• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Мамыр, 2016

Волейбол профессоры

1323 рет
көрсетілді

Тегінде, жақсы волейболшыдан кеуде қатарлы математиктің шыға қоюы екіталай шығар, ал нағыз математик хас волейболшы бола алады екен. Және болғандай қандай! Мұны бүгінде тірі болғанында жасы 80-ге толатын қазақ волейболының көрнекті өкілдерінің бірі Заңғар Жәркешев өзінің өмірімен де, өнерімен де толық дәлелдеп, көрсетіп беріп кетті. Біз кезінде Заңғар ағаны волейболшы ретінде көре алған жоқпыз, бірақ ол тізгінін ұстаған волейбол командасының барлық өрлеуі мен шалқуы сәттеріне жақсы жанкүйер бола білдік. Оның құрған жасағы шынында сол жылдары аты Кеңес Одағы ғана емес, күллі әлемге таныла бастаған аса талантты ұжым болды. Бір қызығы, алуан қырлы дарын иесі Заңғар Жәркешев үшін спорт, соның ішінде волейбол басында өмірлік мәні бар нәрсе саналмаған екен. Мектепте өте жақсы деген бағаларға оқып, мате­матика, физика секілді дәл ғы­лымдар пәндерінен алдына жан салмай жүрген ол тіпті волейбол ойнауға да оншалықты құштар бола қоймапты. Сол кездері орта мектепті үздік бітіргендерге алтын медаль беру үрдісі жоқ еді, болашақ даңқты спортшы сондықтан кәмелеттік аттестатына уақытының ең жоғары белгісі – күміс медальды қоса алып шығады. Ал волейболға немқұрайлы қа­рай­тын ол сыныптастарының көп­тен-көп өтінуімен ғана мектеп құрамасы сапында ойнауға келісіпті. Сол-ақ екен, ұдайы жыл­­дамдық пен ептілікті, күш­тілік пен табандылықты, тез ше­шім қабылдау мен беріле ойнау­ды керек ететін бұл ойын оны бірден өзіне үйіріп әкетеді. Қай­да жүрсе де көштің алдында бол­у­ға ұмтылатын Заңғар көп ұза­май командаластарының нағыз көш­басына айналады. Алайда, мектеп бітіргенше өте жақсы волейболшы болып қа­лыптасып үлгерген Заңғардың бұл құмарлығына ата-анасы жай әншейін ермек деп қана қарайды. Сол себепті Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияның түлегі, партия Орталық комитетінде, кейін Мемлекеттік жоспарлау ко­ми­тетінде жауапты қызметтер ат­қарған әкесі мен қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш филология ғылымдарының кандидаты атанған анасы ұлдарының бұдан гөрі маңыздырақ кәсіппен айналысуы үшін Қазақ тау-кен металлургия институтына түсіп оқығанын қалайды. Соның ыңғайында Заңғар аталмыш институттың «Пайдалы қазбалар кен орнын пайдалану» мамандығы бойынша білім алып шығып, инженер болып еңбек жолын бастайды. Ол жеті жыл бойы тау-кен инженер-технологы болып қызмет істейді. Бірақ осы жылдардың бәрінде оны волейболға деген құмарлық өзінен алшақтата қоймапты. Бұл жыл­дардың бәрінде ол сүйікті ойы­­­нынан көз жазып қалған жоқ. Со­ның арқасында тау-кен инс­титутында оқып жүрген Заңғар 1956 жылы Мәскеуде өткен КСРО халықтары спартакиадасына Қа­зақстан құрамасы сапында қа­тысып, команданың төртінші орынды жеңіп алуына елеулі үлес қосты. Ал кейін инженер болып жүргенінде бір күні бір­ден күрт ше­шім қабылдап, ол арада қан­шама жылдардың өтіп кеткеніне қарамастан, Қазақ дене­шынықтыру институтының табалдырығынан аттайды. 