06 Мамыр, 2016

Терроризмнің шығу төркіні қайдан?

9851 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Марат Башимов-2Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылық институтының директоры, саясаттанушы Марат БАШИМОВПЕН әңгіме – Марат Советұлы, терроризм, экстремизм және радикализм деген не? Алдымен осыларды біліп алсақ. – Терроризмнің анықтамасы, әсіресе, экстремизмге қарағанда анағұрлым кең ауқымды қамтиды. Дегенмен, олардың арасында ортақ нәрселер де жоқ емес. Терроризм дегеніміз – бұл бүкіл адамзатқа қарсы қылмыс. Оның атауы латынның «террор» – үрей, қорқыныш деген сөзінен шыққан. Ол түрлі бейнеде көрініс табуы мүмкін. Терроризм – күш көрсету идеологиясы және халықтың зәресін алу мен зорлық-зомбылық жасау, сондай-ақ, іс-әрекеттердің басқа да пішіндері арқылы билік органдарының шешім қабылдауына ықпал ету. Бұл – мыңдаған қарапайым аза­маттардың өмірін жалмайтын, сөйтіп, бүкіл елді үркітетін жарылыстар. Бұл – ядролық, химиялық немесе биологиялық қару қолдану қатері. Оның діни түрткілері де болуы ықтимал, олар әртүрлі діни сенімдегі адамдардың арасына зорлық-зомбылық пен шектен тыс төзімсіздік уәждерін таратудан байқалады. Ал экстремизмнің анық­тамасы біршама екіұштылау. Дегенмен, экстремизмге жекелеген адамдардың, топтардың аза­маттардың құқықтары мен бос­тандықтарына қарсы бағыт­талған шетін көзқарастар мен іс-әрекетке бару деген анық­тама беруге болады. Зор­­лық-зомбылыққа, бейбастақ іс-әрекет пен тәртіпсіздіктерге және т.б. шақыру азаматтардың құқықтарына, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, осының бәрі экстремизм қатарына жатқызылады. – Бүгінде әлемдік қоғам­дастықты үрейлендіріп тұрған бұлар қалай туындады және қалай таралды? – Терроризм бір күнде пайда болған жоқ. Ол қай заманда да түрлі пішінде бар болатын. Бірақ, қазіргі ғылым мен техниканың, ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуына орай оның ауқымы, қарқыны және қоғамдық санаға ықпалы бұрынғыдан сан­даған есе өсіп, ұлғайып кетті. Міне, әлемдік қоғамдастық осыдан үрейленеді. Бельгиядағы, Париждегі, Ресейдегі (Бес­лан­дағы мектепті басып алған кезде ке­пілдікке 1128 адам алынды, 334 адам қаза тапты) лаңкестік оқиғалар осының дәлелі. 2000 жылы Мәскеуде Пушкин ала­ңының астындағы жерасты өт­келінде террорлық акт жасал­ды. Онда 13 адам өліп, 60-қа жуық адам жараланды. Яғни, терроризм халықты құрбандыққа шалуымен қауіпті. Ол – бүкіләлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген ең елеу­лі қатер. Сондықтан да әлем­дік қоғамдастық лаңкестік әре­кеттерден үрейленуі заңды. Енді, тіпті, бұған дейін тыныш болған Еуропаға да қауіп төнді. Соған орай барлық елдерде қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Мұның өзі қатардағы азаматтардың құ­қық­тарын барған сайын шектей түсуде. – Бұрынғы КСРО кезінде саяси жағдайларға байланыс­ты терроризм сионизммен қ­а­тар аталушы еді. Енді ол ха­лық­­аралық сипат алып отыр. Мұның себебі неде? – КСРО кезінде терроризм негізінен саяси оқиғаларға байланысты орын алатын. Айталық, Италиядағы «қызыл бригадалар» премьер-министр Альдо Мороны өлтірді, Ирландиядағы ИРА (Ирландық республикалық армия) британдықтарға қарсы терактілер жүргізді. Үндістанда діни терроршылар Индира Гандиді және т.б. өлтірді. Діни сенімге бой алдырғандар өзара да (индуистер мен мұсылмандар, мұсылмандар мен иудейлер), бір діннің ішінде де (католик-протестанттар, сүннит-шииттер) терактілер жасап, зайырлы билікті әлсіретуді, діни билік орнатуды көздеді. Ал қазір осы терроризм халықаралық сипатқа ие болды. Сондай-ақ, діни терроризм де қанатын жая түсті. Бүгінгі күні аса қауіпті 7 террорлық топтың 6-ының «Әл-Каидамен» байланысы бар. – АҚШ-та 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған тер­рорлық шабуылдар әлем жұрт­шылығы арасында қатты дүм­пу туғызды. Содан кейін-ақ көп­шілік елдер оған қарсы бір­лесіп күресу қажеттігін қолға ала бастады. Егер терроризм­мен күрес мәселесін одан ертерек қарастырғанда, сол жыл­ғы және одан кейінгі жыл­дары мыңдаған адамды ажал құш­тыр­ған қанқұйлы әрекет­терге жол берілмеген болар еді деген ой келеді. Ал сіздің ойы­ңыз қандай? – 2011 жылғы 11 қыркүйектегі терактіге дейін де әлем елдерінде түрлі лаңкестік әрекеттерден адамдар ондап, жүздеп қаза тап­қан болатын. Ал АҚШ-та үш мың адам бірден ажал құшқан кезде барып адамзаттың терроризмге деген көзқарасы күрт өзгерді. Қазіргі заманғы терроризмнен қатты зардап шеккен ел АҚШ саналады. Одан кейін Ресей, Үндістан, Израиль, Колумбия, Ирак, Алжир, Пәкістан, Уганда, Шри-Ланкада да талай адам қаза тапты. – Бұқаралық ақпарат құ­ралдары, сондай-ақ, белгілі саясаткерлер терроризмді ХХІ ғасырдың апаты деп атауда. Осыған келісесіз бе? – Терроризм – ХХІ ғасырдың асқынған проблемасы. Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде тер­роризмді бүкіл әлем елдері болып бірлескенде ғана жеңуге болатынын атап көрсетті. Егер олардың қолына ядролық қару түссе, бұл бүкіл адамзат үшін аса үлкен трагедия болары анық. Сондықтан терроризмді күш біріктіріп қана жеңе аламыз. Ең бастысы, лаңкестіктің тамырына балта шабу үшін оған нәр беріп отырған өзегінен айыру қажет. – Орталық Азия елдерінде және Қазақстанда терроризм қаупі қаншалықты? Бұл қауіп-қатермен күрес қалай жүріп жатыр? – Терроризм Қазақстан мен Орталық Азия үшін де қауіпті. Қазіргі кезде Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрамында өңірлік қауіпсіздік мәселелерін үнемі көтеріп келеді. Осы ұйым­дарға кіретін мемлекеттердің арнайы қызметтері бірлесіп нақты шешімдер әзірлеуде. Өйткені, күш біріктірген кезде ғана қауіптің алдын алуға болатынын түсінетін уақыт жетті. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»