Соңғы жылдардағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуы 2001 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Заңға түбегейлі өзгерістер енгізуге әкелді. Республикамыздың индустриялық-инновациялық дамуға бағытталуы, жаһандану ғылымның және ғалымның, оның ізденістерінің нақты нәтижелеріне талаптың күшеюі әлемдік деңгейдегі қазақстандық жолдың өзіндік ерекшеліктерін анықтады. Оның барлығы дайындалып, қоғамдық көпшілік алдында талқылаудан өтіп, ел назарын аударған жаңа «Ғылым туралы» заң жобасында айқындалған.
8 тарау, 31 баптан тұратын жобада Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми жүйесінің жұмыс істеуі және оны дамытудың негізгі қағидаттары мен тетіктері анық көрсетілген. Біздіңше жаңа заң жобасының негізгі ерекшеліктері мыналар: Біріншіден, әлемдегі үш сатылы білімнің, соның ішінде философия (PhD) докторы, бейін бойынша докторын дайындаудың толықтай өміршеңдігінің және Қазақстан үшін маңызының дәлелденуі деуімізге болады. Оқу орнымызда бұл бағытта 50 бакалавриат, 24 магистратура, 4 доктор PhD мамандықтары ашылған. Болашақ ғылым докторлары Қазақстан ғылымын әлемдік деңгейге әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, үлесін қосады деген сенімдеміз.
Екіншіден, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі де осы жолы заңнан айқын көрініс тапқан. Соның ішінде жаңадан Зерттеу университетінің ашылып, оны жоғары оқу орындарындағы ғалымдар мен ғылыми-зерттеулердің іргелі және қолданбалы, тәжірибелік, конструкторлық ізденістерінің нәтижесін негіздеу басты жаңалық болып отыр. Университет ғалымдары бұл бағытта өздерінің мүмкіндіктерін кеңейтеді, ғалымдардың зерттеулерінің өзара бәсекелестігін арттырмақ. Үшіншіден, заң жобасында ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне, ғалымдарына, олардың әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне айрықша назар аударылған. Қазақстандық ғалымдар мен шетелдік зерттеушілердің ізденіске деген құлшынысын арттыратын жолдар қарастырылған.
Заң аясында мемлекеттік ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне, жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарында және зертханаларында, оның ішінде шетелде біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өту мақсатында 1 жылға дейінгі мерзімге демалыс беріп, оның жұмыс орнын және лауазымын сақтауға кепілдік берілуі бұрын көзге түсе қоймаған мүмкіндік. Осы мүмкіндікті пайдаланған ғалымдар жаңа шетелдік технология мен инновацияны толық меңгермек. Оған қосымша ғылыми ұйымдардың қызметкерлерін көтермелеу шаралары, әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдары шешімін таппақ. Төртіншіден, заңда ғылыми кадрларды дайындаудың бірізділігі, ұрпақтар арасындағы ішкі байланыс ойластырылған.
Бұрынғы қалыптасқан дәстүрлі ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және тағылымдамадан өткізу оларды алыс шетелдерде ұйымдастыруға ұласты. Яғни, қазақстандық зерттеушілер әлемдік мол ақпараттық жаңалықты қабылдап қана қоймай, онымен нақты жұмыс жасауына, дер уақытында танысуына қол жеткізді. Бесіншіден, жаңа заң жобасында ғылыми ізденістерді қаржыландырудың тетіктері тиянақты зерттеу ерекшеліктерін ескере отырып, қаржыландыру жолдары анықталған. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру мемлекеттік стратегиялық маңызды мәселе ретінде жолға қойылды. Осындай маңызды мәселелерге университетіміздің ғылыми әлеуеті ат салысып, өз зерттеулерінің деңгейін арттыру ғалымдар үшін үлкен сын болмақ.
Қорыта келгенде, «Ғылым туралы» заң жобасы, оның артықшылықтары қазірдің өзінде сезілді. Ендігі мақсат оны қабылдау болмақ.
Тұяқбай РЫСБЕКОВ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Орал.