1959 жылы белгілі энтузиас­т Октябрь Жарылғапов тізгінін ұс­таған «Буревестник» бірінші рет волейболдан КСРО біріншілігінің Куйбышев қаласында өткен «Б» класы бойынша сайысына қатысты. Ал 1960 жылы Тулада өткізілген фи­налдық ойындарда екінші орынға табан тіреген алматылық сту­­денттер жасағы «А» класына берілетін екі жолдаманың біріне қол жеткізді. Сөйтіп, 1961 жылдан бастап кеңес волейболының ең жоғары эшалонында өнер көрсетуге көшті. Осы жылдың жел­­тоқсан айында Алматыда өт­кен «А» класы командалары ара­­сын­дағы квалификациялық тур­­нирде бірінші орынды жеңіп алған «Буревестник» айды аспан­нан бір-ақ шығарды. Осы жетіс­тіктері үшін команданың Октябрь Жарылғапов, Заңғар Жәркешев, Жәнібек Сауранбаев, Валерий Кассин, Евгений Акунов, Евгений Пресняков, Владимир Дьяков, Жұ­маш Махмутов, Леонид Щербаков сынды ойыншылары спорттың бұл түрінен республикада «КСРО спорт шебері» атанған ең алғашқы ойыншылар болды. Қазақстан волейболының ір­гесін қалап, қабырғасын тұр­ғыз­­ған Егор Иконников, Борис Дмитриев (жоғарыдағы спар­такиадаға команданы бастап барған ойыншы-жаттықтырушы) және Октябрь Жа­рылғапов сынды мықтылармен бірге сап түзген Заңғар Жәркешев олардың ортасындағы ең жасы еді. Рес­публика волейболының төрт бұрышын түгендеген осы төртеу екенін білікті мамандар бүгін де ұмыта қойған жоқ. Сол санаттағы Заңғар волейболшы ретінде де бірқатар өсу жолдарынан өтті. Осы өрлеу өрісі оны КСРО-ның олимпиадалық құрама командасына кандидат етті. Одақ біріншілігі белесінде алғашқы адымын енді ғана жасай бастаған, бірақ әлі үлкен табысқа жетіп көрмеген команда құрамында ойнайтын ойыншының өзін елдегі ең мықты волейболшылардың бірі екенін дәлелдеп беруі үшін сол кезде қаншалықты жанкешті ойын мен шеберлік керек болғанын пайымдау қазір де қиын емес. Заңғар аға соны көрсете білді. Бірақ «Бу­ре­вестникте» оның қалыптасу жылдарында ойнаған ол командамен бірге ойыншы ретінде айтулы асуларды бағындыра алмады. Оның барша биік белестері жаттықтырушылық кезеңімен жал­ғаса келді. Жоғары топтағы дебюттік бі­ріншілігінде Жәркешев, Сауран­баев, Кассин, Махмутов, Пре­сняков, Акунов, Дьков, Щербаков сынды ойыншылардан құралған команда 16-орынға табан тіреді. Бұдан кейінгі 1961-1962 жылдарғы чемпионаттарда алматылықтар 13 орынға қазық байлатты. Ал 1963 жылы команда тағы да республика атынан КСРО халықтары спартакиадасына қатысып, финалдық айқаста Украина құрамасымен 4-5-орындарды бөлісті. Келесі 1964 жылы студенттер командасы елі­міздің біріншілігіне қатысқан 24 команданың арасында 16-орын алды. Осы жылы команда капитаны Жәнібек Сауранбаев КСРО құрама командасының сапына алынды. Соңғы жылдары команданы үздіксіз капитаны болған Заңғар Жәркешев 1965 жылы Қазақ спорт комитеті төрағасының орын­­ба­сары болып кеткен Октя­брь Жа­рылғаповтың орнына «Буре­вестник» командасының аға жаттықтырушы болып тағайын­далды. Осы жылы коман­даның Бүкілодақтық аре­надағы өрлеуі басталды. Жаңа жас жаттықтырушының қол астында жаттыққан жігіттер бұл жолы чемпионатта 8-орынға бір-ақ секірді. Мұның соңы КСРО құрамасы құра­мында ойнап жүрген Жәні­бек Сауранбаевтың қатарына команданың тағы бір белді ойыншысы Валерий Кравченконың қосылуына жеткізді. Келесі, 1966 жылы алматылық студенттер жасағы біріншілікте 4-орынға жайғасты. Ал Минск қаласында өткен Бүкіл­одақтық студенттер спартакиада­сында алдарына жан салмай, ал­тыннан алқа тағып оралды. Ко­манда сол жылы Прага қаласында өткен студенттердің еуропалық біріншілігінде де топ жарып, алтын медальдың ие­герлері болып қайтты. Осы жылы бірінші рет Еуропаның жастар құрамалары арасында бі­ріншілік ұйымдастырылды. Ол Венгрияның астанасы – Будапешт қаласында өтті. Осы чемпионатқа КСРО құрамасы сапында қатысқан «Буревестниктің» өрендері Олег Антропов пен Александр Портной команданың бірінші орынды жеңіп алуына үлкен үлес қосты. 1967 жыл алматылық студент­тер командасына алғашқы үл­кен табыстарды әкелді. Бұл жы­лы волейболдан командалай бі­рін­шілік өткізілген жоқ. Оның орнын КСРО халықтарының Спартакиадасы аясындағы волейбол турнирі басты. Міне, осы сайыста Қазақстан атынан алаңға шыққан «Буревестник» командасы қола жүлдегер атанды. Осы жылы Түркияның Адана қаласында өткен Еуропа біріншілігінде КСРО құрамасы араға 16 жыл салып, бірінші орынды жеңіп ал­ды. Осы жеңімпаз команда сапында Жәнібек Сауранбаев пен Ва­лерий Кравченко алтыннан алқа тақты. Маусым соңына қарай олар­дың қатарына Олег Антропов та қосылды. Ал 1968 жылы «Буревестник» тұңғыш рет чемпионатта күміс медальға қол жеткізді. Біріншілікті өте күшті бастаған команданың осы жылы алтын жүлде алатындай-ақ реті бар еді, бірақ еліміздің Олимпиялық құрамасына алынған Валерий Кравченко мен Олег Ан­троповтың шешуші ойындарға қатыса алмауы команданың Тал­линнің «Калевінен» 2 ұпай қалып қоюына себеп болды. Мұның есесін алматылықтар 1969 жылы толығымен қайтарды. Осы жылы КСРО чемпионы атағын талассыз жеңіп алған «Буревестник» Кеңес Одағы кәсіподақтарының спартакиадасында да жеңімпаздар тұғырына жайғасты. Жалпы, 1967-1971 жылдарда Заңғар Жәркешевтің жасағы КСРО бірін­ші­ліктерінде қатарынан 5 рет жүл­дегерлер сапынан көрін­ді. Дегенмен, команда қол жет­кізген ең ірі жетістіктер оны бір рет КСРО чемпионы жасап, екі рет Еуропа чемпиондары кубогының иегері еткен 1969-1971 жылдар аралығымен тұспа-тұс келеді. Халықаралық дең­гей­дегі осы сайыстарда ол бі­лікті бапкердің арқасында кәрі құр­лықтың «Стяуа» (Бухарест, Румы­ния), «Гонвед» (Будапешт, Венгрия), «Лейпциг» (Лейпциг, ГДР), «Збройовка Зетор» (Брно, Чехословакия) секілді беделді командаларын тас-талқандап етіп жеңіп кетті. Еуропа чемпиондарының ку­богы жолындағы жарыстың екі жылғы додасы арасында бірінші ке­зеңдегі тартыс «Буревестник» үшін оңайырақ болды. Алғашқы жы­лы жолдағы қарсыластарын бет қаратпай жеңіп келген ол сол жолы да Чехословакияның «Збройовка-Зетор» клубымен финалда жолығып, оны алдымен өз алаңында, сосын Алматыда бірдей есеппен – 3:0 етіп ұтып, жеңістің биік тұғырынан көрінген-ді. Ақтық соңғы айқас Алматыдағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Спорт сарайында 1970 жылдың 3 