• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2016

Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысы өтті (фото)

409 рет
көрсетілді

АСТАНА. 21 мамыр. Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырыс өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Алқалы жиында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев сағат 10:00-де бастады. Ол бүгінгі жиынға 67 адамның қатысып отырғанын, басқосудың негізгі бағыты жерді сату мәселесін жан-жақты талдап, ұсыныс-пікірлер айтылатынын жеткізді. «Комиссияның негізгі мақсаты – жер мәселесі жөнінде егжей-тегжейлі талдау жасап Парламент қарауына өз ұсынысымызды жіберу. Біз уәкілетті орган емеспіз. Нақты шешім шығарып, мөр басатын. Сондықтан біз халыққа пайдалы жағын қарастырайық», – деді комиссия төрағасы. Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ, комиссия мүшелерін төрт топқа бөліп, жан-жақты жұмыс жасау керектігін айтты. Ол үшін топ жетекшілерін сайлау керек. Сонымен, «Экономикалық» топқа Ақылбек Күрішбаев, «құқықтық» топқа Мұхтар Тайжан, «ақпараттық» топқа Мұрат Әбенов және «ұйымдастыру» жөніндегі топқа Дос Көшім жетекші болып тағайындалды. Мұнан кейін комиссия құрамы рет-ретімен сөз алып, жер сату мәселесіне қатысты өз ойларын айтып, ұсыныстарын білдірді. «Жерді жалға беру кезінде шетелдіктерге шектеу қою керек. Ең бірінші кезекте ел азаматтарына беру керек деп есептеймін», – деді комиссия мүшесі Жексенбай Дүйсебаев. Ал Берік Әбіғалидің пікірінше, жер жеке меншікке берілуі керек. «Жерді жекеге беруге келісемін. Алайда, жайлымдық және шабындық жерлер жекеге өтіп кетпеуі тиіс. Өйткені, мал шаруашылығымен айналысатындарға өте қиын» – деді ол. Жалпы, комиссия отырысында көптеген пікірлер айтылды. Бірі жерді жалға беру керек, отандық кәсіпкерлердің оң жамбасына келетіндей жағдай жасау қажет десе, кейбірі өзіміздің азаматтарға тегін үлестіру керек деген пікірлер білдірді. Жиында сөз алғандардың арасында жерді шетелдік инвесторлар арқылы игеру керек деп санайтындар да болды. Отырыс қорытындысында төраға айтылған ұсыныстар мен пікірлер жан-жақты талдап-таразылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев келесі отырыс 28 мамыр күні өтетінін хабарлады. «Біз келесі жиында осы айтылғандарды әбден сүзгіден өткізіп, өз ұсыныстарымызды нақтылап аламыз. Сосын барып елге шығамыз. Онда ағайын-жұрт күтіп отыр. Біздің не айтатынымызыды күтіп жүр. Сол үшін дайындалып алуымыз керек» – деді төраға. Талғат Райымбек. Дерек: egemen.kz. Фото: Орынбай Балмұратов.