• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Өз өнімдеріміз өтімсіз бе, әлде жетімсіз бе?..

333 рет
көрсетілді

Өңірде соңғы жылдары құ­рылыс индустриясы дамып, жақсы қарқын алып келеді. Соған орай құрылыс материалда­рына деген сұраныстың өсе түскені байқалады. Өкініштісі сол, ұсы­ныс­ты толық қанағаттандыруға жергілікті өнеркәсіп әлі қауқарсыз. Бірқатар кәсіпорындар отандық құрылыс материалдарын өндіруге маманданып, қазақстандық үлесті молайтудың орнына шетелдің, оның ішінде, көбіне Ресейдің өнімдерін тұтынуға әуес. Олардың арасында «Петропавл құрылыс материалдары», «Единство» құ­рылыс компаниялары, тағы бас­қалары бар. Жарайды, жер­гілікті мердігерлердің көрші ел өнімдеріне деген былтырғы мүд­делілігін түсінейік. Рубль баға­мының құлдырауы салдарынан арзан тауарлардың ішкі нарыққа судай ағылғаны рас. Қазір эко­номикалық жағдай теңесті, ахуал мүлдем басқаша. Олай болса, шек­аралас аймақтарға көз салуымыз неге тыйылмай отыр деген заңды сұрақ туады. Әрине, сырттан экспорттық тауарлардың ағылуына объективті, субъективті себептердің бар екені жасырын емес. Мәселен, жоғарыда сөз еткен «Единство» ЖШС-ні алайық. Озық технологияларды еңсергені енді ғана. Кеңес заманынан бері істеп келе жатқан ресейлік зауыттармен салыстыру қиын. Әсіресе, сапа жөнінен. Десек те, тәуелсіздіктен бергі уақыт бедерінде бәсекелестік қарымын күшейтіп, қолжетімді материалдар шығаратын мезгіл жеткен секілді. Кейбір өндіріс орындары «алыстан арбалағанша жақыннан дорбалағанды» жөн көріп, сапасы кемдеу соқса да, жергілікті материалдарды пайдаланып жатады. Бұл тәсіл қаражат, жол шығыны жағынан үнем көрінгенімен, са­лынған ғимараттардың, көп пә­терлі үйлердің іргетасы шөгіп, қа­бырғасы қисайып жатса, «ар­занның жілігі татымас» деген осы! Бұл тұрғыдан алғанда ойланатын тұс­тар, қолға алатын озық жобалар жетіп артылады. Бүгінде отандық өнімдер санын көбейтумен бірге сапасын жақсарту талабы қойылып отырған сәтте таңдау еркі ерекше маңызды болмақ. Оның үстіне көршілес Ақмола, Қостанай облыстарында құрылыс индустрия­сы ерекше екпін алып, өңіраралық бәсекелестіктің күшейіп келе жат­қанын қаперден шығаруға болмайды. Соңғы кездері өңірлік тендерлерге жиі қатысып, алшылары оңы­нан түсіп жүргенін ұмытпаған жөн. Петропавлда орналасқан «Жыл­­дам тұрғызылатын ғима­рат­тар» зауыты–мақтаулылар са­натынан. Хал-хадерінше отан­дық өнімдердің мол әрі сапалы өндірілуіне өз үлестерін қосып келеді. Бірде осы кәсіпорын басшылығымен сөйлескенімізде, ішкі реніштерін де жасырмаған. Сөйтсе, бұлар­дың құрылыс материалдарына жергілікті кәсіп­орындардан сұраныс аз түсетін көрінеді. Мәселе өнімнің сапа­сыздығына емес, қазақ­стандық тұтынушылық пи­ғылдың төмендігіне, қалып­таспағанына келіп тіреледі. Әйтпесе, Астана, Қостанай, тағы басқа қалаларға өз өнімдерін жөнелтпеген болар еді. Қазір Алматыдағы мұз айдынын салуға жеткізілуде. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрылыс нысандарына пайдаланылуда. Мұнда бір тонна металл құрылғысы көрші елге қарағанда 50-70 мың теңгеге арзан. Сапасы да кем емес. Облыс орталығында 2 миллиард теңгенің зәулім спорт сарайы тұрғызылғанда барлық металл қондырғылар Ресейден жеткізілді. Демек, билік тұтқасын ұстаған әлдекімдердің тендерді тентіретіп, басқалардың мүддесіне бұрып жіберушілік те көрініс алып отыр деген сөз. Қазақстандық патрио­тизм мәселесі осы мәселелерде өзіндік реңк алуы тиіс. Бұл, бір. Екіншіден, қай кәсіп­орынның немен айналысатыны, қандай өнімдер шығаратыны секілді жұмыс ауқымы анықталып, мәселен, кәсіпкерлер палатасы тарапынан бақылауға алынса, артықтық етпес еді. Облыстың құрылыс саласындағы жергілікті өнімдердің үлес мөлшері 84,24 пайыз деу көңілге күмән тудырады. Олай болса, құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамадиевтің жыл аяғына таман бұл деңгей төмендейді деп сәуегейлік жасауына жол болсын? Ол бұл жорамалын «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 13 көп қабатты тұрғын үйлердің, «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 6 жатақхананың салынатынымен байланыстырады. Бұл тапсырмалар мен межелер бірде артық, бірде кемдігімен жылда тұрғызылып жүрген құрылыс нысандары болса, қадам басудың орнына кері кетушілік сыры неде? Сөйтсе, «бақсақ, бақа екен» демекші, құрылыс жұмыстарын жүргізудің бастапқы кезеңінде кірпіш, темір құрылғысы, бетон, металл құбырлар, пластик терезе, қиыршық тас, құрғақ қоспалар, асфальт, битум секілді жергілікті материалдар пайдаланылып, іс қарқын алған мезетте шетелдік өнімдер бері қарай импорт болып жөңкіледі екен. Неге дейсіз ғой? Себебі, профлист, металчерепица, металсайдинг, кафель плиткалары, керамогранит, линолеум, пиломатериал, электр құрал-жабдықтары облыста мүлдем өндірілмейді. Сонда дейміз-ау, құрылыс басқармасы құрылыс индустрия­сы саласындағы сұраныс пен ұсынысты реттеудің, теңес­тірудің оңтайлы жолдарын қа­растырып, тиімді меха­низм­дерін қолданудың орнына статистика басқармасы сияқты есеп-қисап шығарумен айналысып отыра бермек пе? Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы