Қазіргі таңда әртүрлі үнқатысу алаңдарында елді жаңғырту, оның даму үлгілері мен жүзеге асыру тетіктері жиі талқыға түсетін тақырыптардың біріне айналды. Соған қарамастан, олар ұлттық көшбасшы тақырыбымен тікелей байланысты. Кеше Астанада «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық лидер факторы және жаңғырту үрдісі» халықаралық конференциясында осы мәселе жан-жақты сөз болды.
Конференция жұмысына Әзірбайжанның, Германияның, Италияның, Қазақстанның, Польшаның, Ресейдің, АҚШ-тың, Түркияның, Францияның ғалымдары мен сарапшылары, мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының, Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференцияға қатысушылар елді посткеңестік кеңістікте жаңғырту үрдістерін талдап, ұлттық лидер феномені мәселесін талқыға салды. Сонымен қатар, олар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет пен қоғам дамуындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, сондай-ақ әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерді шешудегі айрықша рөлін атап өтті. Сондықтан да қазақстандықтардың ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізу туралы бастамасы ешқандай күдік тудырмайды.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, халықаралық сарапшылар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақтылық пен өрлеуді қамтамасыз етудегі тарихи рөліне назар аудара отырып, Қазақстан халқының бастамасы еліміздегі демократиялық ұстанымдардың көрсеткіші екеніне көз жеткізді.
Конференция барысында халықаралық сарапшылар референдумның кең таралған демократиялық үрдіс екенін баса айтып өтті. Ең бастысы, референдум өткізу идеясының бастамашысы – халық. Бұл азаматтардың Елбасына деген сенімінің нақты дәлелі болып табылады.
***
Сенімнің жоғары көрсеткіші
«Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Парламент Мәжілісінің депутаты Р.Мәдинов қатысты.
Жыл бойына атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасаған «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов республикалық индустриялық-инновациялық даму рейтингісінде Батыс Қазақстан облысы көшбасшылардың бестігіне кіретінін алдымен атап өтті. Облыста бүгінгі таңда елді мекендердің 70%-дан астамы газдандырылған. Сондай-ақ мектепке дейінгі жастағы балалардың 84%-ы балабақшаға барады.
Республикада тұңғыш рет осы облыста «Тұрғын үй –жастарға» бағдарламасы жүзеге асырылып, 150-ден астам жас отбасылар жаңа пәтермен қамтамасыз етілген болатын. Бұл жобаның бастамашылары – оралдық жастар. Жобаға республиканың басқа облыстары да қызығушылық танытып жатқанын да облыс әкімі баса айтты. Өңірде соғысқа қатысушыларға, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен өзге де әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға арналған 240 пәтерлік баспана пайдалануға берілген.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ауызға алғанда жылдық қуаты 7,5 мың тонна болатын өсімдік майы зауытының салынып, жұмыс жасай бастағаны алдымен айтылады. Үлкен заманауи мал бордақылау кешені де жақында өз жұмысын бастады. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін, сақтайтын басқа да бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді. Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасы аясында облысымызда жалпы құны 90 млрд. теңгені құрайтын тоғыз ірі инвестициялық жоба іске асырылған.
«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы қоғамдық қабылдауларды өте жоғары деңгейде жүргізетіндігімен ерекшеленеді. Бақтықожа Салахатдинұлының айтуынша, өткен жылы қоғамдық қабылдауға 3253 өтініш келіп түскен. Жыл басынан бері азаматтардың 700-ден астам өтініші өкілетті органдарға қарауға жолданса, соның ішінде 610-ы оң шешімін тауыпты. Мұны қарапайым адамдардың партияға деген сенімінің маңызды көрсеткіші деп есептеуге болады.
Баяндамашы облыстық бөлімшенің алда тұрған міндеттеріне тоқталғанда «Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылған «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштері коалициясының Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы референдумға қолдау көрсету жұмысына белсенді қатысу қажеттігін баса айтып өтті.
Жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Елбасы өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастаманы ел тарихындағы маңызды оқиға деп атады. Министр сондай-ақ білім-ғылым саласындағы өзекті мәселелерге де кеңінен тоқталды.
Жиын соңында партияның кезекті XIII съезіне ұсынылған делегаттардың кандидатуралары мақұлданды. Бүкіл аудан, ауыл, қаладағы партия өкілдері өткен жылғы жұмыс қорытындысын қанағаттанарлық деп бағалап, облыстық филиалдың төрағасы етіп облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті бірауыздан қайта сайлады.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.
Экономика мен саясат: Таразы басы тең
«Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалының IХ партиялық есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Оның жұмысына «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары Қ.Ақсақалов, конференция делегаттары, облыс басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.
Жиынға сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары, жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының басшылары, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, жастар қоғамдық бірлестіктері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді. Конференцияда облыс әкімі, филиал төрағасы Қанат Бозымбаев жергілікті партия ұйымының есепті кезең ішінде атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері жайлы баяндама жасады. Сондай-ақ, бақылау-тексеру комиссиясының есептері тыңдалып, «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі бағдарлама жобасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген тағылымды сөзі бар. Облыс басшысының баяндауынша, Елбасының Жолдауында айқындалған тапсырмаларға сәйкес өткен жылы өңірде өнеркәсіпті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнесті қолдау барысында көптеген жұмыстар атқарылған. Қолданылған шаралардың арқасында өңірдегі экономикалық-әлеуметтік жағдай дамып, өнеркәсіп өнімдерін өндіру ұлғая түскен. Оның көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 14, 0%-ға өсіп, 125,0 млрд. теңгені құраған. Еліміздің өнеркәсіп-сауда палатасымен бірлесіп «Инвестиция. Инновация. Даму» деген тақырыппен үлкен халықаралық бизнес-форум өткен. Бұл жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, өңір экономикасына байланысты, оның ішінде «Еурохимның» іске кірісуінің кешеуілдеп жатқанына төзуге бомайтынын айтып, тиісті министрліктер мен кейбір компания басшыларына нақты тапсырмалар берген.
Бүгінде серпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша 22 жоба жүзеге асырылуда. Оның жалпы сомасы 665,0 млрд. теңгені құрайды. Мұның ішінде өткен жылы 56 млрд. теңгенің 8 жобасы іске асырылды. Сөйтіп, бұл өндірістерде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жамбыл облысының бренді – фосфор шикізатын өндіру – 162 %-ға өскен. Ал құрамында алтыны бар кен шығару – 143%, барит кенін өндіру 129 % құраса, әк, гипс, табиғи құм өндіру бұрынғыдан анағұрлым арта түскен.
Саясатқа келсек, екі жылдық есепті мерзімде облыстық филиалдың саяси кеңесі мен оның бюросы партияның ХІІ съезі мен Саяси кеңес шешімдерінің, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосқан. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың 205 депутатының 202-сі немесе 99%-ы «Нұр Отан» ХДП мүшелері. Олар бюджет қаржысының ел мұқтажына орай тиімді бөлініп, мақсатты жұмсалуын қадағалап, түрлі бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын басты назарда ұстаған.
Жарыссөзге шыққан партияның Тараз қалалық филиалының төрағасы Қ.Бекболатов ішкіпартиялық жұмысты жандандыру жайын тілге тиек етсе, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Б.Егембердиева фракция атқарған жұмыстарға тоқталды. Ардагер Ә.Исақ партия делегаттарының назарын Елбасы өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасына аударып, оны бірауыздан қолдауға шақырды.
Партияның облыстық филиалының төрағасы болып облыс әкімі Қ. Бозымбаев бірауыздан қайта сайланды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
Белсенділік белесі
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалының VІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Оның жұмысына аудан, қалалардан сайланған депутаттар қатысып, есеп берілген кезеңдегі партия филиалының жұмысына қанағаттанарлық баға берді. Конференция жұмысына «Нұр Отан» ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы, Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов қатысты.
Өткен есеп беру-сайлау науқанынан бергі нұротандықтардың атқарған жұмысы жайлы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Серік Үмбетов баяндама жасап, «Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен қазақстандықтардың игілігі үшін» халықтық тұғырнаманы жүзеге асырудағы Жетісу жеріндегі тиянағы келтірілген іргелі істерді рет-ретімен ортаға салды. Онда ауыл шаруашылығын өркендету мен индустрияландыру картасы, жұмыссыздықтың алдын алу мен экономикадағы табыстар көлденең тартылды.
Қазіргі кезде облыстық партия ұйымына 16 аудандық және 3 қалалық партия филиалы 456 бастауыш партия ұйымына топтасып, онда 81035 белсенді мүшесін біріктіргенін айтып, сапалық құрамы жыл санап жақсара түскеніне екпін берді. Партия қатарында білім беру, медицина, мәдениет саласы қызметкерлерінің үлес салмағы 43,0 пайызды құрайтындықтан әлеуметтік салаға деген қамқорлық өсе түскенін аңғару қиын емес.
Бастауыш ұйымдар жұмысы жанданып, Талдықорған, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл, Ескелді аудандық партия филиалдарының талабымен үндес жүргізілген. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы 55 бастауыш партия ұйымындағы партия кабинеттері халықпен шынайы байланыстың және саяси-көпшілік іс-қимылдың орталығына айналған. Нұротандықтар қай салада болса да белсенділігімен, елге, жерге деген жанашырлығымен ерекшеленуде.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына партиялық бақылау пәрменділігі арта түскені де сөзге арқау болды.
Конференцияда жарыссөзге қатысқан «Нұр Отан» ХДП Іле аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Николай Логутов жыл сайын аймақта партия қатарын толықтырғандар қатары мыңдап саналатынын, бүгінгі тарихи кезеңде ілеліктер Мемлекет басшысының өкілеттігін 2020 жылға дейінгі мерзімге ұзарту туралы референдумды қызу қуаттайтынына тоқталды. Ал, Талдықорған қалалық партия филиалы төрағасының орынбасары Әсия Ахметова өз сөзінде қай заманда да, қай қоғамда да бірлігі бекем елде ғана бақ-береке орныққанын айтты.
Делегаттар онлайн жүйесімен тікелей эфир арқылы Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, тағы басқа аудандардағы партия филиалдарымен хабарласып, конференция жұмысының ауқымын кеңейтті.
Конференцияда сөйлеген Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов жаңа дәуірдегі ел тарихының жаңа кезеңі басталғанын атап көрсетті. Елбасының индустриялық-инновациялық бағдарламасы – ел өмірін өзгертетін бағалы бастама. Ішкі және сыртқы саясаттағы барша ауқымды істерге «Нұр Отан» партиясы белсене атсалысып келеді, деді сенатор.
Жарыссөзге шығып сөйлегендер партия филиалының есепті кезеңдегі жұмысына қанағаттанарлық баға берді.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалды сөйлеп, Елбасының келісімімен облыстық филиал төрағалығына Серік Үмбетовті ұсынды. Депутаттар оны бірауыздан қолдады. Бірінші орынбасарлығына Айтбай Сейітов сайланды. Конференцияда қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданып, партияның ХІІІ съезіне делегаттар сайланды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Шетелдік сарапшылар не дейді?
Қазіргі және болашақ табыстар кепілі
Мэри АСЕНОВА, Жаңа демократиялар институтының директоры (АҚШ):
– Көтерілген бастама Қазақстан халқының прогрессивті даму жолын жалғастыру ниетін және плебисцит сияқты демократиялық тәсілдердің таңдалынуы қазақстандық азаматтық қоғамның кемеліне келгендігін айғақтайды. Бұл – Қазақстанда өзінің демократиялық дәстүрі қалыптасып жатқандығының нақты белгісі.
Эрманно ВИЗИНТАЙНЕР, «Vox Populi» орталығының директоры (Италия):
–Қазақстанның табыстары өте орасан және көрнекті. Оған тек қазақстандықтардың өзі ғана емес, әлемдік қоғамдастық та куә болып отыр. Және елдің үдемелі даму болашағы тікелей Нұрсұлтан Назарбаев есімімен байланысты екені де анық байқалады. Назарбаев – Қазақстанның жаңа тарихындағы заманауи кезеңнің тұлғасы. Оған референдум өткізу туралы халықтың бастамасы дәлел бола алады. Сондықтан саясаткерлер үшін халық дауысына сенуге тура келеді. Немесе, ежелгі латындық мақалға сүйенсек, «Халықтың үні – бұл құдайдың үні».
Лотар ЛЕМПЕР, Отто-Бенеке атындағы Президент қоры (Германия):
–Референдум – тікелей, тура демократия. Сондықтан да рефрендумда қабылданған шешім жоғарғы заңдық күшке ие болады. Сол үшін көптеген елдердің конституциясында референдум өткізу, тіпті кейбір жағдайларда міндетті болатыны кездейсоқтық емес. Еуропаның көптеген елдері референдум арқылы ЕО-ға қосылды. Ал Қазақстан жағдайына келетін болсақ, референдум жаңа Қазақстан тарихындағы Назарбаев факторының маңыздылығы сияқты өте өзекті мәселені анықтау үшін қажет етіліп отыр.
Ванда ДРЕСЛЕР, Париж университетінің профессоры (Франция):
Мен Қазақстанның жетістігінің ең басты факторларының бірі – мемлекеттіліктің негізін қалаушы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев деп санаймын. Сондықтан демократиялық қауымдастық тарапынан президенттік өкілеттікті 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасы ұсынып отыр. Референдум өткізу идеясын азаматтардың өзі ұсынғаны, оның конституциялық нормалармен сәйкес келетіндігі өте құнды жәйт деп білемін. Бұл – халықтың Мемлекет басшысы саясатына деген нақты сенімінің және қоғамның өзінің Президент айналасына топтасуының көрсеткіші.
Исмаил ТОГРУЛ, Ыстамбұл экономика университетінің профессоры (Түркия):
–Референдум – кез келген ұлт үшін өмірлік маңызды мәселелерді шешудің ең негізгі демократиялық тәсілдерінің бірі. Түркияда да өте маңызды мәселелерді шешу референдумға шығарылған. Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі Ататүрік, ол бүкіл түркі әлемі үшін үлгі бола алады. Сіздердің бірліктеріңіз бен Мемлекет басшысына деген сенімдеріңіз Қазақстанның қазіргі және болашақ табыстарының кепілі екені сөзсіз.
Владыслав СОКОЛОВСКИ, Шығыс Еуропа зерттеу қоры (Польша):
–2020 жылға дейінгі стратегияны жүзеге асыру үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту бастамасы түсінікті және заңды. Әлемде кез келген саясаткер халқының осындай биік сеніміне ие бола алмайды. Қазақстандықтар елде тұрақты даму, бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, ертеңгі күніне сенімді болғысы келеді. Және олар болашағының кепілі тікелей Президент Нұрсұлтан Назарбаев деп біледі.