• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Мамыр, 2016

Ги де Мопассан. «Томпыш» (Повесть)

2102 рет
көрсетілді

Француздың классик жазушысы Анри-Рене-Альбер-Ги де Мопассан (1850-1893) – шығармалары әлем әдебиетінің алтын қорынан берік орын алған қаламгер. Оны оқырман қауымға кеңінен танытқан төменде жарияланып отырған «Томпыш» повесі болды. Хикаят жарық көрген 1880 жылы жазушы 6 айлық еңбек демалысын алып, бірінші рет уақытын таза творчествоға арнады. Осыдан бастап атақты туындылары жазыла бастады. Бұлардың арасында «Өмір», «Сүйкімді дос» деген романдары бар. Сол сияқты Мопассанның атақты новеллалар да осы уақыттары дүниеге келді. Жазушының шамадан тыс баспен жұмыс жасауы өмірінің соңын аянышты етіп бітірді. Ол 1893 жылы мидың параличке ұшырап қалуынан қайтыс болды.

Томпыш (повесть) Қатарынан бірнеше күн бойы қала арқылы қираған армияның қалдықтары өтіп жатты. Қазір бұлар әскер емес, әншейін берекесі қашқан қарақшылар еді. Шегінгелі бері солдаттардың қырылмаған сақалы үрпі-түрпі, мундирлері жұлым-жұлым болып, туларының да тастап, бет-бетімен зорға сүйретіледі. Қажыған, еңселері түскен, олар ойлаудан да, қимылдаудан да қалып, тек дағдыларымен ілбіп келе жатқан сияқты, тоқтай қалса болды, қалжырап құлай кетеді. Олардың ең көбі қосымша күштегілер -винтовкаларының салмағынан жаншылған бейбіт адамдар, зиянсыз өсімқорлар мен дабыраға да, жігерленуге де бірдей жеңіл берілетін, шабуыл мен қашуға да қашанда әзір тұратын ұлттық гвардияның жауынгерлері болатын; олардың арасынан анда-санда қызыл дамбалдылар да жылт етіп қалатын, олар шайқаста быт-шыты шыққан дивизияның соңғы шашырандылары еді; алуан полктың жаяу әскерлерінің қатарында артиллерияшылардың қара түсті мундирлері де қараң етіп, шапшаңырақ қозғалатын жаяу әскердің соңынан әрең ілесіп келе жатқан ауыр салмақты драгундердің де қасқалары ілуде бір жарқ етіп қалады. Батырларға лайық аттары бар "Кек қайтарушылар", "О дүниенің азаматтары", "Өлімге қатыстылар" деген ерікті атқыштардың қарақшылар тобына ұқсайтын отряды да өтті. Осы отрядтардың командирлері бұрынғы кездемеші, соңғы күндерге дейін май мен сабын сатқан, ақшасы мен әдемі мұртына бола офицерлік шен алған кездейсоқ жауынгерлер болатын, қару асынып, оқалы киім киген олар қатты дауыстап өздеріне сенімді сөйлейді, жорықтың жоспарын талқылап, бақытсыз Францияны қолдайтын жалғыз бізбіз деп даурығысады, алайда соған қарамастан өздерінің өжет, жанкешті әскерлерінен-бұзықтардан, тонаушылар мен азғындардан - қорқады да. Жұрт пруссактар әне-міне Руанға да келіп қалады десіп жүрді. Соңғы екі айда төңіректегі орманда өте-мөте сақтықпен барлау жасап, әлдебір қоян бұта түбінде бұқпантайлап жүрсе де аттан салып, кей-кейде өз күзеттерін де атып алып жүрген ұлттық гвардия үйді-үйіне тарасты. Бертінге дейін үлкен жолдың бойындағы үш шақырым аралыққа дейінгі бағаналардың зәресін алған қарулар, әскери киімдер, тағы басқа қаһарлы дүниелер кенеттен зым-зия жоқ болды. Ақырында француздың соңғы солдаты Сенадан өтіп, Сен-Север мен Бур Ашар арқылы Понт-Одемерге бет алды; бәрінің ең соңында быт-шыт болған бөлімшесіне бір әрекет жасауға шамасы келмей күйзелген және үнемі жеңіп дағдыланған, ал қазір аңызға айналған қаһармандығына қарамастан түгі қалмай қираған ұлы халықтың басына түскен сұмдық нәубеттен өзі де сасып қалған генерал екі адъютантымен бірге бара жатты. Сонан соң қала үстін сөзсіз болатын бәлені үнсіз күткен өлі тыныштық басты. Сөре мен дүкеншіктің ар жағында тұрып майланған, өжеттігінің бәрінен айырылған көптеген буржуа жеңімпаздарды үйіндегі істіктері мен үлкен ет кесетін пышақтарын қаруға жатқызып жүре ме деген қорқынышпен күтті. Қала тіршілігі тоқтады: дүкендер жабылып, көшелер қаңырап қалды. Түнерген тыныштықтан қорыққан бірді-екілі жүргінші қабырғаға үрейлене жабысады. Күтудің азаптағаны сондай, одан да жаудың жетіп келгені жеңілдік әкелетіндей болып көрінді. Француз әскерлері кеткен күннің ертесі кешке қарай қайдан келгені белгісіз ұландар қала ішімен шапқылап өтті. Біраздан кейін Сент-Катринның еңісінен қара қорым болып қаптаса, қалған екі топ Дарнеталь мен Буагиом жолымен сау ете қалды. Үш әскердің сайлауыт тобы қала орталығындағы алаңда бір мезгілде тоғысты да, қалған көрші көшелерге жол табанын қатты адымдай нық басқан герман армиясының батальондары қаптап кетті. Үні кеңірдектен шығатын жат дауыспен айқайлап берілген бұйрықтар иесі қырылып қалғандай немесе қашып кеткендей көрінген мылқау үйлердің терезелеріне дейін жетіп жатты, әйткенмен соның арасынша жартылай жабылған терезенің саңылауларынан үрейлі көздер жеңіске жеткен, "соғыстың заңы бойынша" қаланы, дүние-мүлікті, адам өмірін билеуге қақысы бар жаңа қожайындарға ұрлана қарайды. Бүкіл ақыл-ой, адамзаттың барша құдіреті оның алдында шарасыз болып табылатын үлкен күйреуге, қаһарлы табиғат апатына ұшырағандай қорқыныш билеген қала тұрғындары жартылай қараңғы бөлмелерге тығылды. Орнықты тәртіп құлап, қауіпсіздік саласы жоғалып, табиғат заңымен немесе адамзат заңымен қорғалған нәрсенің бәрі мағынасыз, дөрекі және қатыгез күштің билігіне берілген кезде қорқыныш сезімі кімді де болса билейді. Қираған үйлерге бастырып бүкіл қала тұрғындарын қырып салатын жер сілкінісі, суға тұншыққан шаруалардың денесін өгіздерінің өлігімен және үй шатырларының ағаштарымен қоса ағызып әкететін су тасқыны немесе қорғанғанның бәрін қырып, қалғанын тұтқындап әкететін, Қылыштың атымен тонап, зеңбіректің зіркілінің астында өз құдайына мадақ айтатын жеңімпаз армия -мұның бәрі адамзаттың әділдікке, аспанның қорған болатынына, адамның ақыл-ойына деген біздің мәңгілік сенімімізді азайтатын алапаттар. Әйткенмен әзірдің өзінде әрбір есікті қағып, сонан соң үйге шағын отряд кіріп шықты. Шабуылдың арты басып алуға ұласты. Жеңілген жақ үшін жеңгендерге құрмет көрсету дейтін жаңа міндеті туындады. Біраз уақыт өткен соң алғашқы үрейдің қыспағы басылып, тағы да тыныштық орнады. Көп үйде пруссиялық офицер отбасы мүшелерімен бірге бір үстелде тамақтана бастады. Егер ол дұрыс тәрбиеленген адам болса, сыпайылықпен Францияға жаны ашып, бұл соғысқа қатысу өзі үшін өте ауыр болғанын айтып та жіберетін еді. Оның ондай сезіміне риза болып жатысты, өйткені оның қамқорлығы күн сайын-ақ қажет болып қалатын. Оған жағыну арқылы үйге жататын адамның санын бірер адамға азайтуға да болатын-ды. Оның үстіне өзің барлық жағынан тәуелді болып отырған адамды ренжітудің не қажеті бар? Ол енді батырлық емес, ақылсыздық қой. Ал Руан қаласының тұрғындары өз қаласын қорғау кезінде ерлікпен даңққа бөленген кездегідей емес, қазір ондай ақымақтықпен күнәлі бола алмайды. Ең соңында әркім француздық әдептілікпен туындаған даусыз дәлелге жүгінді: жат жерлік солдатпен үй ішінде сыпайы болудың ешқандай сөкеттігі жоқ, тек жұрт көзінше онымен әлікей екеніңді көрсетпесең болды. Көшеде көрсе, оны танымағандай өте шығады, есесіне үйде онымен өліп-өшіп әңгімелеседі, содан неміс күн өткен сайын кешкісін ұзақ отырып, отбасының ошағында ұзақ қыздырынатын болды. Қала да бірте-бірте өзінің әдеткі қалпына келе бастады. Француздар үйден шығудан әлі қашқақтағанымен, есесіне пруссиялық солдаттар көше-көшеге сыймай құжынайды. Дегенмен өздерінің ажал әкелетін ұзын қаруларын аяқжолда шамдана салаңдатқан көгілдір гусар офицерлері, сірә, бір жыл бұрын осы кофеханадан дәм татқан арнайы француз атқыштарының офицерлерінен гөрі қарапайым қалалықтарды көбірек жақтырмайтын секілді. Бәрібір қалада әлдебір көзге көрінбейтін, дағдыда жоқ бір нәрсе сезіледі; оны бір бөтен, тұншықтырған ауа мен ауыр, адам төзгісіз иіс - жаулап алу иісі тұмшалап алған. Ол тұрғын үйлер мен қоғамдық орындарға орнығып алып, ас-тағамға айрықша дәм беріп, құдды алыс бір елде, жабайы қанішер тайпаның арасында жүргендей әсер қалдырады. Жеңіске жеткендер ақша талап етті, ақша болғанда да көп ақша. Тұрғындар төлей берді, төлей берді; дегенмен олар бай болатын. Бірақ нормандық коммерсант неғұрлым бай болған сайын өз иелігіндегі дәулеттің басқа қолға азғантай түйірінің ауысуынан тартқан зиянға соғұрлым қатты қайғырады. Әйткенмен қала сыртындағы өзеннің екі-үш шақырым төменгі жағынан, Круассе, Дьепдаль мен Бьессар маңынан қайықшылар мен балықшылар су түбінен бауыздалған немесе ұрып өлтірген, таспен ұрып басы жарылған немесе көпірден суға лақтырып жіберген неміс солдаттарының ісініп кеткен өлігін талай рет тауып алысты. Бұл қатыгез және әділ, әрі құпия кек алудың құрбандары мен белгісіз батырлардың ашық күндегі айқасқа қарағанда әлдеқайда қауіпті және ешбір атақ-абыройға ие етпейтін бұл ерліктерін өзен балдырлары білдірмей жасырып-жауып жатты. Жат жұрттыққа деген жеккөрініш Жаужүрек, Идея үшін жан қиюға әзір аз топқа атамзаманнан бері қолына қару алғызып келеді. Алайда жеңушілер өзінің мызғымас тәртібіне қаланы бағындырғанмен, бәрібір, қаңқу сөзге сенсек, жеңімпаз жорығы кезінде жасаған жан шошырлық қатыгездіктерінің бірде-бірін жасаған жоқ, - ақырында тұрғындар батылданып, жергілікті табыскерлердің