Жуырда елордадағы Тұңғыш Президент музейінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Күнделікті өмірдің бейнелері» атты тақырыпта қор көрмесінің ашылу салтанаты өтті. «Музей жинағы» атты жаңа музейтану бағдарламасы алғаш рет әлем халықтарының күнделікті тұрмыстық мәдениетінің маңызды тұстарын көрсететін тақырыптық интерьер топтамасына жүйеленген музей жинақтарының шағын бөлігін ұсынды.
Көрмені музей директорының орынбасары Күлайша Ақтаева ашып, Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков музей тарихына, ондағы жәдігерлердің құндылығына тоқталды.
Айта кетейік, музей жинақтарының ерекшелігі – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа, Қазақ еліне, қазақ халқына, әлемдегі өзара ықпалдастық пен тату көршілікті дамытуға бағытталған Қазақстанның халықаралық деңгейдегі белсенді іс-әрекетіне деген зор құрметтің белгісі ретінде табыс етілген сыйлықтардан құралған. Топтамалар мен жеке жәдігерлердің тұсаукесері музей қызметкерлерінің жүйеленген тұрақты жұмыстарының нәтижесі ретінде «Музей жинағы» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірін құрайды. Әлем халықтарының алуан түрлі шығармашылығы мен жоғары көркем мәдениетінің үлгілерінен іріктеліп алынған қайталанбас бірегей жиынтық өз тарихынан көптеген ақпарат береді.
Музейдің үш залында орналасқан «Күнделікті өмірдің бейнелері» көрмесінің экспозициясы классикалық музейлік сахналық көріністерден және санамызда күнделікті өмірдегі әсемдіктің символы ретінде қалыптасқан жеке заттардан құралған. Көрме 2016 жылдың 26 маусымына дейін жалғасатын болады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