АСТАНА. 1 маусым. Қызылорда қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орайда қуыршақ театры ашылды. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бүгін «Әдемі» балалар музыкалық театрдың шымылдығы Григорий Остердің «Мазасыз тиін» атты қойылымымен түрілді. Спектакль желісінде жан-жануарлар образы арқылы достық пен қамқорлық насихатталады. Сонымен қатар, үлкенге құрмет, кішіге ізет және әлсізге көмек көрсету сынды адами құнды қасиеттер баяндалады.
Театр әртістерінің барлығы арнайы көркемдік іріктеу байқауынан өткен жергілікті өнерпаздар. Өнер ұжымының алғашқы қойылымы тегін көрсетілді. Сүйікті ертегі кейіпкерлерімен қауышып, қызықты ойындар қызығына батқан балғындарға бұл тамаша тарту болды. Облыстық филармония жанынан құрылған қуыршақтар театры енді ауыл-аймақты аралап, шалғайдағы бүлдіршіндерді де ұдайы қуантып тұрады.
«Музыкалық балалар театр – студиясының алдағы жұмыс жоспары ауқымды. Қазір репертуар таңдау бағытында жан-жақты жұмыстар атқарып жатырмыз. «Балалар – елдің ертеңі» атты үлкен шарамызға мәдениет басқармасына қарасты көптеген мекеме атсалысты. Балаларға тегін балмұздақтар таратып, сыйлықтар үлестіріп, эстафеталық «Бала көзімен» деген түрлі сурет салу сайысын өткіздік», – дейді Қызылорда облыстық филармонияның директоры Талғат Мақашев.
Талғат Райымбек.
Дерек: 24.kz.
Фото: youtube.com.