жүрегінде пайда табуға деген ынтықтық қайта тұтанды. Олардың кейбірі ірі ақша табу мақсатында әлі де Француз әскерлері тұрған Гаврмен байланысты болатын, сондықтан олар әуелі Дьеппаға дейін құрғақпен барып, сол арадан кемеге мініп Гаврға жетіп алып жүрді. Таныс неміс офицерлерінің ықпалы да іске қосылып, соның арқасында қала коменданты шығуға рұқсат беріп жатты. Сөйтіп, он жолаушы төрт ат жеккен үлкен дилижанс жалдап, сейсенбі күні таңертең, халық жиналып кетпей тұрып, күн шықпай жүріп кетуге ұйғарысты. Аяз қысқалы бірнеше күн болған, ал дүйсенбі күні күндіз сағат үшке таман солтүстіктен ұшы-қиырсыз қара бұлт қаптап, қар жауды да, содан кешке дейін толастамады, түні бойы жауды. Жолаушылар таңғы төрт жарымда күйме арбаға міну үшін, "Норман" қонақ үйінің ауласына жиналды. Олар әлі ұйқылы ояу болатын, суықтан қалтырап, тоңғандарынан жылы орамал мен шәлілеріне оранып алысты. Қараңғыда бір-бірін әрең таныды, ал қысқы ауыр киім олардың бәрін ұзын шапан киген жуан кюреге ұқсатып жіберген-ді. Алайда екі жолаушы бір-бірін танып, оларға үшіншісі қосылып, содан әңгімелесіп кетті. — Мен әйеліммен кетіп барам, - деді олардың бірі. — Мен де. — Мен де солай. Алғашқысы тағы қосып қойды: — Біз Руанға қайтып оралмаймыз, ал егер пруссактар Гаврға жақындаса, онда Англияға кетіп қаламыз. Барлық жолаушының ойлағаны бір ғана мақсат болатын, себебі, олардың бәрі де табиғаты бірдей адамдар-ды. Күймеге ешкім әлі жүгін тиеген жоқ-ты. Атшының шамы қараңғы есіктің бірінен жарқ етіп жанса, екінші біріне барып жалп етіп өшеді. Атқораның түкпірінен сабан төселген еденге тұншыққан ат тұяғының тықыры мен еркектің шу-шулеген, атты боқтаған даусы талып естіледі. Сылдырмақтардың ақырын шыққан сыңғырына қарап, арбаға жегетін атты жабдықтап жатқанын түсіну қиын емес-ті, көп ұзамай әлгі сыңғыр анық естіліп, ат қимылына қарай құбылған үздіксіз күңгірге ұласты; кейде ол тына қалып, іле-шала қайта басталады, сол кезде тағаның тықылы да естіліп қалып тұрды. Кенет есік ашылды. Бәрі тына қалды. Жаураған жолаушылар жым болды; суықтан қатып қалған олар қозғалмай тұра берді. Жылт-жылт еткен ақ жапалақ аспаннан жерге түсіп жатыр, түсіп жатыр; мұзды мүк барлық нәрсені сүмірейтіп, еңселерін басып, кейіптерін бұзып жіберді; қыс көрпесін жамылып, ұлы тыныштықтың құшағында мүлгіген қалада тек жауған қардың құбылған, көмескі, түсіндіруге келмейтін сырылы ғана естіледі, - дұрысы ол дыбыстың өзі емес, дыбысты сезіну ғана, бүкіл кеңістікті көмкеріп, бүкіл жер бетін орап алған аппақ түйіршіктердің жеңіл дыбыры ғана. Қолына шам ұстаған адам аяғын әрең алып, басы салбыраған атты жетектеп тағы көрінді. Ол атты арбаның тәртесіне жақындатып қойды да, қамыттың құлақбауларын байлады. Сонан соң бір қолымен шамды ұстап тұрғандықтан, қалған бір қолымен айыл-тұрмандарды жөндеп ұзақ айналды. Екінші атты әкелуге бара жатқанында, ақ қар жамылып, орындарынан қозғалмай тұрған жолаушылардың сұлбасын байқап қалды да: — Неге дилижансқа отырып алмайсыңдар? - деді. - Тым құрыса, қардан қорғанасыңдар ғой. Олар, сірә, оны ойламаған болу керек, енді дилижансқа қарай лап қойды. Үш еркек өз әйелдерін артқы орынға отырғызды да, артынан өздері кірді; сонан соң оранып алға, түр-түсі бұлдыр басқалар да қалған орындарға келіп орналасты. "Аяқтың астына сабан төселген екен, бәрінің аяғы көмілді де кетті. Түкпірде отырған әйелдер ала келген химиялық көмірі бар күміс жылытқыштарын жақты да, оның әрқайсысы баяғыда біліп алған артықшылықтарын бір-біріне сыбырлай санамалап жатты. Жолдың қиындығына байланысты, әдеткі төрт аттың орнына ақырында дилижансқа алты ат жегіліп біткен соң, сырттан әлдекім: — Бәрің отырдыңдар ма? - деп сұрады. — Иә, - деді іштен біреу. Дилижанс жолға шықты. Олар баяу, өте баяу, жаяу жүргенмен бірдей дерлік дәрежеде жүріп отырды. Дөңгелектер қарға батып, күйменің шанағы ыңырсып, тұншыға шықырлайды; аттар тайғанақтап, пысқырып, бұрқырап булары аспанға шығып келеді; айдаушының ұзын шыбыртқысы дамылсыз шартылдап, жіңішке жыланша біресе ирелеңдеп, біресе жазылып жан-жаққа сілтенеді, жылдамдата жүрсін деп, біресе ана аттың, біресе мына аттың жон арқасына ширатыла шүйлігеді. Сол арада жерге де жарық түсе бастады. Жолаушылардың бірі Руан қаласының таза қанды тұрғыны қаңғалақтаған қарды теңеп айтқандай, ақ мақта да жерге жаууын тоқтатты. Бірде шық жамылған ұзын ағаштар, кейде қар кепкінің астындағы лашықтар көрініп қалатын аппақ даланың аппақтығын одан бетер айқындап, қап-қара, ауыр бұлттың арасынан