22 Сәуір, 2016

Адамзат ертеңіне алаңдау – бүгінгі әлемдегі ең үлкен жауапкершілік

2178 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ

МАГАТЭ1Қазір адамзат баласы тек өзінің ғана емес, сонымен қатар күллі планетаның келе­шек­тегі толайым тағдырын шешетін үл­кен таңдаудың алдында тұр. Ол мазмұны жа­ғынан ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің 1600 жылы жазылған «Гамлет» пьесасында бас кейіпкердің аузымен айтылатын әйгілі: «To be, or not to be», яғни «Бола ма, немесе бордай тоза ма?» деген мәңгілік сауалына сарындас ке­ле­ді. Бірақ аталмыш трагедияның басты мәселесі болып табылатын бұл сауал орта ға­сырлардағы дат корольдігінің тағдыры мен намысын қорғау турасында ғана айтыл­са, ендігі қабырғадан қойылып отырған сұра­пыл сұрақтың жалпақ жаһанды күнбе-күн төніп келе жатқан ғаламат апаттан аман сақтап қалу сыңайындағы салмағы бар. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың биылғы жылдың наурыз айының соңында Вашингтонда өтіп жатқан ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит аясында жария етілген «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі бейбіт өмірді көксейтіндердің, ертеңгі күнге адамзаттың ертеңгі тағдырына алаң­дау­шылық білдіретіндердің көкейінен шыққан нағыз құнды құжат болды. Дер кезінде көтеріліп, жарияланған мәлімдемеге іле-шала БҰҰ-ның ресми құжаты мәртебесі берілуі оның мәні мен маңызын айшық­тай түсті. Осының өзі Елбасы әлем назарын ауда­рып отырған мәселенің қанша­лықты ма­ңыз­ды, қаншалықты жауапты, қан­ша­лық­­ты шетін екенін анық айқын­дап берді. Шынында да барынша кемеліне келіп, өркениеттің мейлінше өр­кендеген кезінде кезекті жүз­жыл­дыққа қадам басқан Жер-Ана тұр­ғындары осының бәрін бір-ақ сәт­те күлге айналдырып, жоқ етіп жіберетін қауіп-қатердің де алуан түріне қоса кезікті. Мұны Президент өзінің манифесінде: «Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынты­мақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс!», – деп нақты да тура атап көрсетті. Сөздің әділдігінің өзі де осы! Бұл – енді кешеуілдете беру кейін орны толмас өкінішке алып баруы ықтимал өте бір өзекті мәселе. Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұрған әлемде ендігі жерде ешбір ұсақ-түйек мәселе болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер шары жұртшылығын соғыс вирусын таратып алудан сақтандырып отырған аталмыш мәлімдемесіне «манифест» деген анықтама беріпті. Негізі, «құжат, акт, декларация» мәндес манифест ұғымы белгілі бір мемлекет басшысының немесе мемлекеттік биліктің жоғары органының халыққа, тұрғындарға арнаған ерекше актісін білдіреді. Мәселенің өте өткірлігі тұрғысынан қарағанда, біздіңше, Президенттің мұндай ауқымда құжат қабылдауының өзі тектен-тек болып отырған жоқ. Адамзат тарихы бұдан екі жарым мың жыл бұрын дәурен кешкен «патшалардың патшасы», парсының Ахемен әулетінің ұрпағы Ұлы Кирдің қолбасшы ретіндегі жеке өзінің, сондай-ақ, ата-бабаларының ірі жеңістері мен қайырымдылық істері тізімін сазды цилиндрдің бе­тіне сына жазумен ойып қалдыруға пәрмен берген кезінен бастау алатын манифестің сан алуан түрімен танысып көрді. 1879 жылы Вавилон жерінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған осынау артефакттен кейін де осы тектес қаншама құжаттар өмірге келді. Олардың арасында шотландтың пресвитериан дінін қорғау мен Ресейдегі дворяндардың еркіндігін сақтап қалуға арналған манифестерден бастап, әлемнің әртүрлі елдеріндегі аннексия мен крепостнойлық құқықты жоюға дейінгі тақырыптарды қамтитын әлденеше ондаған құжаттар болды. Осы саптан біз кейінірек күл­лі әлемнің саяси құрылымын өз­гертуге бірден-бір себеп болған К.Маркс пен Ф.