«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу үшін тілек білдірген елдер арасында Мысыр мен Гондурас мемлекеттері де бар. Екі елдің бизнес және туризм салаларының өкілдері Астанада өтетін жаһандық шараға аса қызығушылық танытуда. Қазақстан мен Мысыр елі арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнатылса, Гондурас Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1995 жылы 28 қарашада орнаған болатын.
Мысыр Араб Республикасы – Африканың солтүстік-шығысында орналасқан ірі араб елі. Оның аумағының бір бөлігі – Синай түбегі Азияда орналасқан. Екі құрлықтың арасындағы шекара Суэц каналының бойымен өтеді. Мысыр батысында Ливиямен, оңтүстігінде Суданмен, шығысында Израиль және Палестина автономиясымен, сол сияқты Сауд Арабиясымен және Иорданиямен теңіз арқылы шекараласады. Оның солтүстігін Жерорта теңізі, шығысын Қызыл теңіз сулары шайып жатыр. Әлемдегі ең ірі Суэц каналы осы Мысыр еліне тән. Ол Жерорта және Қызыл теңізді жалғастырып, Атлант және Үнді мұхиттарына жол ашады.
Мысыр аумағы арқылы оңтүстіктен солтүстікке қарай дүниежүзіндегі ең ұзын – Ніл өзені ағады. Оның ұзындығы 6 852 шақырымды құрайды. Осы ұлы өзен Мысыр өңіріндегі, жалпы, жаһандағы өркениет бесігі болып табылады. Жалпы, Мысыр Араб Республикасының жер көлемі 1 001 450 шаршы шақырымға тең. Соңғы санақ (2013 жыл) деректері бойынша, Мысыр халқы 85 294 388 адамды құрайды. Халық саны жағынан ол әлемде 15-ші орынды иеленеді. Міне, осы халықтың 90 пайыздан астамы күні бүгінге дейін өркениет бастауы, тіршілік нәрі – Ніл өзенінің қос жағалауында тіршілік етеді. Халқының 90 пайызы мұсылман дінін (негізінен сүнниттер), 9 пайызын копт христиандары, 1 пайызын христиандар құрайды. Этностық құрамы жағынан тұрғындардың 98 пайызы арабтар болып табылады.
Ежелгі Мысыр жерін адам баласы палеолит дәуірінен бері мекендеп келеді. Неолит дәуірінде климат күрт өзгеріп, бұрынғы жайқалған өлкелерді құм басып, адамдар Ніл өзенінің бойына жиналды. Ніл өзенінің бойында өмір сүретін тайпалар (протосемит, бербер, кушит және басқалар) өзара араласып, Мысыр халқы қалыптасты. Осы жерде алғашқы мемлекеттік бірлестіктер қалыптасты. Олардың арасынан екі мемлекет іріктеліп, оңтүстікте жоғарғы Мысыр, солтүстікте төменгі Мысыр патшалықтары құрылды. Б.з.б. 3-ші мыңжылдық шамасында жоғарғы Мысыр билеушісі Менес (Мина) төменгі Мысырды басып алып, екі елді біріктіріп, ірі перғауындар патшалығын құрды. Б.з.б. 1279 жылдан 1213 жылға дейін ІІ Рамсес патшалық құрды. Б.з.б. 670 жылы Мысырды Ассирия патшасы Асархаддон жаулап алды. Б.з.б. 332 жылы бұл көне өркениет елін Ескендір Зұлқарнайын жаулап алып, Александрия қаласының негізін қалады. Б.з.б. 30 жылдан біздің заманымыздың 395 жылына дейін Мысыр көне Рим құрамында болды. 395-645 жылдары Мысыр елі Византия империясының құрамына қарады. Ал 645-1171 жылдары Мысыр Араб халифатының құрамына кіріп, мұсылман дінін қабылдады. 972 жылы Каир қаласының негізі қаланды. 1250 жылы мамлюктер төңкерісі орын алып, Мысыр сұлтаны болып Айбек тағайындалды. 1260 жылы мамлюктер моңғол шапқыншыларының бетін қайтарды. 1517-1914 жылдар аралығында Мысыр Осман империясының қоластында болып, елді паша тағайындаған өкілдер биледі. 1869 жылы француз инженері Фердинанд де Лессепстің басшылығымен Суэц каналының құрылысы аяқталды. 1914-1922 жылдар аралығында Мысыр Ұлыбританияның протектораты болды. 1922 жылы король І Ахмед Фуадтың басшылығымен Мысыр Корольдігі тәуелсіздігін жариялады. 1947-1949 жылдары Мысыр бірінші Араб-Израиль соғысына қатысты. 1953 жылы әскерилер төңкерісінен кейін Мысыр республика болып жарияланды. 1958 жылы Мысыр және Сирия елдері президент Насердің жетекшілігімен Біріккен Араб Республикасына (БАР) бірікті. 1961 жылы Сирия оның құрамынан шықты. 1970 жылы президент Абдель Насер қайтыс болып, оның орнына Анвар Садат президент болды. 1971 жылы БАР Мысыр Араб Республикасы болып құрылды. 1979 жылы Египет пен Израиль арасында бітім жасалып, Синай түбегі Мысырға қайтарылды. 1981 жылы Анвар Садатты діншілдер өлтіріп, билік басына Хосни Мубарак келді. 2011 жылы елде орын алған әскери төңкеріс салдарынан Хосни Мубарак тақтан тайдырылып, билік Жоғары әскери кеңестің қолына көшті. 2012 жылы өткен президент сайлауының нәтижесінде Мұхаммед Мурси президент болып сайланды. 2013 жылы 3 шілдеде болған әскери төңкеріс салдарынан Мұхаммед Мурси тақтан тайдырылды. 2014 жылы мамыр айында өткен президенттік сайлауда ел президенті болып Абдул-Фаттах Ас-Сиси сайланды.
Мысыр
Гондурас
Мысыр экономикасы аграрлық салаға негізделген. Мұнда негізінен мақта өсіріледі. Әлемдік мақта өндірісінде Мысыр мақтасының үлесі 3 пайызды құрайды. Осыған байланысты мұнда жеңіл өнеркәсіп біршама дамыған. Сонымен бірге, мұнда туристік бизнес саласы жақсы дамыған. Ел аумағында туристік инфрақұрылым кең өрістеп келеді. Ел бюджетінің қомақты бөлігі Суэц каналы арқылы тасылатын жүкке салынатын салықтан түседі.
Мысыр елі әлемде алғашқылардың бірі болып 1991 жылы желтоқсан айында Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Қазақстан мен Мысыр арасында 1992 жылы жан-жақты дипломатиялық қатынас орнатылды. Ал 1993 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Мысыр еліне алғашқы ресми сапарын жасады. Мысыр астанасындағы көшелердің біріне ұлы Абай есімін берген алыстағы бірден-бір шет мемлекет болып табылады. 1998 жылы елші, марқұм Болатхан Тайжанның бастамасымен Каир қаласында Абай көшесі ашылған болатын.
Гондурас Республикасы – Орталық Америкадағы мемлекет. Ол оңтүстік-шығысында Никарагуамен, оңтүстік батысында Сальвадормен және батысында Гватемаламен шекараласады. Сонымен бірге, солтүстікте Гондурас жағалауын Кариб теңізінің, оңтүстігінде Тынық мұхитының сулары шайып жатыр. Гондурастың ең биік өңірі Серро Лас Минас (2870 метр) болып табылады.
2010 жылғы халық санағы бойынша бұл елдің тұрғындары 8 миллион адамды құрады. Халықтың этностық құрамы негізінен метистер – 90 пайыз, үндістер 7 пайыз, негрлер мен мулаттар 1,2 пайыз, ақ нәсілділер 1 пайызды құрайды. Мемлекеттегі негізгі тіл – испан тілі, сонымен бірге, жер-жерлерде жергілікті үндістердің тілдері қолданылады. Дін ұстанымына келетін болсақ, халықтың 56 пайызы атеистер, 42 пайызы католиктер, 2 пайызы протестанттар болып табылады. Мемлекеттің астанасы – Тегусигальпа қаласында 1 миллион 600 мыңнан астам адам тұрады.
