – адам сезімінің айнасы. Ол адамзатты поэзияға ғана тән белгісіз жұмбақ күш пен сезімнің рақатына бөлейді, жақсы көру, жек көру, сүйсіну, қуану, мұңға бату – осының бәрі тұтастай алғанда адам жанының табиғи нәрі. Поэзия сезінуге тәрбиелейді, адам жүрегінің кез келген қара байыр құбылысқа үн қоса бермейтін нәзік қылына жан бітіреді. Поэзияның жұмбақ та керемет күші, міне, осында», деп Мұқағали Мақатаев айтатын жайлар да сол жарасымның ішінен табылмақ.
Көркемдік таным үрдісінде уақыт пен кеңістік арқылы өлшенетін сезімдік-көрнекі дүние, негізінен, аңдау, байқау, байыптау арқылы тұтас, бірегей көрініс ретінде қабылданады. Ақын Жанат Әскербекқызының «Ғарыш билер ғұмырымды» (1999), «Қаракөз бұлақ» (2001), «Қаңтардағы қызыл гүл» (2001), «Көк түріктер әуені» (2001) жыр жинақтарының ерекшелігі де жаратылыс пен адам болмысы арасындағы үндестік, адам сыры, көнеден келе жатқан ұлттық сипат, көк пен жер арасындағы тіршілік, тылсым дүние, сезім-күй әуендерінен танылады. Жанаттың жырларындағы «тәні – тас, жаны – жас», «мыстан-пиғыл», «жорға-сезім», «сағым-мұнар», «сәйгүлік-күн», «қыраулы дем», «күз кермек», «қызыл іңір-жалғанның үзігі», «тірлік-арба», «сәукелелі сағыныш» тіркестері тосындығымен, дәлдігімен қайран қалдырады. Осындай сан алуан бейнелі тіркестер ақын жырларындағы тұтас идеяны ашып береді. «Қаз қанатындағы ғұмыр» (2007) жинағына академик Р.Нұрғали: «...бұл жеке өлеңдерден тұратын қалыпты жинақ емес, мәтіндік құрылымы ерекше ойластырылған, жеке бөлімдер бір-бірімен терең байланыстағы, мазмұн мен форма бірлігі тұтаса біткен күрделі поэтикалық шығарма», – деп баға берген екен. Жалпы, ақынның көңілі кең, ойы терең болған сайын өзі сезініп, меңгерген дүниесі көптің игілігіне көбірек айналады. Адам болмысы қаншалықты күрделі, жұмбақ болса да, ақын оның осы күрделі табиғатына дендей ене алады. 2009 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Өлең өлкесі» (қазақ табиғат лирикасының антологиясы) жинақты құрастырушы ретінде жазған алғысөзінде Жанат: «А.Блок тұжырымына сүйенсек, жай адамның көзі ажырата алмайтын қырларды шалса, табиғаттың бергі қабатын ғана көрмей, оның ар жағындағы сырды ұғып, сезінсе, сол адам – суреткер», – дейді. Бұл пікірі Жанаттың өз табиғатына үйлеседі. Өзі де үнемі беймәлім, меңзеулі, астарлы дүниенің сырын іздеп жүретін Жанаттың поэзиясы да, ғылыми ізденісі де осы сипаттан құралған.
Айнала қоршаған жаратылыс сырларына қанығу, оның тылсым сырларына үңілу адам баласына оның көрінетін құбылыстарды ғана емес, көзге көрінбейтін тылсымдардың құпиясына бойлауды үйретті. Сонда оның қызықты әрі шытырман, мейлінше күрделі екендігі ашылады. Жанаттың болмысы осындай беймәлім, елес дүниелерге жақын. Жанаттың ерекшелігі – тылсым дүниенің тереңіне ақын болып та, ғалым болып та бойлауы.
Ж.Әскербекқызының «Көркемдік өріс» (Е.Раушанов поэзиясының негізінде) (2008) ғылыми зерттеуінің алғысөзінде қаламгер Ә.Кекілбаев: «...кітап шаршағанға әл, сусағанға нәр бітіре алар Сөз Құдіреттің кереметтей өрімі. Өлең шіркіннің бізді қалай арбап, қалай баурайтынын жіліктей шағып саралап, Есенғали шайырдың басқаларға ұқсайтын-ұқсамайтын ұрымтал да тосын тұстарын айырып, даралап беруді көздепті. Бұл – енді ілуде біреу ғана дәт ете алатын тәуекел. Бұған дейін сырттай сұқтансаңыз да, құнттай қоюға жүрегіңіз дауалай алмаған тұңғиыққа терең бойлап, қапысыз қаныққандай қайраттанасыз, қанаттанасыз. Сын кітабы жыр кітабындай баурап алады», – деп зерттеудің ерекшелігін тап басады. Әдебиеттанудың бір салмақты арнасына айналған миф – ғылымдардың тоғысында қарастырылатын әлем. Ж.Әскербекқызы әдебиет үшін көркемдік те, танымдық та қызмет атқарып келе жатқан мифологизм сипатын Оралхан Бөкей прозасы негізінде ғылыми талдауға өзек етті, кандидаттық диссертациясын (1999) академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен сәтті қорғады.