буалдыр сәуле сызықтайды. Сол жабырқау шұғыланың жарығында жолаушылар бір-біріне қызығушылықпен қарай бастады. Дилижанстың ең түкпіріндегі ең жайлы орынға орналасқан Гран-Пон көшесінің көтерме саудамен шарап сатушылары ерлі-зайыпты Луазо бір-біріне қарама-қарсы отырған қалпы қалғып келе жатты. Бұрын біреуге қызмет жасаған Луазо өзінің банкрот болған бастығынан барлық істі сатып алып, содан байлық жинаған. Ол шет аймақтағы ұсақ саудагерлерге нағыз нашар шарапты арзанға сатып қулығы мен емен-жарқын жүретіндігінің арқасында достары мен таныстарының арасында аты шулы суайт, нағыз нормандық аталған. Алаяқ деген аттың оған берік орныққаны соншалық, жергілікті жерге танымал шақпа тілді, өткір ойлы, мысалдар мен тақпақтар құрастырғыш Турнель деген мырза шенеуніктер жиналған бір кеште іштері пысып отырған әйелдерге "ұшты-ұшты" ойыны, яғни "Луазо воле" ойнайық деген ұсыныс жасайды, онысы әрі "құс ұшты", әрі "Луазо ұрлайды" деген мағына беретін-ді, оның бұл әзілі лезде шенеуніктерге тарап, одан соң қаланың бүкіл қонақ үйлеріне жетіп, содан бір ай бойы бүкіл аймақ күлкіге батқан-ды. Оның үстіне Луазо өзінің қызықты қылықтарымен, бірде сәтті, бірде сәтсіз әзілкештігімен де атағы шыққан адамды, ол туралы әңгіме бола қалса-ақ: "Ә, әлгі Луазо ма, ол бір теңдесі жоқ адам", - десетін. Ол онша ұзын бойлы емес-ті, оның ұсқыны құдды шар тәрізді қарыннан, оның үстіне орныққан ақ бас көмкерген қып-қызыл денеден тұратындай еді. Оның әйелі ұзын бойлы, толық денелі, өз білгенімен жүретін, ащы дауысты, қатал мінезді адам болатын, Луазо өзінің емен-жарқындығымен, қайнаған қат-қабат жұмысымен жандандырып жүрсе, ал әйелі олардың сауда үйіндегі тәртіп пен есептің үлгісі еді. Олардың қасына өз орны мен жоғары дәрежесін жақсы сезінген кейіппен фабрикант, мақта-мата өндірісінің маңызды шікірәсі, үш жіп иіру орнының иесі, Құрметті легионның офицері және Бас кеңестің мүшесі Карре-Ламадон мырза жайғасыпты. Империя тұсында ол кейін оған қосылғаны үшін, өз сөзімен айтқанда, игі қарумен өзі соғысқан лагерден көбірек қамтып қалам деген бір ғана мақсатпен игі ниеттегі оппозицияны басқарған болатын. Өз күйеуінен әлдеқайда жас Карре-Ламадон ханым руан гарнизонына тағайындалған жақсы отбасынан шыққан офицерлердің нағыз алданышы болған-ды. Күйеуінің қарама-қарсысындағы үріп ауызға салғандай әп-әдемі, жылы тонға оранған әйелі дилижанстың сұрықсыз ішіне түңіле көз сап отыр. Олардың көршісі граф және графиня Юбер де Бревиль ежелгі және атақты норман тегінен тарайтын. Граф, аса келбетті егде тартқан дворянин, өзінің киініп-тарану айласымен король Генрих Төртіншімен табиғи туыс екендігін әйгілей жүруге тырысады, отбасылық мадақ шежіре бойынша, бұлардың бір арғы әжесі корольден жүкті болып қалады, ал оның күйеуі соған байланысты граф атағын алып және губернатор болады. Граф Юбер Бас кеңестік жағынан Карре-Ламадон мырзаның әріптесі, департаменттің орлеан партиясының өкілі еді. Оның Нанттағы ұсақ кеме ұстаушының қызына қалай үйленгені біржола жұмбақ болып қалды. Алайда графиня ақсүйектік мәнерді жақсы меңгергендіктен, оның үстіне тамаша қабылдаулар ұйымдастыра білгендіктен, тіпті, бұрын Луи-Филипп балаларының бірімен ашына болыпты деген де әңгіме бар болғандықтан, бүкіл бетке ұстарлар соның төңірегінде үйірілетін және ежелгі ізеттілікті сақтаған бірден-бір орын болғандықтан, оның салоны департаменттегі ең бірінші саналатын әрі оған кіру де оңай болмайтын. Ал Бревильдердің тұтастай мүлік түрінде жинаған байлығының жылдық түсімі, қауесетке қарағанда, бес жүз мың ливрге жететін көрінеді. Күйменің төрінде отырған осы алты адам қоғамның ауқатты, өзіне-өзі сенімді, құдіретті тобын бейнелесе, ал адамдардың ықпалды, діндар әрі тұғыры берік тобы саналады. Таңғаларлық кездейсоқтықпен барлық әйел бір іскәмейкеге отырыпты; графиняның қасына "О, біздің жаратушымыз" бен "Құдай анасын" сыбырлап айтып, ұзын тәспихтерін термелеген екі монахина орналасыпты. Оның бірі - құдды тақап тұрып бытырамен атқандай бетін шешек шұбарлаған егделеу әйел. Екінші өте әлжуаз әйелдің бет әлпеті әдемі, аурушаң көрінді, кеудесі азаптанушылар мен тақуаларды тудырып, бәрін өзіне бағындырып алатын дін жолында шаршап, құрт ауруына шалдыққан адамдыкіндей. Бәрінің назарын монахиналардың қарсысында отырған әйел мен еркек аударды. Еркек демократ, барлық атақты адамның қорқытушысы белгілі Корнюде болатын. Ол өзінің ұзын сары сақалын табаны күректей жиырма жыл бойы барлық демократиялық кафеге батырып шыққан-ды. Ол өзінің бауырларымен және достарымен бірге кондитер болған әкесінен қалған айтарлықтай мол дәулетті шашып бітіп, енді соншама ынтамен жасалған революциялық шарап құрбандығынан соң, ақырында еңбек сіңірген орнын алу үшін, республиканың орнауын шыдамсыздана күтіп жүрген-ді. Әлдекімнің әзілі арандатқан болу керек, төртінші қыркүйекте ол өзін жоғары дәрежедегі шенеуніктікке тағайындалдым деп есептейді, содан өз қызметіне кірісейін деп келсе, шенеуніктер кеңесінің бірден-бір қожасы болып қалған хатшылар оны мойындамай қояды, содан тайып тұруына тура келеді. Табиғатынан адал көңілді, қиянатқа бармайтын, елгезек адам болғандықтан, ол айрықша жігермен қорғану шараларын ұйымдастыруға кіріседі. Оның тапсырмасы бойынша, далаларда қасқырдың апаны сияқты орлар қазылып, төңіректегі ормандардан жас ағаштарды кесіп, барлық жолға бөгесіндер жасалды; сол әрекеттерге көңілі толған ол, жау жақындап келген кезде, асығыс қалаға шегініп кетті. Енді оның өз ойынша, ол Гаврда аса зор пайда келтірмек, ол арада да ор қазып, бөгесіндер жасатуына тура келеді. Ал жеңіл мінезділер қатарына жататын әйел өзінің ерекше толықтығымен даңқы шыққан, содан "Томпыш" деген атқа ие болған адам-ды. Аласа бойлы, доп-домалақ, денесін май басқан, борбиған саусақтарының буын-буыны емшекке ұқсап үдірейген, терісі жалтыраған жұмсақ, көйлегін шіреп тұрған төсі құшақ жетпестей шалқар бұл әйел қалай дегенмен де көз тартарлықтай келісті еді және сұранысы да жақсы болатын, әсіресе оның жап-жас екендігі көз қуантатын. Алманың қызылындай бет ұшы шұғынық гүлдің жарылайын деп тұрған қауызын елестетеді; өте әдемі қара көзі ұзын жиі кірпіктердің қоршауында тіпті қап-қара боп көрінеді, ал ұсақ аппақ тістері жарқырап көрінген сүйкімді, дымқыл оймақ аузы дәп бір сүйгеніңді күтіп тұрғандай тіпті. Егер қауесетке сенсек, оның басқа да баға жетпес артықшылығы толып жатыр. Оны таныған сәттен бастап әдепті әйелдердің арасында сыбыр-күбір басталды да кетті; "масқара", "бұзылған қыз" деген сөздердің анық сыбырлап айтылғаны соншалық, Томпыш басын көтеріп алды. Ол өзінің жолаушы жолдастарын шамданған, өткір жанарымен бір шолып өтіп еді, сол сәтте-ақ қолма-қол тыныштық орнап, бәрі жерге қарады, тек Луазо ғана оған ойнақылана көз тастады.

Алайда көп ұзамай үш әйелдің арасында әңгіме қайта тұтанды: анандай әйелдің орталарында отыруы оларды ойда жоқта біріктіріп, тіпті туысқанға айналдырып жіберді. Заңды махаббат ежелден өзінің еркіндікті аңсаған сіңлісіне жеккөрінішпен қарап келе жатқандықтан, мына ұяты жоқ мақұлықтың алдында өздерінің бірігуі қажет екенін адал жанды жұбайлар сезді. Корнюденің көзқарасына қарағанда консервативті дағдылары билеп кеткен үш еркек іс жағдайын әңгіме етіп кетті және олардың сөз ыңғайынан кедейлерге деген жеккөрініші байқалып-ақ тұрды. Граф Юбер өзін пруссактар душар еткен қырғын-жойқын туралы, мал ұрлаумен егінді қиратудан тапқан үлкен шығыны жайында сөз етті, әйткенмен ондай зиян өзі сияқты ауқатты, миллионер адамды мықтағанда бір жыл ғана қыспағына алады деген байсалды сенімділік сөз арасынан сезіліп тұрды. Капиталист Карре-Ламадон мырза мақта-мата өндірісінің тұрақсыз жағдайына байланысты, қиын күндерге деп сақтаған алты жүз мың франк ақшасын аман-есен Англияға аударып үлгеріпті. Ал Луазо болса француз әскерлерінің жабдықтау бөліміне амалын тауып бүкіл сақтаулы шарабын сатып жіберіпті, енді оған мемлекет мол ақша қарыз болып отыр, ол соны Гаврға барып алып алсам деген ойда. Үш еркек бір-біріне жылы достық шыраймен қарасады. Қоғамдық жағдайларының әрқилылығына қарамастан, олар өздерін байлық жөнінен бауырластар санап, барлық ауқатты, қалталарында алтын сыңғырлайтын адамды түгел біріктіретін ұлы франко-массон орденінің мүшелеріндей сезінді. Дилижанстың баяу қозғалғаны соншама, таңғы онға дейін тым құрыса төрт мил де жүрмеді, Асуға өрлеген кезде, еркектерге үш рет жерге түсіп, шығуға тура келді. Тотеге жетіп таңғы тамағымызды ішерміз деген жолаушылар қобалжи бастады, мына жүріспен ол араға түнде әрең жететін түрлері бар. Жол бойынан әлдебір ас ішетін бірдемені көреміз бе деген үмітпен бәрі терезеден сыртқа үңіліп келе жатқанда, кенет күйме қасат қарға тығылды да қалды; оны ол арадан шығарып алуға артық-кемі жоқ екі сағат кетті. Аштық буып, ақыл-ой тұмандана бастады, ал келе жатқан пруссактар, шегініп келе жатқан француздың аш әскері сауда орындарының иелеріне үрей туғызғандықтан, жол бойынан бірде-бір асхана, бірде-бір қабақ көзге түсер емес. Еркектер жол бойындағы фермаларға жейтін бірдеме іздеп жүгіріп барғанмен, ең құрығанда нан да сатып ала алмай оралды, себебі ешкімге сенбейтін шаруалар көзге көрінгеннің бәрін тартып ала беретін аш әскерлерден қорқып, өздерінің артық қорларын тығып тастаған болатын. Түстен кейінгі сағат бір шамасында Луазо төс шеміршегімнің астын шыдатпай тырнап барады деді. Қалғандары да одан кем қиналып келе жатқан жоқ-ты, аяусыз, бірте-бірте күшейіп бара жатқан аштық олардың әңгімеге деген ықыласын баяғыда быт-шыт қылған болатын. Анда-санда жолаушылардың бірі есіней бастайды; оның артынан іле-шала тағы біреуі қостай жөнеледі; әркім өзінің мінезіне, тәрбиесі мен қоғамдық жағдайына орай бірі шуылдатып, бірі үнін шығармай кезек-кезегімен аузын ашады да, бұрқырап бу шығып жатқан тесікті тез алақанымен жаба қояды. Томпыш жерден бірдеме іздегендей, бірнеше рет еңкейіп белдемшесінің астына қолын жүгіртті. Қасындағыларға батылсыздау көз тастап, қайтадан түзеліп отырды. Бетінің қаны қашып, бәрінің жағы суалып кеткен еді. Луазо шошқаның титімдей сан еті үшін мың франк төлеуге дайын екенін айтып салды. Оның әйелі еріксіз наразы қимыл жасап қалды да, бірақ сол сәтте-ақ сабасына түсе қойды. Ақшаны желге шашқандай көрінген жай сөздің өзі де оның жынына тиетін, ол тіпті ондай әзілді де көтере алмайтын. — Шындығына келгенде, маған бір түрлі ыңғайсыз болып отыр, - деді граф. -Қалайша мен тамақ алып шығуды ойламағам? Әркім де өзін ойша солай сөгіп отырған болатын. Алайда Корнюденің бір құты тола ромы бар екен; кім ішкісі келеді деп айнала ұсынып көріп еді, бәрі салқын ғана бастарын шайқады. Тек Луазо ғана бір жұтуға қарсы болмады, алғысын айтып құтысын қайтарып жатып: — Дегенмен жақсы екен! Қыздырады әрі аштығыңды ұмыттырады, - деді. Ром оны көңілді күйге түсірді де, ол енді кемедегілердің аш қалғанда жолаушылардың ішіндегі ең семізін жейтіні жайындағы өлеңді еске алып, біз де сөйтейік деген ұсыныс жасады. Томпышқа қарата астарлап айтылған әлгі сөзге тәрбиелі жолаушының бәрі тыжырынды. Луазо мырзаға ешкім жауап бермеді, тек Корнюде ғана жымиды да қойды. Монахиналар дұға оқуын доғара салып, қолдарын кең мол жеңдеріне тығып, көздерін жерден алмай тесіле қараған күйі қозғалмастан отыра берді, өздеріне жіберілген тексеруге азапты төзімділікпен шыдап бақты. Ақыры сағат үш кезінде бірде-бір қылтиған ағашы жоқ шетсіз-шексіз мидай жазықпен келе жатқанда, Томпыш тез еңкейді де, іскәмейкенің астынан беті ақ дастарқаншамен жабылған үлкен кәрзіңкені көтеріп шықты. Әуелі ол оның ішінен фаянс тақсы мен күміс стақан шығарды да, содан кейін кесектеп туралған екі балапан тауықтың еті салынған үлкен табақ алып шықты; кәрзіңкенің ішінен қағазға оралған басқа да дәмді тағамдардың төбесі көрініп қалды: қатпар нан, жемістер, тәттілер мен түрлі тамақтар, үш күн бойы асханаға бармай-ақ тамақтануға есептелген тәрізді. Азық-түлік түйіншектерінің арасынан төрт бөтелкенің мойны қылтияды. Томпыш шөженің қанатын алды да, Нормандияда "регенттік" деп аталатын наннан тістей отырып, сыпайылап жей бастады. Барлығының назары соған ауды. Ұзамай дилижанстың ішін еліктірген иіс жайлап кетті де, танаулар делдиіп, сілекейлер тоқтамай ағып, жұрттың жағы сіресіп қалды. Әйелдердің жезөкшеге деген жек көрінісі енді ашуға ауысты, олар оны өлтіруге, дилижанстан стақанмен, кәрзіңкесі және азығымен қоса жұлып алып қарға лақтырып тастауға дайын еді. Бірақ Луазо піскен шөже салынған табақты көзімен ішіп-жеп барады. Ақырында ол сөйлеп қоя берді: — Міне ақылдылық! Мадам бізден гөрі көреген болып шықты. Әрқашан бәрін ойластырып жүретін адамдар болады! Томпыш оған бұрыла қарады: — Тамақ жемейсіз бе, сударь? Таң атқалы түк татпау тым ауыр ғой. Луазо басын иді. — Иә, ұят болса да мойындайын, қарсы емеспін. Соғыс кезінде бәрі де соғыс кезіндегідей, мадам, солай емес пе? Өзінің сапарластарын көзімен бір шолып өтіп: — Мұндай минутте өз міндетіне жауапты қарайтын әйелмен жолығу да өте ғанибет, -дегенді қосып қойды. Шалбарын былғап алмау үшін, ол тізесіне әуелі газет төседі, сонан соң ылғи да қалтасынан тастамайтын бәкісінің ұшымен тауықтың санын тұздық-мұздығымен қоса шаншып алды да, тісімен жұлқып сондай бір рақаттана жей бастап еді, күйменің ішін күрсіне дем алған үн кернеп кетті. Томпыш жуас, момын үнмен монахиналарға да тамақ ұсынды. Екеуі бірден келісіп, міңгір етіп алғыстарын білдірді де, бастарын көтерместен асығыс жей бастады. Көршісінің сыяпатына Корнюде де қарсы болмады, монахиналармен бірігіп тізелеріне төсеген газеттен үстелсымақ та жасап алды. Ауыздар өршелене шайнап, жеп, жұтып, дамыл таппай ашылып-жабыла бастады. Луазо өз бұрышында барын сап кірісіп, әйелін де сөйтуге сыбырлай үгіттеп жатты. Әйелі ұзақ қарсыласты, бірақ ақырында, асқазаны жабысып қалатын болған соң, көнді. Күйеуі ең тәрбиелі сөздердің көмегімен "сапарлас арудан" Луазо ханымға да бір кесім ет алып, беруге болар ма екен деп сұрады. — Әрине, болады, алыңыз, мырза, - деді Томпыш. Сөйтті де, ықылас білдіре жымиып, табағын созды. Бордо шарабының бірінші бөтелкесін ашқан кезде, біраз абыржу байқалды: бар-жоғы бір-ақ стақан бар екен. Алдын ала ернеуін сүртіп алып, оны бірінен кейін біріне бере бастады. Сірә, сыпайылық істегені болу керек, тек Корнюде ғана көршісінің ерін ізі көрініп тұрған дымқыл жерге өз ернін тигізді. Тамақты құныға жеп жатқан адамдардың ортасында оның иісін жұтып, ерлі-зайыпты Карре-Ламадон және граф пен графиня де Бревиль де "Танталдың азабы" аталған қиямет азапты бастан кешіп отырды. Кенет фабриканттың жас әйелі қатты күрсініп қалды да, жұрттың бәрі жалт қарады; дилижанс терезесінің сыртындағы қардай екі беті аппақ болып кетіпті, көзі жұмылып, басы кеудесіне салбырап түсіп кетіпті: әйел есінен танып қалыпты. Қорқып кеткен күйеуі көмек сұрап жалбарынды. Бәрі сасып қалды; монахинаның егделеуі аурудың басын сүйеп, аузына Томпыштың стақанын тосты да, бірер тамшы шарапты зорлап жұтқызды. Жас әйел қозғала бастады, көзін ашып, жымиды да, өлімсіреген дауыспен жаңағыдан да тәуір екенін айтты. Қайтадан талып қалмауы үшін, монахина бір стақан бордо шарабын түгел ішіп қоюға мәжбүр етті де: — Бұл аштықтан басқа түк те емес, - деді. Оны естіген Томпыш ұялғанынан қызарып, әлі де тамақ татпай отырған төрт жолаушыға қарап былдырлай жөнелді: — Аһ, құдайым-ай, мен сіздерге тамақ алыңыздар деуге батпай отырсам... Өзін қорлап, қарсылық білдіретін шығар деп күткен ол үндемей қалды. Сөзді Луазо бастады: — Е, жөн ғой, мұндай жағдайда барлық адам бауыр, бір-біріне көмектесулері керек. Қанеки, ханымдар, әлдеқандай болмаңдар, айтатын несі бар, келісіңдер! Біз, бәлкім, түні бойы тоқтайтын жер таба алмаспыз. Мынандай жүріспен Тотаға біз ертең түске қарай жетсек те жаман болмас еді. Бірақ төртеуі әлі толқу үстінде болатын, олардың келісім жауапкершілігін өзіне алуға бір де бірінің батылы бармады. Ақырында мәселені граф шешті. Ол ұялып отырған толық әйелге барынша маңғаздана бұрылды да: — Біз сіздің ұсынысыңызды алғыс сезімімен қабылдаймыз, мадам, - деді. Тек алғашқы қадам ғана қиын екен. Рубиконнан өткен соң, бәрі қысылуды қойды. Кәрзине әп-сәтте жылан жалағандай болды. Оның ішінде бауырдан, бозторғайдың етінен жасалған паштет те, бір кесім қақталған тіл, крассан алмұрты, понлевек ірімшігі, печенье мен бір банкі маринатталған ұсақ қияр және пияз да бар боп шықты, - әйелдің көпшілігі сияқты Томпыш та ащы нәрсеге әуес-ті. Әйелдің алып шыққан азығын жайпап тастаған соң, оның өзімен сөйлеспей қою мүмкін емес-ті. Әуелгіде ептеп үйлеспегенмен, бірақ Томпыш өзін өте келісті ұстағандықтан, бірте-бірте әңгімелері жарасып кетті. Ақсүйектік үлкен әдептілікті меңгерген графиня де Бревиль мен Карре Ламадон ханым нәзік сыпайылық танытты. Кіммен сөйлессе де өз беделін түсірмей сөйлесетін графиня бұл жағдайда атақты әйелдің әдепті кешірімділігін көрсете білді. Бірақ жандарм секілді жігерлі Луазо ханым ғана бетінен қайтпады; ол аз сөйледі, алайда көп жеп отырды. Әңгіме, өзі де белгілі, соғыс жайында өрбіді. Пруссактардың қатыгездігі мен француздардың ерлігі жайында талқыласты; жаудан қашып құтылған бұлардың бәрі басқалардың батырлығын мадақтады. Біраздан соң әркім өзі туралы айта бастады, Томпыш та шынайы сезіммен, кейде көпшіл әйелдер өзінің табиғи сезімі туралы айтқанда көрсететін қызулықпен Руаннан неге кеткенін айтып жіберді. — Басында ешқайда кетпеуді ойлағам, - деді. - Үйім тамаққа толы болатын, белгісіз бір жаққа кетіп қалғаннан гөрі бірнеше солдатты азықтандырғанды дұрыс санағам. Бірақ мен пруссактардың өзін көргенде, өзімді-өзім ұстай алмай қалдым! Ызадан бүкіл ішек-қарным аударылып кеткендей болды; ұяттан өртеніп күні бойы жыладым. Еһ, еркек болсам, мен оларға көрсетер едім! Мен терезеден шошақ қасқа киген сол жуан қабандарға қарап тұрғам, күтуші әйел мені қолымнан тартып жібермей қойды, әйтпесе үйдегі бүкіл жиһазымды солардың басына лақтыратын едім. Кейін олар менің үйіме түнеуге келді, мен бірінші кіргенін кеңірдектен ала кеттім. Немісті қылқындыру басқаларды қылқындырудан ешбір қиын