Қадыр МЫРЗА ӘЛІ
Қазақ әдебиеті мен өнері орны толмас ауыр қазаға душар болды. 22 қаңтарда 76 жасқа толған шағында аса көрнекті қазақ ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлі ауыр науқастан дүние салды. Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған «Балдырған» журналында бастаған. 1962-1965 жылдары «Жұлдыз» журналында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1993 жылдан бастап біраз уақыт «Балауса» баспасының директоры, 1985-1994 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі дүркін (ХІ, ХІІ шақырылымдарының) депутаты болды. Қадыр Мырза Әлі біздің дәуіріміздегі әлемдік аренаға шыққан қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, мазмұнын сапаландыруға, көркемдік деңгейін биіктетіп, мәртебесін көтеруге айрықша еңбек сіңірген, «Қазақтың Қадыры» деп танылып, халқы ардақтаған бірегей тұлға, ерекше дарын иесі еді. Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланған. Содан бергі уақыт ішінде «Көктем», «Данышпан», «Ой орманы», «Дала дидары», «Бұлбұл бағы», «Ақ отау», «Күміс қоңырау», «Домбыра», «Кеш», «Жерұйық», «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан», «Саз сиқыры», «Күндер-ай», т.б., ұзын саны қырықтан аса кітаптары, таңдамалы шығармаларының бес томдығы, 2001 жылы он бес томдығы жарық көрген. Екі жүзге жуық ән мәтіндерін жазған. Ақынның бірнеше пьесасы сахнада қойылған. Қадыр Мырза Әлі жасөспірімдерге арналған өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдардан тұратын ондаған жинақ беріп, балалар әдебиетін дамытуға да үлкен үлес қосқан, өлеңдері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, өзі де Руми, Гейне, Гюго, Лермонтов, Есенин, Гамзатов, Межелайтис, Петефидің жырларын қазақ тіліне сәтті тәржімалаған көркем сөздің хас шебері еді. Ол кезінде тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының жаңа мәтінін жазған авторларының бірі болды. Көрнекті ақынға 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы, 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Ол 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын иеленді. Қадыр Мырза Әлі «І дәрежелі Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері. Ақынның озық үлгілі туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорын байытқан жауһарлар қатарынан орын алып, болашақта да ұлтымыздың рухани қазынасына айнала бермек. Қара орман қазақ жұрты көрнекті ақын, асыл азамат, қабырғалы қайраткер, тұғырлы талант Қадыр Мырза Әлі секілді аяулы перзентінің асыл бейнесін жүрегінде мәңгілікке сақтайды. Қазақстан Республикасының Үкіметі.Халықтың қадыры еді
Жасым тоқсанға тірелгенде артыңдағы інілерің өмірден кетіп жатса, оларға жоқтау жазу қиын екен. Жастардың өмірден озғанына өзің кінәлідей күй кешесің. Жер басып, тірі жүрген соң оларды жоқтамасқа да амал жоқ. Бұрын Зейнолла Қабдолов, Ақселеу Сейдімбеков, Иван Щеголихин, Жұмағали Ысмағұлов, Өтежан Нұрғалиев інілерімнің қазасына қинала отырып көңіл айтқан едім. Кеше ғана сүйікті інілерімнің бірі Немат Келімбетовтің қырқын өткізгенде: «Ажал-мерген өзінің үнсіз мылтығымен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында туғандарды аяусыз атып жатыр. Бүгін бар адам, ертең жоқ...» деген едім. Бүгін қимас бауырым Қадыр Мырза Әлінің қайтыс болғанын естігенде, жамандық шақырғандай, сол сөзді бекер айтқан екенмін, айтпасам қымбатты Қадырым қасымызда болар ма еді деп ойладым. Дәтке қуат қой! Сол сәтте сенің ауруханада жатқаныңды білгенім жоқ, Қадыр бауырым. Қазақта атақты ақындар көп. Бірақ атақтылардың бәрі бірдей ардақты бола бермейді. Сен сол ең ардақты ақындарымыздың бірі едің, Қадыржан. Ақындардың бәрі бірдей ой толғайды. Бірақ ойшыл ақындардың бәрі бірдей философ бола бермейді. Сен ойламаған ойың, оқымаған кітабың жоқ, ендігі ең философ ақындардың бірегейі едің. Сенің философиялық толғамдарың қазақ халқының ақыл мен ой-қазынасын одан әрі толықтыра түсті. Өзге еңбектеріңді айтпағанның өзінде, сенің өз ойыңнан туған мақал, мәтел, афоризмдерің ұшан-теңіз ғой! Күні кеше «Алматы ақшамы» газетінде үздіксіз басылып келе жатқан су жаңа афоризмдеріңді оқып, шын риза болып, қуанатын едік. «Қадыр ақын айтқандай» деген сөз халықтың аузынан түспейтін. Сенің мысқылың да мірдің оғындай еді... Адам бойындағы кемшіліктерді мінегенде кері кеткен кенеусіздердің төбесінен жай түсіретінсің. Сен тоқшыл емес, көпшіл едің. Үйірсек емес, ұйымшыл едің. Сен ешкімнің айтқанына көніп, айдағанына жүрмедің. Өзіңе ғана тән, азаматтық әділ жолмен жүрдің. Сен соншама кішіпейіл едің. Ақынмын деп асқақтамай, жұрттың бәрімен қоян-қолтық араласып кететінсің. Сенімен сәлемдесудің өзі бір ғанибет болатын. Ақ көңіл, адал пейілмен күлімдей келіп құшақтаса кеткеніңде мерейіміз өсіп, мәз болып қалатынбыз. Сенің тәнің өлгенмен, рухың ешқашан да өшпейді, бауырым. Сенің рухың асыл өлеңдеріңде, мәтінін сен жазған әндерде қалды. Радио таңертең, түсте, кешке қазақ әндерін бергенде саңқылдап сенің атың аталады. Сол өлең-әндер арқылы қазақ даласын шарлап жүресің. Ән сөзіне айналған сенің рухың жастарға – жігер, қарттарға қайрат береді. Өзгесін айтпағанда жалғыз «Атамекеніңді» (музыкасын жазған Ескендір Хасанғалиев) ғана айтайықшы. Қайда жүрсем атамекен, Көкейімде жатады екен. Күннің өзі қимай оны Ұясына батады екен, – дедің сен. Рас айттың, дәл айттың! Сол Атамекеніңнің мәңгілік тұрғыны болып қаласың сен! Қош, бауырым! Біз сенің тәніңмен ғана қоштасамыз. Жаның жадымызда болады, рухың төбемізде жүреді. Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ.Қош, қимас досым
Қаралы хабар қай уақытта да көңіліңді босатып, көзіңе жас үйіреді. Бір жылы туған төл едік, үш ай үлкендігіңді айтып: «Мен саған ағамын» дейтін ең қуанып. Мен де сол ағалығыңа бір түрлі қуанатын ем. Сенің ақылың да, талантың да менікінен гөрі көп еді. Сондықтан да мен сенің ағалығыңды ардақ тұтатын ем. Сөз кезегі алдымен саған тиетін. Мен саған басымды иетінмін. Әдебиетке берілетін атақ-абыройларды да сен алдымен алдың. Бірінші құттықтаушың болғанымды өзіме бақ көретін ем. Асыл, ардақты досым, құрдасым Қадыр! Сен ешқашан өлмейсің. Сенің мәңгі жасайтын асыл жырларың сені арман биігіне қарай ұшырады да отырады. Сенің ақын інілерің, құрдастарың сенің ақындықтағы ұлылығыңды әрқашан сыйлайды. Сені сүйікті ағам дейді кішілер. Құрдастарың тұлпар ақын деп ардақтайды. Әттең, асыл ойлы, парасатты ұлы сапар тым ертерек үзілді. Өмір сапарың да өзіңнің ұлы жыр сапарыңмен бірігіп, сені мәңгіліктің шыңына шығарғанын біз өзімізге мақтан тұтамыз. Сенімен қанаттас, қаламдас болғанымды мәртебе көрем мен. Қош, қазақ жырының ұлы ақыны дейді өзіңнің Тұмашың жылап тұрып. Қош, менің бір туған досым, құрдасым, асыл Қадекем. Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.Елін есеңгіретіп кеткен есіл ақын
Арамыздан Қадыр Мырзалиев өтті. Алты жасар баламыздан азуы опырылған қариямызға дейін ұйып тыңдайтын Ұлы Ақынымыз кетті. Істің қасында, жұмыс үстелінің басында бақиға баз кешті. Артында аяқталмаған шаруалары қалды. Ойында орындалмаған армандары көп еді. Мергеннің оғындай дәл тиетін талай тапқыр сөздері айтылмады. Бұл қаза қабырғамызға қатты батты. Қазақ жырына қақ жүректен оқ тиді. Түндер бойы жылтырайтын шығармашылықтың тал шырағы жалп етіп сөнді. Бұл хабар естілгенде үлкен-кішіміз түгел есеңгіреп қалдық. Асқақтатып әнге қосатын атамекеніміз тегіс тебіренді. Қазақ әдебиетінде Қадыр иеленіп отырған қасиетті тақтың тым биік екендігін анық түсіндік. Оның аузынан қапысыз сомдалып шыққан әрбір тіркес өз орнына мық шегедей мығым қадалыпты. Енді ешкім тапжылта алмайды. Атын мәңгілікке қалдырды деген осы болады. Қош, қош, Асыл Дос! Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.Жүректің сөзін сөйлейтін
О, жалған дүние-ай, аққан жұлдыздай Қадыр ағам да өтті бұл өмірден. Көңілге жұбаныш етеріміз – артына қалдырған жыр мұрасы. Қадыр ақын не жазса да жүректің сөзін сөйлейтін. Тіпті көңіліңді қимай, өтінішіңді жерге тастамай, яғни тапсырыспен жазған өлеңдері де жұтынып тұратын еді. Бұл сөзіме мысалды алыстан іздемей-ақ, «Атамекен» әні туралы ғана айтайықшы десем, сонау 70-жылдары Қазақ ССР-інің 50 жылдығы аталып өтетін болды. Соған орай, Алматыға еліміздің түкпір-түкпірінен жұрт жиналатынын да естігенбіз. Осы жайт маған да ой салды. Елге-жерге деген сағынышыңды паш ететін бір әдемі ән тудырып, соны осы жиында орындасам деп армандадың. Жүрегімді жарып шыққан әннің әуені де төгіле жөнелетіндей. Енді бұл әнге тамаша сөз жазылса, қатып-ақ кететін тәрізді. Содан Қадыр ағама телефон шалып, мән-жайды айтып едім, «Елге-жерге деген сағыныш дейсің бе?» – деп сөзімді қайталай пысықтап алған ол одан әрі әңгімені созбады. Келіскен рай танытты. Уақытын белгілеу керек еді, көпке созып жібермесе жарады деп көңілім күпті болып мен жүрмін. Жоқ, ол берген уәдесінде тұрды. Арада екі күн өткенде әннің сөзін қолыма тигізді. Жаңа әнді, «Атамекенді» жұртшылық өте жақсы ықыласпен қарсы алды. Көп ұзамай Швецияға жолымыз түскен. Сол кезде осы «Атамекенді» орындаған едім. Міне, ғажап, бір кезде бала-шағасын ертіп, екі-үш қазақ отбасы сахнаға көтерілсін. Көздері бұлаудай. Елді сағындық, мына ән сол сағынышты оятты, дейді әлгі қандастарымыз. Сонда мен бұл әннің өміршең болатынын сезген едім. Содан бері арада 40 жылдан астам уақыт өтті. Бұл күнде «Атамекен» ауыздан түспейтін әнге айналды. Қадыр ағам соған қатты қуанатын. Қадыр аға екеуміздің одағымыздан бұдан басқа да бірнеше ән туды. Өткен жылы ағамыздың 75 жылдық тойында мен «Атамекенге» қоса «Күлкі қымбат өмірде» деген әнімізді айттым. Бұған да Қадекең мәз боп қалған болатын. Ән демекші, сонау жылдары еліміз миллиард пұт астық тапсырған кездері Қадыр аға екеуміз «Миллиард» деген ән жазғанымыз бар. Бұл ән Қазақ радиосының қорында сақтаулы. Енді сол аяулы ағамыздың қайтпас сапарға аттанғанын естіп, көңілім сенбей отыр. Бірақ Алланың әміріне не шара, жаны жәннатта болсын дейміз. Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.Қайырылып бір қарайсыз ба, Қадаға?!
