• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Оңалту орталықтарының орны бөлек

484 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қоры өкілдерінің қатысуымен церебральді сал ауруына шалдыққан балалардың құқығын қорғауға арналған «Қазақстан жақсы­лық жасайды» атты брифинг өтті. Жоба аясында аталған қор ел аймақтарында 14 оңалту орталықтарын ашуды көздеп отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 433 бала сал ауруына шалдыққан болса, олардың 2 621-і (20%) 2015 жылы оңалтудан толық өтті. Мемлекеттік медициналық мекемелерде ем қабылдау орындарының тапшылығы салдарынан 10-нан астам бала жылдар бойы кезек күтуге мәжбүр болған. «Балаларын шетелде оңалту үшін қаражат іздеген ата-аналар бізге жиі хабарласып жатады. Ал сапарларды ұйымдастырудың қиындықтарын айтпағанда, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жылына кем дегенде 2-3 рет оңалтудан өту қажет. Астана қаласындағы «Қасиетті жол» оңалту орталығындағы тәжірибеміз бойынша егер Қазақстанда оңалту қызметін әлемдегі ең үздік әдістеме бойынша ұйымдастыратын болсақ, шетелге шығудың қажеттігі болмайды деп нық сеніммен айта аламыз. Біз жаңадан пайда болған медициналық жабдықтарды ұдайы назарда ұстап отырамыз. Себебі, орталығымызда балалар үшін ең үздік заманауи медициналық технологиялардың болғанын қалаймыз. Кеңес беріп, орталық қызметкерлерін оқытып-үйрету үшін ең үздік шетелдік мамандарды да үнемі арнайы шақыратын боламыз. Бұл, сөзсіз, Қазақстанда оңалту қызметінің дамуына оң ықпалын тигізеді», – деді «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының директоры Гүлмира Әбелдинова. Астана қаласында оңалту орталығын ашу жобасы сәтті жүзеге асырылған соң, қор екінші оңалту орталығын Шымкент қаласында ашуға дайындық үстінде отыр. Қордың статистикалық мәліметтері бойынша, 2015 жылы ОҚО-да сал ауруына шалдыққан 3000-нан аса бала тіркелген, ал оңалту орындарының саны небәрі – 110. «Егер де әрбір аймақта әкімдіктің қолдауымен бір оңалту орталығы ашылар болса, мыңдаған баланың болашағы үшін өзекті мәселе шешілер еді. Олар ертеңгі күні аяққа тұрып, мектепке бара алады, сөйтіп, білім алып, қызметке орналасып, өз елінің тең құқылы азаматы атана алады», – деді қордың ортақ құрылтайшысы Динара Зәкиева. Сонымен қатар, қор адам капиталын дамытуға, білімді тереңдету және дүниежүзінің жетекші мамандарымен тәжірибе алмасуға ерекше мән береді. «Адам ресурстарына инвестиция салу» жобасы аясында Қазақстан Республикасының медициналық қызметкерлері үшін Ұлыбритания, Түркия, БАӘ және Ресейдің жетекші мамандарымен шеберлік-сабақтары өткізілді. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»