Мифологияның даму кезеңдерін қазақ және әлем мифі негізінде макроталдауға ұластырып, әдіснамалық негізін орнықтырған ұстазы, академик С.Қасқабасов концепциясына сүйене отырып, Жанат миф дүниесінің фольклордағы, жазба әдебиеттегі функцияларын саралады. Мифтің құбылмалылығы, көркем әдебиеттің былай да көркемдік болмысын әрлей түсетін қасиеті, адамға, жалпы тіршілік иесіне тән ерекше, тылсым болмысты жақындатып, адамды ойға, өзінің шыққан түпкі бастауларына үңілуге шақыратын қасиеті көптеген ізденушілердің ғылыми зерттеу өзегіне айналды. Мифтің терең, сан арналы қасиеті оны әрі қарай зерттеп, дәйектей түсуді қажет етті. Жанаттың «Мифтің поэтикалық қызметі» (қазіргі қазақ поэзиясы арқауында) деп аталатын докторлық ізденісі (2010) миф дүниесінің барша қырларын талдауға құрылды. Мифтің танымдық қызметінен бастап, оның әрқилы суреттеулер мен бейнелеулер жүйесіне, олардың ішкі жіктеулеріне бойлады. Алдыңғы зерттеушілердің тұтас немесе жалпылай қарастырылған мәселелерін ғалым даралай, жіліктей талдады. Ішкі бөліністерді барынша айқындап, сенімді дәйектеулер жасады. Жекелеген бейнелердің сипатын ашты. «Ішкі әлем», «аспан шырақтары», «тау», «құс», «туған жер» ұғымдарының мифопоэтикалық, мифологемдік сипаттарын егжей-тегжейлі дәлелдеп, дербес жіктеулер жасап, тұжырымдамалық деңгейге көтерді. Поэтикалық ойлау желісіндегі күрделі таным мен қабылдауларды философиялық, мифологиялық сипатта ашты. Әрбір көркем мәтіннің ішкі қабаттарын ақтарумен қатар, дербес стильдік болмыстарын ашуда әдепкі тіл қолданыстарын айқындап қана қоймай, авторлық қолданыстарды (автометафоралар) ажыратты. Сөйтіп, әлем мифологиясындағы ғылыми концепциялар, онда орныққан қисындар негізінде қазақ мифологиясына тың тұжырымдар әкелді, кейбір ұғымдарды ғылыми айналысқа енгізді. Жанат Әскербекқызы өзінің ақындық әлемінде қалыптасқан көркемдік-шығармашылық бейнелердің, көркем суреттердің ғылыми моделін жасады. Осыдан келіп ақындық шығармашылық пен ғылыми болмыс арасындағы үйлесімділік туды.
Жанаттың шығармашылық ой ұшқырлығы мен ғылымдағы алғырлығы оның орта мектептерге арналған бірнеше буын оқулықтары арқылы да дәлелденді. 8-9-10-11 сыныптарға арналған жаңа буын бағдарламалары мен оқулықтарын, әдістемелік құралдарды әзірледі. Оның бірқатары бүгінгі күні республика мектептерінде қолданысқа енгізілді. Жанаттың профессорлық-педагогтық тәжірибесі магистранттар мен докторанттарға жүргізген дәрісінен де байқалады. Дуалды, диалог дәріс түрлерін, жаңа авторлық пәндерді оқу үдерісіне енгізді. Ресей (Қазан), Түркия (Ізмір) мемлекеттері жоғары оқу орындарында мазмұнды дәрістер оқып, оқу үдерістерін ұйымдастыру саласынан тәжірибе бөлісіп отырады. Жанат Әскербекқызы шығармашылық иесі ретінде де, ғалым ретінде де бірнеше буын ізбасарларды тәрбиеледі. Бүгінде Жанат Әскербекқызы – ақын, ғалым, педагог, ана. Ол өзінің ғылыми, шығармашылық, педагогтық ортадағы қабілет-қарымын одан әрі баянды ете бермек.
Қарлығаш БАЙТАНАСОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
Астана