ПЕТРОПАВЛ. 31 мамыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы Аққайың ауданында бір әйел найзағай түсіп, қаза тапқан. Бұл туралы облыс төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қайғылы оқиға ауданның Қиялы ауылында орын алған. Қара аспанды қақ жарып келіп түскен жай 54 жастағы әйелдің өмірін сол мезетінде жұлып кеткен.
«Аққайың ауданындағы Қиялы ауылының Калинин көшесінде 1962 жылы туған әйел велосипед теуіп келе жатып, найзағайдың соққысына тап болған. Сонда алған жарақаты салдарынан ол оқиға орнында қаза тапқан. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамасына жіберілді. Оқиға орнында облыстық және аудандық ішкі істер органдарының жедел топтары жұмыс жасады», - делінген хабарламада.
Өмір Есқали.
Дерек: Солтүстік Қазақстан облыс төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкерлері.