Ынтымақ, бірлік, келісім – Ең басты байлық ел үшін!
«Мәңгілік Ел» оқулығы – келешектің тұтқасы
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Елге» апаратын басты құндылықтар туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында сөйлеген сөзі Қазақстанның ұлттық идеясының негізгі мақсатын айқындап берген негізгі құжат болды деп санаймын. «Мәңгілік Елдің» тірегі, болашақ құрылысшылары, қайраткерлері – кейінгі толқын жас қауым екені сөзсіз. Жастар – мемлекетіміздің болашақ тағдырына жауапты ұрпақ. Әлемдік қоғамдастықта олар әлеуметтік өзгерістердің маңызды субъектісі, қоғамның адамгершілік деңгейінің көрсеткіші, өте үлкен инновациялық күш пен стратегиялық ресурс болып табылады. Біз жастарымыздың, әсіресе, студент-жастарымыздың ұлттық сана-сезімдері, соған сәйкес елжандылық қасиеттерінің қалай қалыптасатынына немқұрайлы қарай алмаймыз. Сондықтан да, болашақ жоғары білікті мамандардың биік ұлттық сана-сезімін қалыптастыру еліміздің жоғары оқу орындарында оқу үдерісіне «Мәңгілік Ел» пәнін енгізуді талап етеді. Осыған орай, еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы, қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақстанда бірінші болып оқу үдерісіне «Мәңгілік Ел» пәнін енгізу жөнінде бастама көтеріп, бұл пәнді оқытуға арналған тұжырымдама мен оқу бағдарламасын жасады және «Мәңгілік Ел» оқулығын дайындап, баспадан шығарды. Сондай-ақ, университетімізде осы пәнді оқу үдерісіне енгізу мәселесі бойынша республикалық кеңес өткізілді. Бұл кеңес «Мәңгілік Ел» пәнін оқу үдерісіне енгізу жөнінде Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасаған қарар қабылдады. Ал енді осы «Мәңгілік Ел» пәнінің идеясын халықтық дәстүр мен отандық мүдде туралы толық түсінікті қалыптастыратын, әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі қазақ болмысының мән-мағынасын ашып беретін, өз атамекенімізде еркін де бірдей өмір сүретін адамдардың ішкі рухани және қоғамдық өмірін айқындайтын ұстанымдар құрайтынын, бұл нысан Қазақ елін тұлғалық, ұлттық, мемлекеттік, қоғамдық құндылықтарымен толықтыра түсуді міндет тұтатынын айта кеткенім орынды болар. «Мәңгілік Елдің» ертеңгі тұтқалары болатын жастарды тәрбиелеу және қалыптастыру – бүгінгі орта мектеп пен жоғары оқу орындарының міндеті екенін ұмытпағанымыз абзал. Бұл тұрғыда еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарына жүктелер міндет те ауқымды. Өйткені, педагогикалық жоғары оқу орындары болашақ мектеп мұғалімдерін даярлайды. Ал олар өз кезегінде мектеп шәкірттерін оқытатындықтан болашақ «Мәңгілік Ел» тұтқасын қалыптастыру мұғалімнің елжандылығына тікелей байланысты. Сондықтан, педагогикалық жоғары оқу орындары өз елін, өз жерін, отанын, халқын, ұлтын шын сүйетін, халқымыздың ата дәстүр, салт-санасын, мәдениетін, тілін терең меңгерген мамандар тәрбиелеп шығаруы тиіс. Бұл мамандар ертеңгі мектеп шәкірттерін тәрбиелеуі керек. Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған астық өсіреді, он жылдығын ойлаған ағаш өсіреді, ал жүз жылдығын ойлаған ұрпақ өсіреді» деген ұлағатты сөз бар. Олай болса, қол жеткенге тоқмейілсімей, болашағымызды ойлайтын, оны жобалап-жоспарлайтын, жас ұрпақты нағыз ұлттық құндылықтарға тәрбиелейтін жаңа ғасырдың «жаңа мұғалімдерін» даярлайтын кез жетті. Сондықтан, межелеп отырған міндеттеріміз де салмақты. Түпкі мақсатымыз – болашақ мұғалімдердің тәрбиешілік, педагогтық әлеуетін, қабілетін ашу, нағыз қазақы, ұлтжанды мамандар даярлау. Біз Болон (Италия) конвенциясына қол қойып, әлемдік білім стандарттарына ұмтылғанда Еуропа университеттерінің үлгісін сол қалпында көшіріп әкеліп, орната салуды мақсат тұтпаймыз. Өз кезегінде Еуропа университеттерінің білім берудегі озық тәжірибелерін, инновациялық технологияларын аламыз да, оны өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәрбие құндылықтарымызбен байытып, құнарландыра отырып пайдаланамыз. Бүгінгі жедел қарқынмен өршіп келе жатқан жаһандану үдерісі адамзаттың ұлттық ерекшеліктерін құрдымға кетіріп, өз үстемдігін жүргізуде. Жаһандану барысында Батыс «мәдениетінің» басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы ұлттық сипатының жоғалуына түрткі бола ма деген қауіп те бар. Сондықтан, жаһанданудың дүлей толқынында жұтылып кетпеу үшін бізге ұлттық тәрбиені күшейту керек. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды ерекшелігі адамдарды ұлттық қасиетін сақтауға үйрету дер едік. Әрбір жеке адам әуелі өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, жалпыадамзаттық қоғамға лайық өмірден, қоғамнан өз орнын белгілеуі тиіс. «Мәңгілік Ел» болуымыз үшін бүгінгі таңда біздің әрбіреуіміз біртұтас ұлттық бітім-болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, ерекшеліктерімізді сақтап қалуымыз қажет. Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫЕртеңді ойласақ, еңселі боламыз
Үнемі алға жылжыған қоғамның мұраттары биік болады. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында үлкен өрлеу үстінде өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» күн тәртібімен ашылған XXIV сессиясы осынау ұстанымның берік екендігін дәлелдей түсті. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі бейбітшілік пен келісімнің жаңа кезеңін паш етеді», – деген сөздері тәуелсіз Қазақстанымыздың мақсаты берік, тұғыры биік екендігін паш етті. Ынтымақ пен берекенің ұясы ретінде әлемге өнеге шашып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Патриоттық акт қабылдануы айрықша мәндегі қадам екендігін, сонымен қатар бейбітшілік белестерінің бүгінгі күрделі ағымын да білдіреді. Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Назарбаев: «Біз «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін салтанатты жағдайда қабылдадық. Осы акті арқылы барша қазақстандықтардың достық, бейбітшілік пен келісімнің бірыңғай құжатын қабылдағанды. Патриоттық актіде ұлы құндылықтар қамтылып отыр. Ондай құндылықтар – біздің халқымыздың ерік-жігерінің, дана шешімінің көрінісі. Акт кабинеттерде ойластырылған құжат емес, ол – Тәуелсіздігіміздің жемісі», деу арқылы бұл үрдіске ерекше екпін түсіріп отыр. Асқақ рух, жаңа серпіліс үстіндегі сессияның жұмысына қоғам мүшелерінің барлық буындағы өкілдері қатысты. Мінберге көтерілген делегаттардың біздің асыл құндылықтарымызды айрықша бағалап, қастерлейтіні көрініп тұрды. Олардың ой-пайымдары Қазақстан Президентінің жасампаз ұсыныстарымен үндес келгенін атап өткім келеді. Мәселен, көпұлтты, көп конфессиялы қоғамның ұстындарын бекемдеу мәселесінде толық түсіністік ауаны қалыптасты. Ең бастысы – ұлт емес, азаматтық. Нұрсұлтан Әбішұлы ұғымның кеңеюін былайша түсіндірді: «Осыған байланысты атап өткім келеді, ең бастысы – азаматтық, ұлт емес. Азаматтық деген – ол еліміздің барлық азаматы бір заңмен, Конституциямен өмір сүреді деген сөз. Бәрі осы бір ғана заңға бағынуы керек. Рим империясында азаматтар болды, ұлт емес. Тіпті, латын тілінде «ұлт» деген сөз «жаңа туған» дегенді білдіреді екен. Ал біз осы «ұлт» деген мәселені не қылып жібердік? Сондықтан да, біртектілік дегеніміз өзіңнің ұлттық ерекшеліктеріңді жоғалтпау, тарихыңды, мәдениет пен тіліңді ұмытпау дегенді білдіреді. Ал азаматтықта – біз бірдейміз». Бұл сөздердің астарында көп мағына жатқанымен, қарапайым тұжырым – Қазақстан баршамыз үшін жайлы мекен болуы қажет. Мұны мен өз басымнан өткердім. Саяси қудалау жылдары жер аударылған балқар баласы Қазақстанда оқып-өніп, ержеттім. Адал еңбектің жемісін көріп отырмын. Еңбек бағалайтын қоғамның арқасында ең жоғары марапаттарға ие болдым. ТМД елдерінде халықтар достығын қастер тұтудың бір үлгісі – Ассамблея болды. Мен аз халықтың өкілі болсам да №1 «Достық» орденін омырауыма тағып жүргенімді мақтан етемін. Бұл азаматын ардақтаған елдің мерейі әрдайым үстем екендігін білдіреді. Ертеңін ойлаған елдің еңсесі биік бола бергей. Ибрагим ЖАНҒОРАЗОВ, «Ижевский» ӨК бас директоры, ҚХА мүшесі, Социалистік Еңбек Ері Ақмола облысы, Аршалы ауданыБіртұтас ұлт – іргесі ажырамайтын шаңырақ
Біз бүгінгі күннің ащы шындықтарын көзбен көріп отырмыз. Кеше ғана ағайын болып, бір-бірінің тілеуін тілеп келген мемлекеттер енді қайтіп көріспейтіндей күйге жетті. Неге туысқан халықтар арасында ортақ түсіністік, ашық үнқатысу жоқ? Неге олар бір-бірімен түсініспейтін, түсінуге де тырыспайтындай халге түсті?! Бейбіт өмірді, ашық күнде оқ атылмауын қалайтын адамдардың бәрі осындай әрекеттерге өкінеді. Кейбір мемлекет басшыларының өз мүдде қақтығысын халықтан биік қоятынына наразы болады. Тіл-көз тасқа, Қазақстан мұндай індеттен аулақ. Бұл – біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының үлкен жемісі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атауымен өткен XXIV сессиясында есті жан ұғарлықтай тағылымды сөздер айтты. Елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың бір үйдің баласындай болып ұйысуы оңай болмағандығын бәріміз де білеміз. Қазақстандағы тату өмірді шайқау, ел берекесін алу үшін әртүрлі ниеті харам ұйым қаржыландырған азаматтар алуан шеру ұйымдастырып, ұлттарды бір-біріне айдап салуға тырысты. Кейде дегендеріне жетіп те жатты. Осындай сын сағаттарда Нұрсұлтан Әбішұлының барлық қазақстандықты бір мүдде, бір мақсатқа біріктіру бағытындағы саясаты елімізді түрлі қақтығыстардан аман сақтап, бүгінгідей мамыражай заманға жеткізді. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында «Өмірден арман туындатып, арманнан шынайы болмысты сомдау керек. Жалпыұлттық арманымызды біз осылай жүзеге асырамыз. Қуатты, лайықты және мәңгілік мемлекет туралы арманымызды. Кең-байтақ, сүйікті және киелі жерімізді көркейту туралы арманымызды. Ұлы Дала елі кеңістігіндегі зәулім аспанмен астасқан шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретін бақытты және бейбіт халқымыз туралы арманымызды. Мен бүгін Ассамблея сапына оны бұдан жиырма жыл бұрын менімен бірге құрысқан және бастапқы тарихи сессиялары мен шешімдерін әзірлескендердің есейген балалары қосылып жатқанын көріп тұрмын. Бұл – қазақстандықтардың ұрпақ сабақтастығының айқын айғағы», деді Мемлекет басшысы. Чешенстанға сапарға барғандар биік ғимарат қабырғасында Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті ілулі тұрғандығын айтып келеді. Ол заңды. Өйткені, мыңдаған таулықтар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өз туған жерінен күшпен көшіріліп, қазақ халқынан пана тапты. Тайпа ақсақалдары күні бүгінге дейін «қазақтар бізді аштықтан аман алып қалды. Бауырына тартты. Оларды сыйлаңдар» деп айтып отырады екен. «Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан», – деді Мемлекет басшысы. Күш – бірлікте, түсіністікте. Бүгінгі біздің мақсатымыз – бірлігіміз бен ынтымағымызға сызат түсірмеу. Қазақстан халқы Ассамблеясының ең басты мақсаты да осы құндылықтар деп ойлаймыз. Мұратәлі ҚАЛМҰРАТОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Оңтүстік Қазақстан облысыЕң бастысы – бірігу
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында сөйлеген сөзінде қазіргі таңда еліміздің алдында тұрған қадау-қадау міндеттерді шегелеп айтып берді. Оның қай-қайсы да бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерін қамтиды. Соның ішінде маған Елбасының азаматтық пен азаматтылық ұғымдарына қатысты тереңнен толғап айтқан парасатты да пайымды сөздері үлкен әсер етті. Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін кейбір отандастарымыз азаматтық деген қасиетті де қастерлі ұғымның түп-төркініне тереңдеп бойлай алмай жүргендей көрінеді. Арамызда оның дәл мағынасы қандай екенін де ажырата алмай қалатындар жоқ емес. Президенттің азаматтық ұғымына қатысты айтқан терең толғаныстары соның бәріне нақты жауап болды деген ойдамын. Яғни, Елбасының мәлімдеуінше, азаматтық және азаматтылық ұғымдары ұлт немесе белгілі бір ұлт өкілі деген түсінікті танытпайды. Ең бастысы, ұлт емес, азаматтық деп атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев. Бұған бәріміз де қол қоямыз. Өйткені, республиканың барлық азаматтары Қазақстан Конституциясына сәйкес өмір сүріп, еңбек етеді. Әрі отандастарымыздың бәрі де еліміздің Ата Заңына бас иеді, оған қай кезде де құрметпен қарай алады десем, қателеспейтін шығармын. Бұл жерде түсініксіз болатындай ештеңе жоқ. Бар болғаны тек осы ғана. Яғни, бұл ел заңын орындау және құрметтеу. Бұл орайда Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдегі ең ежелгі мемлекеттіліктер тарихынан да мысалдар келтірді. Соның бірі ерте замандағы Рим империясы десек, мұнда да Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бірінші кезекке ұлт емес, азаматтық алға шыққан екен. Әрине, бұл арада Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің этностық ерекшеліктері, олардың тарихы мен тілінің сақталуы жөніндегі мәселе азаматтыққа ешқандай көлеңкесін түсіре алмайды. Бұл мәселе елімізде этномәдени бірлестіктердің құрылуы арқылы шешімін тауып келе жатқаны айтпаса да түсінікті. Соның бәрінің қозғаушысы Қазақстан халқы Ассамблеясы екені тағы да талассыз. Қалай дегенде де, азаматтық мәселесіне келгенде барлық қазақстандықтар біртұтас, ешқайсысы бір-бірінен бөлшектенбейді, бөлінбейді. Болашағы біртұтас ұлт ұғымының төркінінде міне, осындай баға жетпес құндылық жатқаны анық. Ассамблея сессиясында Президент барша республика халқына өз жүрегін жарып шыққан ақ адал сөзін айтқанын тереңнен түйсіндім. Өткен жылы Президент сайлауына ел тұрғындарының 85 пайызы қатысып, 92 пайызы дауыс бергенін естігенде Нұрсұлтан Әбішұлы қатты толқып, тебіренгенін жеткізді. Өйткені Нұр-ағамыз осы сәтте республикада біртұтас ұлт қалыптасып қалғанын тұңғыш рет сезініпті. Мұның өзі еліміздегі барлық этностық топтардың Қазақстан деп аталатын алып шаңырақтың астына топтасып, біріге түскендігін көрсетпей ме? Міне, Елбасы атап көрсеткендей, барлық мәселенің кілті осында. Бізге ең басты керегі де осындай топтасу мен бірігу емес пе? Барлық қазақстандықтардың мұндай деңгейге жетуі, Мәңгілік Ел атануы үшін бір кісідей еселі еңбеккке жұмылуы, сөз жоқ, атап айтуға тұрарлықтай мәселе. Ауызбіршіліктің басты көрінісі деп осыны айтыңыз. Біз дәл осы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтай білсек, елдің туы ешуақытта жығылмайды. Виктор ФОМИН, Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының директоры ОРАЛЫнтымағымен ерекшеленген ел
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көп ұлтты мемлекетімізде ынтымақ пен бірлікті нығайта түсу үшін қыруар істер тындыруда. Қазақстандықтар үшін де керегі – осындай берекелі де бейбіт өмір. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен оның ел басқарудағы көрегендігін тек қазақстандықтар емес, әлем елдері мойындап отыр. «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» тақырыбы аясында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында мемлекеттің болашағы мен халықтың ынтымағын арттыруды көздейтін маңызы жоғары құндылықтар сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Шынында, Елбасы айтқандай, Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан. Қай дәуірді алып қарасақ, тарихтың көмескі тартқан беттерін парақтасақ Қазақ елі ежелден бітімгерлігімен, араағайындығымен, достық қарым-қатынасымен ерекшеленгенін білеміз. Ырыстың, береке атаулының бастауы әсілінде достықта, адамгершілік қасиеттерде жатқаны мәлім ғой. Ынтымақ бар жерде жақсылық үстемдік құрады. Елдің пейілі кең болғаннан ешкім де кем болмайды. Бүгінгідей үлкен үдеріспен дамып жатқан жаһанда ел ішіндегі татулықты сақтай отырып, ұлттар арасындағы достық қатынасты нықтай білу – үлкен парыз. Міндет. Кезінде Қаз дауысты Қазыбек бидің өзі «Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деп қазақ халқының болмысын, адами асыл, ізгі қасиеттерін бір ауыз сөзбен ғана өрнектеп, бедерлеп айтқан ғой. Иә, біздің Тәуелсіз Отанымыз Қазақстанда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы екені талас тудырмайды. «Құдай қалаған хан болады» деген ежелден айтылып келе жатқан сөздің қасиетін жақсы түсінетін ел азаматтары ұлттар арасындағы достықты әрдайым биік қойып келеді. Бейбіт елдің ырысы таситыны да сондықтан. «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» демекші, қазір біз айналамызға барлап көз салсақ, небір зұлымдық, ашкөздік, лаңкестік секілді оқиғаларды көреміз. Әлемде орын алып жатқан осындай қаныпезерлік әрекеттерге жанымыз ауырады. Өйткені, ұлы ғұлама Абай Құнанбаев «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», деген терең ойлы сөзімен адамзат атаулыны ізгі ойларға ұмтылуға шақырған ғой. Бізде шүкір, дініміз бен тіліміз, діліміз қалыпты ырғақпен дамып отыр. Барлық ұлт пен ұлыстардың құқығы тең дәрежеде сақталған. Елімізде шоғырланған ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәрі де мейірбан қазақ халқына тек қана алғыс айтады. Іргеміздің берік, шаңырағымыздың нық тұруы – сөзсіз Мемлекет басшысының сындарлы саясатының жемісі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикалық тұрғыда әл-ауқаты жыл санап артпаса, кеміген емес. «Қолымнан іс келеді» деген адамдардың барлығына да жағдай жасалып отыр. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды». Еткен еңбектің өтеуі өз нәтижесін беруде. Мұның бәрі Қазақстан халқына жасалып отырған үлкен қамқорлық екені даусыз. Сол үшін де мемлекет тізгінін ұстаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жаңарған, жасарған Отанымыздың гүлденуі, сәулеті келіскен еңселі ғимараттардың бой көтеруі, тәуелсіздік жылдарында елімізде көптеген халықаралық деңгейдегі шаралардың өткізілуі – мемлекет мерейінің артқанын, дәулетінің үстемелене түскенін айғақтаса керек. Александр ГИБНЕР, Жамбыл облыстық неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Жамбыл облысы