Алматы тұрғындарына есігін айқара ашты
Қала әкімі Бауыржан Байбек жазушы Сәбит Мұқановтың қайта жасақталып, жаңғырған саябағын ашты.
Төле би мен Сәбит Мұқанов көшелерінің қиылысындағы қаламгердің ескерткіші қойылған бұл саябақ ұлы жазушының 100 жылдық мерейтойы құрметіне 2000 жылдың басында ашылған еді.
Алматы қаласының 1000 жылдығы қарсаңында қолға алынған «Қайырымдылық керуені» жобасы бойынша жүріп жатқан іс-шара жазушы атындағы осынау саябақты айналып өтпеді. Танымал жобаға Қазақстан халқы Ассамблеясы айрықша атсалысты. Осы орайда игілікті істің аясында Алматыдағы 10 саябақ пен 94 гүлзар бақ қамқорлыққа алынғанын да атап өткен артық емес. Ассамблея құрамындағы республикалық әзербайжандар қауымдастығы тек осы мақсатқа ғана атап тұрып 100 миллион теңге қаржы бөлді. Ең еске аларлық жаңалық қазақстандық сол әзербайжандар Алматыдағы Сәбит Мұқановтың саябағына зәйтүн ағашын әкеліп отырғызды. Ұлы жазушының ескерткіші тұрған саябақта сол күні балалар ойнайтын айрықша жаңа алаң ашылды.
Қайта түлеген саябақтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Бауыржан Байбек:
– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қала тұрғындары үшін саябақтар мен гүлзарлардың алар орны ерекше. Бүгінгі салтанатты сәтте еліміздегі әзербайжан қауымдастығының қалталы азаматтарына айрықша алғысымызды білдіреміз. Саябаққа әртүрлі ағаштың 90-ға жуық көшеті отырғызылып, су құбыры тартылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қазақстан халқы Ассамблеясы шын мәнінде бүгін үлкен істің шынайы үлгісін көрсетті, – деді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