шілдесі күні өтті. Араға жылға жуық уақыт салып, екі қарсылас тағы тоқайласты. Бұған дейін алматылықтардың жартылай финалда ГДР-дің «Лейпциг» командасымен өткізген екі ойынының тағдыры да қыл ұшында тұрып еді. Құрамында әлемнің 7 чемпионы ойнайтын, өз елінің 15 дүркін чемпионы алаң иелеріне қарсы ойында біздің жігіттер 1:3 есебімен жеңіліп қайтты. Бұл оның екі жылдан бергі турнир бойына бірінші рет жеңілуі еді. Сосын Алматыдағы қарымта ойынға олар барын салды. Құдай сәтін салғанда, бұл жолы дауылпаздар қалғыған жоқ, үш партия­ны да өз есептеріне жаза білді. Содан соңғы ақтық айқастың бірінші ойыны Брно қаласында өтті. Мұнда алғашқы екі партия­ны тез өз пайдаларына шешкен жерлестеріміз содан соң қатарынан үш партияда алаң иелеріне ырық беріп қойды. Сөйтіп, 2:3 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Сонымен, бар үміт 23 сәуір күнгі ойынға барып тірелді. Мұнда жерлестеріміз бірінші партияда 15:7 есебімен басым түскенімен, келесі партия­да 13:15 болып ұтылып қалды. Сосын үшінші партияны өзіне қаратып алған алматылықтар шешуші төртінші партияда біраз текетіреске тап келді. Онда 12:12 деген есеп көпке дейін өзгермей тұрып алды. Ақырында Жәнібек Сауранбаевтың ұрған добы есепті 13-ке жеткізді де, бәрі жеңілдеп сала берді. Оның артынша Николай Рагозин екі доп соғып, ойындағы соңғы нүктені қойды. Бірақ, мұнымен бәрі біткен жоқ. Кейінгі ереже бойынша кубокты алатын команда қарсыласын екі мәрте жеңуге тиіс болатын. Сон­дықтан, үшінші шешуші матчты бейтарап алаңда ойнаулары керек болды. Осылайша арыстандай алысқан қарсыластар Бельгия орталығында бас қосты. Бұл бір шынында да жан беріп, жан алысатын ойынға айналды. Бірінші партияда 16:14 есебімен басым түскен алматылықтар келесі партияны оп-оңай беріп қойды. Сосын үшінші партияда тағы алға шықты. Алайда, төртінші партия өте ауыр жағдайда өтті. Оның соңы чехтардың жалпы есепті теңестіруіне апарып соқтырды – 2:2! Ал бесінші партияда дауылпаз команданың қар­қынына қарсыластар тіпті де тө­теп бере алмады – 15:3! Осы­лайша жалпы есепті 3:2-ге жеткізген «Буревестник» Ку­бокты жеңіп алды. Салмағы 29 килограмм 300 грамм болатын күміс Кубокты команда капитаны Жәнібек Сауранбаев екінші мәрте төбесінен асыра көтерді. Онымен бірге командаға бұл же­ңісті Валерий Кравченко, Олег Антропов, Геннадий Гончаров, Алек­сандр Кормановский, Алек­­сандр Портной, Николай Рагозин, Виталий Устименко, ағайын­ды Виталий және Вячеслав Шап­рандар, Амангелді Сұлтанов, Вячеслав Усеинов және Алексей Жуков әперді. Бұлардың соңғы үшеуі осы жылы Кубокқа бірінші рет үлес қосса, алдыңғылары екінші мәр­те Кубок иегерлері атанды. Сол сияқты Төленді Ахмет­жанов 1970 жылы Кубокты ұтып алғандар қата­рында болды. Осы жылдарда Заңғар Жәр­кешев Қазақстанның тұңғыш Олим­пиада чемпиондарын дайындап шығарды. Олар – Валерий Кравченко мен Олег Антропов 1968 жылғы Мехико Олимпиялық ойындарынан мойындарына алтын алқа тағып оралды. Бұдан басқа, Жәнібек Сауранбаев пен Валерий Кравченко – Еуропа, ал Александр Портной мен Игорь Пыльников жасөспірімдер арасында әлем чемпиондары болды. Бұған қоса, 1966-1972 жылдары КСРО-ның студенттер құрамасына аға жаттықтырушылық жасаған Заңғар Асанханұлы өз командасын Халықаралық студенттер одағының чемпионы және қола жүлдегері, 1970 жылы Туринде (Ита­лия) өткен Бүкіләлемдік уни­версиаданың кү­міс жүлдегері атандырды. Осы жылы ол КСРО-ның ең үздік жат­тықтырушысы атанды. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақ денешынықтыру институтында кафедра меңгерушісі болып, профессор атағына қол жеткізген Заңғар Асанханұлы Жәркешев волейбол ойынының да оқымыстысы еді. Ол волейбол ойынының техникасы мен тактикасын өркендетуде өзінің ерекше қолтаңбасын қал­дырды. Қашанда биіктен көрінуді алдына мақсат етіп қойып, сол дең­гейден табылып келген Заң­ғар аға осы бағыттағы ізденісі нә­тижесінде бұған дейін кеңес кеңістігінде де, әлемдік деңгейде де қолданылып көрмеген бірқатар тың тәсілдерді ойлап тапты. Соның бірі – басқа командалар допты әуелете жылдам ұрып, ойынға қосып жүргенде, «Буревестник» оны төменгі деңгеймен зырлатып жіберуге машықтанды. Бұл әдіс қарсыластар жағын ылғи састырып тастаушы еді. Бұлардан бөлек, шабуылды ұйымдастыратын бай­ланыстырушының бесінші аймақтан жетіп соққы жасауы мен «имек» («дужка») деп аталатын шабуыл комбинациясы секілді тактикалық қимылды да алғаш рет Заңғар ойынға ендірді. Аталмыш термин кейін бүкіл әлемге кең тарап, волейбол жөніндегі оқулықтар беттерінен берік орын алды. Кешегі Кеңес Одағында екінші аймақта жақын аралықтан доп беріп ойнау тәсілін де алғаш ал­матылық волейболшылар қолдана бастады. Ойын үстінде орталықта блок қоюшының тордың шетіне бір аттап жететін адымын да «Бу­ревестник» дауылпазшылары шығарды. Осы арқылы қосарлы блок пайда болып, нәтижесінде жасақ Одақ қана емес, тіпті бүкіл әлемдегі тор үсті қорғанысы мықты ұжымға айналды. Сондықтан, Ва­лерий Кравченко бірнеше рет әлем волейболының ең күшті блок қоюшысы атанды. Ол сондай-ақ Олег Антроповпен бірге топтық блоктың аса күшті жұбы саналды. Міне, осының бәріне білікті бапкердің ізденісі мен тапқырлығы арқасында қол жетті. Заңғар Жәркешев өзін мемле­кеттік қызметте жүргенде де білікті маман ретінде таныта білді. Ол 1977-1987 жылдары ҚазКСР Ми­нистрлер Кеңесі жанындағы де­нешынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары болып жүрген кезінде спорттың 43 тү­ріне байыпты басшылық жасады. Ал бір сөйлеммен айтып өтсек, осы уақыттарда қысқы спорт түр­лерінің дамуына ерекше көңіл бөлген Заңғар Асанханұлы коньки спорты, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы жарысы жөнінен республикалық бірлескен орталық ашылуына мұрындық болды. Ал 90-шы жылдардың басында республикада көптеген спорт мектептері жабыла бастаған тұста елдегі волейболды сақтап қалуды мұрат тұтып, «Дорожник» клубын құруға атсалысты. Барынша жан-жақты білімді жоғары интеллектуалдың адамы Заңғар Жәркешев шын мәнінде де ұлы жаттықтырушы еді. Жақсы білетіндердің бәрі де оның расында ұлы болғанына ешбір шүбә келтірмейді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»