Ақтаулық сәнгер Нұржамал Нұрпейісова – қазақтың ұлттық киімдерін заманауи жетістіктермен сабақтастыра дамытып келе жатқан шебер әрі сәнгер. Сән әлемінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген оның бұйымдарына – киімдері мен әшекейлеріне шетелден де тапсырыстар түсуде.
Нұржамалдың сән әлемі табалдырығынан аттағанына 15 жылдан асып барады. Ұлттық ою-өрнектерді заман талабына сай дамыта қолданған дизайнердің батыл қадамы мен бастамасы саладағы жаңалық болды. Нәтижесінде ол жетекшілік ететін сән үйінің атауымен елімізде «Нұр-Шах» атты отандық бренд қалыптасты.
– Сән әлеміне келгендегі бірінші мақсатым – ұлттық ою-өрнекті күнделікті тұрмысқа енгізу болды. Әсіресе, Маңғыстаудың өзіндік нақыштарын танытқым келді. Ал табыстың кілті еңбек пен үнемі ізденісте болуда деп білемін, – дейді Н.Нұрпейісова.
«Нұр-Шах» сән үйінде 50-ден астам қыз-келіншек еңбек етеді. Сыпайы, өз ісінің шеберлерін таңдап алған кәсіпкер мұқтаждарға демеу жасауды естен шығармайды, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Ал қызметкерлер болса, Нұржамалдың адал, жауапты басшы екенін ризашылықпен жеткізеді.
Айына 300-ден астам туынды дайындап шығаратын сән үйінің өнімдеріне Дубайдан, Ресейден сұраныс түсуде. Бұдан бірнеше ай бұрын «Сакура» атты жаңа топтамасын ұсынған «Нұр-Шах» сән үйі қазір екінші киімдер желісін шығара бастады. Енді жаппай шығарылымдағы киімдер өндірісі жолға қойылып, халыққа қолжетімді бағада сатылатын болады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы