22 Қаңтар, 2011

«Ассалаумағалейкүм, Мұхаммед Әли аға!»

760 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Америкалық атақты боксшы Мұхаммед Әли 1942 жылы 17 қаңтарда Кассиус Клей деген атпен дүниеге келді. Даңқты спорт­шының өмірінде қағида ғып ұс­танған ерекше екі сөзі бар. Біріншісі, «Ең бастысы – сенім» болса, екіншісі: «Көбелекше пыр-пыр­лап ұшып, ара сияқты шағып ал» дегенге келеді. Жамбыл облысына қарасты Бай­зақ ауданындағы Жетібай ауы­лында туып, тәуелсіз Қазақ елінің әуесқой боксын жер жүзіне та­нытқан Болат Жұмаділов те кәнігі боксшы болып қалыптаса келе рингте көбелекше пыр-пырлай ұш­ып, жекпе-жекке шыққан қар­сы­ласын араша «шағатын» бол­ды. Спорттағы ең басты нәрсе – сенім екенін де есінен шығарған жоқ. Мұхаммед Әли бокспен 16 жасында айналыса бастаса, Болат 12 жасында бел буды. Амери­ка­лық қара баланы бір көргеннен таныған бапкердің аты-жөні Анджело Данди болса, Жетібайдан шыққан жампоздың бапкері Феликс Тихонович Цой да болашақ әлем чем­пионы мен олимпиада жүлдегерін Толыбай сыншыдай жете білді. Бірақ Болат күндердің күнінде боксшылар қауымы бір көруді ар­ман­дайтын Мұхаммед Әлиге қо­нақжай Қазақ елінің салт-дәс­тү­рімен: «Ассалаумағалейкүм, аға!» деп, қос қолдап сәлем берем деп ойламаған. Қазақстанның, До­с­тас­тық елдерінің бірнеше дүркін чем­пионы болып, одан Орталық Азия (1995-1997 ж.ж.) және ІІ Шығыс Азия ойындарында (1997 ж) топ жарғаннан кейін берендей берік Бо­латтың әлем чемпио­нат­тары мен Олимпиадаларға берілетін жол­дамаларды бірінен кейін бірін жеңіп ала бастағаны белгілі. Ол қадамы сәтсіз де болған жоқ. Берлин (1995 ж.) мен Будапешттегі (1997 ж.) әлем чемпионатында кү­міс пен қоладан медаль тақса, АҚШ-тың Атланта қаласында 1996 жылы өткен ХХVІ Олимпия ойын­дарында күміс медальға ие болды. Ал Хьюстонда (АҚШ) 1999 жылы өткен әлем чемпио­натында жеңіс­тің ең биік тұғы­рына көтеріліп, алтын медальға қол жеткізді. Сонда Болаттың бір өзі әлемнің қола, күміс және алтын медалінің иегері болып шығады. 2000 жылы Сиднейде (Австралия) өткен ХХVІІ Ол­импия ойындарында Болат екінші күміс медалін олжалады. Елбасы Н. Назарбаевтың қолынан «Құр­мет» орденін алды. Әлі есімде, 1999 жылы Жамбыл облы­сы­ның сол кездегі әкімі Серік Үм­бетов оған «Жыл адамы» атағын берген болатын. Жалпы, еліміздің «Қазақстан» деген қасиетті атын экономи­ка­лық қиын-қыстау кезеңде әлем жұртшылығына танытқан жоғары білімді жұлдызды спортшыға қан­­дай құрмет, қай лауазым да жарасады. Бірақ өзінің әр нәрсеге бір сұқтанбайтын, сұғанақ­тан­бай­тын сыпа мінезі бар. Сондықтан болар, салтанатты жиындарда берілетін құрметті атақтар мен марапаттаулардан шет қала беретіні бар. Тіпті біраз жылдар Болаттан көз жазып та қалғанбыз. Әйтеуір соңғы жылдары еліміздің бокс федерациясының қабырғасынан көре бастадық. Бүгінде Қостанай облысының құрыш білек бокс­шыларына бас болып, баптай бас­тағанынан да хабардармыз. Ал жақында Азиада алауын ұстаушыларды іріктеуге байла­ныс­ты республикалық комиссия­ның бас­қосуы болып, онда Жам­был об­лысындағы алауды басқа емес, Болат Жұмаділов ұстайтын болғанын естігенде оның өзі туып-өскен өң­ірге келіп, Азиада алауын ұстай­ты­ны түсіне де кірмеген об­лыс тұр­ғындары кәдімгідей қуа­нып қалды. Қуана отырып, Азиада алауын ұс­таушыны таңдауда қателес­пе­ген­дері және Болаттай беренді құрмет­тегендері үшін Туризм және спорт министрлігі мен облыстық әкімдік­ке ризашы­лы­ғын білдірген. Енді сөз басында айтылған Мұ­­хаммед Әлидің жайына оралайық. – Хьюстонда өтіп жатқан әл­ем­дік жекпе-жектен қолым қалт еткенде жан-жағымызға көз тоқ­та­тып қарамаймын ба. Сол кезде жанарым әлемге әйгілі боксшы Мұхаммед Әлиге түсе кеткені. Әлемдік жарыстарда тәртіп қатал, бейсауат жүріске рұқсат берілмейді. Дегенмен, нартәуекел деп қол созым жерде отырған аты аңызға айналған боксшының қа­сы­на барып: «Ассалау­мағалей­кум, аға!» деп қос қолдап аман­дастым. Ол да мұсылман емес пе: «Уағалейкүмәссалам» деп жылы жымиып қолын ұсынды. Жекпе-жегім ұнағанын білдіріп «иес», «о, кей» деп ағылшыншалап та жа­тыр. Мен болсам тәртіп сақ­шы­лары қуып жібермей тұрғанда суретке түсіп қалуға тырыстым, – деген, Таразға бір келген сапа­рын­да Болат Жұмаділов сол тарихи сәт бейнеленген суретті сыйлап. Міне, мынау сол сурет. Екеуі ағайынды адамдардай қол алы­сып отыр. Болаттай береннің ба­сында қазақы ою-өрнегі бар т­а­қия. Ол шет елдердегі жарыстарға елінің ұлттық дәмі мен киімдерін әр­дайым өзімен бірге ала баратын. Бокс өнері Мұхаммед Әлидің тұла бойына туа бітті дарыған десек, біздің Болат та сол қасиеттен құр алақан емес болатын. Ендеше, ол ұстаған Азиада алауынан мыңдаған жүректерге тек қана жеңіс жылуы тарасын деп тілейік. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. –––––––––––––––––– Суретте: әлемге әйгілі бокс­шы­ Мұхаммед Әли мен Болат Жұмаділов.