емес! Егер мені шашымнан тартып әкетпегенде, мен оны қылқындырып өлтіретін едім. Содан кейін маған тығылып жүруге тура келді. Мынандай мүмкіндік туа қалған соң, мен кеттім де қалдым - міне енді осындамын. Бәрі оны жабыла мақтасты. Ол ондай ерлік көрсете алмаған жолаушылардың арасында үлкен беделге ие болып қалды, ал оны Корнюде апостольша құптап, мейірлі жымиыспен тыңдады; құдайды мадақтаған діндар адамды священник, әсте, солай тыңдайды, өйткені ұзын сақалды демократтар да патриотизмге келгенде діни адамдардың құдайға құлшылық жасау мәселесіндей монополистер болып алған ғой. Содан соң ол уағыз айтушының даусымен, қабырғаларда күн сайын желімделіп жатқан үгіт қағаздарынан жұққан шабытпен сөз бастады да, "оңбаған Баденгемен" аяусыз есеп айырысқан соң, қызыл сөзді қыздырып барып тоқтады. Бірақ Томпыш ашуланып қалды, ол бонапартшыл болатын. Ол шиедей қызарып кетті, қатты ыза кернегендіктен, тұтыға сөйледі: — Оның орнында өзіңіз болсаңыз, көрер ем-ау қайткеніңізді. Айтатыны жоқ, қатырар едіңіз! Шындығында, сіз ғой оны сатып кеткен! Егер Францияны сіз секілді сотқарлар билесе, онда бізге тек алды-артымызға қарамай қашу ғана қалар еді! Корнюде сабыр сақтады, жақтырмай, менсінбей күлімсіреді, алайда қазір жағдайдың ұрсысуға жететіні сезіліп тұрды; сол сәт граф сөзге араласты да, сеніммен айтылған кез келген пікірді сыйлау қажет екенін салмақтай ескеріп, ашулы әйелді еш қиындықсыз-ақ сабасына түсіре салды. Сол арада барлық құрметті адамдар сияқты республиканы қисапсыз жек көретін, рақымсыз монарх пен сырт жылтырағына әйелге тән әуестікпен қарайтын графиня фабриканттың әйелі өзін-өзі лайықты ұстай біліп,бұлардікіне ұқсайтын сезімді білдіргені үшін, мына жезөкше әйелге еріксіз іш тартып қалды. Кәрзіңке босап қалған болатын. Оны жабылып еш қиындықсыз-ақ тазалап тастаған, тек оның үлкенірек болмағанына қынжылған. Тамақты тып-типыл қылған соң сәл саябырсығандай болғанмен, әңгіме тағы біразға дейін созылды. Ымырт түсіп, қараңғылық бірте-бірте қоюлай берді; асқазан тамақ сіңіріп жатқанда суық өте-мөте қатты сезіледі, өзінің толықтығына қарамастан Томпыш қалтырап кетті. Бревиль ханым оған өзінің бірнеше рет көмір салған жылытқышын ұсынып еді, Томпыш оған дереу келісті, өйткені аяғы әбден қатып қалған еді. Карре-Ламадон ханым мен Луазо ханым өздерінің жылытқыштарын монахиналарға берді. Арбакеш фонарларды жақты. Ортадағы терлеген аттардың арқасынан көтерілген будың бұлтына жарықтың шұғыласы түсті; жол жиегіндегі қар сол шұғыланың құбылған от сәулесінен бітпейтін бір перде секілденеді. Күйменің ішінен ештеңені айқын көру мүмкін емес еді, бірақ Томпыш пен Корнюде отырған бұрышта кенет бір қозғалыс болды да, қараңғылыққа тесіле қарап отырған Луазо мырзаға ана сақалды дәл бір дыбыссыз, алайда айтарлықтай тепкі жеген адамша шоршып кейіндеп отырғандай көрінеді. Алдағы жолдан оттар жылтылдады. Ол Тот ауылы еді. Қазірдің өзінде бұлар он бір сағат бойы жол жүруі, ал егер оған аттарды жемдеп, демалдыру үшін төрт рет аялдаған уақытты қосса, онда тура он үш сағат болады. Дилижанс ауылға кіріп, "Сауда" қонақ үйінің алдына тоқтады. Есік ашылды да, өздеріне жақсы таныс дыбысты естіп, жолаушылар кенет селк ете қалды: ұшы жерге сүйретілген қылыштың үзік-үзік сылдыры шықты. Сол мезет ащы дауыс немісше әлдене деді. Дилижанс тоқтағанмен, жолаушылардың бірде-бірі орындарынан қозғалмады; күймеден шықса болды, бұларды дереу өлтіретіндей, бәрі қорықты. Арбакеш келіп, қолындағы шам жарығын кенет күйме түкпірінде әрі таңғалғаннан, әрі қорыққаннан аузы ашылып, көзі бақырайып екі қатарда отырған адамдардың жүзіне түсірді. Арбакештің қасында жарық түскен белдеуде неміс офицері тұр екен: ұзын бойлы ақ сары жас жігіт, жіптіктей тым жіңішке, корсет киген бикештей мундирі тартылып лактелген қисайта киген жалпақ фуражкасы оны ағылшын қонақ үйлерінің шабарманына ұқсатып тұр еді. Өлшеусіз үлкен, қатты мұрты құдды үстіңгі ернін үстінен басып, жағы мен езуін төменге созып жібергендей көрінеді; мұрты созылған сайын сүйірленіп, бірте-бірте жіңішкеріп, ақырында жалғыз тал қылға айналып кеткендей ұшы мүлде көрінбейді. Ол жолаушыларға эльзас ерекшелігіндегі француз тілінде қатқыл сөйлеп, күймеден шығуларын талап етті: — Шығыңдар, мурзалар! Ең алдымен қасиетті қыздардың сыпайылығын сақтап, айтқанды орындауға дағдыланған екі монахина қозғалды. Артынша граф пен графиня көрінді, сонан соң фабрикант пен әйелі, оның соңынан өзінің айбарлы әйелін итере-митере Луазо шықты. Дилижанстан шы