Испан тілінен тікелей аударғанда Гондурас атауы («ондурас») – «терең» деген ұғымды білдіреді. Белгілі аңыз бойынша, Христофор Колумб өзінің Жаңа Жерге жасаған соңғы сапарында, яғни 1502 жылы қатты дауылға тап болады. Саяхатшы мінген кеме қаңбақтай қалтылдап, олардың су астына кететін қаупі жақындайды. Кеме таудай толқыннан терең шыңырауға құлайды. Сонда олар жаппай Құдайға жалбарынады. Апаттан аман қалған Христофор Колумб «Бізді осынау терең шыңыраудан құтқарған Құдайға мың рахмет!», деген екен. Сол «терең» шыңырау деген сөзден Гондурас елінің атауы қалыптасыпты-мыс.
Көне заманнан-ақ бүгінгі Гондурас жерін үндістердің ленка, мискито-матагальпа, отоми-манге, пайя, хикаке сияқты тайпалары мекендеген. Біздің заманымыздың ІІ ғасырында жергілікті үндістерді майя тайпаларының үндістері жаулап алады. Жергілікті үндістерге қарағанда, бұл тайпалар өркениетті еді. Олар жазу өнерін, ғылым тілін меңгерген болатын. Гондурас жерінде майя мәдениетінің ең ірі ескерткіштерінің бірі – Копан қаласы қоныстанған. Алайда, ІХ ғасырда бүгінгі адамзатқа белгісіз себептермен майя тайпалары бұл жерден қопарыла көшіп, Юкатан түбегіне кетеді. Копан қаласының орнын археологтар 1839 жылы қалың орман арасынан тапқан. 1502 жылы Христофор Колумб бұл өңірді ашып, тек 22 жылдан кейін конкистадорлардың табаны тиді. 1524 жылы Гондураста испан корольдігінің билігі орнады. Жаулап алушылар жергілікті үндістердің сансыз ұлт-азаттық көтерілістерін аяусыз басып жанышты. ХІХ ғасырдың басында Гондурас жері испан отаршылдарына қарсы жалпыамерикалық күрес алаңына айналды. 1821 жылы 11 қыркүйекте Гондурас өзінің азаттығын жариялады. 1823 жылы Гондурас Орталық Американың Біріккен провинцияларының құрамына кірді. Осыдан бастап бұл елде ұзаққа созылған азамат соғысы басталды. Мәселен, тек 1845 жылмен 1876 жылдың аралығында ғана Гондураста 12 азамат соғысы болған екен. Тек 1981 жылғы қараша айынан бастап Гондураста азаматтық билік жүргізілуде. Алайда, елдің саясатындағы әскерилердің ықпалы әлі де болса аса зор.
1982 жылы қабылданған конституция бойынша Гондурас – унитарлық президенттік республика болып табылады. Атқарушы билік 4 жыл мерзімге жалпы халық сайлайтын президенттің иелігінде. Сонымен бірге, президент үкіметті басқарады. Заң шығарушы орган 4 жыл мерзімге сайланатын 128 депутаттан құралған Ұлттық конгресс болып табылады.
Жалпы, Латын Америкасы бойынша Гондурас Республикасының экономикасы нашар дамыған. 2009 жылғы дерек бойынша Гондурас елінің ІЖӨ-сі 33,1 миллиард долларды құрады. Ауыл шаруашылығы негізінен күріш, жүгері дақылдарын өсіріп, мал шаруашылығымен айналысады. Өнеркәсібіне келетін болсақ, мұнда негізінен кен байыту өнеркәсібі дамыған. Мұнда қорғасын және мырыш концентраттарын шығаратын бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді. Кариб теңізінің жағалауында мұнай кенішін ашу мақсатындағы зерттеу жұмыстары көп жылдардан бері жүргізіліп келеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»