АСТАНА. 22 мамыр. Кеше АҚШ президенті Барак Обаманың басты резиденциясы – Ақ үйдің маңында атыс болды. Бұл туралы Reuters ақпарына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Инцидент орын алған кезде Барак Обама өзінің резиденциясында болмапты. Осы кезде ол Эндрюстегі авиабазада жүрген екен.
Атыс оқиғасынан кейін Ақ үйді полицейлер қоршауға алып, болған жайттың жай-жапсарын тексеруге кірісіп кетті.
CNN телеарнасының құқық қорғау органдарындағы дереккөзі хабарлағандай, бақылау-өткізу бекетінің жанында құпия қызмет қызметкерлері қолына қару алып, шауып жүрген ер кісіні атып түсірген. Күдікті еркек осыған байланысты қарнынан жарақат алып, жергілікті ауруханаға жіберілген. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Осыдан кейін Ақ үйде арнайы қауіпсіздік режімі енгізілді. Кірер есіктер түгел жабылды, деп хабарлайды журналистер.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: Reuters.