25 Қаңтар, 2011

Апта айшықтары

297 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Еңбек жасақтарына қатысушылар слеті Облыс орталығында өткен еңбек жасақтарының слетінде белсенді жастар «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демокра­тия­лық күштер коалициясын құру туралы бастамасын бірауыздан ма­құл­дады. Слетке қатысушылар еліміздің тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мақсатында жалпыхалықтық референдум өткізу идеясына қолдау білдірді. Жастар жиынында студенттік құрылыс отрядтары мен «Жасыл ел» жасақтарының бес жылдық жұмыстары қорытындыланып, биылғы медежелер белгіленді. «Атамекен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат Тұртаевтың мәлімдеуінше, облыста құрылыс отрядтары құрылған алғашқы жылы олардың құрамында 600 жас болса, бес жылда жасақ мүшелерінің саны 10 есеге дейін артқан. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. Бірлескен жобалар жасауға келісті Облыстың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын жүзеге асыру үшін стратегиялық серіктестіктер керек. Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов пен “Жинақ банкі” АҚ еншілес банкінің басқарма төрағасы О.Смирнов өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Екі тарап агроөнеркәсіп секторы, қайта өңдеу, шағын және орта бизнес, маңызды өнеркәсіптерді несиелендіру, ақпараттық технологиялар мен инновациялық техноло­гия­ларды бірлесе дамыту жөнінде жобалар жасауға уағда байласты. Шымкент қаласынан филиалын ашып отырған банк түрлі салаларды дамытуға үлкен қолдау көрсетеді деп күтілуде. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. «Азиада елшілері» келіп кетті Қазақстан «КS marketing» агенттігі Қысқы Азиада дирек­циясымен бірлесе отырып, «Азиада елшілері» деген шараны қолға алған болатын. Құрамында белгілі эстрада, кино мен спорт жұлдыздары бар топ жуырда алғашқы сапарын Семейден бастады. Олармен кездесуге халық көп жиналды. Кездесуде ел өміріндегі маңызды спорт оқиғасы туралы байыпты әңгіме қозғалып, оның соңы тамаша ойын-сауыққа ұласты. «Азиада елшілері» еліміздің басты қалаларымен бірге, шал­ғайдағы елді мекендерде де болмақ. Ал қорытынды кездесу Астанада өткізілетін болады. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. Судьялар жұмысы сараланды Атырау облысының соттарында былтыр есірткі, адам өлтіру, зорлау, бопсалау бағытындағы қылмыстық істер азайыпты. Алайда, ұрлау, тонау және табиғатқа зиян келтіруге байланысты істер көбейіпті. Бір жылда жергілікті соттарда 1261 адам сотталған. Бұл туралы Атырау облыстық сотында өткен жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген мәжілісте жан-жақты айтылды. Жоғарғы Соттың судьясы М. Қамназаров Атырау соттарында әділсот төрелігін іске асырудың маңызына тоқталды. Облыстық сот төрағасы Ж.Аланов жаңадан ант қабылдаған судьялар З.Тыпылова мен Б.Меңсейітованың жұмысына сәттілік тіледі. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Соғыстың тағы бір шежіресі Облыста «Қостанай облысы Ұлы Отан соғысында: майдан мен тылдың бірлігі» деген кітап жарық көрді. Оған соғыс ардагерлерінің өткен мерекелі жылы жасаған бастамасы түрткі болды. Қостанайлықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері әңгіме бо­латын бұл кітаптың тұсаукесеріне майдангерлермен қатар жалпы жұрт­шылық өкілдері де жиналды. Мұрағаттар мен мұражайларда сақ­талған құжаттар, боздақтардың хаттары, ардагерлердің естеліктері қаһарлы күндерді оқырманның көз алдына алып келеді. Соғыс туралы облыста жарық көрген бұрынғы кітаптардан бұл басылымның негізгі ерекшелігі де осында болса керек. Кітап 2100 таралыммен шықты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. «Бір терезе» қызметі ауылға жетті Өткен аптада Жамбыл ауданындағы Гродиково ауылдық округінен облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа филиалы ашылды. «Бір терезе» жүйесі арқылы қызмет көрсететін филиалда тұрғындар өтінген құжаттар жедел дайындалып, ал ақыл-кеңес керектеріне ол да мұқият түсіндірілуде. Жаңа заман сұранысымен салынған филиалда үлгілі қызмет үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Сондай-ақ, филиал қыз­мет­керлері қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында ХҚКО-ның аудандық бөлімімен, мұрағатпен және прокуратура сияқты құқық қорғау органдарымен жүйелі байланыста жұмыс істейді. Бұған дейін облыс бойынша мұндай 14 жаңа орталық ашылған болатын. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Ақын-жазушылар бас қосты Өткен аптада облыс орталығында болған бұл басқосуды облыс­тық мәдениет басқармасы, қала әкімдігі, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырды. Барлығы бірлесіп жергілікті ақын-жазушылардың басын қосып жатқандарына қарағанда, мәдениетке, әдебиетке, өнерге де жақынырақ болып, жылы көзқарас танытайық деген жақсы ой келген сияқты. Ал, жалпы осы шараның өтуіне бастамашы болған «Нұр Отан­ның» жергілікті бөлімшесі егемендік, елдік жайлы шығармалар жазған  ақын-жазушыларды сыйлықтармен, алғыс хаттармен мара­пат­­тады. Алдағы уақытта  әдебиетшілердің  жас буынын  тәр­биелеу үшін шығармашылық кездесулер, байқау­лар өткізіп тұру шешілді. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.