Энгельстің бірлескен еңбектерінің жемісі – 1848 жылы жарыққа шыққан «Коммунистік партияның манифесін» де көрер едік. Бұлардан басқа, белгілі жазу­шылардың, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің қол қоюларымен әскери қызметке міндеттеп тартуға қарсылық ретіндегі қарсылық манифесі де, итальян фашизмінің әрекетіне баға беру түріндегі ма­нифесі де кездесті. Бірақ бүкіл ғалам жұртын тұтанып кеткелі тұрған соғыс өртінен сақтандырған, әлемнің жетекші елдерін милитаризм идеясынан бас тартуға шақырған тап мұндай манифест бұрын-соңды кезікпеген. Ондай құжатты ғаламның сан ғасырлық шежіресінде бірінші болып ядролық жарылыстар зардабын тартқан Қазақстан басшысы ұсынып отыр. Ден қойып оқыған әрбір адам осы манифестен өздеріне керекті көптеген құнды деректер де таба алады. Ғалымдардың есебі бойынша, әлем өркениетінің осы кезге дейін 15 мыңнан астам соғысты бас­тан өткергені де шындық. Мұның өзі адам баласының әр жыл сайын 3 соғысқа килігіп тұрғанын көрсетеді. Тым арғы ежелгі дәуірлерге ендеп бармай-ақ өз заманымызды мысалға алатын болсақ, 66-70 жылдарда қылышынан қан тамызған атақты Иудей соғыстарынан бастап, 2003 жылғы Парсы шығанағындағы екінші соғысқа дейінгі аралықта адамзат өкілдерінің бейбіт күнде кірпік айқастырып, тыныш ұйықтаған кездері өте сирек. Осының бәрі кім-кімді де ойландыратын жайт болуы тиіс. Осыған орай айтылатын тағы бір дерек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қазіргі таңдағы мәліметі бойынша, жыл сайын 59 миллионға жуық адам өмірден өтеді. Демек, орта есеппен секунд сайын 12 адам бақилыққа аттанады. Ал әрбір 102 секундта бір адам Жер бетіндегі ұрыс қимылдарының барысында оққа ұшып, опат болып жатады. Мұның сыртында халықаралық терроризм дүрбелеңі жыл озған сайын қаһарлы сипат алып келеді. Бұл қанқұйлы әрекеттер енді жекелеген елдердің шеңберіне ұя­лаған ұрымтал жарылыс болудан қалып, тұтас бір құрлықтарды уысында дірілдетіп ұстайтын атышулы қанды оқиғаларға айналды. Осының салдарынан бұрын қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай күнді бастан кешіп, уыздай ұйып отырған көптеген елдердің тұрғындары аяқ астынан бүліншілікке ұшырап, торғайдай тозған жұрттың басқа жаққа қарай жөңкіле ағылуы үйреншікті үрдіске ұласты. Елбасы атап көрсеткендей, «миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы әдеттегі шындық» болып бара жатыр. Бұған адамзат үшін қасіретті салдарлар әкелетіні баяғыдан аян болған «қырғи-қабақ соғыстың» әсері де аз емес. Оның өткір жүзінде қылпып тұрып қалған дүние қазір ырықсыз ырғатылып, шамадан тыс шайқатыла түсті. Қазір жер бетіндегі тыныштық тек соңғы жарты ғасырға жуық уақыт ішінде қалыптасқан табанды саяси ұстанымның арқасында ғана өзінің салмақты сипатын сақтап тұр. Бірақ шөлмектің мың күнде емес, бір-ақ күнде сынатыны сияқты, бұл шыдамның да шарт сынып кететін шегі болса керек. Әлбетте, әлемдегі бейбіт өмірді сақтап қалу, бейбіт заман тіршілігін құру керектігі жөнінде ой көтеріп, дабыл қаққан толымды тарихи тұлғалар бұрын да болған. Әр дәуірде өмір сүрген ондай қайраткерлер Жердің бетін соғыссыз және жанжалсыз тірліктің ұясы етіп жасау турасында талай мәрте мәселе көтерген. Мәселен, философтар мен гуманистер адамның адамға жасайтын зорлық-зомбылығы мен өктемдігінің ешбір мағынасы жоқ екендігі, себебі, адамның жануардан артықшылығы қайырымдылық пен зұлымдықты бір-бірінен ажырата білетіндігінде, сондықтан, оның өктемдікке өктемдікпен жауап қайтара алатыны туралы мыңдаған кітап жазып шыққан екен. Алайда, адамзаттың барынша жетілген бүгінгі заманының өзінде әлемдегі көптеген мемлекеттер үшін өз тұрғындарына да, басқа мемлекеттерге де қарсы зорлық-зомбылық көрсету оның саяси әрекеттерінің құрамдас бір бөлігі болып қалып отыр. Адам баласын жаппай қырып-жоюға арналған жойқын қару-жарақтарды шығару үшін бөлінетін шығындар мен бюджет қаржыларының көлемі жыл санап азаю орнына, керісінше еселеп артып барады. Кезінде осындай тенденциядан сақтанған Ж.Ж.Руссо, И.Кант, Дж.Локк, М.Ганди, Л.Толстой, Ф.Достоевский секілді адамзаттың озық ойлы өкілдері соғысқа қарама-қарсы балама ретінде зорлықсыз өмір сүру тұжырымдамасын ұсынып еді. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деген еді ғой ұлы Абай. Әлем саясатындағы зорлық-зомбылықсыз тіршілік ету идеясы, айналып келгенде, соғыс әрекеттері ешкімге де тиімділік әкелмейтін халықаралық орта қалыптастырып, оның мемлекеттер арасындағы қарым-қаты­нас қолданысынан өзінен өзі шығып қалатындай болуына апарып соқтыруға тиіс-тін. Ал мұндай халықаралық орта орнату үшін ең алдымен мемлекеттер арасындағы сенім деңгейінің өлшемін жүзеге асыру, базалық құқықтық және моральдық-этикалық мәселелер жөніндегі келісімді қамтамасыз етіп алу қажет. Сонымен қатар, адам баласының адамгершілік кескін-келбеті мен адамзаттың осы кезге дейін өмірдің барлық салаларында қол жеткізген бейбітшілікті дамыту деңгейі арасында пайда болған түпсіз құрдымды жою керек. Зорлық-зомбылықсыз тіршілік ету тұжырымдамасы оған қол жеткізу мақсаты мен оған жұмсалатын қаржының бір-бірімен үйлесімді болуын да талап етеді. Сондықтан әлем саясатындағы зорлық-зомбылық жасамау қағидаттары тек адам мен оның өмірі құндылық болып есептеліп, адамның ар-намысы мен жеке тұлғасы экономикалық мүдде, қару-жарақ жасау бәсекесі секілді бүгінгі ғаламдық деңгейдегі маңызды мәселелерден жоғары болып танылған кезде ғана жүзеге асатыны ақиқат. Ал осы бейбітшілікті сақтап қалудың бүгінгі таңдағы басты шарттарының бірі – Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарттың өз дәрежесінде орындалмай жатқан заманында зорлық-зомбылықсыз әлем орнату жөніндегі идеяның іс жүзіне асуы мүмкін емес жайт. Қазақстан Президентінің мәселені тап бұлай төтесінен қойып отырғаны да сондықтан. Өзінің манифесінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе», – дегенді де сол себепті ашып айтты. Міне, қауіптің үлкені де сонда, егер күндердің күнінде жаппай қырып-жоятын ядролық қарулар лаңкестер тобырларының қолдарына жазатайым түсе қалса, адамзат бала­сының ішкені – ірің, жегені желім болатын шағы сол кезде орын алады. Ал Нұрсұлтан Әбішұлының бұдан тура 25 жыл бұрын Семей полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Мемлекет басшысы ретінде бұл өзекті мәселені тап осылай қабырғадан қойып, төтесінен тартуына толық құқы бар. Сол себепті де Қазақстан Президентінің саммитте айтқан: «Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде 1,5 миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиация зардабына ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздіктің сипатын басқаша түсінуге алып келді», – деген мәлімдемесі өз тың­даушыларын кәміл иландырды. Осында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқының қол­дауы арқасында кеңес заманынан бері келе жатқан Семей ядролық полигоны жабылғанын, содан кейін еліміз өз аумағындағы барлық ядролық қарудан бас тартқанын тілге тиек етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол күндері АҚШ-тың «The Hill» атты күнделікті саяси газетінде жария­ланған «Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит: ілгері бастаған жол» деп аталатын мақаласында да әлемді ядролық апаттың қырғы­нынан сақтап қалудың бірша­ма тыңғылықты тұжырымдары атап өтілді. Манифестегі ойларды тарқатып айтуға арналған бұл мақалада: «Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін», – деп ашып көрсетілген. Мемлекет басшысы мұндай үдерістің Орталық Азияда сенім шараларын жүзеге асырудан басталғанына да назар аударды. Бұл ынтымақтастық кейін Орталық Азияны ядролық қарудан ада өңір ретінде жариялауға ықпал етіп, өңірдегі бейбіт тіршіліктің тұрақтана бастауына себепкер болған. Мұның бәрі, жоғарыда атап өтілгендей, мемлекеттер арасындағы сенім деңгейінің өлшемін жүзеге асыру керектігін айғақтай түседі. Олай болмаған жағдайда бұл мақсатта қолға алған қандай да бір шараның бәрі зая кетеді. Қазақстан Президенті осы орайда уран байыту ісін жаппай қырып-жоятын қару жасауға мүмкіндік беретін дәрежеге жеткізуге жол бермеу керектігіне тоқталды.Сондықтан да Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік әлемде алғашқы рет Қазақстанда Төмен байытылған уран банкін құруға шешім қабылдады. Бұл біздің елімізге және оның басшысының бейбітшілік сүйгіш сындарлы саясатына берілген үлкен баға. Француздың классик жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери бұдан 70 жылға жуық уақыт бұрын: «Адам болу – өз жауапкершілігін сезіну деген сөз. Себебі, сенің өзіңе қатысты болып тұрмаған жоқшылықтың алдында ұялу. Жолдастарың қол жеткізген әрбір жеңіс үшін мақтану. Бір кірпішті орнына қалап тұрып, өзіңнің бейбіт өмір құруға үлес қосып жатқаныңды сезіну», – деп жазған екен. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесінде оның күллі адамзат алдында тұрған әлемдік ауқымдағы проблемалар үшін өзін жауапты сезінушілігі анық сезіледі. Әлемдік деңгейдегі лидердің сол себепті де адамзатқа «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» деген кең ауқымды бағдарлама қабылдау жөнінде ұсыныс білдіруі әбден орынды болып көрінеді. Еркін ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»