«Ой орманы» жарыққа шыққанда мен он бес жаста едім. Ол Ленин мен партияға құлшылық жасап, колхоз-совхоздың маңайынан ұзай алмай, халықтан қара үзген қазақтың қара өлеңін осы жапырақтай жинағымен хан тағына қайта отырғызып, әлемдік поэзиямен тізе қағыстырып еді. Оның әрбір жыр кітабы қазақ поэзиясына төңкеріс жасап, ұлттық көркем ойымыздың көш-керуенін Көк Тәңіріне қарай түзеп отырды. Ұлттық рух атаулыға ата жауындай қараған кеңес өкіметі кезінің өзінде-ақ ол жері – жауда, басы дауда қалған қазақтың өзек өртер сөзін айтып, ұлттық ақынға айналды! Қадыр Мырза Әлі Пушкин сынды ұлы мәртебелі поэзияның пайғамбарлық миссиясын атқарып кеткен Ақын болды! Адамзат тарихында мұндай ақындар саусақпен санарлықтай ғана. Қазақтың жырын Абай мен Қасымнан кейін тезге салған тегеурінді тұлға фәниден бақиға кетіп барады! Өзі қазақтың ұлттық эпосынан жаралып, ұлтын ұлы эпосқа айналдырған Ақын кетіп барады... Қадаға, соңыңызға қайырылып бір қарайсыз ба, сізді бетке алып, толқын-толқын, өзіңіздей өр де кемел, талантты буын, қанатты ұрпақ келе жатыр! Қадыр сынды ұлы бар қазақтың, қазағындай халқы бар Қадағаның да арманы бар ма. Аспанда – Алла, жерде – Алаш – мәңгілік! Хош, Қадаға! Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. Қарағанды.Қазақ барда сен барсың
Қадыр Мырза Әлі... Ол сонау алпысыншы жылдары қалың қазақты өзіне жалт қаратқан бірегей тұлғалардың сойынан еді. Апыр-ай, бұл сұм ажал кімді жалмамаған, енді, міне, одан да айырылып қалдық. Қан жылаймыз. Қақырап сөгілеміз. Оның орны айрықша болатын. Өйткені, ол қазақ өлеңінде соны соқпақ салған, реформа жасаған ақын. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Біз, әдетте, қайтыс болған ақын-жазушылар жөнінде айтқанда, несін жасырамыз, аруағы риза болсын деп кейде мақтауын асырып жіберетініміз бар. Алайда, қанша айтсаң да мақтауын жеткізе алмайтын да тұлғалар болады. Олар өте аз. Сол аздың бірі Қадыр Мырза Әлі еді. Ол әдебиетке қайталанбайтын құбылыс болып келді, қайталанбайтын құбылыс болып қалды. Бізде әңгіме көп жазғанда емес, әңгіме саз жазғанда деген түсінік бар. Дұрыс-ақ дейік. Бірақ аз жазғанның бәрі Абай мен Мағжан емес қой, ал Қадыр ақын ғұмыр бойы қаламын бір де суытпай, шығармашылықтың бар азабы мен мехнатын арқалап еңбек етті. Арғы-бергі ақындардың ішінде Қадыр Мырза Әлідей көл-көсір, мол мұра қалдырған ешкім жоқ. Ешкім! Тағы да ол еңбектердің дені ұлттық құндылықтар! Ол шығармашылыққа бойындағы бар қуатын сығып берген жан. Сол шығармашылық үшін тіпті қызмет те қуған жоқ. Әйтпесе, ұлан-ғайыр ілім-білімі бар, кісілік мінезі де, парасат пайымы да мол Қадекең қандай бір қызметті де шырқ үйірер еді ғой. Бірақ ол оған барған жоқ. Менің өмірім тек әдебиет деп білді. Өзіміз күнделікті куә болып жүргеніміздей, Қадырдың өлеңдері де, тапқыр сөздері де ондаған жылдар бойы қалың қазақтың аузында жүр. Ақын үшін бұдан өткен мерей, бұдан өткен мәртебе бола ма?! Қазақ барда Қадыр бар! Темірхан МЕДЕТБЕК.Өзі бір әлем еді
«Қадағамыз хал үстінде» дегеннен-ақ жаратқан Иемізге жалбарынғандай болып едік. Болмады. Төтелеп келген сұм ажал бәрібір қоймады... Бұл фәни жалғаннан Қадыр Мырза Әлі де өте шықты. Қазақ аспанынан тағы бір жарық жұлдыз ағып түсті. Жұлдыз болғанда қандай десеңші, көз қарықтырып жарқыраған жарығының өзі. Жеке өзі бір әлем еді. Ұлттық руханиятымыздың бір ұстыны еді. Сол мықты тіректің бірі бүгін құлады. Қадыр әлемінен бала да, кәрі де, жас та, жасамыс та өзіне керегін табатын, рухани қуат алатын, сусындайтын. Сол көркем әлемнің күні сөнді, өзі қалды. Енді көңілге сол медет. Сауытбек досым авторлық антологиясында «қазақтың қадірін білу үшін қазақтың Қадырын білу керек» деп жазғаны бар еді. Сол сөз – сөз. «Жас ұлғайған сайын адам соңындағы інілерін сағына береді екен, хабарласып тұрсаңдаршы» деп ағалық базынасын айтушы еді. Қадекеммен біраз сапарлас болдық, біраз жерді араладық. Жолсапарда әсте адамды жалықтырмайтын, әңгімесі мен әзіл-қалжыңы таусылмайтын, бүгінгі әңгімесін ертең қайталамайтын Қадекеммен былтырғы жылдары Алтайға барудың да сәті түсті. «Қазақтың Қадыры келе жатыр» деген соң облыс басшысы Бердібек өзі бас болып қарсы алып, бар жағдайды жасатып қойыпты. Содан Қадағамыз ел мен жерді армансыз аралағаны бар. Алтайдың тамылжыған табиғатына тәнті болып, ағайынның қошеметіне риза болып қайтқан. Шығыс елімен қоштасып тұрып сонда Қадекем: «Мен егер мынау шолақ фәниде Алтайды көрмей өтсем, өкініштің көкесі сол болар еді», деп күрсініп еді. Фәни жалған, Қадаға, өзіңіз айтқандай, шынында да шолақ екен. Оған өзіңізден айырылып, аңырап, соңыңызда қалған мына біз тағы иланып отырмыз. Атыңыз көзіңіздің тірісінде аңызға айналып, ақындығыңыз ел-жұрттың аузында жүруші еді. Қазақтың қайсыбір той-томалағы сіздің өлеңдеріңізге соқпай, сізден цитата алмай өтпеуші еді. Сіз осылайша өзіңізге өзіңіз туған халқыңыздың жүрегінде монумент орнатып кеткен бақытты жансыз. Ендеше, қазақ тірі тұрғанда Қадыр Мырза Әлінің аты өшпек емес. Бақұл болыңыз, нұрыңыз пейіште шалқысын, әз-аға! Әлібек АСҚАРОВ.Кетті ақын, мініп алып, келместің кемесіне...
Қазақтың тағы бір алыбы келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанды. Қазақ әдебиетінің бір алып бәйтерегі құлады. Иә, ол бір ғана Ақ Жайықтың емес, тұтас Қазақ елінің Қадыры, ұлы ақыны еді. Күні кеше арамызда жүрген аяулы ағамыз, арқалы ақынымыз туралы өткен шақпен сөз қозғау қандай ауыр десеңізші. Қадыр ағамыз өткен күзде 75 жылдық мерейтойы аясында туған жерге табан тіреп, жастық шағы өткен жерлерді аралап, елмен кездесіп, үш күн бойы халықтың қошеметіне бөленіп, қимастықпен ұшақ бортына көтерілген еді. Бұйырса, әлі талай мерейтойыңыздың басы-қасында боламыз, халықты сағындырмай, араға жыл салмай келіп тұрыңыз деп қол бұлғап қалған едік. «Өмір өзімен-өзі осылай өте береді, жігіттер! Өкініштісі, өткінші осы өмірдегі бүгінгідей қимас сәттердің өтіп бара жатқанына қиналамын», деп мұңайып едіңіз. Сол сапардың соңғы боларын кім білген?! Бұл апта Қадыр Мырза Әлісіз басталды. Оқырманның жүрегіне жетіп, көкірек түпкірінде мәңгілік қалатын Қадыр ағаның өлеңдері енді тумайды. «Шын сыйлана білмеген, шын қинала білмейді» деген сөз бар. Қадыр әр қазақтың төрінде тұрып, сыйланумен қатар тіршіліктің сан түрлі қалтарыстарына үңіліп, халқымен бірге өмір сүріп, кемшін тұстарына дейін көзден таса етпей, қинала да білді. Соны жүрегінің қанына орап, сыртына шығара да білді. Жазам дегенін еліне жеткізді. Айтам дегенін айтты. Оның қысқа нақыл сөздеріне дейін халық жүрегіне жол тапты. «Күлетін жерде күлген жөн. Не істеуді дұрыс білген жөн, Түнеріп тірлік кешкенше, Жарқылдап өле білген жөн», – деп ақынның өзі жырлағанындай, Қадыр өмірден алмастай жарқылдап өтті. Артына халқына талай ғасырлар бойы азық болар мол мұрасын қалдырып кетті. Өмір бойы өлең деп еңбек етіп, бейнетін де, зейнетін де көрсеткен, қазақтың Қадырына айналған біртуар ақынның екінші өмірі басталды. «Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын, Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын», – деген Қадыр әсем сәттермен, өмір бойы қаламына арқау болған қазақ халқымен қимай қоштасып барады. Қош, Қадыр аға! Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын! Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, Батыс Қазақстан облысының әкімі.