АСТАНА. 2 маусым. Грузин бизнесмені, елдегі аса ірі Fortuna радиохолдингінің егесі Зураб Чигогидзе «Мимино» фильмінің жалғасын түсіру құқығын «Мосфильмнен» сатып алды. Бұл туралы ras.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Белгілі болғандай, киноны түсіру жақын арада қолға алынғалы отыр.
«Біз кезінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Мимино» көркем фильмінің жалғасын түсіру құқығын сатып алдық. Енді таяу арада «Мимино – Ұшу жалғаса береді» деген лентаның түсірілімі басталады», – деп мәлімдеді Чигогидзе.
Фильмнің жалғасы келесі жылдың басында өз көрермендерімен қауышады деп күтіліп отыр. Әзірге оны жасайтын режиссер іздестіріліп жатқан көрінеді. Бірақ продюсер жобаның ұңғыл-шұңғылын көп айта қойған жоқ. Ол тек жұмыстың басталу сәтінде тұрғанын ғана сөз етті.
«Фильмді түсіру құқығын біз тек «Мосфильмнен» ғана алып қойған жоқпыз, сонымен қатар фильмнің режиссері әрі сценарисі Георгий Данелиядан, сценарийдің серіктес авторлары Реваз Гарбиадзе мен Виктория Токаревадан сондай рұқсат алдық. Бұдан бөлек, композитор Георгий Канчелиден фильмның муызкасын да сатып алдық», – деді Зураб Чигогидзе.
Талғат Райымбек.
Дерек: ras.kz.
Фото: bibo.kz.