Кеше Сыртқы істер министрлігінде журналистермен кезекті брифинг болып, оны Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріп өткізді.
Елші алдымен БАӘ туралы біршама қызықты, танымдық анықтамалар беріп өтті. Әмірліктердің 10 млн.-ға жуық тұрғыны 83,6 мың шаршы шақырым жерге қоныстанған. Тұрғындардың 13 пайызы ғана осы елдің азаматтары, қалғандарының бәрі экспатрианттар, яғни көшіп келгендер. Ел астанасы – Абу-Дабиде 1,5 млн., ал ең үлкен қалалары – Дубайда 2 млн.-нан артық адам тұрады. 1971 жылы қабылданған конституцияға сәйкес, биліктің жоғары органы – елдегі жеті әмірліктің билеушілерінен тұратын Жоғары кеңес. Олар өз қатарынан 5 жылға президент сайлайды.
2015 жылғы дерекке қарағанда, елдің барлық ІЖӨ-сі 432 млрд. АҚШ доллары көлеміне жеткен, бұл жан басына шаққанда 44 771 мың доллар деген сөз. Осыған қарағанда, БАӘ әлемдегі ең жоғары дамыған елдердің қатарына енеді. Елге шетелдік тікелей инвестиция тарту жөнінен де БАӘ әлемдегі алдыңғы қатарда, былтыр оның көлемі 10,1 млрд. долларға жеткен.
Қазақстан мен БАӘ арасындағы қатынастардың тығыз дамуына Мемлекет басшыларының жасаған ресми және жұмыс сапарлары игі әсерін тигізіп тұрады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев БАӘ-ға соңғы рет 2014 жылдың 28-30 қазаны күндері ресми сапармен болды. Сол жолы Н.Назарбаев Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының 10-отырысына қатысты. Осы форумда Н.Назарбаевқа «Ислам қаражаты бойынша жаһандық көшбасшы» атты сыйлық берілді.
БАӘ – Қазақстанның Парсы шығанағындағы араб елдерінің арасында бірінші орында тұрған сауда әріптесі. Әлемдік экономиканың қиын жағдайда екендігіне қарамай, Қазақстан – БАӘ арасындағы сауда-экономикалық байланыс былтыр 109,4 млн. АҚШ долларын құрап, бұрынғы көрсеткіштерден кем болған жоқ. Жалпы, шығанақ аймағы Қазақстан үшін сыртқы сауданың өсуі мен отандық экономиканың бәсекелестігін арттыру жолында маңызды рөл атқарады. Бұған келесі үш фактор тікелей әсер етеді:
Бұл аймақ Азия мен Еуропаның сыртқа шығаратын жүгінің эпицентріне айналып келеді. Соның ішінде Қытайдың Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Қап тауындағы елдерге тасымалданатын жүгінің негізгі бөлігі осында шоғырланады;
Әлемнің ең үлкен көлік хабының бірі ретінде мұндағы порттық және қоймалық қызметтің әлеуеті зор. Осы жерден тауарлардың Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка құрлығы елдеріне жөнелтілетін қысқа жолдары басталады;
Азық-түлік тауарларына деген экспорттық әлеуеттің (аймақ тамақ өнімдерінің 80-90 пайызын сырттан тасиды) артуы да оған деген қызығушылықты арттыра түсуде.
Қазіргі кезде Қазақстан тамақ өнімдерінің Парсы шығанағы аймағы елдеріне тасымалдануы көңілдегідей емес. Оның негізгі себептерінің біріне көліктік-логистикалық жүйенің күрделілігі жатады. Алайда, Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Бендер Аббас порты бағытындағы теміржолдың ашылуымен бұл мәселе оң шешімін табары сөзсіз.
БАӘ Қазақстанның шетелдік ірі инвесторларының біріне жатады. Ұлттық банктің деректеріне қарағанда, 2005 жылдан 2014 жылға дейін бұл елден Қазақстан экономикасына 2 млрд. АҚШ долларына жуық инвестиция құйылған. Әмірліктер капиталының араласуымен Қазақстанда 200 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар да жетерлік. Соның ішінде Астана қаласында салынып жатқан көпфункциялы 1,6 млрд. АҚШ долларына тең «Абу-Даби Плаза» кешенін айтуға болады.
Қаржы-қаражат саласындағы тиімді ынтымақтастықтың бірі ретінде Абу-Даби әмірлігінің «Әл-Халал» ислам банкін атауға болады. Ашылған уақытынан бері бұл банк 20 шақты кәсіпорынды қаржыландырды. Бүгінгі таңда жалпы құны 80 млн. долларға тең болатын тағы да 7 жобаны қаржыландыру мәселесін шешті, ал 10 жоба қарастырылу үстінде екен.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»