Атырауда мұнай өнімін жалған құжатпен заңсыз тасымалдаушы ұсталды
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» қағидасын ұстанатындар әлі де бой көрсетіп қалады. Алайда, олардың қулығын іске асыруына мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты экономикалық тергеу қызметі мен жергілікті полицияның жедел-іздестіру шарасы тосқауыл болды. Нақтысын айтқанда, бірлескен шара барысында Атырау-Доссор күре жолының бойындағы «Қарабатан» уақытша бекетінде «Daf Te 105Xf» маркалы тіркемелі автомашина тоқтатылды. Аталған автомашинаны тексеру кезінде оның тіркемесінде 26 дана арнайы пластикалық ыдыстарға құйылған шамамен 26 000 литр сұйықтық анықталған. Жүктің ілеспе құжаттарында пластикалық ыдыстарда «Этиленглеколь» химиялық заты деп жазылған. Жүк жөнелтуші ретінде «Granit» ЖШС көрсетілген. Бірақ, ыдыстарды ашқанда мұнай өнімінің (дизель жанармайы) иісі бар майлы сұйықтық анықталды.
Осыған орай тіркемелі автокөлік құралы арнайы тұраққа қойылды. Ал аталған жайт бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі Қылмыстық кодекстің 197-бабының 1-тармағымен (Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу) сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Бір таңданарлығы, жүкті жөнелтуші «Granit» ЖШС ел аумағында тіркелмегені белгілі болды. Демек, мұнда жалған құжаттар жасау қылмысының белгілері бар. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында көрсетілген жүктен үлгілер алынып, сараптама жүргізу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытының мамандары тартылды. Алдын ала берілген қорытындыға қарағанда, тіркемелі көліктегі пластикалық ыдыстардағы сұйықтық «дизель жанармайы» болып табылады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